Әлеумет

Зейнетақы: кім қанша алады?..

Оқырмандардың зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты сауалдарына «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қайрат Отаровтың редакцияда тікелей телефон арқылы жауап беретінін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған едік. Алайда тікелей телефон белгіленген күні облысымызға еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың екі күндік іссапары басталып, Қайрат Орынбасарұлы қызмет бабымен босай алмады. Тікелей телефон арқылы оқырмандар сауалына «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК Ақтөбе облыстық филиалының бөлім бастығы Райса Иманқұлова жауап берді.

Сұрақ

Дайыр ЖӘЛІМБЕТОВ, Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылының тұрғыны:

– Зейнетақы тағайындаған шақта мен тылда еңбек еткенімді растайтын құжаттарымды тапсырмаппын. Енді тапсырып, зейнетақымды көбейтуге бола ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Жоқ. Бұрын ұсынылған құжаттарды толықтыратын деректер тапсырған жағдайда ғана зейнетақы қайта қаралады.

Сұрақ

Нтазар САПИНА, Шалқар ауданының тұрғыны:

– Бұрын 16 600 теңге зейнетақы алып келдім. Тылда еңбек еттім. Қайта есептеуден кейін зейнетақымның мөлшері 19 900 теңге болды. Тылда еңбек етпегендердің зейнетақысына да 3 000 теңге қосылыпты. Осы дұрыс па?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Сіздің зейнетақыңыз осы жылдың қаңтар айынан бастап 30 пайызға көбейді. Қазір негізгі зейнетақыңыз – 11 687, іргелік – 5 388 және тылда еңбек еткеніңіз үшін мемлекеттен 2 546 теңге арнаулы жәрдемақы аласыз.

Сұрақ

Қарлығаш КАМИЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– 1983 жылға дейін Семей полигоны аймағында тұрдым. Естуімше, апатты аймақта тұрғандарға 45 жаста зейнетақы тағайындалуы керек. Қазір менің жасым 49-да. Зейнеткерлікке әлі шыққаным жоқ. Осыны түсіндіріп берсеңіздер.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– 1949 жылдың тамыз айынан 1963 жылдың шілдесіне дейін Семей полигонында төтенше және ең жоғарғы радиациялық аймақтарда 10 жылдан кем уақыт тұрған ер адамдар 25 жыл еңбек өтілімен 50 жастан, әйел адамдар 20 жыл еңбек өтілімен 45 жастан зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Сұрақ

Елубай ОРАЗҒАЛИЕВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Қобда ауданында 40 жыл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім. 1991 жылы 132 соммен зейнеткерлікке шықтым. Кейін келісім-шарт бойынша тағы да 5 жыл өзге жерде жұмыс жасадым. Соңғы жұмыс істеген жылдардағы уақытты еңбек кітапшама тіркеттім. Енді зейнетақымды қайта есептетуіме бола ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Болмайды.

Сұрақ

Алма БЕКЕНОВА, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

– Жаңа жылдан бастап асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері көбейген бе?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Осы жылдың қаңтар айынан бастап мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы күнкөріс деңгейінің өзгеруіне орай көбейтілді. Оның мөлшері 2008 жылы 12 025 теңге болса, биыл – 13 470 теңге. Яғни бір балаға – 8 891 теңге, екі балаға – 15 356 теңге, үш балаға – 18 993 теңге, тағы да сол сияқты.

Сұрақ

Жанат НҰРТАЗИНА, Алға ауданының тұрғыны:

– Осы жылдың тамыз айында анам зейнеткерлікке шығады. Менің туу туралы куәлігімде есімім Жаннат деп жазылған, ал жеке куәлігімде Жанат болып тұр. Анамның уақытында зейнеткерлікке шығуына менің құжаттарымда кеткен қателік кедергі болмай ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Туу туралы куәлік пен жеке куәліктегі есім сәйкес болуы қажет.

Сұрақ

Тайман ЖҰМАҒҰЛОВ, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тұрғыны:

– Ауыл шаруашылығы саласында 34 жыл еңбек еттім. Қазір 15 400 теңге зейнетақы аламын. Кезінде «Еңбектегі ерлігі үшін» секілді бірқатар медальдармен марапатталдым. Зейнетақы төлеу кезінде осы марапаттарым ескерусіз қалыпты.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі үшін бұрынғы Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға ғана арнаулы жәрдемақы тағайындалады.

Сұрақ

Аты-жөні белгісіз:

– Бала босанғаннан кейін еңбекақының 40 пайызы төленеді дегенге кеңінен түсінік берсеңіздер…

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Ананың бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін ақша, яғни оның табысын әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымға байланысты алынады. Ол соңғы 24 айдағы орташа айлық табыс мөлшерін 40 пайызға көбейту жолымен айқындалады.

Сұрақ

Аманулла СӘРСЕНОВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– 41 жыл туберкулез ауруханасында хирург болып қызмет еттім. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Қазір 25 мың теңге зейнетақы аламын. Зейнетақымды қайта есептеткім келеді.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Бұрын ұсынылған құжаттарды толықтыратын деректер тапсырған жағдайда ғана сіздің зейнетақыңыз  қайта қаралады.

Сұрақ

Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының бір топ әйелдері:

– Біз 1986, 1987, 1988 жылдары зейнеткерлікке шыққан мұғалімдерміз. Сол кезде бізге ең жоғарғы зейнетақы  – 132 сом тағайындалды. Еңбек өтіліміз 32-33 жылдан. 5-6-дан балаларымыз бар. 2008 жылдан бері біздің зейнетақымыз дұрыс есептелмей келеді. Кейбір жылдары шыққандардың коэфициенті көп деп зейнетақыны дұрыс есептемей отыр. Оның үстіне, 21 900 теңге алатындарға Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмасындағы 25 пайызды қоспай, 22,1 пайыз қосыпты. Зейнеткерлер құқығы бірдей емес пе?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Зейнетақы төлемдері еліміздің «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес әр зейнеткердің еңбек өтіліне, орташа айлық табысына, зейнеткерлікке шыққан уақытына қарай сараланып, тағайындалады. Өткен жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1245 Қаулысы бойынша 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлем мөлшеріне қарай 22-30 пайыз аралығында арттырылды.

Сұрақ

Бейсен ШЫРЫНОВ, Байғанин ауданы Алтай ауылының тұрғыны:

– Мен тыл еңбеккерімін. Коммуналдық төлемдерді төлеуде біздерге жеңілдік бар. Бірақ мен сол жеңілдікті ала алмай отырмын. Осы мәселе бойынша аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі орталыққа барғанымда, ондағылар тылда еңбек еткенімді растау туралы қағаз әкелуімді сұрады. Ауылдағы екі Ұлы Отан соғысының ардагерінен тыл еңбеккері екенімді растатып, қағаз апардым. Мұрағаттан да тиісті құжаттарымды тапсырдым. Сонда да жеңілдікке қол жеткізе алмай отырмын.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Материалдық көмек көрсету біздің орталықтың құзырына жатпайды. Бұл мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолығыңыз.

Сұрақ

Рзабек ЖҰМАҒАЛИЕВ, Хромтау ауданының тұрғыны:

– Қазір жасым 63-тен асып кетті. Хромтаудың орталық ауруханасында дәрігер-эпидемиолог болып қызмет істеймін. Жақында аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі орталыққа мені зейнеткерлікке өткізу жайында құжаттарымды тапсырдым. Мен 1990-97 жылдар аралығында ауруханадағы қызметіммен бірге кешкілік балабақшада күзетші болып еңбек еттім. Ол жылдардағы еңбек өтілім де еңбек кітапшама түскен. Бірақ зейнетақы төлеу жөніндегі орталық қызметкерлері менің сол кездегі  6 жыл еңбек өтілімді санамай, барлығы 29 жыл етіп отыр. Ал өз санауым бойынша, менің еңбек өтілім 35 жыл болуға тиіс. Осының мән-жайын айтып берсеңіздер…

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Еліміздің «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына  дейін есепке алынады. Сіздің 1969 жылдан 1997 жылға дейінгі еңбек өтіліңіз дұрыс есептелген. Жұмыс жасаған бір жыл екі есе мөлшерде есептелмейді.

Сұрақ

Нәзия АШЫҚБАЕВА, Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

– Мен он баланың анасымын. «Алтын алқа» иегерімін. Қазір соңғы 4 балама мемлекеттің жәрдемақасын аламын. Асыраушысынан айырылған және балаларға төленетін жәрдемақыларым зейнетақымен қосылып келеді. Сондықтан да зейнетақымның мөлшерін толық білмеймін. Осы жәрдемақыларды бөлек төлеуге болмас па екен?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Бүгінгі таңда сіз тек қана асыраушысынан айырылуына байланысты 20 205 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы аласыз. Көп балалы отбасы ретінде алатын арнаулы жәрдемақыңыз 2008 жылдың 1 тамызында тоқтатылған. Егер «Алтын алқа» белгісімен марапатталған балсаңыз, жергілікті жердегі зейнетақы төлеу жөніндегі бөлімшеге барып, қажетті құжаттарыңызбен өтініш білдіруіңізге болады.

Сұрақ

Ғабдулмәлік АХМЕТОВ, Мәртөк ауданының тұрғыны:

– 33 жыл білім саласында еңбек еттім. 1991 жылдың 1 қаңтарында зейнеткерлікке шықтым. Қазір негізгі зейнетақым – 18 400 теңге. Кезінде жоғары жалақы алдым. Зейнеткерлікке шығатын соңғы жылдары мен Андреевка ауылында селолық кеңестің төрағасы болдым. Өкініштісі, сол кездегі ең төменгі жалақымен зейнеткерлікке шығарыпты. Осыны қалай түсінуге болады?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Қазір сізге негізгі зейнетақы – 10 511, іргелік – 5 388, тылда еңбек еткеніңіз үшін 2 546 теңге арнайы жәрдемақы тағайындалған. Сіз зейнеткерлікке шығуға құжат әзірлеген шақта селолық округта гардеробшы болып жұмыс істеген кездегі орташа айлық табысыңыз туралы анықтаманы тапсырғансыз. 1990 жылы сіздің орташа айлық табысыңыз – 96 сом 33 тиын. Сондықтан да аз мөлшерде зейнетақы алып отырсыз.

Сұрақ

Жұмамұрат ТАҢСЫҚБАЕВ, Шалқар ауданының тұрғыны:

– Жолдасым Сара Таңсықбаева 2006 жылы 6  700 теңге ең төменгі зейнетақымен зейнеткерлікке шықты. Еңбек өтілі – 24 жыл. Ең төменгі зейнетақыға шығуына не себеп?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Азаматша Сара Таңсықбаева зейнеткерлікке құжат әзірлеген уақытта орташа айлық табысы туралы анықтама тапсырмаған. Сондықтан да қазір ең төменгі зейнетақы мөлшеріне қол жеткізіп отыр.

Сұрақ

Жанғаным ОРАЛБАЕВА, Әйтеке би ауданы Комсомол селосының тұрғыны:

– Зейнетақыны қайта есептеуден кейін 2009 жылдың қаңтар айында 29 973 теңге алдым. Ал ақпанда зейнетақым 24 500 теңге болды. Жағдайдың мәнісін сұрап аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың бастығы Төрегелді Құдайбергеновке бірнеше мәрте барғанымда, ол кісіні орнынан таппадым. Қарамағындағылар дұрыс жауап бермейді. Қазір ауылдағы көпшілік зейнеткерлер ақпан айындағы іргелік 5 388 теңгенің зейнетақыға қосымша төленбегенін айтады. Нақты жауабын білгім келеді.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап сіздің зейнетақы мөлшеріңіз – 24 606 теңге. Оған қосымша іргелік 5 388 теңге алуға тиіссіз. Біздің тарапымыздан 2009 жылдың 18 ақпанында екі төлем де аударылған. Халық банкке барып хабарласыңыз.

Сұрақ

Ақжарқын МЫСАЕВА, Қарғалы ауданының тұрғыны:

– 1995 жылға дейін Арал экологиялық аймағында тұрдым. Көп балалы анамын. Биыл ең төменгі зейнетақы – 6 755 теңгемен зейнеткерлікке шығарды. Маған экологияға байланысты, көп балалы ана ретінде мемлекеттен жеңілдік алуға бола ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Биыл қаңтар айынан бастап жасыңызға байланысты сізге 6 735 теңге мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Экологиялық аймақта тұруыңызға байланысты жеңілдіктер қаралмаған. Егер көп балалы ана ретінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен, І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерімен марапатталған жағдайда, 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасы үшін арнайы жәрдемақы тағайындалады.

Сұрақ

Айна ЫРЫСҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға жергілікті бюджеттен төленетін 3000 теңге жеңілдікті қалай алуға болады?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Бұл мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласыңыз.

Сұрақ

Гүлсім ҚҰРМАНБАЕВА, Мұғалжар ауданы Бірлік селосының тұрғыны:

– Жолдасым Тельман Құрманбаев – Ауған соғысының жауынгері. Жаңа жылдан бастап жолдасымның зейнетақысына 600 теңге ғана қосылыпты. Қазір бар болғаны 7 000 теңге алады. Қайта есептеуден кейін Ауған соғысы ардагерлерінің зейнетақысына қанша теңге қосылуға тиіс?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Жолдасыңыз Ауғаныстандағы ұрыс қимылдарына қатысқаны үшін арнайы жәрдемақы алады. Оның мөлшері -7 384 теңге. Ол айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 5,8 көлемінде тағайындалады. 2008 жылы АЕК 1 168 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш – 1 273 теңге.

Сұрақ

Күнжамал ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Алға қаласының тұрғыны:

– Қайта есептеуден кейін зейнетақыма 2000 теңге қосылды. Жергілікті бюджеттің 1 700 теңге жеңілдігі бар еді. Сол жеңілдік биыл төленбей отыр. Жолдасым зейнеткерлікке жеткен жасында қайтыс болды. Ол кезінде жақсы жұмыс жасап,  «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Сол марапатына байланысты алынатын жеңілдіктер бар ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Сіздің былтырғы  8085 теңге зейнетақыңыз биыл 30 пайызға көбейтілді. Қазір негізгі зейнетақыңыз – 10 511, іргелік – 5 388 теңге. Жергілікті бюджеттен төленетін жеңілдіктер біздің орталықтың құзырына жатпайды. Бұл сұрақпен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолығуыңыз керек. Егер жолдасыңыз кезінде зейнетақы қорына 10 пайыз қаржы аударған болса, сол қаражатты алуыңызға сіздің мүмкіндігіңіз бар. Ал жоғарыда айтылған наградаға орай ешқандай жеңілдік ала алмаймыз.

Сұрақ

Абай ОСПАНОВ, Алға ауданының Тамды ауылының тұрғыны:

– 1995 жылы зейнеткерлікке шықтым. 40 жыл механизатор болып еңбек еттім. 2007 жылы 16 мың теңгеден астам зейнетақы алдым. 2008 жылы зейнетақым 20 мың теңге болды. Биыл қайта есептеуден кейін 24 мың теңге аламын. Бірақ кейбіреулердің зейнетақысы 30 мыңнан асады. Неге ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендердің зейнетақысы аз?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Биылғы Үкіметтің қаулысы бойынша зейнетақының орташа мөлшері 25 пайызға көтерілді. Жаңа жылға дейін сіздің негізгі зейнетақыңыз 16 790 теңге болды. Биыл бұл сома 30 пайызға көбейді. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендердің зейнетақысы қайта қаралады дегенмен, олай болмады. Биыл барлық зейнеткерлердің зейнетақысы тек 22-30 пайыз аралығында ғана көтерілді.

Сұрақ

Абылай ҮМБЕТОВ, Ойыл ауданы Сарбие ауылының тұрғыны:

– Бейсенқожа Гүлшат Абатқызы атты мүгедек бала 1997 жылы дүниеге келген. Қосымша ақыл-есінен айырылғандар тізімінде тұр. Оған қоса көзі де көрмейді.Осы баланың 2009 жылы мемлекеттен берілетін жәрдемақысын қайта есептеткім келеді. Бұл баланың жәрдемақысы әкесі Абат Бейсенқожаұлы Сәдірбаевтың атына түседі.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Бұл бала жаңа жылға дейін 13 535 теңге жәрдемақы алып келді. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы мөлшері өсті. Бірақ бұл жерде мынаған үлкен мән беру керек. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығы үшін Абат Бейсенқожаұлының атына 1 510 теңге өтемақы төленгендіктен, биыл жәрдемақының өскені байқалмай қалды. Өткен жылдың желтоқсан айында өтемақы  төлеу тоқтатылды. Қазір жәрдемақысының мөлшері – 13 470 теңге. Сол сияқты арнайы жәрдемақысын қоса алады. Ол – 1 146 теңге.

Сұрақ

Бақытқали ӘУБӘКІРОВ, Қарғалы ауданының тұрғыны:

– Мен 2004 жылы зейнеткерлікке шықтым. Еңбек өтілім – 38 жыл. Зейнетақы тағайындаған шақта менің орташа айлық табысым туралы анықтама тапсырылған жоқ. Маған зейнетақы қосыла ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Егер зейнетақы тағайындаған шақта орташа айлық табысы туралы құжат тапсырылмаса, онда еңбек өтіліне байланысты ең төменгі зейнетақы тағайындалады.

Сұрақ

Құлмұханбет ШӘРІПОВ, Шалқар ауданының тұрғыны:

– Менің туған 4, асыранды 1 балам бар. Асырап алған баланы қосқанда зейнетақы тағайындала ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Жоқ. Еліміздің «Зейнетақымен қамсыздандыру» Заңы бойынша өзінің туып, өсірген балалары 5-еуден артық болған жағдайда және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелегенде ғана әйел адамға 53 жастан зейнетақы тағайындалады.

Сұрақ

Дәрмен БАҚТЫБАЕВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Менің еңбек өтілім – 43 жыл. Қарақалпақстаннан көшіп келгеніме 6 жыл болды. Осы еңбек өтіліммен не үшін ең төменгі зейнетақы 15 000 теңге аламын?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Басқа елдерден Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау еліміздің Заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 1995 жылдан бастап кез келген 3 жылға еңбекақы туралы анықтама тапсыру қажет.

Сұрақ

Несібелі БӨЛТЕКОВА, Ойыл ауданының тұрғыны:

– Мен зейнеткерлікке 1996 жылы 25 жыл еңбек өтіліммен шықтым. Бірақ менің 33 жыл еңбек өтілім бар. Қазір аз зейнетақыға қанағат тұтып отырмын.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Егер зейнеткерлікке денсаулық сақтау жүйесіне еңбек сіңірген жылдар үшін шыққаннан кейін жұмыс жасаған болса, жасы 58-ге толғаннан кейін алатын жасына байланысты зейнетақыға ауысуға болады. Ол кезде орташа айлық табысын растайтын құжат тапсырылады. Әзірше сіздің зейнетақыңыз жыл сайын болып жатқан біртекті индекстеу арқылы көтеріліп отырады.

Сұрақ

Салиха ЖАНИСОВА, Шалқар ауданының тұрғыны:

– Осы жылдың қаңтар айында зейнетақым 15 800 теңге болды, ал ақпанда 14 200 теңге алдым. Бұл қалай? Тағы бір сұрағым, келінім босанғаннан кейін баласы үш күннен соң шетінеді. Шетінегені туралы қолымызда анықтама қағаз бар.

Біржолғы жәрдемақысын алуға бола ма?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Қазір сіздің зейнетақы мөлшеріңіз толық емес еңбек өтілімен – 6 308 теңге, іргелік – 5 388 теңге. Тыл ардагері ретінде арнайы жәрдемақыңыздың мөлшері –  2 546 теңге. Сондықтан да ай сайын 14 242 теңге алуға тиесілісіз. Бұл жерде жергілікті бюджеттен өтемақы түсуі мүмкін.  Егер шетінеп кеткен балаға туу туралы куәлік алынбаса, біржолғы жәрдемақы тағайындалмайды.

Сұрақ

Жеңіс ЖАҚАСОВА, Ойыл ауданының тұрғыны:

– Газетте Қазақстан Республикасының алдында еңбегі сіңген зейнеткерлерге қосымша жәрдемақы төленеді деп жазылды. Сонда ол қандай марапат болуы керек?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА

– Егер зейнеткердің «Қазақстан Республикасы алдында еңбегі сіңген азамат» деген атағы болса, қосымша жәрдемақы тағайындалады. Сол сияқты «1941-1945 соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі үшін» ордендерімен немесе медалімен марапатталған жандарға да қосымша жәрдемақы бар.

Сұрақ

Бақытсалық МҰҚИЕВ, Ембі қаласының тұрғыны:

– Зейнетақымды қайта есептеткім келеді.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Сіз зейнеткерлікке шыққан кезде орташа айлық табысыңыз туралы анықтама тапсырмағансыз. Сол себепті еңбек өтіліне қарай ең төменгі мөлшерде зейнетақы тағайындалған. Зейнетақы мөлшері қайта қаралмайды.

Сұрақ

Қартбай ҚАБАҚБАЕВ, Шалқар ауданының тұрғыны:

– 1991 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. 50 жылдан астам еңбек өтілім бар. 2007 жылғы Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында зейнеткерлердің зейнетақысының орташа мөлшері 25 пайызға көтеру жайында Үкіметке тапсырма берді. Неге біздің зейнетақымыз көтерілмей қалды? Қазір мен өзімнен төмен қызмет жасағандардан 6000-7000 теңге кем алып отырмын. Неге олай? Өткен жылы осы мәселелер жөнінде «Нұр Отан» партиясына, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдағанбыз. Министр Бердібек Сапарбаев бірнеше рет Мәжіліс депутаттарының алдында 1991 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан ауыл шаруашылығы қызметінде еңбек еткендердің зейнетақысын қайта есептеу жүргізуге уәде берді. Біз 2009 жылға дейін осы уәденің орындалуын күтіп едік, одан еш нәтиже шыққан жоқ.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– ҚР Үкіметінің №564 Қаулысы негізінде  2003 жылы зейнетақы қайта қаралды. Осы Қаулы бойынша зейнеткерлердің зейнетақысы 2008 жылы екі тоәсілмен қайта қаралды. Бірінші тәсіл бойынша қарағанда тиімсіз болғандардың зейнетақысы 9 пайызға көбейді. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендердің зейнетақысын көбейту жайын біздің орталық  шешпейді. Егер осы мәселе шешіліп, Қаулы қабылданса, біздің тарапымыздан кедергі болмайды.

Сұрақ

Шаригүл ҚОТИШЕВА, Ырғыз ауданының тұрғыны:

– Жасым 53-те. 6 балам бар. Еңбек өтілім – 19 жыл 8 ай. Еңбек кітапшамда еңбек өтілімнің жиырма жыл болуына 4 ай жетпейді. Қазір биржада тіркеуде тұрмын. Еңбек өтілім жүре ме?

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Жұмыссыз биржада тіркеуде тұрсаңыз, еңбек өтіліңіз жүрмейді. Ал биржа арқылы жұмыс істесеңіз, ол уақыттарыңыз еңбек кітапшаңызға жазылуы керек. Жасыңыз 58-ге толғанда ғана толық емес еңбек өтіліне байланысты зейнетақыға ауысуыңызға болады. Әзірше жасыңызға байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Сұрақ

Кенжебай ЖҰБАНАЗАРОВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Зайыбым Гүлжан Жұбаназарова 1937 жылы туған. 22 жыл теміржол саласының сауда орнында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке тағайындаған кезде ол кісіні сауда орнында еңбек етті деп алыпты. Неге оны теміржолда қызмет еткен деп алмайды? Анығын білгім келеді.

Жауап

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– Зейнетақыны қайта қарау кезінде зейнетақылық істе орташа айлық табыс қаралды. Сауда орнында жасаған адамның еңбек еткен саласы Қазақстан Республикасының қызмет түрлері бойынша сауда саласына жатады.

Сұрақ

Рауза ӘЛІШЕВА, Ойыл ауданының тұрғыны:

– Мен 1991 жылы 50 жаста 6 баламен зейнеткерлікке шықтым. 28 жыл еңбек өтілім бар. Ұзақ жыл бас есепші болып қызмет еттім. Кезінде ең жоғарғы жалақы – 132 соммен зейнеткерлікке шыққанмен, қазір ең төменгі зейнетақы аламын. Неге?

Жауап:

Р.ИМАНҚҰЛОВА:

– 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап сіз 15 320 теңге – негізгі, 5 388 теңге іргелік зейнетақы аласыз. Зейнетақылық іс-құжатыңызды тексергенде, дұрыс тағайындалғандығы анықталды. Бүгінгі таңда ең төменгі зейнетақы мөлшері – 9 875 теңге.

P.S. Қазір зейнетақыны қайта есептеу ісі көпшілік арасында талас тудырып тұр. Әсіресе, өмірінің тең жартысын ауыл шаруашылығы саласына арнаған ақсақалдарымыз «тікелей телефон» барысында қызыл кеңірдек болды. Бұл мәселеде зейнетақы төлеу жөніндегі орталық белгіленген ереже бойынша жұмыс жасайды. Бірақ, кейбір ақсақалдарымыз боқтық сөз айтып, оны елеп те жатқан жоқ…

P.P.S. Алдын ала және тікелей телефон барысында оқырмандардан сұрақтар көп түсті. Бірдей мағынада түскен сұрақтарды газетімізге топтастырып беруді жөн санадық.

P.P.P.S. «Тікелей телефон» – газеттің өткізіп отырған шарасы. Екі апта бойы жарнамасы берілетін «Тікелей телефонның» қай кезде болатындығы газетте анық көрсетіледі. Сондықтан қапыдан қалмауға тырысу керек. Ал шара өткеннен кейін бірнеше апта бойы қоңырау шалып: «Маған пәленшені тауып беріңдер!» – деу әбестік.

Жазып алған Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

8 Comments

  1. Мен Шалкар каласында турамын. 2008 жылы наурызда босандым, маған  декреттік акшамды  есептегенде неге экологиялык ауданда туруыма байланысты 50 пайыз устеме косылмайды.2009 жылдан бастап жалакымнын 40 пайызымен есептеп алып журген 1 жаска дейинги пособиеге неге  оскендеги акша косылмайды ?

  2. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта туып өстім. Қазіргі еңбек етіп жүрген жерім ШҚО, Катонқарағай ауданы экологиялық қауіпті аймаққа жатпайды деп ай сайынғы еңбек ақыға қосылатын экологиялық жәрдемақы төлеуден бас тартты. Осы қаншалықты заңға сыйымды?

  3. Менің үш перзентім бар. Жақында төртіншімді өлі босандым. Өлген балаға қосылып төрт перзент ретінде жәрдемақы беріліп тұрады ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button