Спорт

Облыс намысын Мария Сизова қорғайды

Қысқы Универсиада-2017

 Конькимен жүгіру

 Универсиадаға Ақтөбе облысы атынан жалғыз спортшы қатысады. Ол —  Хромтау қаласының перзенті, 22 жастағы конькимен жүгіруші Мария Сизова.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курсында оқитын Мария коньки тебуді 10 жасында үйреніпті, содан бері конькимен дос.

Мұз айдынын жақсы көретін бойжеткен негізінен Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының дене шынықтыру және спорт кешенінде жаттығады.

Баспасөз мәліметтерін шолып шыққанымызда, Марияның жазда тізеден жарақат алып, ота жасатқанын, соған қарамастан оның ел чемпионатында мың жарым шақырымға конькимен жүгіргенде төртінші орынға жайғасқанын білдік. Ал облыс құрамасының бас бапкері Вячеслав Донцов жарақаттан кейін мұз айдынына шыққан Марияның бұл жарыста өзінің бар мүмкіндігін көрсете алмағанын айтыпты.

Қазіргі таңда жеңістен зор үміті бар Мария Алматыда Универсиада алдындағы дайындығын пысықтап, жаттығып жүр. Сондай-ақ, ол журналистерге өзінің қазіргі жағдайы туралы былай депті: «Ота жасатқаннан кейінгі айлар өте қиын болды. Қазір аяғым мазаламайды. Тіпті мен секіре де аламын. Тек аздап психологиялық мәселе болып тұрғаны, кенеттен аяғым сыр берсе, не істеймін деген қорқыныш бар. Бірақ, мен тек жақсы ойлар ойлауға тырысамын. Ал жеңіс үшін физикалық күш, техника, ми керек».

Ақтөбеліктер конькимен жүгіруші Мария Сизоваға зор үміт артып отыр, себебі оның медальға ие болатындай зор мүмкіндігі бар. Айталық, ол — 2014 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы.

Тізесіне ота жасатқанына қарамастан мұз айдынына қайта шығып, конькиге тұрған жігерлі бойжеткенге Универсиадада  сәттілік серік болсын дейік.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button