Спорт

Алпыс алаугердің бірімін

Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға орай еліміздің әр түкпірінде алау эстафетасы ұйымдастырылып, оған белсенді, көзге түсіп жүрген студенттер іріктеліп алынды. Мен де Ақтөбедегі эстафетада алау ұстайтын алпыс алаугердің бірі болу құрметіне ие болып отырмын. Бұл бір жағынан үлкен мәртебе, екінші жағынан зор жауапкершілікті жүктейді.  Алайда, осындай үздіктер қатарында болғаныма өте қуаныштымын.

Негізі, бала күннен спортты жақсы көремін. Самбо және дзюдо күресінен бірнеше дүркін облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпазы болып жүрмін. 2013 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері арасында өткен жарыста қазақ күресінен қола жүлде еншіледім.

Өзім осы Ақтөбеде тудым. М.Арын атындағы қазақ орта мектебінде оқыдым. Сонда 5-сыныпта оқып жүргенде самбо секциясына жазылып, бозкілемде белдесуге сүйіспеншілігім оянды. Сол кезден бастап Дарханбек Тәжіғұловтың жетекшілігімен жаттығып келемін.

Әдетте әскери адамдарға сымбаттылық пен сергектік тән. Спортты бала кезден серік еткеніме қазір қуанамын, себебі әскери мамандықты таңдауыма да кәдімгідей ықпал етті. Барлық іні-қарындастарымды спорттың қандай да бір түрімен айналысуға шақырамын. Ал Универсиадада ақтөбелік конькимен жүгіруші Мария Сизоваға жеңіс тілеймін.

Жалғас ТАПАНОВ,

Әуе Қорғаныс күштері әскери институтының 4-курс курсанты.

 

.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button