Хазірет ауылында үш жылда бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жүзеге аспаған

Бір кездері Ақтөбе ауданына қараған Хазірет ауылдық округі бүгінде орталық атаулыдан оқшауланып қалған, бөлек бір бүйірде жатқан ерекше елді мекен сынды сезіледі. Өйткені ендігі әкімшілік орталығы Мәртөк селосы бұл жерден жүз елу шақырым шамасында. Ал тұрғындар үшін ол жаққа жол шеккеннен гөрі Ақтөбеге бару оңайырақ. Оның үстіне бұл маңайдың ауа райы мүлдем құбылмалы. Өзге тұстарда күн жарқырап тұрғанда Хазірет ауылында алай-түлей қарлы боран соғып, көзкөрім жер жүру мұң болып қалатыны бар.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеше осы өңірде болғанында жергілікті тұрғындардың басты проблемаларының бірі осы жай екенін білді.
Хазірет ауылдық округінің әкімі Мейірхан Дүйсеновтің есебін тыңдау барысында басқа да мәселелер кеңінен қозғалды. Бұл округ Ресей Федерациясымен, Қарғалы ауданымен шектеседі. Ауылдық округті Хазірет және Жездібай атты екі ауылдық елді мекен құрайды.
Ауылдық округте 2 ЖШС және 8 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Жалпы мал басы жөнінде әкім мынадай деректер келтірді: ірі қара — 1334, ұсақ мал — 3022, жылқы — 430, шошқа — 500, құс — 1535. Былтыр 6400 га жерге дәнді дақылдар егілді. Оның ішінде «Коквест» ЖШС және «Березовка» шаруа қожалығы бірігіп 5000 га жерге әртүрлі дәнді дақылдар егіп, гектарына 13 центнер өнім алып және биылғы жылы егетін тұқымдарын тазалап, жеткілікті мөлшерде қамбаларына құйған.
Ауылдың өзіне лайық шағын кәсіпкерлігі де бар екен. Округте үш дүкен жұмыс жасайды, екі кәсіпкер адам тасымалымен айналысады. Жалпы ауылда 8 кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды, оларда 10 адам жұмыс жасайды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген 666 мың теңге қаржыға ауылдағы қоғамдық кеңестің шешімімен көшелерге жарық жүргізу ісі шешімін тауыпты.
Ауыл шаруашылығына арналған жерді мақсатты пайдаланбаған «Байм» ЖШС иелігіндегі 800 гектар алқап мемлекетке қайтарылған. Алдағы уақытта бұл жер конкурс арқылы шаруа қожалығын ашқысы келетін немесе шаруасын кеңейткісі келетін адамдарға беріледі.
Ауыл адамдары жиында өз ойлары мен ұсыныстарын іркіп қалған жоқ. Мәселен, еңбек ардагері Қабдол Ізтілеуов тұрғылықты халық үшін бүгінгі бір қажеттілік көгілдір отынның жеткізілуі екендігін алға тартты. «Егер осы мәселе шешіліп жатса, көп тірлігіміз алға басар еді. Менің өзім газ келсе, жылыжай ашып, наубайхананы іске қосар едім деп ойлаймын», — деді ол.
«Жездібай» шаруа қожалығының басшысы Мұқанбетқазы Ермағамбетовтің де айтары көп екен. Ол 2006 жылдан жұмыс істеп келе жатқан өз шаруашылығында бастапқыда жұмыс жақсы жүргенімен, кейінгі уақытта астық өнімдерінің, тіпті сұранысқа сай деп өсірген шемішкенің де өтпейтінін айтып шағынды. Былтыр 987 гектар жерге егіс салып, әр гектардан 3,4 центнерден өнім алыпты.
Бердібек Машбекұлы шаруа адамымен ашық сөйлесе келе оның егіс технологиясын толық сақтай бермейтіндігін, тыңайтқыштарды жеткілікті пайдаланбайтындығын анықтады. «Ең алдымен тұқым сапалы болуы керек, содан кейін басқа да өлшемдер сақталуы тиіс, ал сізде бұл жағына салғырт қарағаныңыз білініп тұр, ал сапасыз өнімді ешкім де алмайды» деп өз тұжырымын жасады.
Ауыл тұрғыны Әсия Әділованың «жайылымнан таршылық көріп отырмыз, балаларымыз жұмыссыз жүр, ауызсу мұнарасының тозығы жеткен» деген шағымдарының нақты жауабы берілді. Ал жеке кәсіпкер Қаршыға Алмашев ауыл маңын көгалдандыру жайын қозғады. Облыс басшысының «өз үйіңіздің маңына тал-терек ектіңіз бе?» деген сауалына оңды жауабын айтып, бау-бақша өсіретіндігін де жеткізді.
Аудан бойынша жалғыз Хазірет ауылдық округі соңғы үш жылда бірде-бір мемлекеттік бағдарламаны игеруге қатыспаған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұрынғы ауыл әкімі қызметінен босатылған.
Шаруасын ілгері бастыруға айнала жұрт игілігін көріп отырған бағдарламалардың мәні мен жеңілдігі туралы ауыл тұрғындары жеткілікті біле бермейтінге ұқсайды. Сондықтан да жаңа әкім Мейірхан Дүйсенов атқаратын негізгі жұмыстың бір парасы осы ауқымда өрбуі тиістігі оның алдына міндет етіп қойылды.
Аудан әкімі Нұржауған Қалауов та осы кездесуде тұрғындар алдында өз есебін берді. Ол аудан көлемінде атқарылған шаруаларға талдау жасап, алдағы уақытта атқарылатын істер жөнінде айтты.
Облыста ірімшік және сүзбе өндірісінің 17,9, сүттің 31,0, еттің 0,8 пайызын беріп отырған ауданда алдағы уақытта бұл бағыттар одан әрі дамытылмақшы. Былтыр инвестицияға 4 миллиард 184 миллион теңге қаржы тартылыпты. 2017 жылы 55 жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард 280 миллион теңге тарту көзделіп отыр.
Жалпы алғанда аудан бойынша өткен жылы 7,6 мың тонна ет, 39,3 мың тонна сүт өндірілген, 5,4 миллион дана жұмыртқа алыныпты. Осындай көрсеткіштерді саралаған аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын да сын тұрғысынан жіліктеп берді. Ауданда дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Өңірде омарта саны 270-ке жеткен. Қоян, бөдене өсірушілер жұмысы жолға қойылған. Бір шаруашылық ешкі фермасын құрып, үш кәсіпкер тоғандарды сенімгерлік басқаруға алып, балық шаруашылығымен шұғылдануға кіріскен.
Осындай жайларды тұжырымдап баяндап берген аудан әкімі Хазірет ауылдық округі тұрғындарын мазалайтын бірқатар мәселелерге де тоқталып, олардың шешілу мүмкіндіктері туралы айтты.
…Есеп беру жиынынан шыққанымызда ауылдың жаяу борасыны басталып, көлік жолдарын басып тастағаны білінді. Биік қар жалдары бұл өңірдің қысының қатаңдығын білдіріп тұрғандай. Соған қарамастан облыс басшысы «Коквест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, оның қоймаларында болып, алдағы егіске әзірленген тұқым сапасын көрді. Серіктестік басшысы Владимир Проскурин өз шаруашылығын одан әрі өркендету арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, биыл да алқаптан мол өнім алатындығына сөз берді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Мәртөк ауданы.




