Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Мерей
Жасы жетпіске жеткен ардагер ұстаз Аманкелді Бектұрғанов Орынбор облысы, Тұзтөбе қаласында дүниеге келгенімен саналы ғұмырын Ақтөбе жерінде өткізген. Балалық шағы Шалқар ауданы Тұмалыкөл елді мекенінде өтіпті, сол жердің мектебінде оқыған.
Орал педагогикалық институтын бітірген ол еңбек жолын Шалқар ауданының К.Маркс атындағы сегіз жылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастаған. 1966-1969 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келген. Әскерден келген бойда жаңадан ашылып жатқан Қурайлы мектеп-интернатына тәрбиеші болып қызметке орналасқан. Сондай-ақ, ол әр жылдары осы білім ордасында тарих пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, директор қызметтерін атқарып, 44 жыл осы мектеп-интернаттың көркеюіне үлес қосты.
Аманкелді Бектұрғанов 1987-1993 жылдар арасында Қурайлы мектеп-интернатының және Ақтөбе аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін қоғамдық негізде атқарды. Одан кейінгі жылдары Ақтөбе аудандық халық депутаттары кеңесіне депутат болып сайланды. Қай кезде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жемісті еңбек етті.
Облыстық туберкулез санаториясы мектеп-интернатындағы оқу және тәрбие процесін қазіргі заман талабына сай жандандыру, озық технологиялар мен жаңашыл әдістемелерді пайдалану арқылы оқушыларға берілетін білім мен тәрбие сапасын көтеру жолдарын іздестіруде шебер ұстаз заң, экономика саласын жетік меңгерген басшы бола білді. Аталған мектеп-интернатты өзі басқарып тұрған кезеңде тәрбиеленушілерге, мұғалімдерге және басқа да қызметкерлерге мейлінше жағдай жасауға тырысты. Айталық, 2006-2013 жылдар аралығында мектеп, жатақхана, асхана және моншаның жылу жүйесі құбырларын күрделі жөндеуден өткізді. Бір сөзбен айтсақ, осы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бір кісідей атсалысып, көп еңбек сіңірді. Оны сол кездегі өзімен қызметтес болған ұжымдағылар жақсы біледі. Ұстаздық жолдағы еңбегі ескеріліп, анығы, осы мектеп-интернатқа сіңірген еңбегі еленіп, 2009 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Аманкелді Бисембайұлына жас ұрпақты тәрбиелеп, сапалы білім беруде сіңірген еңбегі үшін берілген облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ бірлестігінің берген Алғыс хаттары да жетерлік.
«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» демекші, шәкіртін айтып мақтану — ұстазға ғана жарасымды іс. Қурайлы мектеп-интернатынан әр жылдары шыққан түлек ердің ішінен Аманкелді Бисембайұлының аузына түскен бір-екеуін атап өтуді жөн көрдік: еліміздегі ішкі істер саласына еңбек сіңіріп жүрген белді қызметкер, полковник Ибрагим Құдайбергенов, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Айнұр Жалмағанбетова, т.б.
Осы білім ұясының әр жылдардағы түлектері интернат туралы әңгіме болса, Аманкелді Бисембайұлы мен оның зайыбы Рабиға Наурызғалиқызының үстел теннисін шебер ойнайтындарын, оны оқушыларға үйрететіндерін айтып отырады. Қурайлы мектеп-интернатында ұзақ жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Рабиға Сейтқазинаның да еселі еңбегі бағаланып, бүгінде ол аға мұғалім атағына ие. Сондай-ақ, ол «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әр қилы. Қазіргі таңда Аманкелді Бисембайұлы шуақты шаңырағының алтын діңгегі — өмірлік қосағы Рабиға Наурызғалиқызымен бірге көзінің ағы мен қарасындай екі қызы мен күйеу балаларынан тараған жиендеріне шүкірлік етіп, солардың қуанышы мен қызығын тамашалап отырған бақытты ата-әже. Үлкен қызы Гүлжиһан қазір Түркияның астанасы Стамбулда тұрады, жеке бизнеспен айналысады. Ал кенжесі Айнұр — білікті дәрігер. Ол да бизнес саласында жұмыс жасайды. Жиендердің алды заңгер мамандығына оқыпты. Алайда қазір Ислам — футболшы, ал Әсем магистратурада білімін жалғастырып жүр. Жиені Темірлан Кипрде білім алады. Ал Арсен есімді кішкентай жиен — атасының «бұзығы».
Аманкелді Бисембайұлы жақында 70 жасқа толған мерейлі шағын атап өтті. Тойға жиналған қауым мерейтой иесінің деніне саулық, отбасына амандық, әулетіне баянды бақыт тіледі.
А.БАЛЖАНАЙ.
Ақтөбе қаласы.
Айтарым бар
БІР КӨШЕГЕ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ ЕКЕН…
Сұрапыл соғыс жылдары ажалмен арпалысып, елі, жері үшін жаудың оғына қарсы шыққан біздің батыр ата-әкелеріміздің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Сондай ер жүрек, батыл майдангердің бірі — менің әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденінің иегері Наржу Сағитов еді.
Ол Қобда ауданы Аққұдық ауылында туған. 1939-1940 жылдары Жайсаң ауыл шаруашылығы механизаторларын дайындайтын курсты бітіріп, 1942 жылы тамыз айында әскерге аттанған. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың мамыр айына дейін 23-атқыштар полкінде курсант болған. 1944 жылғы шілдеге дейін 137-атқыштар полкінде бөлім командирі қызметін атқарған. 1944 жылдың тамыз айынан 1945 жылдың ақпанына дейін 1118-атқыштар полкінде, кейін 1946 жылдың ақпанынан 1947 жылдың наурызына дейін 73-механикалық полктің бөлімше бастығы болып, Отан алдында өз борышын өтеген. 1946 жылы 1 наурызда ол «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Медальді штаб бастығы С.Волгарт табыс етіпті. Ал 1947 жылы 15 ақпанда «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. Әкемнің бұдан басқа да он шақты медальдары бар.
Әкем елге аман оралған соң оқуын жалғастырып, 1950-1953 жылдар аралығында тракторшылар бригадасында жұмыс жасайды. Еңбекте елеулі, қызметіне адал болған әкем 1957 жылы 11 қаңтарда Ленин орденін алады. Сонымен қатар ол «Тың жерлерді игеруге қатысқаны үшін» медалімен де марапатталады. Өз жұмысын аса сүйіспеншілікпен атқарған әкем кейін Бүкілодақтық халық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, медаль тағады. 1957 жылдан бастап Қобда аудандық кеңесінің депутаты, Ақтөбе облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланады. Ол елге кішіпейілдігі мен қарапайымдылығының арқасында сыйлы болды. 1977 жылы әкем дүниеден өтті.
Бүгінге оның артында қалған 5 баласы мен олардан тараған немерелері бар. Барлығының өз отбасы, қызметтері бар.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Алайда майдангердің ұрпақтары ретінде біз жергілікті биліктен әкеміздің есімі ұлықталып, оның атына Қобда ауданының орталығы мен Әлия ауылынан, не болмаса облыс орталығынан көше берілсе дейміз. Әкеміздің ел үшін, Отан үшін еткен еңбегі мен ерен ерлігі ескеріліп, болашақ ұрпақтары мәңгі үлгі етіп жүретіндей артында бір белгі қалса деген тілегіміз бар.
Баласы Сағындық САҒИТОВ,
Қобда ауданы.
Үлгі
ДАРЫНДЫ ҰСТАЗ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
№1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының технология пәнінің мұғалімі, қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев — ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, осы жолда ерен еңбегімен дараланған ұстаз.
Ғибратты ғұмырын жас буынды оқыту мен тәрбиелеуге арнаған, өз ісіне берілген іскер ұстаздың бүгінгі таңда педагогика саласындағы шығармашылық жолы – болашақ ұрпақ үшін үлкен өнеге. Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше құрметі, қайсар мінезі, ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандарға үлгі боларлық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, Нұрлан Жақыбаев бүгінге дейін талай жасты өнерге баулып, шәкірттерінің өнерге, білімге деген ынтасын арттырып келеді.
Атап айтсақ, бүгінгі күнге дейін ол этномәдениеттану, экономика, әлеуметтану пәндері бойынша 120 оқушыны түрлі ғылыми жобаларға қатыстырып, оның ішінде 10 оқушысы республикалық деңгейдегі ғылыми жоба сайыстарында жүлделі орындарды иеленді, мемлекеттік білім грантына қол жеткізді. Ал 3 оқушысы Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жарыста жоғары тұғырдан көрінді.
Білікті педагог 1989 жылдан бері ұстаздық жолмен қатар халқымыздың дәстүрлі қолөнерін дамытуға да өз үлесін қосып жүр. Ол қолөнерді дамыту мақсатында 2006 жылы «Алтынбек» жеке шаруашылық серіктестігін ашып, жергілікті жастарға кәсіппен айналысуға бағыт сілтеді. Бүгінде аталған шаруашылық өнімдері облыс, республика және халықаралық деңгейде үлкен сұранысқа ие.
Бүгінге дейін Нұрлан Жақыбаевтың қолөнер саласында жарық көрген 300-ге жуық шығармалары, авторлық бағдарламалары бар. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген қолөнер шебері қазақ қолөнерінің педагогикалық, оның ішінде дидактикалық теориясын жетілдіру жолында өзінің тың, жаңашыл идеяларын жүзеге асырып, 2006-2014 жылдар аралығында бірнеше байқауларға қатысты. Соның үшеуінен жүлдегер атанып, республика көлемінде танылды. Республикалық, халықаралық дәрежедегі кәсіби фестивальдер мен жәрмеңкелерге, көрмелерге қатысып, қазақ қолөнерінің дәстүрлі мәдени құндылықтарын насихаттауда зор еңбек сіңірді. Атап айтсақ, ол 2013 жылы Ақтөбеде өткен «Сәндік қолданбалы өнер» байқауында, 2014 жылы «Мәдени үндестік» халықаралық фестивалінде, 2015 жылы Ресейдің Астрахань қаласында өткен «Ұлы мұра» фестивалінде, Араб Әмірліктерінде өткен шеберлер фестивалінде, 2016 жылы Ресейдің Саратов қаласында өткен халықаралық тарихи-этнографиялық фестивалінде және Астана, Қызылорда қалаларында өткен Ақтөбе облысының күндерінде өзінің қолөнерлерін жұртшылық назарына ұсынып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Сондай-ақ шебер 2007 жылдан бері елімізде өтетін халықаралық және аймақтық «Шеберлер ауылы» туристік жәрмеңке- фестиваліне де қатысып келеді.
Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, шебер Нұрлан Жақыбаев педагогикалық шеберлігін жетілдіру жолында ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу мен зерделеуде, ұлттық қолөнерімізді дамыту мен әлемге танытуда аянбай тер төгіп жүрген ұстаз. Оның осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне деген асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында деп ойлаймыз. Жан-жақты, парасатты, шебер ұстазға шығармашылық жолда үлкен табыстар тілей отырып, жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетсін демекпіз.
Гүлбала БАКЕЕВА,
№1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының мұғалімі.
Темір ауданы.
Тәрбие
ИМАНДЫЛЫҚ — ІЗГІ ҚАСИЕТ
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған.
Алланың алдында керемет жоғары дәрежеге ие адамның қасиетсіз, қадірсіз атануы мүмкін емес. Сол дәрежеге лайық болуы үшін адам өз бойына адами асыл қасиеттерді дарыту керек. Барлық ізгі қасиеттерді тізбелегенде, адамгершілік деген бір-ақ ауыз сөзге саяды. Өйткені бұл сөздің өзі адамның бүкіл болмысын ашып беретін ұғым. Яғни, адамгершілік — адамға ғана тән сипат. Әрбір ақыл иесі бойындағы адамгершілікті басты ізгі қасиет деп санаса, сол адамгершіліктің тұғыры имандылық болып саналады.
Имандылық мағынасы иман сөзінен бастау алады. Тілімізде иман сөзіне қатысты иман жүзді, иманды адам, иманы бар, т.б. бірнеше тіркестер бар. Иман сөзі араб тілінде «сенім» деген мағынаны береді. Яғни, иман келтіру, шын болмысымен сену, илану. Аллаһтың жалғыз екендігіне, оның пайғамбарларына, түсірілген кітаптарына, ақырет күніне шынайы сенуді білдіреді.
Халқымыздың түсінігінде «иман» сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық асыл қасиеттерді, оның ішінде ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік, т.б. қамтитын сөздер тізбегі көрінеді.
Бұрынғы дуалы ауыз аталарымыздың сөйлеген сөздері мен істеген амалдарынан имандылықтың лебі есіп тұратын болған. Ислам дінін мақұл көріп, шариғат заңдылықтарын салт-дәстүрімен қиюластырып, салиқалы өмір салтын қалыптастырғандығы бүгінде жаһанданудың бет қаратпайтын жойқын желіне жұтылып кетпей отырғандығымыздың дәлелі бола алады. Қанымызда, тегімізде бар имандылықты қаншама тұншықтырып жатса да, көкірек көзін ашып жіберсе, қайтадан өз биігіне көтерілері анық.
Дегенмен, қазіргі күнімізге қарасақ, иман десе дінмен қатысты қылып, дін десе жиырыла қалатын жандар қаншама?! Дін артында Құдайға құлшылық қылу бар, әмірін орындау бар. Бірақ өздерін дінге қатысымыз жоқ деп ойлайды. Сайып келгенде, адам Алланың жаратқан құлы болғандықтан, оның әміріне мойынсұнуы керек. Алланың адамды ақылды қып жаратқанында хикмет, даналық бар. Оны терең ойлаған жан ұғына алады. Ендеше, ақылға салып ойланған жөн болар, нәпсіге еріп, шайтанға құл болмайық. Имандылықтың астарында адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін, Ұлы Раббысымен қауыштырар, сауапты істерге ұйытқы болар адамгершіліктің қайнар бұлақтары жатыр.
Иман амалдарының бірі – ұялу. Бұл мінез адамды жақсылыққа бастайды, жаман істерден алыстатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Иманның алпыстан астам тармағы бар, ал ұят – иманның бір тармағы» деген [2,26]. Халықта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Ендеше, сол ұят сөзіне терең зер салып көрелікші. Қазақ балаларын «ұят болады» деген бір-ақ сөзбен ұятсыздықтан тыйып, имандылыққа тәрбиелеген. Қазірде осы сөздің мәні қалмай бара жатқан секілді. «Ұят болады» деген сөзді ұқпайтын жастар пайда бола бастады. Өйткені олар жүректерінде иман жоқ, имандылық дәні егілмеген, ұлттық дәстүрді дәріптемеген отбасында тәрбие алған. «Отбасы – шағын мемлекет» дейтін болсақ, әрбір отбасы құралып қоғамды, сол арқылы іргесі берік елдің негізін құрайды. Иманды, ұлтжанды отбасыларынан құралған қоғам сыртқы күштердің бүйірден келіп тиген соққысына болсын, іштен құрту пиғылындағы жымысқы әрекеттеріне болсын төтеп бере алатын күшке ие болады. Бұрындары бір отбасындағы тәрбиесіздік бір рулы елдің сүйегіне түскен таңба болған. Бүгінде бір ел түгілі, қарақан басын күйттей алмай, балаларына дұрыс тәрбие бере алмай жүрген адамдар саны жетерлік. Отбасындағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Себебі, әрбір отбасындағы адам өз қоғамының мүшесі. Қоғамның жақсы болуы, әр адамның қоғамға мүше болғанға дейінгі алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Иманды ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғамға қосу — әр ата-ананың міндеті. Жеке жүріп адам өмір сүре алмасы анық. Сондықтан жастар осы күннен бастап отбасы құндылықтарын дәріптеп, имандылық жолында болғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал ата-аналар өз балаларына дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, үлгі көрсетіп, жақсылап тәрбиелесе, міне, имандылыққа бет алар жол осыдан басталады.
Н.ЖАҚСЫБАЙ,
Байғанин ауданы.
Ауыл
АРАЛТӨБЕ — МЕРЕЙЛІ МЕКЕН
Күндегі жолмен, бір қалыпты жүріспен ауылдағы Былшық би көшесінің оң жақ бетінде орналасқан мектепке қарай аяңдап келемін. Жыл өткен сайын ауыл тірлігінің жаңарып келе жатқандығы, ауыл келбетінің көріктенгені маған ерекше сезім сыйлайды. Біздің ауыл соншалықты үлкен болмаса да біз үшін туған өлкеден ыстық, қымбат басқа жер жоқ.
Аралтөбеліктер үшін өткен жыл жемісті жыл болды. Мемлекеттік бюджет есебінен селолық кітапхана мен медициналық пункт жөндеуден өтті. Ауылға ерекше көрік беріп тұрған жаңа нысандар да көше бойымен өткен үлкенді де, кішіні де тамсандырмай қоймайды.
Ал ауыл үлкендерінің ақылы мен ақ жаулықты әжелердің айтатын алты ауызы кейде тіпті бұрынғы қазақ өмірін еске түсіреді. Өткен шақ естеліктері бізге тек үлкендер айтатын әңгімелер арқылы ғана жетеді. Мектепке барар жолда көрші Клара апаны кездестірдім. Ол кісімен әңгімеміз өзінің жақында ғана баспадан шыққан «Ауылымның ауасы азық маған» атты кітаппен ұштасты. Тақырыбы ауылмен байланысты екен. Клара апа жас кезінен қалам тартқан өлеңдері мен өз өмірінен сыр шертер шежіресін сол жинағына топтастырыпты. Өзі айтқандай, жинақты шығарудағы мақсаты — ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсету, тәрбие беру, аналық тілегі мен ақыл-кеңестерін жеткізу. Ол біршама кітаптарын өзіне жақын, жақсы тілектес болған аудан, ауыл азаматтарына, тума-туыстарына сыйға беріпті. «Қаламыңыз мұқалмасын!» деп тілектестігімді білдірдім.
Ал ауылымның өткен жылы жеткен жетістіктеріне келсем, Мешін жылында аралтөбеліктер Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Ас беріп, ауылдастар түгел бас қосты. Бір топ ауыл азаматтары қаржы жинап, ауылдың кіреберісіне айшықтап, ұлттық ою- өрнекпен көмкерілген арканы жасап, «Келінтөбе» деп аталатын демалыс орнын жасақтады.
Өткен оқу жылында мектептер арасында өткен спорттық жарыстарда ауылдасымыз Еркебұлан Жұбаниязов бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленіп, аралтөбеліктердің айрықша ықыласына бөленді. Ол Бөгетсайда, Бадамшада, сондай-ақ еліміздің астанасы Астана қаласында өткен жарыстарда да жүлделерге ие болды.
Жыл соңында ауыл әкімі есеп бергенде аудан әкімшілігі біздің ауылдың әлеуеті жоғары екендігін айтқанда біз тағы бір қуанып қалдық.
Қазір Аралтөбеде ауыл азаматтары азды-көпті шаруасын дөңгелетіп, кәсіпкерлікке бет бұруда. Жыл сайын ауыл әкімінің бастамасымен әртүрлі акциялар ұйымдастырылып, қайырымдылық шаралары өтеді. Ол іс-шараларға барлық ауыл тұрғындары белсене қатысады. Атап айтсақ, 2016 жылы ауыл кәсіпкерлері қатарына Г.Смайлова, Н.Жетенов, Ж.Оразбаев сияқты азаматтар қосылды.
Ал биылғы Тауық жылында аралтөбеліктер жаңа табыстарға жетіп, ауыл одан әрі көркейеді деп сенеміз. Жаңа жылдан халықтың күтері мол. Лайым, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Үміт Нұртай,
Аралтөбе ауылы.
Әйтеке би ауданы.
Өнеге
ЖАДЫМЫЗДА ЖАҚСЫ АҒА
Біз өткенді жамандаймыз. Бірақ соны жасаған адам екенін естен шығарамыз. Бәрін заманға жабамыз. Жоқ! Қоғам мың жерден қырық құбылса да, адами қасиетін аласартпай, өзінің кіршіксіз қалыбына кір жұқтырмаған ағаларымыз барын аңғара қоймаймыз.
Есімізде, демократия өмірге дендеп енген кезде ділмарлар көбейді. Бұрын тілін қалай құлыпта ұстағанына таңбыз. Кезінде коммунистік кезеңді жетесі жеткенше мақтаған жандар, ат үстінен аунағандай бұлт етіп, сөзді судай сапырған заманды сусылдай мақтады. Сол арқылы өздерінің шын бейнесін көрсетті. Бірақ, демократия дегеніміз — ауызға келгенді айта салу емес, ой-сананың салиқалы еркіндігі екендігін ескермеді.
Мен ырғыздық Жебеген Омаров ағаны аса құрметпен еске аламын. Ол кісі партиялық қызметте де принциптілігін көрсетті. Халықтық бақылау комитетіне басшылық жасағанда да өз пікірінен төмендеген жоқ. Жаңа заманды жақсы қарсы алды, қолдады. Бірақ өткенге топырақ шашпады. Ол кездің де артықшылығын, адамды тәрбиелеу ісі мен кадр дайындаудағы жақсы тәсілдерді қаламына іліктірді. Қазіргі кездің де қателігі мен жетістігін саралап жазды. Мен Жебеген ағамыздың Ырғыз аудандық, облыстық газеттердегі жазған мақалаларын жақсы білем. Біз көрші ауданда газетте жүргенде «Халықтық бақылау» бетін дайындап беретін. Біз қалам ұшын тигізуге батпаймыз. Ол кісінің жазғандары да ағаның сөзі мен ісі секілді қабысып тұратын.
Ақтөбеде дәрігер болып қызмет жасайтын баласы Беркін бір кездескенде әкесінің жазбалары және қатарлары мен үзеңгілес інілерінің естеліктерінен құралған «Қалам қайраты» кітабын берген болатын. Әр кез елгезектік білдіріп, қалаға барсақ қуана қарсы алатын ініміздің сыйлаған кітабын құныға оқып шықтым. Бұл жай кітап емес, ағаның мінезін танытатын шығарма деп түсіндік. Облыстық, республикалық басылымдардағы сын мақалалары кәнігі журналистердің де жылы лебізін білдірген хаттарымен дәлелденген.
Мен Жебеген аға тек Ырғыз өңірінде ғана еңбек еткен деп санаушы едім. Ол кісі өзім қызмет жасайтын Әйтеке би ауданының Жабасақ орта мектебінде директор болып қызмет атқарғанын білдік. Сол кезгі облыстық білім бөлімінің меңгерушісі Н.Беріковтің аға туралы жақсы пікірін оқып, ол кісінің кадр таңдауда кателеспегені тұрғысындағы лебізін оқыдық. Ол кезде жергілікті кадрды көтеру қиындау. Аға өз білімі мен білігін, ұйымдастыру қабілетін көрсетуі арқасында партия, совет қызметіне шақырылады. Осында жүріп қызметтік баспалдақтармен партия, кеңес жұмыстарына араласып, бертінге дейін Ырғызға қараған қазақы ауылдардың әлеуметтік жағдайына қатысты істерде өз қолтаңбасын қалдырған.
Марқұм ағаның ұрпақтары жан-жақта жақсы қызмет етуде. Әке есіміне кір жұқтырмай, адалдықтың жолында келер күндерге қадам басып келеді.
Биыл Әйтеке би ауданының құрылғанына жарты ғасыр толды. Кезінде Ырғыздан енші алған ауданның жылнамасына жақсы естелікпен жазылып қалатын Жебеген ағамыз секілді жандардың болғанын есте ұстай жүрген жөн.
Аға ардың адамы болды. Біз журналистік қызметте жүргенде ол кісімен тығыз байланыс жасадық. Ол кісінің бетке айтатын қасиеті, пікірін ешкімге таңбайтыны және өз ойын қорғауда арыстандай ақырған басшыдан да қаймықпайтын мінезі басшысымақтардың бетін қайтаратын, арынын басатын Ұрыспайтын, бірақ мінезімен олардың қателігін дұрыстайтын.
Ағаның да өмірден өткеніне он жыл болды. Уақыт өтіп жатыр. Мәңгілік санаған кеңестік империя санадан сызылып барады. Бүгінгі ұрпақ өзіміз атеистік ағым алшаң басқан заманда пайғамбар санаған Ленинді де білмейді. Социалистік қоғам дамуы туралы айтсақ, ертегідей елтіп тыңдайды. Мына заман да талай өзгеріске ұшырайды. Оған дау бар ма? Өзгермейтін бір нәрсе — өз заманының адал ұлы бола біліп, тазалықтың тамыршысы ретінде танылғандардың аяулы есімі. Жылдар жылжыған сайын ол кісілер өшпес тарихқа айналады, жүректегі жылнамаға жазылады. Жебеген аға сондай жандардың бірі екені сөзсіз.
Қоғам талай құбылады. Заман да солай қарай икемделе түседі. Біз сондай кезде жүзін ай мен күнге қарай құбыла бұратын адамды емес, айналасындағы жандарды тура бағытқа жетелі сөзбен жетелей білетін адамды іздейміз… Мына бір өтірігі кейде өрге сүйреп кететін кезеңде бізге мықшегедей мінезі бар адам көбірек керек… Соны аңсаймыз. Бірақ, сирееееек…
Егенберлі ӘБДІРАЕВ,
Әйтеке би аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің әдеби редакторы.
Оқырман хаттарын топтастырған Данагүл ҚАЗИХАН.



