Спорт

Алты федерацияның айтары бар

Конференция

Өткен жұма күні олимпиада ойындарының санатына кірмейтін алты спорт түрінен құрылған облыстық федерациялар есеп беру конференциясын өткізді. Басқосуда 2016 жылдың қорытындысы талқыланып, алдағы мақсаттар айқындалды.  

Олимпиадалық емес спорт түрлеріне қоян-қолтық ұрыс, панкратион, грепплинг, джиу-джитсу, жекпе-жек, аралас жекпе-жек (ММА) жатады. Бүгінде аталған спорт түрлеріне жастар арасында қызығушылық артып келеді. Жеткен жетістіктер де аз емес. Мәселен, аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасының 50 пайызын ақтөбелік спортшылар құрайды.

— Біздің спортшылар өткен жылы жоспарланған барлық жарыстарға қатысты. Үш ақтөбелік спортшы жеткен жетістіктерінің нәтижесінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Азия чемпионатында Гойти Дазаев пен Азамат Марқабаев алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ өткен жылы Гойти Дазаев Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, — деді облыстық аралас жекпе-жек федерациясының басшысы Жандос Жаңабай.

Облыстық джиу-джитсу федерациясының басшысы Әшім Қалидың айтуынша, бүгінде шығыс жекпе-жегімен мыңнан астам спортшы айналысуда.

— Жекпе-жекпен шұғылданғысы келетіндер қатары көп, алайда шешілмей келе жатқан мәселелер де бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдаудың қажеттігі туындады. Өйткені барлық клубтар іс жүзінде жекеменшіктің қолында. Біз Ақтөбеде өзіміздің мамандандырылған спорт ғимараты болғанын, онда шығыс жекпе-жегін дамытып, жаттықтырушылар өз еңбектері үшін жалақы алып, ал спортшылар жарыстарға бару мүмкіндігіне ие болғанын қалар едік, — деді ол.

Қоян-қолтық ұрыс федерациясы 2007 жылы ашылған. Бүгінгі таңда осы спорт түрінен мектеп және колледж оқушылары арасында түрлі жарыстар ұйымдастрылып келеді. Сондай-ақ өңірдің Хромтау және Мәртөк аудандарында спорт клубтары жұмыс атқаруда.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында ақтөбелік спортшылар 27 алтын, 38 қола медальға ие болса, Әлем чемпионатында 3 күміс және 3 қола медальды еншілеген. Жалпы Ақтөбе облысында олимпиадалық емес спорт түрлерінен 30 федерация тіркелген.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button