Киімдерді тегін үлестіретін дүкен

Қанша нарық заманында өмір сүрсек те, айналамызда адамды бейжай қалдырмайтын игі істердің жасалып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Әйтпесе, түрлі киім-кешектерді ақысыз тарататындар жайлы естіп пе едіңіз? Қайырымды істің басы-қасында жүргендер әлеуметтік дүкен деп атаған бұл жерге негізінен мұқтаж жандар келеді… Бұлай сауап жасауға ұмтылғандарды соңғы уақытта ауылдан да кезіктіруге болады.
Ақтөбе қаласы:
8 мың адам келді
Өткен жылдың наурыз айында Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы Ақтөбедегі филиалының мүшелерінің бастамасымен ашылған әлеуметтік дүкен жайлы көпшілік біле бермейді. Бұған, бір жағынан, жақсы істің жарнамасы қашанда аз болатындығы әсер етсе, мұнда келетіндердің өзгелерге бұл туралы айтуға бата бермейтіндігі де басты себеп. Әдетте адамдар өмірінің көлеңкелі тұстары жөнінде сыр ақтаруға арланады — бұл барша адамзатқа ортақ құбылыс.
— Өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлшат Масалимованың ұйытқы болуымен 2016 жылдың 19 наурызында «Алтай» сауда үйінде Игі іс дүкені өз жұмысын бастады. Мұндағы басты мақсатымыз — тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын беру, оларға заттай көмектесу. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз ақшалай болмаса да, үйімізде киілмей жатқан киіммен, пайдаланбай жатқан бұйымдарымызбен жәрдемдессек, артық болмайды. Өзімізге қажет емес заттардың қызығын басқалардың көруі мүмкін ғой.
Әрине, бізге келетіндер ашылып әңгіме айтуға, БАҚ өкілдеріне арнап суретке түсуге ұялады. Бұл түсінікті де, өзін бұлай көрсетуге кім ықтияр дейсіз? Осындай жағдайдың болатынын алдын ала біліп, біз бұл орынды Игі іс дүкені деп атадық, кейде әлеуметтік дүкен дейміз. Ондағы ойымыз — бізге ата-анасымен келген балалар өздерін өзгелерден төмен санамасын. Мысалы, әдетте аз қамтылған отбасыдан шыққан ұл-қыздарға мектепте қандай да бір көмек жасаларда барлығының көзінше атап беріледі. Бұл дұрыс емес. Бала соны алған құрлы басқалардың алдында тауы жығылып қалады, өзінде бір «комплекс» пайда болады. Және оны жас адам ешқашан ұмытпайды, мәңгілік санасында қалып қояды. Сондықтан біз осындай арнаулы орын ашқанда, бірден оған «дүкен» деген айдар тақтық. Яғни балалар осында келгенде, алдымен «Біз киім алу үшін дүкенге барамыз» деп ойлайды. Ол жаңа ма, ескі ме, маңызды емес. Бастысы, бала өзге қатарластары секілді дүкенге барып, киім алатынын сезінеді, — дейді жобаның үйлестірушісі Дидар Төреханова.
Дидардың сөзінше, дүкен ашылғанда, «Алтай» сауда үйіндегі саудагерлер бұл сауапты іске үн қосып, әрқайсысы жаңа киімдерін ұсынған. Жергілікті кәсіпкерлер де игі акциядан қалыс қалмаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік деген аты болмаса, алғашында дүкеннің іші су жаңа тауарларға толған. Бұның барлығы тиісті құжаттарын көрсеткен арнаулы топ өкілдеріне — мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға, әке-шешесінен айырылған балаларға таратылыпты. Қазіргі таңда да солай, ұйымдастырушылар шынымен көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетеді. Және оларға үш айда бір рет қана қалағанынша киініп кетуге рұқсат етілген. Өйткені келушілер көп, дүкендегілер басқаларды да ойлау керектігін алға тартады.
Әлеуметтік дүкендегілер өздерінде киімді есептемегенде, кітаптар, ойыншықтар, кішкентайларға қажетті құралдар (ходунок, манеж), мүгедектік арба, тіпті шаңсорғыштың барын айтады. Аталған бұйымдарды керек еткендердің мақалада аталған мекенжайға құжаттарымен барып, алып кетуіне болады.
Дүйсенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейтін, қалған уақытта есігі айқара ашық әлеуметтік дүкенге негізінен жеке адамдардан бөлек, кәсіпорындар, атап айтқанда, медициналық мекемелер мен банк қызметкерлері бұрын қолданған киімдерін әкеліп тапсырады екен. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен көптеген мектеп пен балабақшада еңбек ететіндер қапшық-қапшық осындай заттарын тапсырыпты. «Сол арқылы олар бізге үлкен көмек жасады. Әрі хал-ахуалы ауыр оқушыларды бізге қарай жіберіп, екі тараптың ортасында жақсы дәнекер болды», — дейді дүкендегілер.
Ерекше айтып өткеніміз жөн, мұндай әлеуметтік дүкен тек «Алтайда» ғана емес, «Мега Шығыс» сауда үйінде де бар. Екі орынды да аталған орталықтардың басшылары тегін ұсынып отыр. Тіпті алғашқысындағы жұмысшының жалақысын — айына 40 мың теңгені беруді «Алтайдың» қожайыны өз мойнына алып, мәрттік танытқан. Ал тағы бір қызметкермен жоғарыда аталған қауымдастықтың облыстағы төрайымы есептеседі.
Біз әңгімеге тартқан «Алтай» сауда үйіндегі әлеуметтік дүкеннің қызметкері Айгүл Жолдыбаеваның айтуынша, бүгінге дейін 3970 адам осында келіп, әртүрлі киім алған. Ал зат тапсыратындардың есебі мұнда жүргізілмейді екен. Бір анығы, жемпір, шалбар сияқты киім түрлерін әкелетіндер жетіп артылатын көрінеді. Мырзалық танытып, құндыздың терісінен жасалған баскиімдерін, қымбат тондарын табыстап кететіндер де кездесетінін жасырмаған ол көбіне-көп балалар киімінің, қысқы етіктердің жетіспейтінін атап өтті. Мұнда келушілердің аз еместігін Алға, Мәртөк аудандарының тұрғындары қалдырған жүрекжарды пікірлерден-ақ байқауға болады…
Өз сөзінде Дидар келушілердің дені көпбалалы аналар екенін, болашақта арнаулы тізімге ұл-қызын жалғыз өсіріп отырған әйелдерді қосуды мақсат тұтып отырғанын баян етті.
— Өткен жылдан бері қаладағы екі дүкеннен қанша адамның киім алғанын тізбелесек, олардың саны 8 мыңға жуықтайды. Демек, белгілі бір киімінің жоқтығынан сабаққа немесе жұмысқа, болмаса жай далаға шыға алмай отырған осынша ақтөбеліктің жыртығын бүтіндедік деген сөз. Бұл барша қайырымды жандардың арқасында жүзеге асты, — дейді дүкеннің үйлестірушісі.
Мәртөк ауданы:
68 отбасының алғысы
Мұндай әлеуметтік дүкен өткен жылдың 3 қарашасынан бастап Мәртөк ауданының орталығында да бар. Аптаның әр бейсенбі күнінде жұмыс істейтін орынға әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар келе алады. «Алғыс» деп аталған дүкеннен күрте, пальто сияқты сырт киімдерден бастап, орамал, шұлыққа дейін ұсақ-түйекті табуға болады. Әрине, ол жерде жаңадан бұрын, ескі киімдер басым.
— Арамызда жоқ-жітік отбасылар аз емес. Соларға бір септігімізді тигізу үшін осы «Алғыс» дүкенін аштық. Бұл іске атсалысқан кәсіпкерлер жаңа киімдерін әкелсе, ауыл тұрғындары үйінен артық заттарын тасиды. Ал келушілерді әр аптаның төртінші күнінде қабылдаймыз.
Бүгінге дейін 68 мәртөктік отбасыға 538 мың теңгенің тауарын табыстадық. Барлығы таза, бүтін киімдер.
Жалпы, «Алғыстан» зат алу үшін келушілер бізге жолығып, шынымен соған мұқтаж екенін айғақтайтын құжаттарын көрсетуі тиіс, — дейді Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жанна Қауменова.
Одан білгеніміздей, аудан әкімдігі мұндай әлеуметтік дүкендерді әр ауылдық округте ашуды жоспарлап отыр. Айталық, көп ұзамай Аққұдық пен Жайсаңда жұртшылыққа тегін киім-кешек тарататын дүкендер жұмысын бастағалы отыр.
Көмек көрсететіндер мен келушілер
«Алтай» сауда үйіндегі Игі істер дүкеніне бас сұққанымызда, үлкен сөмкелермен жүк әкеліп жатқан зейнеткерді кездестірдік. Өзін Людмила деп таныстырған ол (суретте) осымен екінші рет келіп тұр екен. Бұл жолы қысқы тонын, күртесін табыстауға келген әжей:
— Мен бұларды енді кимеймін. Сол себепті үйде босқа жатқаннан осында әкеліп тапсырғаным дұрыс деп шештім. Біреуге керек боп қалар. Жалпы, қолдан келсе өзгелерге демеу көрсеткен құптарлық іс қой, — дейді.
Ал дүкенге киім алу үшін келген 3 әйелдің арасынан сөзге сараңдық танытпаған Анар Қараубай көпбалалы ана екенін айтты. Суретке түсуден үзілді-кесілді бас тартқан оның бұған қатысты пікірі мынадай:
— Бұл жерге осымен екінші рет келіп тұрмын. Қысқы киімдер, әсіресе, аяқкиім болса, алайын деп арнайы келдім. Балаларға арналған жақсы кітаптар болса да қуана қабылдайтын едім.
Бұл дүкен туралы құрбыларымнан естіп келдім. Менің ойымша, мұндай әлеуметтік орындар халыққа қажет. Елдің жағдайы әртүрлі ғой…
P.S. Бұрын-соңды болмаған осындай әлеуметтік дүкендердің соңғы уақытта көптеп ашылуы жер-жерде шынымен мейірімді жандардың көбейіп келе жатқанынан ба, әлде халықтың тұрмысының өзгергенінен бе, бұл — басқа мақаланың өзегі. Бір анығы, адам жанына екіұдай сезім тудыратын аталған игі істің арқасында әлсіз топтағыларды қолы қысқа демейтін, қолтығынан демейтін үлкен жүректілердің артып келе жатқанын аңғарамыз. Пейілі тар, лажы болса, біреудің несібесін тартып әкететіндердің азаймай отырған заманында бұл да көңілге медеу…
P.S. S. Әлеуметтік дүкендер қаладағы «Мега Шығыс», «Алтай» сауда үйлерінде орналасқан.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген автор.





