Спорт

Қысқы универсиада — қуатты елдің құзыры

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 27 желтоқсанда ұйымдастырылған «Қысқы универсиада — қуатты елдің құзыры» атты кітап көрмесі 8 ақпанға дейін оқырман назарына ұсынылады.  

Кітап көрмесіне Ө.Жолымбетовтің «Қазақстан — спортшылар елі», Питер Твистің «Хоккей: теория и практика», В.Виттенің «Фигурное катение»., Қайрат Әбілдиновтің «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?», Мереке Құлкеновтің «Әлемдік және ұлттық спорт ойындары. Энциклопедия» секілді бірқатар кітаптар қойылып, Универсиада туралы мақалалар жарияланған басылымдармен толықтырылыпты.

Кітапхана қызметкерлері 8 ақпанға дейін кітап көрмесін оқырмандарға күнделікті таныстырып және жаңартып отырады. Кітапханашы Гүлшарат Бопилова кітапхананың тұрақты оқырмандарына екі жылда бір рет жалауы желбірейтін Бүкіләлемдік қысқы Универсиада туралы мағлұмат беруден жалықпайды. Айталық, қысқы Универсиаданың тарихы 1905 жылдан бастау алады, анығы, осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Парижде ұйымдастырылды. Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Содан бері Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды.

XXVIII Қысқы Универсиада-2017 алауының эстафетасы Қазақстанда 25 қаңтар күні бастау алады. Оңтүстік астанаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшылар келеді.

Универсиаданың қайрат беретін қанатты сөзі, ерекшеленетін белгісі, айрықша тұмары болуы шартты. Елімізде тұңғыш рет өткелі отырған XXVIII Универсиаданың негізгі жарқын нышандары жастарымызды жігерлендіретін «Қанатыңды кең серпі» деген сөз тіркесі болса, биікке ұмтылуды көксеген «U» әрпі белгісі болып танылған. Сонымен бірге елімізге танымал тұлғалардың алып жүретін алауы мен қанатын жайған жас сұңқардың суреті бейнеленген «Универсиада-2017» бойтұмарын мақтанышпен айтуға болады.

Алау эстафетасына әдетте үздік студенттер қатысады. Осыған орай, елімізде топжарғандар іріктеліп алынды. Ақтөбеде студенттік ойындардың алауын жағу рәсімі 27 қаңтар өтеді. Біздің облыстың атынан конькимен жүгіруден Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Мария Сизова шығады. Ал Универсиада еріктілерінің қатарында 11 ақтөбелік бар. Осындай шараларға байланысты 23-27 қаңтар аралығында кітапхана қызметкерлері «Универсиада спорт апталығы» деген атаумен қаламыздағы №36, №34 және Ақтөбе мұнай-газ колледж оқушылары мен оқытушылар арасында апталық өткізуді жоспарлап отыр. Осындай мағлұматтарды оқырман қауымына Гүлшарат Бопилова жеткізіп берді. Көрмемізді тамашалауға келіңіздер!

Бақтыгүл ХАМИДУЛЛИНА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер

 кітапханасының бөлім меңгерушісі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button