Спорт

Алаугер атанғаныма қуандым

Ақтөбедегі Алау эстафетасына алаугерлерді іріктеу, ол үшін өтініш жазу керектігі туралы хабарды университеттегі оқытушымыздан білдік. Сөйтіп, мен де көппен бірге алаугер атану үшін өз өтінішімді жазғанмын. Көп кешікпей қысқы Универсиада-2017 студенттік ойындарының Ақтөбедегі Алау эстафетасына қатысатыным туралы хабарды естігінде, қатты қуандым. Өйткені мен мұндай шараға бірінші рет қатысқалы отырмын.

Биыл университетті денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдаймын. Оқумен қатар, әртүрлі жарыстарға да қатысып жүрмін. Спорттың джиу-джитсу түрі бойынша жазғы Универсиаданың күміс жүлдесіне ие болдым.  Панкратионнан кадеттер арасында Әлем чемпионатының қола медаліне қол жеткіздім. Алау эстафетасына қатысу мәртебесіне ие болуыма спорттағы осындай жетістіктерім ықпал еткен шығар. Бұл орайда мен жаттықтырушым Әшім Қалидың еңбегін ерекше атар едім.

Қазір Алау эстафетасына дайындық жұмыстары басталды. Әрбір алаугер шамамен 200-300 метр қашықтықты жүгіріп өтуі тиіс. Ұйымдастырушылар біздің жүгіріп өтетін бағыттарымызды бекітіп жатыр.

Медет АЛҒАБАЙ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

4-курс студенті.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button