Басты жаңалықтарЖастар

Еуропалық үлгідегі алғашқы хостел Ақтөбеде ашылды

Мемлекеттік бағдарлама

Ақтөбелік жас кәсіпкер Жанна Алтынбаева былтыр Қазақстан бойынша алғашқы еуропалық үлгіде хостел ашып, іске кірісті. Хостелдің қызмет көрсету желісін франшизалық жүйеге бейімдеуді мақсат еткен кәсіпкердің бұл жобасы өзгелердікінен ерекшеленіп, бірден мемлекет тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік және аймақта жүзеге асырылған пилоттық жоба — жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Жас Старт» бағдарламалары бойынша бірден 30 миллион теңгеге несие рәсімдеген Жанна осылайша тәуекелге бел буды. 

Жаннаның жобасы

Биыл елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік туристер келмек. Қазір сырттан келетін қонақтардың саны да айқындалды. Әрине, олардың бәрі бірдей үш ай бойы Астана қаласында жүрмесі анық. Еліміздің бірсыпыра облыстары мен қалаларына шетелдік туристер үшін маршруттар бекітілді. Солардың қатарында Ақтөбе де бар.

Жас кәсіпкер Жанна Алтынбаеваның айтуынша, шетелдіктер өзге жерге барғанда бірінші кезекте қонақүй емес, хостел сұрастыратын көрінеді. Себебі, қонақүй бағасына қарағанда  хостелге жайғасқандардың қалтасынан қаражат әлдеқайда аз жұмсалады.

Ақтөбеде ашылған хостел еуропалық үлгіде жасақталған.

Қазір қаламызда жұмыс жасап жатқан хостелдердің басым бөлігі — көп қабатты үйлерде орналасқан пәтерлер. Ондағы қонақтардың жуынатын және тамақ ішетін орындары ортақ. Қаладағы хостелдердің көбінде қонақтарға үй иелері қызмет көрсетеді.  

Бұған дейін мен пәтерді тәулікке жалдау ісімен айналыстым. Себебі, қаламызға сырттан келушілер көп. Табыс көзін молайту үшін несиеге қосымша пәтер алу керектігі турасындағы ойымды досыммен бөліскенмін. Ол маған бұл бизнесті жаңаша сипатта жүргізу керектігін айтып, ой тастады. Содан ғаламтор арқылы көп ізденіп,  хостел ашуға бел будым. Интернет арқылы Петербург қаласында   «Хостел ашу үшін не істеу керек?» деген тақырыпта өтетін курсқа жазылдым. Курстан өту үшін алдын ала орталықтың есепшотына ақша аудару керек болды. Сөйтіп, бір апта Петербург қонақүй  бизнесін жүргізудің қыр-сырын үйреніп келдім. Бір апта өзім Петербургте хостелге жайғастым. Ондағы қызмет көрсетудің сапасына, жағдайына әбден қанық болдым, — дейді Жанна.

Ашылғанына екі айға жуық уақыт болған хостелге келушілер көбеюде. Алдын ала тапсырыс берушілер де байланысқа шығатын болыпты. Жаннаның айтуынша,  еліміздің өзге аймақтары мен ресейліктерден бөлек,  Сербия, Канада елдерінен келген қонақтар да осы хостелге жайғасыпты.  «Әрине, қонақүй бизнесі шетелде әлдеқашан дамып кеткен. Оның ішінде хостел түріндегі шағын отельдер көп. Бүгінде әлемде франшизалық жүйеге бейімделген 4 мыңға жуық хостел бар. Біздің хостел — соның бірі. Еуропалық стильде жабдықталған, франшизалық жүйеге бейімделген мұндай хостел Қазақстан бойынша алғаш рет Ақтөбеде ашылды. Мен осы жобамның сәтті жүзеге асқаны үшін қуанамын. Өйткені алдағы уақытта біз еліміздің, оның ішінде Ақтөбеде ішкі туризмнің дамуына өз үлесімізді қосатын боламыз», — дейді Жанна.

Алтендегі көне хостел

Интернет мәліметтеріне сүйенсек, тарихы ғасырдан асатын бұл эконом санаттағы қонақүйлер «хостел» деген атаумен алғаш рет ХХ ғасырдың басында пайда болды. 1909 жылы неміс мұғалімі Рихард Ширманн оқушыларды жаяу серуенге алып шығып, жолай кездескен түнемеліге сабан толы қап төсеніп жатқан. Сөйтіп, кешегі осынау жарқын идея кәдеге жарап, жолаушылардың аяқ суытып тынығатын арзан түнемелігі ретінде тез танылып кетеді деседі тарих. Алғашқы хостел Германиямен іргелес Нидерландыдағы Алтен провинциясында ашылыпты. Айта кетерлігі, Алтендегі «көне» хостел әлі күнге халыққа қызмет етуде.

Қонақүй бизнесін қолға алған Жанна Достанқызы: «Біз үшін келушілердің ұсыныстары, пікірлері әрқашан маңызды. Сол себепті, олардың сенімінен шығуға тырысамыз», — дейді.

Жалпы, хостел несімен қызықты? Еуропада кеңінен тараған шағын-отельдердің бірінші ерекшелігі — бағасының арзан болуы. Екіншіден, мұнда меймандардың бір-бірімен еркін әңгімелесіп, араласуға мүмкіндік бар. Хостел меймандары әртүрлі елден, түрлі аймақ, облыстардан келетіндігіне қарамастан, бұл жерде тез тіл табысып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып кетеді. Күндіз өз ісімен жүрген адамдар кешкілік хостелде бір-бірімен сөйлесіп, асүй бөлмесінде бірлесіп ас дайындап, бірге отырып тамақтануына болады. VIP нөмірлерде өз алдына кір жуатын машина орнатылған. Ал жалпы кір жууға арналған бөлме үшін де барлық жағдай жасалыпты. «Хостелге жайғасқан меймандарға қазіргі заманға сай барлық технологиялық мүмкіндіктерді қарастырдық. Ең бастысы — мұнда келген меймандарға қала тіршілігі мен жаһан жаңалықтарын тамашалау үшін экранды теледидар, компьютер орнаттық. Сондай-ақ, лимитсіз, жоғары жылдамдықтағы wi-fi интернет желісі іске қосылды. Бір мезгілде хостелге 40 адам жайғаса алады. Оның 5-еуі — VIP нөмірлі, тағы бесеуі  6-8 адамға арналған жалпы орындық болса, қалғандары бір адамдық нөмірлер», — дейді Жанна.

Франшиза немесе халықаралық бренд

Бүгінде еліміздегі барлық франшизалық компанияның 35 пайызы сауда-саттық, яғни ретейл, 30 пайызы — тамақ өнеркәсібі, нақтырақ айтқанда фастфуд, қоғамдық асханалар, ал қалғаны — қызмет көрсету және бизнес саласында жұмыс істейді. «Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының» мәліметінше, елімізде 495 франшизалық компания тіркелсе, соның 80 пайызы  халықаралық франчайзингтік компаниялардың еншісінде, ал қалғаны отандық кәсіпорындардың үлесіне тиесілі. Мамандардың пікірінше, елімізде шетелдік франшизалардың болуы жақсы үрдіс, жаһандану жағдайында үйреншікті құбылыс. Себебі бұл қаланың инфрақұрылымын жақсартуға,  сәулетін арттыруға, халықаралық қалаға айналуына әсер ететін жағдай. Халықаралық брендтердің көбеюіне себеп, әрине, еліміздегі кәсіпкерлікке қолайлы жағдайдың жасалуы.

Ақтөбелік кәсіпкер Жанна Алтынбаеваның қонақүй бизнесін жүргізудегі басты ұстанымы да — осы. Ол өзі басқаратын хостелді франшизалық компания ретінде  тіркеді. Бүгінде оның қарамағында 5 адам қызмет істейді. Олардың барлығы — үш тілді еркін меңгергендер. Жаннаның айтуынша, хостел бизнесін дамытуда қызметкерлердің біліктілігін арттырудың маңызы зор. Сондықтан ол алдағы уақытта қарамағындағылардың кәсіби деңгейін көтеру үшін  түрлі курстарға жібермек.

Жеделбек Мұрзағалиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры:

— Біз былтырдан бастап аймақта облыс әкімдігімен бірлесіп пилоттық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі — ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін былтыр облыста  500 миллион теңгеге 43 жоба жүзеге асырылды. Екінші пилоттық жоба — «Жас Старт» бағдарламасы. Бұл — жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған жоба. Былтыр құны 200 миллион теңге шамасындағы 15 жобаны қолдадық. Бұл жобалар әлі де жүзеге асырылады. Ол үшін биыл да облыс әкімдігі мен «Даму» қоры қосымша қаражат қарастырып отыр.

Өткен жылы жас кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған ерекше жобаның бірі —  Жанна Алтынбекованың хостел ашу турасындағы бизнес жобасы. Ол хостелді франшиза жүйесі негізінде ашты. Біз бұл жобаны не үшін қолдадық? Жас кәсіпкер өз бизнесін әлемде жүзеге асырылып жатқан ең үздік жобалармен байланыстырған. Яғни, қонақүй бизнесін дамытуда шетелдік механизмді қолдана отырып жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Мұндай жобаларды қаржыландыруымыздың басты себебі — жас кәсіпкерлер алдыңғы методиканы игеру арқылы, оны өзімізде жүзеге асыруы. Әрине, осындай ерекше жобалардың аймақта көптеп жүзеге асырылғанын қалаймыз. Оның ішінде, мұндай ерекше жобаларды жас кәсіпкерлердің жүзеге асыруды қолға алғаны бізді қуантады.

Бұлар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, бюджетке салық түсіреді.

«Даму» қоры жыл сайын жас кәсіпкерлерді, сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше мән беріп келеді.

30 миллион теңге немесе 430 шаршы метр орын

Былтыр сәуірде «Даму» қоры арқылы «Бизнесті қалай ашу керек?» деген тақырыпта бір апта арнайы курстан өтіп, банк жетекшілері алдында хостел ашу туралы бизнес-жобамды таныстырдым. Мен үшін бұл бизнесті ашуға 30 миллион теңге қажет болды. Сөйтіп, төрт адамның бірі болып жылдық сыйақысы төмен пайызбен несие алу мүмкіндігіне қол жеткіздім. «Жас Старт» аймақтық бағдарламасы арқылы 20 миллион теңгеге, «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 10 миллион теңгеге несие рәсімдедім. Несие қаражаты төрт айдан соң «Халық» банкі арқылы қолыма тиді. Әрине, бұл істе  маған «Даму» қоры мамандары көп көмектесті, жөн сілтеп отырды. Ауқымды қаражатқа Ақтөбедегі «Арай» тұрғын үй кешенінің бірінші және екінші қабаттарынан жалпы ауданы 430 шаршы метрлік орын сатып алдым, — дейді Жанна.

Хостелде меймандардың жалқы және жалпы орындарда бір күн жайғасу бағасы — 1500 теңге. Ал 20 мың теңге төлесең, мұнда бір ай еркін тұруыңа болады. Егер VIP нөмірді таңдасаң, тәулігіне 7500 теңге төлейсің.

Жас кәсіпкер жаз айларында меймандар үшін хостелдің арнайы тұрағына қойылатын велосипедтерді жалға беруді де ойластырып отыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button