Басты жаңалықтарЭкономика

Былтыр кәсіпкерлікті қолдауға 21 миллиард теңге бөлінді

Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп

«Дастан» бизнес орталығының мәжіліс залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен аймақта өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясындағы жұмыстар қорытындыланып, биылғы жылы бұл саланы дамытудың жай-күйі кеңінен талқыланды.

Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ бизнес құрылымдарының, қаржы институттарының басшылары мен барлық аудан әкімдіктерінен өкілдер қатысты.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова аймақта өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясындағы жұмыстарды қорытындылап, биыл бұл саланы дамытудың перспективалары жайында есебі тыңдалды.

Қай мемлекет, қай өңір болмасын, шағын және орта бизнестің дамуының маңызды индикаторы болып табылатын көрсеткіш — сол өңірдің  ішкі өнімдегі үлесіне байланысты. Себебі, шағын және орта бизнестен түскен өнімнің қаншалықты екені — ең маңызды мәселе. Яғни, бұл — өңірде ішкі өнімнің қанша пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді деген сөз.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аймақта бұл көрсеткіш жоғарылады, яғни — 22,1 пайыз. 2015 жылы бұл көрсеткіш облыста 17,8 пайыз болды. Қазір облыста экономикаға қабілетті адамдардың шағын және орта бизнес саласында еңбек ету көрсеткіші — 30 пайыз. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсу тенденциясына ие болып отыр. Әрине, облысымызда мұндай көрсеткіштердің жоғарылауы, шағын және орта бизнестің өсуі — ең басты кезекте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың жемісі, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы А.Даржанова.

Ол өз сөзінде аймақта мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, кәсіпкерлердің бағдарламаларға қатысуы, бұл бағытта бөлінген қаржының игерілуі жолында жыл бойы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Былтыр «Бизнестің жол картасы — 2020» бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше мән берілді. Ол үшін біз қаржы институттары және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жұмыс жасауға тырыстық. Нәтижесінде, өткен жылы бизнес субъектісі бойынша мақұлданған 316 жобаның 57 пайызы — ауыл кәсіпкерлерінің тапсырысы. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалымен бірлесіп жүргізген жұмыстардың нәтижесінде ел аймақтарының арасында біздің облысымыз несиелерді кепілдендіру бойынша бірінші, ал несиенің пайыздық сыйақысын субсидиялау бойынша екінші орыннан көрінді, — деді А.Даржанова.

Сондай-ақ, жиында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Ақтөбе филиалының директоры Жеделбек Мұрзағалиевтің де есебі тыңдалды. Оның  айтуынша, былтыр 157 жоба субсидияланған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық.

— Қазір аймақта «Халық банк», «Сбербанк», «БанкЦентрКредит», «АТФ» секілді банктер кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар бойынша белсенді жұмыс жасайды. Бұл орайда «Нұрбанк» пен «ВТБ» өз көрсеткіштерін ұлғайтты, — деді Ж.Мұрзағалиев.

Былтыр мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда Хромтау, Мұғалжар және Алға аудандары көш бастап тұр.

Жиында ауыл кәсіпкерлері мен жастарды қолдауға арналған пилоттық жоба — «Кең Дала» және «ЖасСтарт» бағдарламаларының жүзеге асу жайы да баяндалды. Биыл бұл жобаларды жүзеге асыруға 1 миллиард теңге қарастырылып отыр.

А.Даржанованың айтуынша, осы жылы облыста «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,166 млрд теңге қарастырылыпты. Алайда биыл бизнесті жүргізуде гранттар мен кепілдіктер мөлшерінің қысқаруына байланысты аймақ басшысы құзырлы орган өкілдерінің бұл орайда еліміздің өзге аймақтарынан үлгі алып, салыстырмалы түрде жұмыс істеу керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, ол Қазақстанда 1996 жылдан бері жұмыс жасап жатқан MASHAV,  ЮСАИД сынды халықаралық мекемелер мен Еуразиялық қайта құру және даму банкімен ынтымақтасып жұмыс істеуді тапсырды. Өйткені мұндай халықаралық мекемелер арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін грантқа қол жеткізудің көп мүмкіндігі бар.

Жиында облыс әкімі халықпен кездесу кезінде көп айтылатын мәселенің бірі — ауыл кәсіпкерлері үшін несие рәсімдеудің ұзақтығы, пайыздық сыйақы мен кепіл мүліктің жайы, осы проблемаларды шешудің жолдарын қарастыру керектігін айтты.

— Біз неғұрлым кәсіпкерлік саланы дамытсақ, соғұрлым экономикамыз мықты болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар санын 50 пайызға жеткізу турасында тапсырмасы бар. Соған байланысты кәсіпкерлерді қолдауға қатысты мемлекет тарапынан жасалған бағдарламалар бар. Осы бағдарламалар үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлінеді. Тек қана Ақтөбе облысына былтыр 21 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Қазіргі таңда өңірімізде 50 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасайды. Онда 115 мың ақтөбелік қызмет етеді. Олардың шығаратын өнімі жалпы өңірлік ішкі өнімнің 22,1 пайызын құрайды. Әрине, біз мүмкіндігінше кәсіпкерлерді қолдап, көмектесуге тырысамыз. Әсіресе, тексеруді, алынатын құжаттарды тездету жөнінен қолдау көрсетеміз. Соңғы кездері «Атамекен» ұйымымен көптеген жұмыстар қолға алынды деп айтуға болады. Дегенмен әлі жасалынбаған жұмыстар көп, кедергілер бар, — деген Бердібек Машбекұлы Ақтөбенің кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ екенін атап өтті.

Қазір өңірде құрылысқа қажетті өнімдердің 80-90 пайызы Ақтөбеде өндіріледі. Облыс әкімі бизнесті дамытуда Ақтөбенің транзиттік мүмкіндігімен қоса,  энергетикалық ресурстарының басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін де айтты. Аймақта жұмыс күшінің жеткілікті болуы —  бұл саланы дамытудың төртінші ерекшелігі ретінде атаған облыс әкімі Елбасы тапсырмасын белгіленген мерзімде толықтай жүзеге асыруда ешқандай кедергінің жоқ екенін айтты.

Қазір облыста экономикаға қабілетті адамдардың шағын және орта бизнес саласында еңбек ету көрсеткіші — 30 пайыз. Біз бұл жөнінен республикалық көрсеткіштен төменбіз, — деді өңір басшысы.

Жиын соңында аймақ басшысы өңірде кәсіпкерлікпен айналысатындардың санын көбейту, шығаратын өнімнің көлемін ұлғайту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Бердібек Сапарбаев  өз сөзінде компания басшыларына бизнес жүргізудің мәдениетіне ерекше мән беру керектігін айтты.

Бизнес ашық болу керек. Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер кірісті жасырады, өнім көлемін көрсетпеуге тырысады. Мұндай деректер бар. Осындай деректерді анықтау үшін біз жұмыс тобын құрдық. Сондықтан ашық түрде жұмыс істеу керек. Билік сіздерге барлық жағдайды жасап отыр, сіздер дұрыс жұмыс істеулеріңіз керек, — деді аймақ басшысы жиынға қатысушыларға.

Сөзінің соңында Бердібек Машбекұлы былтыр халықтың әлеуметтік осал тобына қолдау көрсетіп, түрлі қайырымдылық шараларға, «Туған жерге тағзым» акциясына  қатысқандары үшін кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button