Басты жаңалықтар

Ақтөбеде есту қабілеті нашар жандарға бейнебайланыс арқылы қызмет көрсетіледі

Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаладағы бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы барған алғашқы нысан — қаланың Қарасай батыр көшесінде орналасқан №1 балалар музыка мектебі. Бердібек Машбекұлы аталған мектептің қазіргі жұмыс барысымен танысты. Музыкалық көркем-эстетикалық бағыт бойынша білім беретін өнер ордасында 14 мамандық бойынша 445 шәкірт білім алады. Директоры — Тәрбия Дәрібаева.

Мектепте домбыра, фортепиано, скрипка, гитара және басқа да музыкалық аспаптар бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Балалар қазақ және орыс тілдерінде екі ауысым бойынша оқытылады, — дейді мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәметкен Алданазарова.

Ғимарат 1973 жылы салынған. Содан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмепті. Жаңа оқу жылы басталар тұста мектеп ғимаратын жөндеу үшін ұсыныс айтылған. Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленіпті.

Бүгінде бұл мектепте 55 мұғалім сабақ береді. Д.Алданазарованың айтуынша, гитара класына қызығушылық білдірген оқушылар көп болғанмен, маман тапшы.

Үйірмеге келушілер мұнда жеті жыл оқиды. Сосын арнайы куәлік беріледі. Біздің түлектеріміз білімдерін музыкалық колледждерде, өнер университеттерінде жалғастыруда. Қазір Президент оркестрі құрамында жүрген домбырашыларымыз да бар. Олар біздің мақтанышымыз, — дейді Д.Алданазарова.

Бүгінде бұл мектептегі өнерпаздардың жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, өткен жылдың өзінде халықаралық байқауларда 183 оқушы жеңімпаз атанса, 42 оқушы республикалық дәрежеде өткен түрлі жарыстарда топ жарыпты. Жақында ғана Астана қаласында өткен республикалық байқаудан «Серпін» домбырашылар ансамблі бас жүлдеге ие болды.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл осы  ғимараттың төбесі 12 миллион 800 мың теңгеге, ал қасбеті  20 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтеді.

Облыс басшысы мектептегі баян, ән, терме, виолончель, қобыз, хор, флейта, теория  кластарын аралап, оқушылардың өнерін тамашалады, оқуда озат болуларына тілектестік білдірді. Бердібек Машбекұлының алдында  Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін шырқап берген Рахман Сәтиев 5 жылдан бері вокал класында оқиды.

— Жетекшім Манзура Сапарбаеваның көмегімен өнердің қыр-сырын үйреніп келемін. Көптеген халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрмін, — дейді жас дарын.

Бұдан кейін өңір басшысы «Ақтөбе нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бұл мекеме 1977 жылы құрылып, қазіргі таңда тәулігіне 14 мың тонна ұн және ұн өнімдерін шығарады. Бүгінде өндірісте 221 адам қызмет етеді. Өткен жылы 5394 тонна өнім шығарған. Қазір кәсіпорынның өнімдері негізінен қаладағы «Табыс», «Алтай», «Арай», «Анвар» сынды сауда нүктелерінде сатылады.

Облыс әкімі бастаған топ қаланың Батыс-2 ауданындағы Ақтөбе қалалық жекпе-жек сарайы және тарихи мұражай құрылысымен танысты. Жаңа нысандар биыл пайдалануға берілмек.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы облыстық қазақ саңыраулар қоғамы қоғамдық бірлестігінде болып, сондағы тігін шеберханасының жұмысымен де танысты. Қазір шеберханада 65 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның 45-і — мүмкіндігі шектеулі жан.  Өткен жылы 130 миллион теңгеге тапсырыс қабылдаған. Қоғамдық бірлестіктің басшысы Людмила Казанец 2015 жылмен салыстырғанда, мұны жоғары көрсеткіш ретінде айтты.

Қазір аталған бірлестікте есту қабілеті нашар жандарға арналған диспетчерлік қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Бұл қызметпен «Аялау» коопертивтік қоры қамтамасыз етеді. Құлағы нашар еститін, сөйлеу қабілетінен айырылған жандарға барынша ақпарат алуына мүмкіндік жасау мақсатында мұнда бейнебайланыс арқылы қызмет көрсетіледі. Қоғам өкілдері жергілікті биліктен  осындай қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында, теміржол вокзалында да орнату туралы ұсыныстарын білдірді. Б.Сапарбаев бұл ұсынысты қолдады.

Сол күні аймақ басшысы қаладағы силикат өнімдерін шығаратын зауытта да болды. Аталған зауыттың іргетасы  1997 жылы қаланған. Бүгінде 200 жұмысшы қызмет етеді. Өнім Ақтөбеден бөлек,  Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына ұсынылады.

Алдағы уақытта зауыттың жұмысы автоматтандырылған негізге көшеді. Биыл тамыз айында заманауи үлгіде жұмыс жасайтын зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жаңа зауыт айына 10 миллионға жуық кірпіш шығарады. Бұл зауыттың бір ерекшелігі — толықтай автоматтандырылады, қалдықсыз өнім шығарады. Экологиялық жағынан да таза өнім болмақ, — дейді зауыттың бас директорының бірінші орынбасары Руслан Жақыпов.

                                                                                                          Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button