Спорт

Түркияда төрт командамен кездесеміз

Футбол

Облысымыздың басты футбол командасының биылғы маусымға даярлығы одан әрі жалғасып жатыр. 12 қаңтардан бастап Түркияда «Ақтөбе» футбол клубының кезекті оқу-жаттығу жиыны басталып кетті.

Қазір футболшыларымыз Анталия провинциясына қарасты, Жерорта теңізінің жағалауындағы курортты Белек қаласында жаттығып жатыр. Бұл аймақта қыста температура +10-нан төмен түспейді, жалпы қыс айларындағы орташа температура — +17.

Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша команда мына құрамда аттанды (жақша ішінде футболшылардың бізге қай командадан ауысып келгені келтірілгенін еске саламыз):

Қақпашылар:

Самат Отарбаев («Ақтөбе», 1990 ж.т.);

Андрей Сидельников («Қайрат», 1980 ж.т., бұрын ұзақ уақыт «Ақтөбе» қақпасын қорғағаны мәлім);

Игорь Трофимец («Ақтөбе», 1996 ж.т.);

Мұхамбет Тамабай («Ақтөбе», 1996 ж.т.).

Алаңдағы ойыншылар:

Бағдат Қайыров («Ақтөбе», қорғаушы, 1993 ж.т.);

Асланбек Кәкімов («Ақтөбе», жартылай қорғаушы, 1997 ж.т.);

Дамир Даутов («Ертіс», қорғаушы, 1990 ж.т.);

Рахымжан Розыбақиев («Ақжайық», жартылай қорғаушы, 1991 ж.т.);

Берік Айтбаев («Атырау», қорғаушы, 1991 ж.т.);

Бауыржан Байтана («Тараз», жартылай қорғаушы, 1992 ж.т.);

Рафкат Аслан («Тобыл», қорғаушы, 1994 ж.т.);

Кирилл Шестаков («Ақтөбе», жартылай қорғаушы, 1985 ж.т.);

Антон Шурыгин («Ақжайық», жартылай қорғаушы, 1988 ж.т.);

Игорь Бойчук («Ақтөбе», жартылай қорғаушы, 1997 ж.т.);

Әбілхан Әбдікәрімов («Ақтөбе», жартылай қорғаушы, 1997 ж.т.);

Ардақ Сәулет («Астана», жартылай қорғаушы, 1997 ж.т.);

Саят Жұмағали («Ақтөбе», қорғаушы, 1995 ж.т.);

Нұрбол Жұмашев («Ақтөбе», қорғаушы, 1994 ж.т.);

Абылайхан Оңғарбаев («Ақтөбе» футболының түлегі, жартылай қорғаушы, 1994 ж.т.);

Игорь Зенкович («Тараз», шабуылшы, 1987 ж.т., бұрын «Ақтөбе» құрамында ойнаған).

Ал Түркияда команда қатарын Бразилия, Аргентина, Кот-д-Ивуар және басқа елдерден келетін футболшылар толықтырмақшы.

Бұл жиында төрт бақылау кездесулерін өткізу көзделіп отыр.

Жоспар бойынша «Ақтөбе» төмендегі командалармен кездеспекші:

16 қаңтар. «Фламуртари» (Албания). Суперлига.

22 қаңтар. «Анжи» (Ресей). Премьер-Лига.

26 қаңтар. СКА (Хабаровск, Ресей). Ұлттық футбол лигасы.

31 қаңтар. «Пирин» (Болгария). Жоғары лига.

1 ақпанда жаттығудың бірінші кезеңі аяқталады да, футболшылар аз-кем демалады.

Өткен маусымда, неге екені белгісіз, өрнекті ойынымен көзге түсе алмаған Абат Айымбетов биыл өз өтінішімен Көкшетаудың «Оқжетпес» командасында ойнауға рұқсат сұрап, жас ойыншының жолына жаттықтырушылар штабы кесе-көлденең тұрмапты. Бірақ «Ақтөбе» командасымен ұзақ уақытқа келісімшартқа отырған Абатқа өзін танытқан төл командасына оралуына қай кезде де мүмкіндік бар. «Ақтөбе» футбол клубы бас директорының міндетін атқарушы Мақсат Тюмалиев жас футболшыға есік қай кезде де ашық тұратынын астын сызып тұрып айтыпты.

 

Е.АХАТҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button