Құқық

Мәселесі оң шешілген майор

Қызметтен заңсыз қудаланып, адал еңбегімен қызмет еткен жылдары зая болғандардың  күнін басқа салмасын. Мәселен, полиция қатарынан қуылып барып, басшысының әділ шешімі арқасында жан сақтап қалған Ерболат Құлмағанбет қазір сергелдеңге түскен күндерін еске түсіруге де қиналады.

Бастапқыда мұғалім атанып, кейін Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғарғы мектебін бітірген Ерболат Құлмағанбет полиция сапына қосылғалы сөгістен ада, керісінше, бірнеше мәрте үздік қызметі үшін марапатталған жан еді. Бірақ… заңның қызметтегі аздаған кінәраты үшін биыл жұмыстан қуылып кете барды.

— Менің кінәмді Көліктегі Батыс ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімінің қызметкері дұрыс тексермей, департамент басшылығына болған жағдайды бұрмалап баяндағанының салдарынан 4 ай бойы сандалып жүріп, үй-ішім, бала-шағамның алдында ұятқа қалып, ауылдағы кейбір «жанашырларыма» күлкі болдым, — дейді Е.Құлмағанбет.

Көліктегі Батыс ішкі істер департаментіне басшы болып жаңадан тағайындалған Нұржан Дүйсебаевтың қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіргеннен кейін жағдай қалпына келді. Білікті басшы қайтадан қызметтік тексеріс жүргізіп, оның оңды шешімі бойынша полиция майорын бұрынғы қызметіне қайта бекітті.

— Мұндай жағдайға кездеспеген өзім де, бала-шағам, отбасым да дүниеде адалдық пен әділеттіктің бар екеніне көзіміз жетіп, жан-дүниеміз сабыр тапты, — дейді көңілі бірленген Ерболат.

Қазір жігіт ағасының қуанышында шек жоқ. Ал департамент бастығы Нұржан Тәттібайұлына ризалығын білдіре отырып, ойламаған от басарын, сондай-ақ, қызметіне адал болуға қайтадан, енді іштей ғана ант беріп отыр.

Шәкен ТОҚТАМЫСОВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button