Экономика

Жыл басындағы жаңа қадам: Кедендік одақ

Бұл — үш елдің жасаған таңдауы. Жаңа кезең, жаңа мүмкіндік. Оның  басымдылықтары, артықшылықтары көп болмақ. Халқымыздың жаңа кедендік одақтан зор үміт күтіп отырғаны да содан. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, экономика саласының белгілі маманы Убайдулла Мәмбетов осы мәселелерді жан-жақты таратып, тереңдетіп әңгімелейді, өз ойларын білдіреді.

Қазақстан Республикасы,  Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы арасындағы Кедендік одақ 2010 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей басталғаны мәлім.

Кедендік одақ құру процесі күрделі қалыптасу кезеңдерін басынан өткерді деуге негіз бар. Оған, Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылға жуық уақыт ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) кеңістігіндегі  экономикалық ынтымақтастықты қалыптастыруға ұмтылыстың қайшылықты болуы дәлел. Соған қарамастан 1995 жылы Қазақстан Республикасы,  Ресей Федерациясы және Беларусь Республикалары арасында бірінші  Кедендік одақ құрылды.  Ал 1996 жылы бұл одаққа Қырғызстан, 1999 жылы Тәжікстан қосылды. Бірақ Кедендік одаққа қатысушы  елдердің бірыңғай кедендік тарифтерді енгізу туралы бір мәмілеге келе алмауларына байланысты шын мәніндегі кедендік бірлестік болмады.

Дегенмен 2000 жылы Кедендік одақтың базасында, жоғарыдағы бес мемлекеттің құрамында ЕуроАзиялық экономикалық Қоғамдастық (ЕурАЗЭҚ) дүниеге келді. Онда Украина, Армения және Молдово бақылаушы статусына ие болды. Өкінішке қарай, оған қатысушы елдердің  араларында туындаған экономикалық келіспеушіліктерге байланысты біртұтас қаржы, энергетика және көлік нарығын, тауарлардың, капиталдың  және қызмет көрсетудің қозғалысын құрайтын интеграциялық мақсаттарды толыққанды жүзеге асыруға қол жеткізілмеді. Кейін, яғни 2005 жылы ЕурАзЭҚ-на кірген Өзбекстанның оның құрамынан 2008 жылдың аяғында қайтадан шығуы да зардабын тигізгені мәлім.

Жаңа Кедендік одақты қалыптастыру 2006 жылы басталды. Ал 2009 жылдың күзінде өзінің шешуші кезеңіне жетті. Бұған Қазақстан Республикасы,  Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының бірыңғай кедендік тарифті енгізу және кедендік кодекстің жобасын дайындау мақсатындағы өзара келісімі қолайлы әсер етті.

Мұндай Кедендік одақтың  қалыптасуының өзіне тән алғышарттарының болғанын да айта кетуіміз керек. Біріншіден, Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясының сыртқы экономикалық қатынастарды реттеудегі  заң актілеріндегі үйлесімділіктің болуы. Екіншіден, Ресей Федерациясы Қазақстанның сыртқы саудадағы басты әріптестерінің бірі болып табылады, оның көлемі 2008 жылы 20 млрд. долларды, яғни еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің 18 пайызын құрады.Үшіншіден, Қазақстан, Беларусь, Ресей Федерациясы және басқа да ТМД елдері арасында еркін сауда тәртібі әрекет етеді. Ал 2010 жылдың  1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастаған жаңа Кедендік одақта  жоғарыда  келтірілген шараларға қосымша үшінші елдерге қатысты біртұтас сыртқы сауда саясатын жүргізу көзделген. Оған  бірыңғай кедендік тариф, тарифтік емес реттеу шаралары (тауарлар мен қызметтердің импортына тыйым салу немесе квоталау, экспортқа немесе  импортқа ерекше құқық беру, т.с.с.), бірыңғайландырылған кедендік заңдылықтар кіреді.

Кедендік одақты құрудағы барынша өткір мәселе – бірыңғай кедендік тариф болып табылады. Себебі, кедендік баж салығынан түсетін түсім, ол елдердің  мемлекеттік бюджеттерінің басты табыс көзінің бірі екені белгілі.  Бұдан басқа, Кедендік одаққа кіретін елдердің экономикалық деңгейлері де әр түрлі. Айталық, ТМД елдерінің жалпы ішкі өнімінің төрттен үш бөлігі Ресей Федерациясының үлесінде. Сонымен бірге Ресей мен Белоруссияда өңдеуші кәсіпорындардың  үлесінің басымдылығын есепке алатын болсақ, олар үшін көптеген өнеркәсіп тауарларына  импорттық баж салығын алып тастау тиімсіз. Тағы бір назар аударатын мәселе — Қазақстан үшін бірсыпыра импортталатын тауарларға тариф нарқы көтерілуі мүмкін. Дегенмен Кедендік одаққа қатысушылардың бәрі әзірше демпингке қарсы шараларды қолдану  және тауарлардың белгілі бір түрлеріне бірыңғай кедендік тарифтің импорттық нарқына (ставкасын) қосымша төлемдерді кіргізу құқын сақтайды.

Өткен 2009 жылдың маусым айында Мәскеуде Кедендік одаққа кіретін үш елдің Үкімет басшылары 2010 жылдың шілде айынан бастап тауарларды кедендік рәсімдеусіз (тек қана шыққан жерінің сертификаты бойынша) өткізу туралы  келісімге келді. Соның ішінде Қазақстанның бірыңғай  кедендік тарифке бірте-бірте көшетіні көзделген. Айталық вагондарды шығару бойынша – 3 жылға, мұнай-химия шикізаты бойынша – 4 жылға, дәрі-дәрмек өндірісі бойынша – 5  жылға шегерілген. Шындығында, бір мезгілде кедендік баж салығының нарқын көтеру елімізде әзірше жеткілікті дәрежеде игерілмеген өндіріс өнімдеріне бағаның өсуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан бірыңғай кедендік тарифке кезең-кезеңмен көшу жаңа  өндіріс салаларын игеру  мерзімінде баға деңгейінің жедел өсуіне жол бермейді. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мамандарының бағалауы бойынша алғашқы кезеңде инфляция деңгейінің максималды  көтерілуі 0,5-0,7% пайыздан аспайды. Ал кейін елдер арасындағы тауар тасқынының молаюы, бизнес саласындағы бәсекелестік ортаның нығаюы бағаның төмендеуіне оң әсерін  тигізеді деуге негіз бар.

Қазіргі таңда  Қазақстан, Ресей Федерациясы және Беларусь арасындағы жалпы тауар айналымына кіретін 11 мыңнан астам тауар түрлерінің 98 пайызына бірыңғай  кедендік  тариф келісілді және нақты бекітілді. Ал 2010 жылдың бірінші жартыжылдығына қарай нормативтік базаны және халықаралық құжаттарды толықтыру мен жетілдіру жүзеге асырылады. Одан әрі қарай мұндай мәселелерді шешу 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет ететін және Кедендік одақтың Комиссиясы деп аталатын біртұтас ұлтүстіндегі реттеуші органға беріледі.

Жаңа Кедендік одақтағы маңызды мәселенің бірі – кедендік алымдарды бөлу. Одаққа қатысушылардың макроэкономикалық пропорцияларына орай Кедендік баж салығын бөлуде айырмашылықтардың орын алуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені Кедендік одақтың қатысушыларының бәріне де  тиімді болатындай етіп шешу күн тәртібінде тұрған сұрақтардың бірі болып табылады. Жалпы Кедендік одақты құрудың экономикалық тиімділігі әртүрлі елдер үшін бірдей  болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Айталық, өнеркәсіп өндірісінің дамуы жағынан жетекші ел Ресей Федерациясына сыйымдылығы жоғары жаңа өткізу нарығы ашылады. Бұл одақтың жұмыс жасауының алғашқы кезеңінде Ресей Федерациясы үшін тиімді болмақ.

Енді Қазақстан үшін Кедендік одақтың тиімділігі неден көрінеді деген сұраққа жауап беріп көрелік. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2009 жылы 27 желтоқсанда Минск қаласында  өткен саммитте сөйлеген сөзіне жүгінейік. Біріншіден, елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында бірлескен кәсіпорын салу және өндірістің  кооперациялануы мүмкіндігі. Екіншіден, үш елдің заңды және жеке  тұлғалары арасында өзара еркін сауданың ауқымының артуы. Үшіншіден, ауқымды біртұтас нарық шетелдік инвестициялар үшін барынша тартымды болмақ. Төртіншіден, үш ел деңгейіндегі зор транзиттік әлеуетті барынша тиімді пайдалану мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

Кедендік одақты қалыптастыру бірнеше кезеңді қамтиды. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай кедендік тариф іске қосылады. 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап біртұтас Кедендік Кодекс енгізіледі, ал 2011 жылдың ортасына  қарай Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы  біртұтас кедендік территорияны қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл жолы Кедендік интеграция номиналды емес, нақты болуға тиісті. Үш мемлекеттің арасындағы шекараларда кедендік  бекеттер алынып тасталады. Ал барлық кедендік  бақылау сыртқы шекараларға берілетін болады. Бұл ынтымақтастықтың түпкі мақсаты – 2012 жылы біртұтас экономикалық кеңістікті құру  (оған шаруашылық жүргізудің бірыңғай ережесі және біртұтас валюта кіретін болады) болып табылады.            Кедендік одақ 167 млн. адам тұрғыны бар, жиынтық жалпы ішкі өнімі 2 трил.долл., тауар айналымы 900 млрд. долларды құрайтын жаңа интеграциялық бірлестікке айналады. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, бұл экономикалық одақ мұнай мен бидайдың әлемдік нарығында  елеулі орын алатын болады. Себебі оның жиынтық мұнай ресурсы 90 млрд. баррельді, ал әлемдік  бидай экспортындағы үлесі 17 пайызды құрайды.

Кедендік одақ деңгейінде туындайтын өзекті мәселелердің бірі – бұл елдердің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі болып табылады. Алғашқыда одаққа  кіретін үш ел біртұтас блок  болып кіруге ниеттенгені белгілі. Кейін Дүниежүзілік сауда ұйымымен жүргізіліп жатқан келісім-шарттар деңгейінің әртүрлілігіне қарай жалпы шартпен, бірақ дербес кіру көзделген. Ресей  Федерациясының ДСҰ-мен келісім-шарт жүргізуде  барынша қолайлы шартқа қол жеткізгенін ескеретін болсақ, сол елдің қол жеткізген келісімі негізге алынуы мүмкін деген болжам бар. Қазақстан Республикасы индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова «Казахстанская правда» (20 желтоқсан 2009 жыл) газетінде «Біз ұзақ жылдардан бері ДСҰ-мен, оған кіру және біздің  сауда-экономикалық саясатымызды халықаралық нормаларға сәйкестендіру бойынша келісім жүргізіп жатырмыз» дей келе, Кедендік  одақ соған апаратын практикалық кеңістік екенін атап көрсетті.

Кедендік одаққа кіретін және оған бақылаушы ел ретінде қатысатын мемлекеттердің  2009 жылдың 27 қарашадағы Минскідегі ЕуроАЗЭҚ Мемлекетаралық кеңесте Ресей Федерациясы Президенті Д.Медведев Кедендік одаққа кірем деушілерге  есік ашық деп айтқан болатын. Оған қосылуға барынша нақты тілек білдіріп отырған Қырғыз Республикасы болып табылады. Қырғызстанның  ДСҰ-ның мүшесі екенін ескеретін болсақ, Кедендік одаққа кіру үшін өздерінің кедендік саясатын оның принциптері және нормаларымен үйлестіруі қажет. Сонымен бірге самитте Тәжікстан да одаққа кіру ниетін білдірді. Дегенмен, Президент Эмомали Рахмоновтың пікірінше, Тәжікстан әзірше Кедендік одаққа бақылаушы ретінде  қатысады. Минскідегі ЕуроАЗЭҚ Мемлекетаралық кеңесте  Эмомали Рахмонов «ЕуроАЗЭҚ ауқымында  біз Кедендік одақ және біртұтас экономикалық кеңістікті қолдаймыз» деді.

Қорыта айтатын болсақ, Кедендік одақты құру үш елдің  экономикасы үшін барынша тиімді шешім болып табылады. Ол үш елдің ішкі нарығында, сонымен бірге сыртқы әлеммен де сауда айналымының елеулі түрде өсуіне, Еуроазиялық кеңістікте әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі рөл атқаратыны анық.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button