Басты жаңалықтар

Нұқсан Қартбайұлы: Өз ісіңе жауапкершілік – адамгершіліктің белгісі

Жарыққа шыққанына биыл 85 жыл толатын газетіміздің бетінде – кезінде оқырмандарға адамгершілікке, әділдікке үндеген мақалаларымен, фельетондарымен танылған журналистердің бірі Нұқсан Қартбаев. Ол облыстық газетте қызмет еткен тұста күрделі, қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер «Путь к коммунизму» газетінен Николай Ханды іздесе, «Коммунизм жолынан» Қартбаевты сұрайтын.

Бүгінде зейнеттік демалыстағы ардагерімізді әңгімеге тартқан едік.

«Әділетсіздіктерді көріп, ширығып өстік»

– Дәстүрлі сұрақтан бастағым келеді – журналистикаға қашан, қалай келдіңіз?..

– Ырғыз ауданында Ақши деген ауыл бар, бұрынғы аты – Қызыл партизан. «Ырғыз» кеңшарының бір фермасы еді. Сол ауылда өстім. Марқұм Жолболсын Шайқақов екеуміз бірге оқыдық. Оны еске алатын себебім, екеуміздің бір ортақ қасиетіміз бар еді: кітап оқуға құмармыз. Ауылда шағын кітапхана болды. Сол жаққа ынтамыз ауады да тұратын. Бірақ кітапхана есігі үнемі ашық бола бермейді. Кітапханашы апай өзі қалаған уақытында келеді, қаламаса – кітапхана жабық. Көп жағдайда жабық. Қанша барсақ та кітап орнына алдымыздан қара құлып шыға берген соң күйіндік те, бірде: «Мұны газетке жазып жіберейік», – деп шештік. Сөйтіп, «Социалистік Қазақстанның» бетінде «Қашан барсаң – қара құлып» деген сын мақаламыз шықты. Аудан басшылары соны оқып, шала бүлінген. Мақала авторлары шәкірттер екенін білгесін ғана басылған. Сонда 6-сыныпта ғана оқимыз. Оқушы кезімізде аз орысшамызбен «Комсомольская правда» газетіне де хат жазып тұрдық. Жазғанымыз газетке шықпайды. Бірақ редакциядан жауап хат алсақ та, соның өзі бізге үлкен қуаныш болатын. Жолболсын екеуміз 1956 жылы мектепті бітіріп, ҚазМУ-ға түстік. Ал бес жылдан кейін диплом алып, Ақтөбеге, облыстық газеттің редакциясына бірге келгенбіз. Ол кезде партия журналист мамандарға үлкен көңіл бөлетін. Журналистерді «алтын қор» санайтын. Журналистика бөлімін бітірген студенттерді жан-жаққа жұмысқа бөлген кезде, бұл шараға Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінен бір қызметкер қатысады. Қолымызға Орталық Комитеттің насихат және үгіт бөлімінің жолдамасын ұстатып жібереді. Облыстық газетке қабылдамаған соң, міне, сол жолдамамен обкомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқазы Тәжинге бардым. Ол: «Новоресей ауданына барасың», – деді. Бірақ ол жерде көп болмадым, себебі аудандардың бірқатары жойылып, өндірістік басқармалар құрылды. Мені Қарабұтақ аудандық газетіне жауапты хатшы етіп жіберді. Онда да көп отырмадым. Жас болған соң газетке бір жаңалықтар әкелгің келеді. Бірақ редакторым менің бастамаларымды қолдамайды, керісінше, шыж-быж болады. Үйренген бір соқпақтан шыққысы келмейді. Сөйтіп, көңілсіздеу жүрген күндердің бірінде Қарабұтаққа іссапармен Тәжин ағамыз келе қалды. Сәл нәрседен көп жайтты аңғара қоятын, шешіп-кесіп айтатын, кесек мінезді кісі еді. «Жас адамға мына жерде обал екен. Қартбаев, сен Ақтөбеге жүресің», – деді. Бастығымен өзі сөйлесіп, облыстық телеарнаға редактор етіп орналастырды. Одан кейін өздерінің шақыруымен «Қазақ радиосының» Ақтөбе облысындағы тілшісі де болдым. Бірақ көңілім бұл кәсіпті қаламады. Микрофон ұстаған маған қалам ұстағандай ләззат сыйламады және өзіме лайықсыз деп санадым. Ақыры, 1966 жылдың көктемінде облыстық газетке жұмысқа ауыстым.

– Облыстық газетте оқырмандарға басқа жанрлардан гөрі фельетон жанрының шебері ретінде танылдыңыз; басқа тақырыптардан гөрі адамгершілік тақырыбына көп қалам тарттыңыз…

– Біздің буын, қазір ойласам, алаңсыз сабақ та оқи алмаппыз: кез келген уақытта сабақтан «жұлып» алып, ұжымшар жұмысына салып қоятын, кейде тіпті бригадир сілейтіп сабайтын. Қиянат пен әділетсіздіктерді көріп, ширығып өскендіктен бе, есейген сайын біреу әділетсіздік құрбаны болып жатса, соған араша түсуге, жамандыққа қарсы қайткенде де бір үн шығаруға, қисықты түзетуге құмар болдым. Фельетонға жақын болғаным сол мінезімнен шығар деймін. Республикалық басылымдар бетінен Балғабек Қыдырбекұлы, Асқар Тоқмағамбетов, Сейдолла Төлешевтердің фельетондарын іздеп жүріп оқитынмын. Солардан үйрендім. Фельетон әдетте газеттің 4-бетіне шығады ғой. Төлешевтің: «Фельетон жазамын деп газеттің төртінші бетінде 4 жыл отырдым», – деген сөзі бар. Сол айтқандай, біраз жыл 4-бетте отырдым. Әйтсе де жазғандарым жұрттың көңілінен шыққан болуы керек. Редактордың атына ауылдардан: «Қартбаевты бізге жіберіңіз. Мынадай жағдай болып жатыр, өткір жазатын журналист керек», – деп өтінген жеделхаттар түсетін. Бір жолы Шалқар ауданына бірнеше күнге іссапарға барған редакторымыз Нұрқайыр Телеуовтің өзі де маған: «Ол жақтағы оқырмандарымыз менен гөрі сені жете біледі екен», – деп әзілдегені бар.

«Бәрі де редактор болды…»

– Облыстық газетте әдеби қызметкер болып бастап, редактордың орынбасарлығына дейін көтерілдіңіз. Одан соң сізді Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінің бас редакторлығына жібергенін білеміз…

– Ол мен үшін өте қиын кез болды. Торғайда 1975 жылдың көктемінен бастап 3,5 жыл қызмет еттім. Сол 3,5 жыл бойы бас алмай жұмыс істеуге тура келді. Кадр жетіспеді. Әрі өз жеріңді, туып-өскен ортаңды да сағынады екенсің. Кейде жұмыстан қанша шаршап келсем де, ұйықтай алмай, балконға шығып, Ақтөбе жақ бағытқа қарап, ұзақ тұратынмын. Ақыры, сәл оқиға себеп болып, өз тілегім де сол еді – елге оралдым.

– Ел қалай қарсы алды?

– Өзім редактордың орынбасары болып істеген облыстық газетке енді қатардағы әдеби қызметкер қылып та қабылдамады. Тағы да аз уақыт амалсыз «Қазақ радиосының» тілшісі болып істедім. Былай қарағанда бұл өзі «рахат» жұмыс секілді: өз уақытыңа өзің қожасың, көлігі және бар. Бірақ ол жұмысты көңілім қаламай-ақ қойды. Торғайда жүргенде обком хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібековпен жылы қарым-қатынаста едік. Өзекең ол кезде мәдениет министрінің орынбасары. Сол кісіге хабарластым. Жұмыс сұрадым. «Ойланайық, көрейік» деп ырың-жырың қылып жатпайтын, төтесін айтатын адам: «Ақтөбеде  ашылғалы жатқан көрме залын өзіңе тапсырамын», – деді. Ал бұл көрме залы да жаңа басталып жатқан шаруа, оның бейнеті де Торғай облыстық газетінің бейнетінен аз болған жоқ. «Запказгеология» мекемесінің бастығы Мелицкий, қалай көңілі түскенін білмеймін, мені қамқорлыққа алып, көп көмек көрсетті. Ол кезде тапшылық дегеніңіз соншалықты, тіпті, кенептің өзін таба алмай, ақыры, облыстық атқару комитетін араға салып жүріп зорға таптық. Мен сөйтіп зыр жүгіріп жүрсем, мына жақтан обком хатшысы Михаил Слинченко мәдениет басқармасының бастығын шақырып алып: «Қартбаевты жұмысқа алуға неге келісім бересің?» – деп шу шығарыпты. Оны естіп қатты ашуландым. Сол ашу үстінде жүргенімде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне берген есебінде Слинченконың: «Біздің облысымызда журналист мамандар жетіспейді», – деп «зар жылағаны» жөніндегі ақпарат көзіме түсті. Ал сіздерге дау керек болса – жағдайымды айтып, КОКП Орталық Комитетінің насихат бөліміне шағымдандым: «Міне, Слинченко жолдас журналист жетіспейді дейді, ал мені, тәжірибелі журналисті, газетке жолатпай отыр». Ол кездің бір жақсы үрдісі –  қарапайым еңбек адамдарының арыз-мұңы аяқсыз қалмайтын. Бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары тексеруге әдейі келді. Кейін Слинченко екеуміз бетпе-бет отырып айтыстық. «Сіз бұл орынға лайықты адам емессіз», – дедім. «Неге?». «Ватикан діндарларын алыңыз. Уағызға қай халықтың өкілі көп жиналса, сол тілде сөйлейді, – дедім. –  Ал сіз қазақша татып алмайсыз. Яғни малшының мұңын аяғына дейін тыңдап, түсінуге шамаңыз жетпейді. Бізге журналистер жетпей жатыр деп бүкіл республикаға дабыл қағасыз, ал маған қарапайым тілші болуды қимайсыз?». Мен Слинченконы еңбекқорлығы үшін сыйлаушы едім. Жиналыстарда басқа басшылар шіреніп отырса, ол қағазға шұқшиып, қаламы зырлап, үнемі бір нәрселерді түртіп алып отыратын. Бірақ «Тастағысы келеді күресінге», – деп Мұқағали айтпақшы, өзімді  шетке қаққанына қатты күйіндім. Ақыры, ол маған теміржол басқармасының екі тілде шығатын газетіне редактор болып баруды ұсынды.

– Келістіңіз ғой?

– Иә, келісім бердім. Бірақ бұл да бір шаруасы қисайып тұрған жер екен. Материалдар орысша әзірленіп, содан соң ғана қазақшаға аударылады. Баспамен арада да түйткілдер көп. Сол мәселелердің бәрін бірте-бірте шештік. Тіпті, өз баспаханамызды аштық. Қандыағашта жүрген Амантай Өтегеновті шақыртып алдым, «тәуір жазады» деп марқұм Әлімбай Ізбайды да қызметке шақырдым, ал Жұбаныш Байғуриновты обком бір ауданға жіберіп, өзі құлықсыздау аттанып бара жатқан жерінен алып қалдым. Үшеуі де кейін редактор болды, сенімді ақтады.

Таласқа түскен мектеп

– Одан соң облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары болып алмасуыңызға не себеп?

– Облысымызда «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшесі құрылмас бұрын-ақ «Нұқа, осы жұмысқа араласыңыз» деп тілек айтқандар болды. Бірақ, газеттің жұмысынан босамаймын ғой, таңертеңгі 8-ден кешкі 8-ге дейін отырамын, уақыт таба аламын ба деп келісім бермеген едім. Ал кейін қарасам: қоғамның төрағасы Мұхтар Арын – Жоғарғы Кеңестің депутаты, Алматы жаққа жиі кетеді, ал мына жақта жұмыс жүрмей жатыр. Содан соң «Қазақ тілі» қоғамына барайын деп шештім. Біраз шаруа істелді – жұрт біледі. Әсіресе, есімде қалғаны – облыс орталығындағы осы күнгі №21 мектеп үшін болған тартыс… Талай айтылып-жазылды, Ақтөбеде кезінде жалғыз-ақ қазақ мектебі болды. Енді қазақ мектептерінің қатарын көбейтсек деген мақсатпен, «Қазақ тілі» қоғамы бар, «Алдаспан» қоғамының жігіттері бар, билікте отырған ұлтжанды азаматтар бар – жан-жақтан қимылдап жатқан кезіміз. 8-шағын аудандағы құрылысы бітіп қалған мектепті де қазақ мектебі болады ғой деп жүрген едік, бір күні қалалық атқару комитетінің төрағасы Лапшин шешім шығарып қойыпты, «орыс мектебі болады екен» дегенді есіттім. Дереу сол кездегі облыс басшысы Золотеровқа кірдім. «Баланың туған тілінде сөйлеп өсуі, сіздер ойлағандай, жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Баланың тілі өз тілінде шықса, ол болашақта ойлау қабілетінің дамуына, ақыл-ойына үлкен әсер етеді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақ ғалымдарының басым бөлігі ауылдан шыққан. Ал жапондардың 11 жасқа дейін балаға басқа тіл үйретпейтіні тегіннен-тегін дейсіз бе? Қазақ балаларының қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік бермеу болашағына балта шабумен бірдей», – дедім. Бұған не десін? «Бәрі дұрыс қой, бірақ қазақтар балаларын қазақ мектебіне бермейді, сосын ертең бала жинай алмай қаламыз ғой», – десті. «Баланы өзіміз жинап береміз», – деп қысқа жауап қайтардым. Сөйтіп, іске кірістік. Мұхтар Арын Алматыда еді. Филология факультетінің деканына барып, 50-60 студент сұрап алдым. Үй-үйді араладық. Артынан Мұхаң біразға дейін күліп айтып жүрді: «Алматыдан келсем, есікті біреу қағады. Ашсам, жас жігіттер мен қыздар: «Ағай, мектепке баратын балаңыз бар ма? Қазақ мектебіне беріңіз. Біз тізім алып жүрміз», – деп тақылдап тұр. Сөйтсем, өзіміздің студенттер екен»… «Алдаспан» қоғамының жігіттері де үгіт жұмыстарын жүргізді. Мыңның үстінде баланың тізімін алып, қала басшыларына апарып бердік. Амал жоқ, шешімдерін өзгертіп, №21 мектепті қазақ мектебі етіп ашты. Баланың көптігі сондай, бірінші сыныптың саны 17-ге жетті! Жоғары жақтағы «қазақтар балаларын қазақ мектебіне бермейді» деп жүргендердің мысын сөйтіп бір бастық.

«Өз ісіне деген жанашырлықтың үлгісі еді»

– Өзбекәлі Жәнібековпен сыйлас болдыңыз. Ол кісі туралы айтсаңыз…

– Өзекең Торғайда обком хатшысы болды. Сол кезде танып-білдім. Жалпы, өзін емес, әрдайым халқының жайын, халқының қамын ойлайтын, ұлт үшін туған бір тұлғалар болады ғой. Табиғатта таза күйінде кездесетін сом алтын секілді сондай тұлғалар – Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаровтар рухани әлемімізге көп еңбек сіңірді. Өзбекәлі Жәнібеков те солардың санатынан еді. Кеңестік идеологияның дәуірлеп тұрған кезінде ол Арқалықта көшедегі бүкіл ұран, жарнамаларды тек қазақ тілінде жаздыртты. Торғай – жаңадан құрылған облыс, көп шаруа тақырдан басталды. Музей ашылды, театр ашылды, көптеген өнер ұжымдары құрылды – бәрінің басы-қасында өзі жүрді. Тіпті, сырлау-бояу секілді жұмыстарға да өзі жәрдем беріп, түннің бір уағына дейін жүре беретін. Мәдениет министрлігіне барғаннан кейін бір кезде патша әскерлері ат қора қылған Қожа Ахмет Иассауи кесенесін қайта қалпына келтіру ісін қолға алды. Жөндеу жұмыстары бітті деген кезде қабылдап алуға барады. Бәрі тамаша. Бірақ төбесін жапқанда құрылысшылар шатырға күл-қоқыс, тіпті, шошқаның көңін төккен. Содан Өзекең ашуланып, қоқыстың бәрін түсіртіп, орнына лай құйғызған. Қолына шелек алып өзі де балшық тасыпты… Ол кісімен аз күн болса да бірге жүрудің өзі тағдырдың бір сыйы екен.

– Адамдардың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?

– Жаңа ғана өзің сұраған Өзекеңнің бір үлкен қасиеті елге жанашырлығы болса, тағы бір қасиеті – қолға алған ісін жан-тәнімен беріле істейтін. Өз ісіне деген жауапкершіліктің үлгісін сол кісіден көрдім. Үш ұжымды басқарыппын. «Болат жол» – «Стальная магистраль» газеттерінен кейін облыстық архив және құжаттар басқармасына бастық болдым. Қызметкерлерден ең алдымен іске деген жанашырлықты, жауапкершілікті талап еттім. Жұмысына жүрдім-бардым қарайтын адамдармен ешқашан тіл табыса алған жоқпын. Меніңше, өз ісіңе деген жауапкершілік те жоғары адамгершіліктің бір белгісі.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button