Ауыл

Жылқыны қар шанамен бағады

Өсімтал түлік — жылқы. Көп шығын тілемейді. Жыл он екі ай даладан өз қорегін өзі табады. Шөп дайындап әуре болудың да керегі жоқ. Тек аяқты малды бағу машақаты ғана қинайды. Бабаларымыз «Жылқы айдаса — жаудікі, ысқырса — желдікі» деп, анау замандарда бұл түлікті бағудың қиындығын айтып қойған. «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» дегені де тегін болмаса керек. Әсіресе, алты ай қыста табынды көзден таса қылмай, қадағалап бағу жеңіл шаруа емес екені белгілі. Осыны білетін мен Қобда ауданының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісовпен әңгімелесіп отырғанда:

— Ауданда алты мыңның үстінде  жылқы болса, бұл өңірде де  қылқұйрық жақсы көбейіп келеді екен. Қазір қыс кезінде тебіндегі жылқы қалай бағылады? Жылқышылар түнге қарай күзетке шыға ма? Боранды-шашынды күндері табынды қайыратын әлді мініс көліктері, тәжірибелі әккі жылқышылар бар ма? — деп сұрадым.

Менің қойған бұл сауалдарыма Жанболат інім әуелі күлді. Сосын:

— Сіз айтып отырған мініс көлігі. Ат шана, түйе шана дегенді, шынымды айтсам, малды ауылдар қазір пайдаланбайды. Ат мініп не ат шана жегіп жүретіндер жоқ. Өгізді баздағы малға шөп салғанда ғана пайдаланады, — деді. Бұған қанағаттанбай:

— Сонда қалай жылқышылар жылқыны атқа мініп бақпай ма? — дедім, әлді айғыр мініп, жеті қараңғы түнде табын ішінде жүретін өзім талай көрген баяғы жылқышыларымды есіме алып. Бір жағынан «жылқыны енді қалай бағады?» деп, іштей таңғалып та тұрмын.

— Қазір жылқышының жұмысы жеңілдеді. Мысалы, бізде жылқыны «снегоходпен» бағады. Кәсіпкерлер жылқышыларына сондай әрі қуатты, әрі ыңғайлы, қандай боран-шашынға да, нендей қалың қарға да бөгелмейтін қозғалыс көлігін алып беріп қойған. Тәуліктің кез келген уақытында табын ішіне жетіп барады. Жандарында қалта телефондары, керек десе, жер серігі арқылы байланысқа шығатын  құрылғылары бар, — деді Жанболат.

Ауылшаруашылық бөлімі басшысы айтып отырған жаңалықтың мәнін мен енді түсіне бастадым. Бұл ауданда баяғыша жылқы бағу қазір мүлде  қалған екен. Кәсіпкерлер осы заманғы жетістіктерді өндіріске енгізу арқылы жылқы түлігін бағудың ауыртпалығын көп жеңілдеткен. Аттан түсіп, жүйрік техникаға мініп, барлық уақытта қар шанамен (снегоход) жүретін болған. Әрине, қар үстімен сырғитын шаналардың «Буран», «Тайга» сынды, басқа да шетелдік  түрлері бізге бұрыннан да белгілі болатын. Бірақ мал бағуға құлданатындай, олар кешегі кезде қолжетімді болған жоқ.

Әңгіме арасында Жанболат: «Жылқы ешқайда кетпейді. Жылқышылар ара-арасында «снегоходпен» табынды аралап, сыртынан бақылап, қарап қояды. Қазір ит-құс та жоқ» деп отырды. Қыс күшінде тұған қаңтардың ішінде бұл әңгімеге де таңғалмай қала алмайсың. Бірде аяз буып, енді бір сәтте жел көтеріліп, апта аралатып боран оралып тұрған қыстың көзі қыраулы шақта жылқы бағу оңай дегенге кім сенеді! Бұл істі жеңілдетіп тұрған бүгінгі заманның техникалық жетістігі екен. Шапшаң қозғалатын жүріп-тұру техникаларына ие болумен бірге, кәсіпкерлер әр үйірдің қай орында жүргенін үйде отырып-ақ біле алатын дәрежеге жеткен. Үйір ұстайтын айғырдың мойнына аса қымбат байланыс құрылғылары орнатылған…

Міне, бүгінгі заманғы осындай техника мен ғылымның  жетістігіне сүйенген қобдалық кәсіпкерлер Исатай мен Сарбұлақ, Исламғали Құрманов, Ақырап, Жиренқопа ауылдық округтерінің қиырында тебінде жатқан 6 мың қылқұйрықты бақылап, бағып отыр.

Тек жылқы емес, қолға қараған өзге түліктер де Қобда ауданында мал қыстату науқанына  жақсы түскен. Мал мамандарының пайымдауынша, Қобда өңірінде қыс жылдағыға қарағанда ерте басталды. Желтоқсан айының басында қар қалыңдап, бірсыпыра күндер аяз көтеріліп, жылқыдан өзге мал, түгел шөпке тұрып қалды. Қазір далада қар тегіс, бірақ әнебір қалың емес. Оның үстіне бастапқыда аязды, боран-шашынды болып келгенмен, кейін қыстың беті қайтып, жылынған. Дегенмен, мамандар мал қыстату науқанының жауапты кезеңдері әлі де алда деп есептейді. Қаңтар мен ақпанның әлі де болуы мүмкін жайсыздықтарына дайын отырмай болмайды. Оған ауданда алдын ала әзірліктер де жасалған. Барлық жерде қора-қопсы қымтаулы, жемшөп жеткілікті. Қобдалықтар мал қыстату науқаны барысында туатын  қандай қиындықтарға да дайын екендіктерін айтады. Өңірде бас-аяғы 25 қыстақта мал қыстатып отырған малшы қауым, етек-жеңін жинап, қыстың қандай жағдайына да төтеп беруге әзір отыр. Бір тәуір жері, мұнда малды ауылдар  елді мекендерден көп қашық емес екен. Әрі кеткенде 10 шақырымнан ұзамайды.

Мұның өзі малды ауылдарды барлық уақытта бақылауда ұстауға, тұрмыстық жағдай жасап, қарым-қатынас орнатуға қолайлы. Оның үстіне, негізінен малды ауылдар, оның ішінде мал қыстақтарына дейін ұзын жолдың бойында орналасқан, жоғары кернеулі электр желілеріне қосылған.

Ал бұдан шет қалған, шалғайлау отырған  шаруашылықтардың мал қыстақтарына  түгелдей күн көзінен және жел қуатынан электр қуатын өндіретін қондырғылар орнатылған. Осындай қондырғыны  тек биылдың өзінде үш шаруашылық алыпты. Қайсыбірінің бұрынғы көнергендері жаңартылған. Терісаққанның бойында отырған «Жандос» шаруа қожалығының қыстағына өткен жылы су жаңа күн мен жел батереясы қондырылды. Аудандағы елді мекендерден ең қашық тұрған қыстақ саналатын «Туған жер» шаруа қожалығының қыстағына да  сондай жаңа қондырғы орнатылды. Орал қаласы бағытындағы күре жолдың бойында, қазақтың қылшық жүнді асылтұқымды қойы мен ақбас сиырын өсіретін осы жердегі тағы бір шаруа қожалығы — «Қаратөбе» аталады. Осы шаруашылық  жылқы малын көбейтуге де басымдық беріп отыр. Жылқыны біз әңгімелеген осы заманғы ғылым мен техниканың жетістігімен бағып отырған қожалықтың бірі де  осы. Олардың далалықтағы қыстақтарында екі-үш отбасы еңбек етеді. Басшылары қалада, аудан орталығында тұрғанмен, қыстақтарға  араға апта салып соғып тұрады. Жағдайларын біліп, керек-жарақтарын жеткізіп береді.

Мамандар да, жылқышылар да биыл тебіндегі жылқыға қыстың жайлы болып тұрғанын айтады.  Тіпті қар қалыңдап, күн суытқанның өзінде де қауіпті бола алмайды деседі. Себебі, өткен жаз бен күзде жайылым шұрайлы болып, барлық жылқы табыны қысқа қоңды түскен. Сондықтан да тап қазіргі таңда қар тепкенге қажитын жылқы жоқ. Тек тебін еріп қатудан, мұздақтан аман болса болды.

Ауыл шаруаларына мал, оның ішінде жылқы өсіруге мемлекет қолдау-көмегін аяп тұрған жоқ. Қобдалық әр шаруа қожалық қазір оның игілігін көріп отыр. Мысалы, жылқы түлігін көбейтуді мақсат тұтқан «Мақсат» шаруа қожалығы  «Құлан» бағдарламасымен өткен жылы 28 млн теңге қаржы алған. Соның арқасында бұл қожалықтың да материалдық-техникалық базасы нығайған. Ал өңірде жылқы өсіретін «Уақ» шаруа қожалығы мен «Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қар шаналары мен қажет болса, тебінді бұзатын қуатты тракторлар әуелден бар.

— Әзір мал қыстату науқанының барысынан қиындықтар  көріп тұрғанымыз жоқ. Күнбе-күн мал қыстақтарымен байланысып, хабарласып отырмыз. Малды ауылдарды аралап, жағдайды біліп тұрамыз. Біздің ауданда мал қыстату науқаны қалыпты өтуде. Өткен жазда қамдап алған 169,230 тонна шөбіміз бар. Жемнен проблема жоқ, Ақтөбе мен Қостанай қаласынан үзіліссіз тасылуда. Мал шаруашылығына мемлекет тарапынан жақсы қолдау бар. Қазір шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандырғанға, малды күтіп-баққанға, селекциялық жұмыстар жүргізгенге берілетін субсидияларын алып жатыр. Ендігі басты мақсат ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперативтер құру жұмыстарын жалғастыру болып отыр. Қазір ауданда мал өсіру бағытында 4 кооператив құрылды. Бегалы ауылдық округінде 120 ірі қара бордақылауға қойылды, — дейді ауданның ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Жанболат Нұрпейісов қысқы шаруаның жайын баяндағанда.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қобда ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button