БілімБасты жаңалықтар

Былтыр білім саласы үшін 66,8 миллиард теңге бөлінді. Бірақ саманнан салынып, пешпен жылытылатын мектептер жойылмай отыр

Жұма күні облыстағы білім беру мекемелерінің өткен жылғы жұмыстары  қорытындыланып, биылғы жылға жоспарланған шаруалары сарапқа салынды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен жиынға бірқатар басқармалардың басшылары қатысты. Сондай-ақ, басқосуға аудан әкімдері мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары онлайн режимінде қатысуға мүмкіндік алды.

Қаржы қалай игерілді?

Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекованың баяндамасы тыңдалды. Былтыр облыстың білім беру саласы үшін 66,8 миллиард теңге бөлінген. Облыстағы 415 мектепте 130 мыңға жуық бала білім алады. Әр оқушыға кететін шығын көлемі: 305 мың теңгеден асады. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балапандардың әрқайсысы үшін бюджеттен бөлінетін қаржы — 189,7 мың теңге болса, колледждердің оқушылары үшін кететін шығын: 442,4 мың теңге.

Былтыр облыстағы 102 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатта бөлінген қаражат — 3,4 миллиард теңге. Сондай-ақ, 13 білім беру нысанының құрылысына  4,7 миллиард теңге бөлінді.

Биыл ашылатын балабақшалар неге аз?

Өткен жылы облыста балабақшалар көп ашылды: 41 мектепке дейінгі білім беру мекемесі (4655 орындық) ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Соңғы 3 жылда жекеменшік  балабақшалар саны күрт өсті: 25 балабақша 69 балабақшаға дейін жетті. Қазір облыста 559 балабақша мен шағын орталық бар. 1-6 жастағы балапандардың балабақшалармен қамтылу көрсеткіші — 65,4 пайыз. Республикалық көрсеткіш — 56,4 пайыз. 3-6 жастағы балдырғандардың 92 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш — 85,8 пайыз.

Дегенмен, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әлі күнге дейін орын жетіспейді. Мәселені шешу мақсатында биыл 29 балабақша (5070 орындық)  ашу жоспарланып отыр. Оның 17-сі (2900 орындық) Ақтөбе қаласында ашылады, — деді Сәуле Өмірбекова. Осы тұста облыстық білім басқармасы басшысының сөзін бөліп, облыс әкімі:

— Былтыр 41 балабақша ашылса, биыл ашылатыны — 29 балабақша. Неліктен балабақша ашуды екі есеге дейін төмендетіп жібердік? Себебі, облыстық білім басқармасы әрбір ауданның әкімдігімен бірлесіп жұмыс істемейді. Биыл Байғанин, Қарғалы, Ойыл аудандарында бірде бір жекеменшік балабақша салынбайды. Неліктен?  Неге Алға, Әйтеке би, Қобда, Шалқар аудандарында бір ғана жекеменшік балабақшадан ашылады, — деді. Облыс басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытып, жекеменшік балабақшаларды көбірек ашуды, бұл мақсатта кәсіпкерлерге аудан, ауылдардағы бос тұрған ғимараттарды беруді, кәсіпкерлердің қызығушылығы арттыру үшін  мемлекеттік тапсырыс берілетіндігін айту қажеттігін тапсырды.

Өткен жылы облыста алты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сыйымдылығы — 2420 орындық, — деп баяндамасын жалғаған Сәуле Өмірбековаға облыс әкімі тағы сауал қойды:

Қанша мектеп?

— Алты мектеп…

— Сонда Рабиға мен Күлпаршынның салған мектептері мектепке саналмай ма? Бірінде 600 бала, бірінде 200 бала білім алады. Өздеріңнің деректеріңді өздерің білмейсіңдер.

Үш ауысымда оқытатын мектептер неге көп?

Жиын барысында облыстық басқарманың басшысы үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі туралы да баяндады.

2016-2017 оқу жылында оқушылардың санының көптігіне байланысты 16 мектепте оқу процесі үш ауысымда жүргізілуде.  Бұл мәселені шешу мақсатында 2016 жылы 1840 орындық 4 мектептің құрылысы басталыпты.

— Сондай-ақ, биыл Ұлттық қордың есебінен 11 мектептің (5760 орындық)  құрылысы басталады. Жаңа құрылыстар 14 мектептің проблемасын шешеді. Сондай-ақ, Байғанин және Ырғыз аудандарының үш ауысымда оқытатын екі мектептің мәселесін шешу мақсатында жұмыстар жасалып жатыр, — деді С.Өмірбекова.

Осы жерде өңір әкімі тағы да облыстық басқарма басшысына сауал қойды:

Сіз өзіңіз биыл қанша мектеп салынатынын білесіз бе?.

— 11 мектептің құрылысы жүргізіледі.

— Дұрыс емес. Егер сіз өзіңіз білмесеңіз, облыс әкімі мәлімет берген кезде сол деректі жазып алыңыз. Биыл 23 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, жергілікті бюджеттен салынатын, Ұлттық қордан қаржыландыратын мектептер бар. Олардың кейбірінің құрылысы былтыр басталса, кейбірі биыл басталады.

Басқарма басшысы сөзін әрі қарай жалғады. Үш ауысымды мектеп мәселесінің алдын алу мақсатында оқушы орнының тапшылығына мониторинг  жүргізілді.  Қорытындысында, 21 мектеп анықталыпты. 9 мектептің жобалық сметалық құжаты үшін қаржы бөлінген.

От жағып, күл шығаратын мектептер неге азаймай отыр?

С.Өмірбекованың айтуынша, 713 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы зерттеліпті. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында үш жылдық жоспар бекітілген. Зерттеу барысында, саманнан, қамыстан салынған және пешпен жылытылатын 111 мектеп анықталған. Өткен жылы пешпен жылытылатын мектептердің саны 24 бірлікке азайтылды. 2017-2019 жылдары 87 мектептің проблемасы шешіледі. Бұл мақсатта 11 бастауыш мектеп жабылып, 31 жаңа мектеп салынатын болады.

Облыстық басқарманың басшысы өз сөзінде, 2017-2018 жылдары 14 мектептің құрылысына жобалық сметалық құжат дайындау үшін және 45  мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін құжат әзірлеуді қазірден бастап қолға алу керектігін аудан әкімдерінің есіне салды. Оның айтуынша, өткен жылы осы мақсаттағы жұмыстарды жасауда көптеген қиындықтар болыпты. Осы уақытқа дейін бірде бір аудан пешпен жылытылатын мектептерге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжат тапсырмаған.

Шағын жинақты мектептерді оптимизациялау орталықтардағы мектептердің  жанынан интернаттар ашуды қажет етеді. Облыстағы 29 мектептің интернаты бар. Әлі де 11 интернат қажет.

Компьютердің қаншасы жұмыс істейді?

Сәуле Өмірбекованың айтуынша, Байғанин ауданында жергілікті бюджеттен компьютер сатып алуға және республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа инерактивті құралдар алуға бөлінген ақша игерілмей қалған.

Жалпы өткен жылы бір компьютерге келетін бала саны 12-ден 10-ға азайыпты. Мектепті компьютермен қамтамасыз ету үшін Ырғыз, Мұғалжар аудандары  қомақты қаржы бөлген.

2017 жылы компьютер сатып алу үшін республикалық  және жергілікті бюджеттердің есебінен 27 милиион теңге  бөлінеді. Нәтижесінде, бір компьютерге келетін бала саны 10 баладан 8 балаға азаяды, — деді облыстық басқарма басшысы.

Компьютермен қамтылу жақсы дедіңіз. Олардың қаншасы жұмыс істейтіні, өз алдына мәселе. Әйтпесе, мұражайлардағы жәдігерлер секілді тұрған компьютерлер аз емес. Әкім келгенде ғана компьютер кабинеттің есігін ашатын мектептер бар, — деді облыс әкімі.

Пәндік олимпиада жариялы түрде өтуі тиіс

Биыл облыстық пәндік олимпиада жариялы, ашық түрде ұйымдастырылып жатыр, — деді облыстық басқарманың басшысы. Осы тұста облыс әкімі әңгімеге араласып, бүгін әлеуметтік желілерде Ақтөбеде өтіп жатқан пәндік олимпиадалардың орындары сатылып қойылғаны, әр орынның «ставкасы» бекітіліп қойылатындығы жазылғанын айтты.

Орындардың «бағасы» үшін 10 мың теңгеден бастап 50 мың, 60 мың теңгеге дейін пара  беру керек екен. Сонда әлгінде ғана сіз айтқан жариялылық, ашықтық қалай қамтамасыз етіледі? Ата-аналарды бұл мәселе толғандырмаса, бұл туралы журналиске шағымданбас еді. Мәлімет болмаса, журналист жазбас еді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар, — деді облыс әкімі.

С.Өмірбекова олимпиаданы ашық түрде өткізу мақсатында ата-аналардың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілінің, журналистердің қатыстырылып жатқанын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев мәселенің анық-қанығын тексеру мақсатында тиісті органдарға тапсырма бергендігін, жемқорлық анықталатын болса, ең  алдымен облыстық басқарманың басшысы жауап беретіндігін қадап айтты. Сондай-ақ, олимпиада жариялы түрде өтуі үшін комиссия мүшелері тек қана педагогтер болмауы керектігін, партия мүшесі, журналистер, басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері комиссия құрамына кіруі тиістігін міндеттеді.

Суицид көбейіп кетті

Облыста 41 кәсіптік-техникалық колледж бар. Онда 27 697 оқушы білім алады.

Дуальді білім беретін колледждердің үлесі: 30.

Облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған  1122 бала бар. Соның 867-сі тұрғын үй кезегінде тұр. «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында былтыр 304 балаға 106 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Баяндамасын аяқтаған облыстық басқарманың басшысынан облыс әкімі тәртіп, тәрбие мәселесі қалай екендігін сұрады.

—2015 жылы 4 бала өзіне өзі қол жұмсап, қайтыс болса, былтыр 12 суицид тіркелді. Яғни, 3 есеге өсіп кеткен. Жасөспірімдер жүктілігі де азаймай отыр: 156 қыз бала жүкті болған. Ал сіз тәрбие жұмыстары туралы бір ауыз сөз айтқан жоқсыз, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде тәртіпті, тәрбиелі болуы үшін оқушылардың қосымша сабақтардан бір сәт те болса, қолы бос болмауы керектігін, бұл мақсатта мектепте акт зал, спорт залы жүйелі түрде жұмыс істеуі керектігін айтып,  облыстық білім басқармасы  мәдениет, спорт салаларымен бірлесіп, түрлі шараларды, қосымша сабақтарды жиірек ұйымдастыруды тапсырды.

Демалыс күндері де спорт залдары ашық тұрады. Кесте бекітілген. Рейд жүргізіп тексеріп көрдік, — деген С.Өмірбековаға өңір әкімі көзбояушылық болмау үшін рейдті де жиірек ұйымдастыру керектігін айтты.

— Кесте бекіттік дейсіз. Оның да көзбояушылық еместігіне кім кепіл? Іссапар барысында ауыл мектептерін көбірек аралаймын. Сонда мектеп директорлары спорт залға оншақты балаға спорт киімін кигізіп, жинап қояды. Олар сол балалардың күн сайын спортпен шұғылданатынына мені сенеді деп ойлайтын болуы керек. Біз осылай бір-бірімізді алдап, өтірік ақпар береміз. Егер бұл көзбояушылық болмаса, қайғылы оқиға, ұятты жағдай болмас еді, — деді облыс әкімі.

Білім сапасын көтеру — басты міндет

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түйіндеді.

— Білім саласының бюджетке өкпесі жоқ. Өйткені, бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Соның 30 пайыздан астамы білім саласы үшін  бөлінеді. Ел басынан өткерген дағдарыс жылдары да білім саласына бөлінген қаржы азайған емес.

Былтыр қамыстан, саманнан салынған мектептер мен пешпен жылытылатын мектептерді жоямыз деп айтқан едік. Әлі күнге дейін от жағып, күл шығаратын мектептердің құжаттарын рәсімдей алмай жүрміз.

Байғанин мен Ырызда үш ауысымды мектеп қайдан пайда болды? Екі жыл  бұрынғы мәліметте бірде бір апатты жағдайдағы, үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ болатын. Ал қазір бірінен соң бірі шығып жатыр. Түсінбейтінім, проблеманы жасырғаннан  аудан әкімдері не ұтады?

«Мейірім» акциясына баса назар аудару қажет. Үй салатын құрылыс компанияларының басшыларына әрбір үйден жетім балаларға арнап 3-4 үйден беру керектігі жөнінде тапсырма бердім, — деді облыс басшысы.

Жиында өңір әкімі облыстық білім басқармасына колледж түлектерінің жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруды, дәстүрлі емес шаруашылықтар үшін жаңа мамандық ашуды, біліктігін көтеріп келген әрбір мұғалімдердің білім сапасын комиссия құрып тексеруді, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін мектептердің бәріне енгізуді тарсырды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button