Спорт

Қазақстан (u-18) — күміс жүлдегер!

Футбол

 Жасөспірімдеріміз тарихи тұғырға шықты

Санкт-Петербургте өтіп жатқан Гранаткин Мемориалында — жасөспірімдердің халықаралық футбол турнирінде 19 жасқа дейінгі қазақстандықтар күміс жүлдеге ие болды. Бұл — Қазақстан футболындағы тарихи оқиға.

Ресейлік тұрғыластарымен финалдық кездесуге шыққан қазақстандықтар, расы керек, бірінші таймда жарқырап көріне алмады. Қанша дегенмен де, бұлардың қарсыластары өз алаңында ойнап жатқан еді. Сөйтіп жүргенде 27-минутта ресейлік Никита Поляков біздің қақпамызға гол соғып кетті. Бірақ бұл опыныс қонақтарды аса абыржытқан да жоқ. Әсіресе, екінші таймда қазақстандықтар қарсыластарымен тең дәрежеде ойнады. Александр Кузнецовтың балғын шәкірттері гол соғып кетерліктей қауіпті сәттер де ұйымдастырды. Әйтсе де, әттең, кездесу бірінші таймдағы сол бір голмен аяқталды.

Осылайша Қазақстан құрамасы (U-18) халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.

Бұл кездесуде қазақстандықтар төмендегі құрамда ойнады:

Данил Устименко, Ерасыл Аманжол, Санжар Батырханов, Данил Кузнецов, Талғат Күсіпов, Сұлтанбек Астанов, Мұхит Жақсылық, Гаврил Кан, Айдос Орал, Дарын Сүйінов, Еркебұлан Сейдахмет (запастан қосылғандар Әліби Тұзақбаев, Батыр Құдайбердинов, Лев Скворцов).

Еске сала кетсек, бұл тарихи тұғырға шыққанға дейін қазақстандықтар турнир барысында екі рет тең ойнап (Словакия-Қазақстан — 0:0; Әзірбайжан-Қазақстан — 2:2), екі рет жеңіске жеткен болатын (Қазақстан-Литва — 2:0; Қазақстан-Грекия — 2:1).

Сондай-ақ бұрын қазақстандықтардың бұл турнирде бұндай шырқау биікке көтеріліп көрмегені де мәлім. Ең жоғары нәтиже 2015 жылғы 10-орын еді.

Гранаткин Мемориалының ресми сайты турнир қортындысын жария етті. Үздіктер есімдері белгілі болып, олардың қатарына екі қазақстандық енуін де ерекше жарқын оқиға деп есептейміз.

Ұйымдастырушылар Айдос Оралды турнирдің «Үздік жартылай қорғаушысы» деп таныса, 16 жастағы Еркебұлан Сейдахмет «Үздік шабуылшы» атанды.

Ал Қазақстан (U-19) жасөсірімдер құрамасының турнирге барған толық тізімі төмендегідей:

қақпашылар: Данил Устименко («Қайрат»), Владислав Сазонов («Ертіс»);

қорғаушылар: Дінмұхамед Кашкен («Астана»), Талғат Күсіпов («Астана»), Санжар Айтым («Астана»), Ерасыл Аманжолов («Атырау»), Айбар Нұрдалиев («Қайрат»), Данил Кузнецов («Ертіс»), Сағадат Тұрсынбай («Ордабасы»), Санжар Батырханов («Жетісу»);

жартылай қорғаушылар: Жасұлан Қайыркенов («Астана»), Андрей Ульшин («Қайрат), Дарын Сүйінов («Қайрат»), Батыр Құдайбердинов («Ертіс»), Айдос Орал («Шахтер»), Жаналы Пайруз («Шахтер»), Гаврил Кан («Тараз»), Мұхит Жақсылық («Ордабасы»), Александр Усачев («Ақтөбе»), Әліби Тұзақбаев (ЦСКА);

шабуылшылар: Сұлтан Астанов («Қайрат»), Лев Скворцов («Астана»), Марлен Айманов («Қайрат»), Еркебұлан Сейдахмет («Монтажник»), Павел Баркунов («Ертіс»).

Е.АХАТҰЛЫ

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button