Экономика

Азық-түлік: арзан ба, қымбат па?

Баға

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Астана қаласы активімен болған кездесуде  қоғамдық тамақтандыру орындарындағы бағаның қымбат күйінде қалып отырғанын қатты сынға алған еді. Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында сұраныстың азайғанына қарамастан, астаналық қонақ үйлер мен мейрамханаларда, дәмханаларда бағаның сол бастапқы күйінде қалғанына қынжылыс білдірді. Тіпті келушілер мүлде тиылғанның өзінде қымбат қонақ үйлер мен мейрамханалардың бағаны төмендетпегенін атап көрсетті. Және олардың сондай жағдайда қалайша банкротқа ұшырамай отырғанына таңғалысын да жасырмады.

— Мұндай мекемелер орташа деңгейдегі адамдардың тілегін орындауға бағыт ұстау керек. Яғни, қалаға үздіксіз келіп жататын қонақтарға қызмет көрсетуге тиіс. Әрине, біз нарық жағдайында бағаны таңа алмаймыз. Алайда оны күштеп ұстап тұруға да жол беруге болмайды, — деді.

Сонымен бірге, осында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы студент-жастарға қызмет көрсетудің жайына қатты алаңдаушылық білдірді. «Студент-жастарға байланысты мұндай мәселелер әлем бойынша арнайы қаралып, дербес шешіледі. Бізде неге олай емес? Жалпы, стадион сияқты спорттық ғимараттарды, мәдени орындарды қалай пайдаланамыз? Олардың бәрінде баға осылай жоғары бола бере ме? Балаларға баға бір бөлек болып, ал кешке келетін бизнесмендер мен кәсіпкерлерге басқаша баға қаралу керек емес пе? Келушілердің дәрежесі, деңгейі қарастырылғаны жөн шығар?» деп, халыққа қызмет көрсететін мекемелердің алдына үлкен міндет қойды.

Елбасы қойған бұл талаптан бері де бірнеше айдың жүзі болып қалды. Осы аралықта рыноктағы тұтыну бағалары едәуір өзгеріске ұшырады. Оған мемлекеттік реттеудің де ықпалы болды.Әлемдік дағдарыс жағдайында тууы мүмкін ауыртпалықтарды алдын ала сезініп, күнілгері жүргізген шаралардың арқасында бірсыпыра қиындықтардан айналып өте алдық. Тек біздің облысымызда облыс әкімінің тікелей араласуымен аймақта көп мәселелер үйлесімді шешілді. Ірі өнеркәсіп орындарының іркілісіне жол берілмеді.Олардың өнім шығару қарқыны бәсеңсіген жоқ. Облыс көлеміндегі барлық өндіріс салаларында адамдардың жұмыстан қысқаруына, табысының кемуіне жол берілмеді. Ірі жұмыс орындары ғана емес, орта, шағын бизнес салалары, үлкенді-кішілі халыққа қызмет ететін мекемелер бақылауда ұсталып, олардан жұмыс істейтін адамдарға қамқорлық жасау талап етілуде. Ең басты мақсат — аймақтағы тұрғындардың әл-ауқатын төмендетпей ұстап тұру болып отыр. Сол үшін де барлық кәсіпорындармен, мекемелермен, жұмыс беруші атаулымен жұмысшы-қызметкерлерді жұмыстан қысқартпау, табысын кемітпеу, шығарылатын өнімнің бағасын өсірмеу жөнінде үш жақты келісімдерге, меморандумдарға қол қойылды. Облыс дүкендері мен базарларында, гипермаркет, супермаркеттерде тауар бағасының өспей, тұрақты сақталуы , тіпті кейбір тауар , азық-түлік түрлерінің аз да болса, арзандауы – соның нәтижесі. Әрине, бұл жерде аймақта еңбек өнімділігінің соңғы төрт-бес жылда жоғары қарқын алғанын да ескерген жөн. Соның нәтижесінде ішкі өнім молайды. Бір ғана ет өнімін алатын болсақ, азық- түлік өндірудің бұл түрі республикалық көрсеткіштен жоғары. Облыс етті өзінің қажеттілігінен 2 есе көп өндіреді. Ет өнімдерін көрші облыстар негізінен біздің облыстан алады. Жалғыз ет бұйымдары ғана емес, сүт өнімдері, астық, күнбағыс майы, басқа да бірсыпыра азық-түлік тауарлары біздің облыстан барады.

Демек, біздің аймақта мал, астық өнімдері жылдан-жылға мол өндіріліп келеді. Ал өнім молайса, оның бағасының да арзан болатыны белгілі. Бұл — нарықтың заңы. Салыстырмалы түрде алғанда, біздің аймақта көп нәрсе арзан. Осыдан бір-екі жыл бұрын ел бойынша күнбағыс майының бағасы аспандап кеткені белгілі. Ал соны аз уақыттың ішінде рыноктың өзі сабасына түсірді. Қазір қараңыз, Ақтөбеде өсімдік майының литрі 200 теңгенің шамасында, қымбат деген түрінің өзі содан көп артық емес. Біздің есімізде, соңғы күрт өсетінінің алдында, оның бағасы 160 теңге төңірегінде болатын.Қарап отырсаңыз, күнбағыс майының бүгінгі бағасы сол деңгейге шамаласып келеді.

Облыс, қала әкімдері соңғы жылдары қала ішіндегі ірі сауда орталықтарын жиі аралап, бағаның нақтылығы мен тұрақтылығына жиі назар аударып жүр.Тек кейінгі кезде азық-түліктің бірсыпыра түрінің арзандауына мұның да ықпалы болды.Жаңа жылдың алдында «Анвар», «Дина» супермаркеттері азық-түліктің бағасын 5-10 пайызға арзандатты. Ал «АқтөбеМега» сауда, ойын-сауық орталығы жаңа жылдық акциялар өткізумен бірге, зейнеткерлерге алған тауарының 5 пайызына жеңілдіктер жасады. Осындай жаңалықтарды өзге сауда орындары да жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бағаның аймақта төмен болуына ықпал ететін басты фактор — азық-түліктің мол әрі арзан өндірілуі. Жыл сайын ауыл шаруашылығында жүйелі және тұрақты өнімге қол жетуінің арқасында бізде ет, сүт өнімдерінің бағасы өспей келеді. Мәселен, 2006 жылы қазан айында облыста азық-түлік бағасының қандай болғаны жөніндегі ресми мәліметке жүгінелік. Сол жылы Ақтөбеде сиыр етінің бағасы 514 теңге, қой еті — 470 теңге, жылқы еті 650 теңге болған екен. Ал картоптың келісі — 55, кырыққабат — 49, сәбіз — 56, пияз — 44, қызылша 50 теңге тұрған. Енді содан төрт жыл айналғанда қазіргі баға да онша қара үзіп кете қоймағанын байқаймыз. Бұл — жақсылық қой.

Ал осындай жағдайда аймақта азық-түлік бағасының өсуіне қандай негіз бар? Бізде дүкендерге қарағанда, базарларда азық-түлік көп арзан. «Табыс», «Айда» кооперативтік сауда орталықтарында апта сайын өтіп жүрген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде азық-түлік тұтынушыға едәуір арзанға түседі. Және одан тұтынушы экологиялық жағынан таза, сапалы өнім ала алады. Тағы бір есте болатын мәселе — дағдарыстың алдын алу шараларына сәйкес, негізгі тасымалдаушы жеткізген тауар бағасына 10 пайыздан артық үстеме ақы қосуға тыйым салынған. Бұл — сауда орындары үшін заң болуға тиіс.Осы талаптарды сауда орталықтары, базар әкімшіліктері басшылыққа алып жұмыс істеп отыр.

Әйтсе де, осындай қатаң қойылып отырған талаптарға қоғамдық тамақтандыру орындары мойынсұнып отырмаған сияқты. Тіпті әңгімеміздің басында сөз болған Астанадағы мейрамхана, дәмханалардың әлі де қымбат күйінде қалып отырғанын жақында өз көзімізбен көрдік. Жалпы, астаналық өмір еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда қымбат көрінді бізге. Бағаға қатысты мемлекеттік, билік тарапынан реттеулер әзір қоғамдық тамақтандыру орындарына жете қоймаған сыңайлы. Өкінішке орай, бізде де мейрамхана, дәмхана, асханалардағы баға жоғары. Басқа өңірлермен салыстырмалы түрде алғанда, біздің аймақта мал, астық өнімдерінің, азық-түліктің аразаншылығын айттық. Олай болса, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы баға қалайша жоғары болуға тиісті?

Біздіңше, азық-түлік сататын дүкендерге, базарларға қойылып отырған тәртіп  қоғамдық тамақтандыру орындарына тиісінше жетіп отырған жоқ. Халыққа қызмет көрсететін бұл орындар әзірге назардан тыс қалып келеді. Олардың баға саясатында бірыңғай жүйе, тәртіп жоқ. Әрқайсы негізсіз, өз бағасын қояды. Негізгі тасымалдаушы жеткізген тауар бағасына 10 пайыз емес, үстемені молырақ қосады. Сонда оларға жоғарыдағы біз әңгімелеген талаптың еш қатысы болмағаны ма? Қаладағы кейбір мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерден  кіргені үшін деп, ақы алатын жағдайлар әлі де сақталып отыр. Мұның заңдылығын тексеріп жатқан тиісті орындар да жоқ.

Қоғамдық тамақтандыру орындары өздеріне қажетті азық-түлікті қайдан алады? Әрине, мұхит асып алыстан тасып жатпағаны анық. Осы жергілікті жердегі дүкендер мен базарлардан алады.Сөйте тұра, негізгі шикізатты алыс шет елдерден әкелдік деп көрсетіп, ас мәзірін ересен қымбаттатып отырған мейрамханалар мен дәмханалар да аз емес. Тіпті ірі өнеркәсіп компанияларына қарасты мейрамханалардың ас мәзірлері удай қымбат.Олардың ішінде жай ғана шай мен нанның бағасын аспандатып қойғандары да бар. Дүкендердегі шырынды сусындар бұларда екі есе қымбат тұрады. Алпауыт кәсіпорындарға қарасты тамақтандыру орындарының халықты шырылдатып тонауына жол берілмеуге тиісті. Қайта олар, қазіргідей дағдарыс жағдайында арзан асханалар ашып, жергілікті тұрғындарға жәрдемдессе, дұрыс болар еді. Әрине, қалада қоғамдық тамақтандыру орындарының жалпы саны аз емес. Әңгіме көпшілік тамақтанатын ас мәзірі арзан дәмханалар мен асханалар туралы болып отыр.

Барды қадірлей білетін қоғамда азық-түліктің арзан болмайтынын да білеміз. Олай болған жағдайда кешегі кеңес заманындағыдай астың қадірі кетеді. Төгіліп-шашылады, ысырап болады. Бір тәуірі, қазір ондай жоқ. Баяғыдай асханалардың айналасында тамақтың қалдықтары төгіліп жатпайды . Бұлай болатыны, бүгінде қоғамдық тамақтандыру орындары түгелдей дерлік жеке иеліктердің қолында.

Демек, ендігі жерде азық-түліктің, оның ішінде тамақтың орынсыз арзан болмайтынын да естен шығармаған жөн шығар.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button