Спорт

Жартылай финалда Қазақстан Грекияны жеңді

Футбол

 Ақтық қарсыласымыз — Ресей (U-18)

 Санкт-Петербургте 16 команданың қатысуымен өтіп жатқан Валентин Гранаткин Мемориалында — Халықаралық жасөспірімдер футбол турнирінде Қазақстан жасөспірімдер командасы (19 жасқа дейінгілер) финалға шықты.

Сурет sports.kz сайтынан алынды

 

Әуелі қорғанысқа аса мән берген жерлестеріміз гректердің шабуылын лайықты тойтарып отырды. Сөйтіп жүріп қарсы шабуылды да ұмытпады. Осындай сәттердің бірінде гректер айып алаңында ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды да, 18-минутта он бір метрлік айып добы белгіленді. Нүктеге келген Айдос Орал соққыны еш мүлтіксіз орындады — 0:1.

Бұдан соң да Александр Кузнецовтың шәкірттері сақ ойнады. Оның үстіне бірінші таймның соңына таман, 42-минутта жартылай қорғаушы Жаналы Пайрузға екінші рет сары қағаз көрсетілді де (әуелі 21-минутта), осы турнирде ерекше көзге түскен, екі гол соққан футболшы алаңды тастап шықты. Дегенмен қазақстандықтардың еңсесі түсе қойған жоқ. Тіпті қарсы шабуылдардың бірі кезінде, 49-минутта Айдос Орал қарсыластар қақпашысын тағы да қапы қалдырды — 0:2.

Намысқа тырысқан гректер жанталаса қимылдап, 58-минутта Георгиос Тзоварас қарымта гол соқты — 1:2.

Дегенмен есепті бұдан әрі ұлғайтуға гректердің мүмкіндігі жетпеді.

Жартылай финал:

Грекия (U-18)-Қазақстан (U-18) — 1:2

Гол авторлары: А.Орал, 18-минут, пенальти (0:1); А.Орал, 49-минут (0:2); Г.Тзоварас, 58-минут (1:2).

Қазақстан (U-18) мына құрамда ойнады:

Данил Устименко, Ерасыл Аманжол, Санжар Батырханов, Данил Кузнецов, Талғат Күсіпов, Мұхит Жақсылық (Лев Скворцов, 69-минут), Гаврил Кан (Сұлтанбек Астанов, 69-минут), Айдос Орал, Жаналы Пайруз, Дарын Сүйінов (Сағадат Тұрсынбай, 90-минут), Еркебұлан Сейдахметов.

Осылайша жерлестеріміз финалға шықты.

Мұндай тарихи жетістікке алғаш рет қол жетіп отыр. Бұдан бұрынғы бұл додалар барысында жас жерлестеріміз кібіртіктеуден аса алмаған болатын. Дәлірек айтқанда, 2012, 2014 жылдары  соңғы орындарда қалса, 2015 жылы 14 команданың арасында 10-орынға шықққан еді.

Финалдық ойын 21 қаңтар күні Астана уақытымен 22.00-де басталады.

Финалда жерлестеріміз Ресей жасөспірімдерімен кездеседі. Ресейліктер жартылай финалда Санкт-Петербург командасын 4:1 есебімен жеңген болатын.

Еске сала кетейік, Валентин Гранаткин Мемориалы, яғни Халықаралық жасөспірімдер турнирі 1981 жылдан бері ФИФА-ның тұңғыш вице-президентін еске алу мақсатында өткізіліп келеді.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button