Жаңаша жаңғырту

Елбасы барша қазақ еліне Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары өкілеттілігін бөлу жөніндегі Үндеуін жариялады.
Ел мүддесі, халық игілігі, заман талабымен болашақ бағытын көздеген бұл бөлек қадам заң мен Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы мемлекеттік басқаруға жаңаша жаңғырту әкеледі.
Мемлекет басшысы алдын ала арнайы жасақталған жұмыс тобының саралау және баяндау жұмысынан кейін «Ел келбетінің бүгінгі таңда үздіксіз өзгеруі, біздің және біздің елдің өсу жолында осы уақытқа шейін өзінің жоғары нәтижесін берген, басқаруды өзгеше өңге енгізуді талап етті» деп байлам жасауы, еліміздегі басқару саясатына тың серпін беруге бағытталған. Осы мазмұнды да мағыналы іс — Реформа бағдарламасы екі бағытқа негізделіп, Президент әлеуметтік- экономикалық процестерді реттеуді Үкімет пен өзге де атқарушы органдарға жүктесе, екінші бағыты — билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты Конституция деңгейінде теңгерімді етуді ұсынуда.
Реформа бағдарламасының басты талабы, діттеген мақсаты Үкімет пен Парламенттің ықпалын көтеру, кәсіби жауапкершілікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару саясатын ашық және демократиялық жүйеде айқын жүргізу, Үкімет жасақтауда Парламент рөлін көтеру, Министрлер Кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттыру, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейту, мемлекет қызметінің әділдігін, басқару саясатының берік ұстанымын қамтамасыз ету.
Жалпы реформаның мақсатты мазмұны біртұтас мемлекетіміздің мығым да бекем бірлігіне, қамалы бұзылмас қайратына бағытталған.
Мен де барлық отандастарым сияқты, кемеңгер Көшбасшымыздың басқару саясатына енгізу үшін халық назарына ұсынған өзгерістері дер кезінде, тек ел қуатын еселейтін тағы бір стратегиялық құрал деп ойлаймын. Мемлекеттік басқарудағы демократиялық қадам, басқаша бейне, бейбіт еліміздің бақытты болашағын жалғастырары сөзсіз.
Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,
облыстық мәслихаттың депутаты,
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі.



