Әлеумет

Бұқара

Пейіл

Интернатты сағынғанда…

Сыныптастар боп кездесіп қалғанда әр кез интернатта өткен қызықты сәттер әңгімемізге арқау болады.  1989 жылы үшінші сыныпқа шалғай аудандардан Қурайлы мектеп-интернатына келген бізге балалықтан  басталып, мектеп бітіргенге дейінгі  бірге өткізген күндер — бітпес жыр іспетті.

Сол кезде қаладан кіріп келе жатқан тұста интернат ауласының сыртында Ыбырай Алтынсариннің үлкен суреті ілініп тұратын. Емтихан тапсырар кезде балалар сол жерге барып, Ыбырай атаның суретіне қарап тұрып, өзінің «құламай» өтуін, жақсы тапсыруын тілейтін, соған кәдімгідей сыйынатын.

Темір жол бойына жақын орналасқандықтан, ұлдар жағы көктем шыға қызғалдақ теруге, күз болса, жидек теруге қашып барып қайтатын. Тапқан олжаларын қыздарға әкеп үлестіріп жүретін еді. Ал қыстыгүні кейде дене шынықтыру сабағында, кейде өзіміз ұйымдастырып, жоғары Қурайлыдан төменгі Қурайлыға қарай, қырдан төмен құлдилап, шаңғы, шанамен сырғанайтынбыз.

Ал интернат баласы үшін асхана қызметкерлері тәтті тамақ әзірлеп беретін үйдегі апасы, жеңгесі тәрізді. Бар бала аспаздарға «добавка» деп шулайды келіп жан-жақтан, әсіресе, ет қосылған картоп беретін күні бұл шу үдей түседі. (Интернат мәзірінің көпшілігі — түрлі ботқа ғой…) Күз мезгілдерінде көкөніс жинауға алқапқа барып, қайтарда әрқайсымыз киімдеріміздің жеңіне, әйтеуір, бірдеңе етіп тығып, сәбіз, картоп ала келеміз. Онымызды кейде асханадағы аспазшыларға жасатып, кейде жатақхана ішінде өзіміз тәтті етіп пісіріп, таласып жеп, мәз боламыз. Осындайда сынып жетекшіміз Алтынай апай бізге үйінен үш литрлік банкамен айран, компот, тәтті тосап, тіпті, тұздалған қияр-қызанақты да таситын. Сынып жетекшіміз Алтынай Бушмұхамбетова Қурайлы мектеп-интернатына 1974 жылы орналасып,  әуелгі жылдары аға пионер вожатый болып қызмет атқарды. Тура он жылдан соң Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түсіп, бітіріп, осы интернатта жұмысын жалғастырады. Өзінің қол астында еңбек етуші тәрбиешілердің шәкірттерді тәрбиелеу ісінде ағаттық жібермеулерін бақылап, бағдар беріп отыратын. Көзге көрінбейтін, өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен-жүрекке үзбей жеткізетін, шығармашылықпен ізденетін, баланы жақсы көре білетін тәрбиешілердің бірі — біздің сынып жетекшіміз, Алтынай Ғабдуәліқызы.

Уақытпен санаспай оқушылар ортасынан табылатын да осы ұстаз. Осы кезде тағы бір жайт еске түсері анық. Біздің жатақхана бөлмесінің терезесінен Алтынай апайдың үйі көрініп тұратын. Бала болған соң, кешкілік біразға дейін ұйқыға бірден жата бермейтінбіз. Сол кезде Алтынай Ғабдуәліқызы кейімесін деп, терезені төсек жабатын жамылғымен жауып қоятынбыз. Бәрібір де күн демей, түн демей жанымыздан табылатын жетекшіміз онымызды көріп қоятын.

Жаны сұлу, білімді де мәдениетті, тәрбиелі де өнегелі, жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу де — оның басты мақсаты. Әр бала өз қызығушылығына қарай үйірмелерге баратынбыз. Бірі спорттық секцияларға, тағы бірі музыкаға зейін қоятын. Оның үстіне әрбір жақтан жиналғандар өзара тіл табысамын деп, достасып кететін. Көпшіл болуға үйрендік.

Қазір қарасақ, Қурайлы мектеп-интернатынан ұшқан түлектер бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Ал бір орында үздіксіз 35 жыл тәрбиеші (аға тәрбиеші) бола жүріп, оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беруде ұзақ жылғы тәжірибесі  мен білімін сарп еткен Алтынай Бушмұхамбетова — «Қазақстан білім беру ісінің үздігі». Тек бір ғана Алтынай Ғабдуәліқызы ғана емес, мектеп-интернат өміріне араласқан әрбір қызметкердің еңбегі елеусіз емес деп ойлаймын. Олар туралы жылы әңгімелер әр түлектің аузында жүр…

1998 жылғы түлектер атынан

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Өнеге

Кәсіпкер де, тарихшы да…

Тарихи тақырыпқа қалам тербеудің қаншалықты машақаты көп жауапты іс екенін онымен шұғылданған адам ғана сезінері хақ.

Осы ретте Ырғыздағы белгілі кәсіпкер азаматтардың бірі Ералы Тұрабаевтың қолы қалт еткенде тарих тылсымдарын тануға машықтанып жүргенін атап айтуға болады. Тарих турасында әңгіме болса, Ерекеңнің де өзіндік айтар ұстанымы мен ой-пікірлері бар екенін айқын аңғарамыз.

— Тарихқа деген қызығушылығым өткен ғасырдың сексенінші жылдары қалыптасты. Бала кезімде Ырғыз өңірінен шыққан белгілі жыр жүйрігі Жөкей Шаңғытбаевты көрген едім. Кейіннен оның өлеңдерін жергілікті ақын, марқұм Ертай Төлегенов жұртшылық арасында домбырамен насихаттап айтып жүрді. «Өзіміз кімбіз, қайдан шыққанбыз?» деген сауалдар мені іштей мазалаушы еді. Осындай ойлар қозғау салып, Жөкей ақынның шығармаларын зерттедім. Бірде Ақши ауылында тұратын Жөкейдің қызы Бәкеннен атақты жыраудың қолжазбаларын алып, таныстым. Мен бұл туралы өткен жылы өзімнің құрастыруыммен Ақтөбеден жарыққа шыққан «Жыр дүлдүлі Жөкей еді» деген жинақта баяндағанмын. Жөкей шығармаларын зерттеу мақсатымен Алматыға Республика Ғылым Академиясының «Қайтарылмайтын сирек қолжазбалар қорына» екі рет баруға тура келді.

Әрине, қарбалас кәсіпте жүріп, тарихқа сүңгіп, онымен айналысудың мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан кітап ақтарып, компьютермен шұғылданып түннің бір уағына дейін отыруға тура келеді. Менің өзімдегі Жөкей туралы құнды мәліметтерді Жұбаназар Асановтың «Жөкей Шаңғытбаев дастандары» кітабына енген шығармалармен біріктіріп, көлемді түрде шығарса деген ой келеді,— дейді

Ерекең.

Тарих төңірегінде сөз қозғалса айтары мол азаматтың Табын Бөкенбай батыр туралы жазған зерттеу еңбегі өткен жылы «Ақтөбе», «Ырғыз» газеттерінің беттерінде жарық көргендігі көзі қарақты оқырманға белгілі. XVІІІ ғасырда өмір сүрген даңқты қолбасшы, айбынды саясаткер Табын Бөкенбай Қараұлын ұлықтау мақсатында өткен жылдың соңғы айларында Ақтөбеде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, батыр атына көше берілді. Міне, осындай шараларға ырғыздық Ералы Тұрабаев арнайы шақырылды. Ол өзі де Ырғызда Табын Бөкенбай батыр рухына арнап мешітте құран оқытып, ас беріп, бір топ ақсақалдар мен зиялы азаматтардың аудан орталығынан қырық шақырымдағы Бөкенбай шоқысына баруын ұйымдастырды.

Мұнан өзге Ерекең назарында өңіріміздегі жер-су атауларының, Орқабай алып сияқты белгілі тұлғалардың тарихын кеңірек зерттеу мәселелері жүргенін аңғартты.

Сонау бір жылдары кәсіпкерлікті алғаш қолға алған сәтінде Ералының Ырғыздың маңайындағы қорымның төңірегіне имандылық, аруақтарға тағзым ету жайында ұлағатты сөздер жазылған тақта қондырғаны жадымызда. Осы бір жайтты есіне салғанда ол мұндай тағылымды насихаттық үлгідегі көрнекі тақталарды көпшіліктің көзі түсетін орындарға қондырғанды қалайтынын білдірді. Мәселен, Ырғыз өзені бойына осы төңірекке қатысты тарихи мәліметтерді көрнекті түрде жазып ілсе тағылымды іс болады деп есептейді.

Кітапхана, мұражай, редакция, мәдениет үйі сияқты мекемелер Ералы Тұрабаевтың жиі бас сұғатын орындары. Осылардың қай-қайсысында өтетін шараларға мүмкіндігі келгенде қатысып тұрады. Ауданымызға келген шығармашылық адамдарымен жанасып жүретін кәсіпкер азамат өзі де рухани іс-шараларға демеушілік жасаудан бас тартып көрген емес.

Әрбір адамның өмір жолының өз ерекшеліктері болады. Ералы еңбек жолын қарапайым кәсіптен – жүргізушіліктен бастады. Он шақты жыл аудандық автобаза мекемесінде белді жүргізушілердің бірі болды. Одан кейінгі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға инженер қызметін атқарды. Аудандық газбен қамту учаскесін, аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімін, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесін басқарған уақыттары Тұрабаевтың қандай шаруаны мойнына алса да, көтере алатын іскер азамат екенін танытқан еді. 1991 жылы кәсіпкерлік қызметке біржола бет бұрды. Қазірде де абыройсыз, беделсіз емес. Өзінің кәсібімен қатар, жоғарыда айтқандай, өңірдегі мәдени-рухани шаралардың шынайы қолдаушысы, жанашыры болып келеді. Жуырда ғана Ералы Тұрабаевтың Қазақстан Журналистер Одағы мүшелігіне қабылданғаны туралы қуанышты хабар жетті.

Осыдан алпыс жыл бұрын Құтидың бойында дүниеге келген Ералы бүгінде шаңырақ шаттығына кенеліп отыр. Меруерттей тоқсан жетіге жеткен анасы балалары мен немерелерінің қызығына кенеліп, әулеттегі жақсылықтарға куә болуда. Ерекең зайыбы Жақас екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Алты баласы жоғарғы оқу орнын бітірді. Қалған екеуі де жоғары білім алуда. Балаларының білім арқылы ғана өз мақсаттарына жетерін ұғынған олардың отбасын өзгелер өнеге тұтады.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Мерей

Шәкірттеріммен мақтанамын

Қырық жылға жуық мектепте ұстаздық қызмет еттім. Қазір зейнеткермін, жасым 72-де.1961 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірдім. Шәкірттерімнің биіктен көрініп жүргенін естіп, бірнеше жылғы еңбегімнің зая кетпегеніне қуанамын. Бір кездегі елгезек оқушыларым, қазірде өз саласының білікті мамандары. Сол шәкірттерім  жөнінде аз-кем жазғанды жөн санадым.

Үздік, үлгілі, белсенді оқушыларымның бірі — Бекболат Жолдин. 60-шы жылдары Байғанин өңірінде мүлдем орыс болмаса да, Бекболат орыс тілінде мазмұндама, диктанттарды өте сауатты жазатын. 1966 жылы Жарқамыс орта мектебін алтын медальмен бітірген ол 1972 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдады. Жас маман еңбек жолын Арқалық қаласындағы Торғай облыстық ауруханасында дәрігер-терапевт болудан бастады. Әр жылдары Ақтөбе медицина институтында ассистент, дәрігерлердің білімін жетілдіру  факультеті, терапия кафедрасының меңгерушісі, аталған факультеттің деканы болды. 1998 жылы Бекболат «Жүрек шаншуымен ауыратын науқастарды изосорбид 5-мононитрат препараттарымен емдеу жөніндегі клиникалық-фармакологиялық және хронобиологиялық зерттеулер» тақырыбында диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Бір жыл өткен соң доцент атанды. Сонымен қатар Бекболат Жолдин — республикалық және бұрынғы  одақтық баспасөзде жарияланған 70-тен астам ғылыми еңбектердің, 3 рационализаторлық ұсыныстардың авторы.

Бекболаттың отбасы мүшелерінің барлығы дәрігер десе де болады. Зайыбы Галя да, егіз балалары — Артур мен Әнуар да, олардың келіншектері де —  дәрігерлер. Бекболаттың биіктен көрінуіне жүрегі жылы, мінезі жұмсақ, мейірімді де, парасатты аяулы жары Галяның да үлесі зор деп ойлаймын.

Міне, мен осындай шәкіртіммен мақтана аламын. Жарқамыс орта мектебін бітірген шәкірттерімнің біразы Ақтөбе қаласында жемісті еңбек етіп жатыр. Мысалы, Жеңіс Сейітпағамбетов мұнай саласының үздігі, инженер, техника ғылымдарының докторы. Ал Түрікпенбай Айжарықов облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. Әкелі-балалы Қуаныш пен Сағын Төлепбергеновтер де менің аяулы шәкірттерім. Сағын қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде аға оқытушы болып жұмыс істейді.

Шәкірттеріме әр кез биіктен көріне берулеріне тілектестігімді білдіремін.

Нағима ТАБЫЛОВА, «Қазақ КСР халық

ағарту ісінің үздігі»,

зейнеткер.

Ақтөбе облысы,

Байғанин ауданы,

Алтай батыр ауылы.

Үлгі

Жаңалықты жатсынбайды»

Сөз өнерін  әдебиетте ұлағатты адамдар «Адамтану құралы» дейді. «Адам тәрбиелеу құралы» қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы шәкірт жанына жақсылық пен ізгілік нұрын себуді, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру ісіне өз үлесін қосуды мұрат еткен, кәсіби шеберлігін шыңдай түскісі келетін әр пән мұғалімінің Қ. Бітібаева есімін білмеуі, оның озық тәжірибесімен таныс болмауы мүмкін емес.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева – қазақ тілі мен әдебиетінің бүкіл құнарлы нәрі мен қадір қасиетін жас ұрпақ бойына сіңіру жолында тер төгіп, туған тілдің тамырын тереңге жіберу ісінде зор үлес қосып, әдебиетті оқытудың тиімді жолдарын ұсынып жүрген республикаға танымал әдіскер-ұстаз.

Әр өңірде, әр аймақта мұраты асқақ, жүгі ауыр ана тілі мен әдебиетінің туын көтеріп, шәкірттерін Абай, Мұхтар, Махамбет рухымен тілдестіріп жүрген, өз ісінің хас шеберіне айналған ұстаздар бар екені сөзсіз. Сондай ұстаздар  қатарында әдебиетті оқытудың қыр-сырын жете меңгерген, туған тілдің мерейі үшін қызмет етіп келе жатқан тіл жанашыры, шәкірттерінің шығармашылық шабытын шалқытып жүрген, есімі озық іс-тәжірибесімен республика, облыс көлеміне танымал ұстаз Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Сая Төлеуованы атауға болады.

Ұдайы еңбек ету — өнердің де, өмірдің де заңы. Олай болса, Сая апайдың жан жақты терең білімі мен озық ойы, жаңалықты жатсынбайтын жаңашылдығы, талмай ізденіс үстіндегі жігерлілігі мен кәсіби шеберлігі бүгінгінің ұстазына қойылар талапқа лайық болам дегені әр маманға үлгі. Ұстаздың бәрі ұлағатты, маманның барлығы өз пәнін оқытудың нағыз жанашыры бола алмайды. Бұл жағынан алғанда шәкірттер жүрегінен бекем орын тауып жүрген жанның тәлімгерлігі, мемлекеттік тілді оқыту төңірегіндегі жанашыр пікірлері мен өзіндік жеке көзқарасы – ұстаздың өрелі міндет биігінен көрініп жүргендігінің кепілі. Өз ісін жетік біліп, табанды жүргізетін мұғалім ғана түпкі нәтижеге қол жеткізбек. Өз кәсібін сүймеген алысқа ұзамайды. Апайдың ұстаздық жолындағы шыққан биігі,  табыстары мен шәкірттері жеткен жетістіктер – мұғалімдікті өміріне бағдарлы жол етіп алған жанның, өз кәсібін сүйген жанның еңбегінің жемісі.

«Педагогика» сынды ұлы еңбегімен ұлы ұстаз атанған ұлтжанды Мағжан ақынның кезінде «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төрдегі орын мұғалімдікі болмақ» — дегені бүгінгінің де шындығына айналып келе жатқандай, мемлекетіміз тарапынан ұстаз қауымының мәртебесін көтеру жолында оң істер жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Е. Сағындықовтың жақсы мұғалімді марапаттау мен қолдаудың озық үлгісі — соның дәлелі. Сая апайдың еңбегі бағаланып, былтырғы оқу жылында Түркияның Анталия қаласына барып, демалып қайтты. Облыс әкімінің тағайындаған «Үздік мұғалім» грантының иегері атанды. Апай биыл оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне тағайындалған облыс әкімі грантына қатыспақшы. Озық тәжірибесі мен шеберлігінен үлгі алып келе жатқан шәкірті, әріптесі ретінде апайыма сәттілік тілеймін.

Элеонора БАСМАҒАМБЕТОВА,

Шалқар қалалық

№4 орта мектебінің

қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ізгілік

Біз жақта жігіттер бар нарқасқа…

«Өмір» деп аталатын ұлы сапардың өн бойында өзіңе бұйырған мезгіл мөлшерінде талай-талай жақсылармен жолығысып, олар адамдардың тағдырына да ықпал етеді екен. Ол біз ойлап тапқан жаңалық емес. Ықылым заманнан солай болған, бола береді де. «Адамның күні адаммен» деп оны атам қазақ баяғыда-ақ айтып кеткен. Әркімнің өмір жолында жақсы адамдар тап болып, қалған күндерін мәнді, сәнді ететіні ғажап-ақ.

Жақсы азамат, жайсаң іні жайында он ойланып, тоғыз толғанғанда, ақын Төлеген Айбергеновтің жыр жолдары еске түседі:

«Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа,

Жарқылдаған алмас па?»

Осынау отты да ойлы шумақтарды оқыған сайын менің көз алдыма тамаша адамдардың тұлғасы түсе қалады.  Солардың бірі — Роман Тасқынбаев. Бұл жігіт қандыағаштықтарға жақсы таныс. Себебі, өмір жолы — өнеге, тағдыр жолы — тағылым, іздегені — ізгілік, жасағаны — жақсылық, айтатыны — ақиқат. Бала кезден-ақ байсалды, бейне бір батыр болу үшін жаратылғандай өзіне сенімді, орнықты, мығым.

Новоресей ауданының Бақай бекетінде 1967 жылы дүниеге келген Роман Қалилулұлы орта мектепті бітіргеннен кейін Алға қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, ауылда автокөлік жүргізуші қызметін атқарады. 1986-1989 жылдары Кеңес әскері құрамында Ауғанстанда интернационалдық борышын өтейді. «КамАЗ» автокөлігімен Қабул қаласына азық-түлік тасып жүріп, небір қиян-кескі шайқастарға қатысады. Тау жолдарымен келе жатқан автокөлік шеруіне шабуыл жасаған дұшпандар талай боздақтың өмірін қиды, көп жауынгер жараланды. Осындай  қиын-қыстау кезде Роман өз басын қауіп-қатерге тіге отырып, жолдастарын жанып жатқан машинаның ішінен алып шықты. Осы ерліктері үшін жауынгер төс белгілермен марапатталды.

2000 жылы Ақтөбе қаласында досының үйінде қонақта отырған Роман көрші көп қабатты үйдің 5-қабатында жанып жатқан пәтерді көреді. Балконда екі бала жылап тұр. Мұны көрген 33 жастағы жігіт жан ұшыра жүгіріп, 5 қабат үйдің шатырына шығады да, балконға түседі. Балаларды 4-қабатта тұрған адамдарға тапсырады. Сөйтсе, үйдің ішінде және бір бала қалыпты. Өрттен қорыққан үшінші бала — Азамат кереуеттің астына тығылып қалыпты. Роман баланы жанып жатқан үйден әрең алып шығады. Ыстықтан, түтіннен тұншыққан жігіт есінен танып қалады. Өрт сөндірушілер мен дәрігерлер жігітті жедел ауруханаға жеткізіп, дәрігерлік көмек көрсетеді. Есін жиған жігітке үш баланың ата-анасы – Сәбит, Майра Қалиевалар алғысын жаудырады.

Бүгінгі күні Қандыағаш қаласындағы «Арнайы қызмет көрсету» ЖШС-да жұмыс істейтін кәсіпкер Роман Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларына, мүгедектерге үнемі жәрдем береді. Аудандық қорғаныс бөлімінде өтетін жастарды Отан қорғауға шығарып салуда, мектептердегі оқушылармен кездесулерде, атаулы мерекелерде Роман өзінің гитарасымен сахнада патриоттық әндер орындайды. Тәуелсіздіктің 18 жылдық  салтанатында аудан әкімі С. Шаңғұтов Ауған соғысының ардагері Роман Тасқынбаевтың кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін және «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығырылуының 20 жылдығы» мерекелік төс белгісін тақты. Облыс, аудан басшыларының сенімін ақтайтын, ізгі істерімен қала тұрғындарына қадірлі, көптің алғысымен көгерген бақытты азамат бүгінде зайыбы Айнашпен екі баласын тәрбиелеп отыр.

Қ. БАЙСҰЛТАНҰЛЫ.

Жанайғай

Несібемнен қағылмайын

Өз жағдайыңның мүшкілдігін айтып, жылағаннан артық қорлық болмайтын шығар. Бүгінде мұңымды кімге шағарымды білмей, сүйікті газетіммен ой бөлісуді жөн деп таптым.

Төрт баламен барар жер, басар тауы болмай, қаңғып жүрген мендей жанның күнін дұшпанымның да басына бермесін. Осыдан сегіз ай бұрын кенеттен жолдасым көз жұмып, шиеттей бала-шағамен аңырап артында қалдым. Бір балам туғалы мүгедек. Ал үлкен баламның жасы 14-те.

Асыраушымыздан айырылғалы пәтерден пәтер жағалап, шарасыз күйге түстік. Мүгедек қызымның жағдайымен 2005 жылы үйдің кезегіне тұрдым. Ол жылдан бері біз қайда барып күнелтпедік. Бір пәтерден мүгедек балама, асыраушысынан айырылған үш балама алатын жәрдемақы жетпегендіктен шығып кетсем, бір пәтер иелеріне ауру қызымның көп жылағаны ұнамай, кетуіме тура келетін болды. Рас, туғалы қатарларынан кем болып өсіп жатқан балам ызаланып жылағанда, көршілер тұрмақ, өзім қайда қашып құтыларымды білмей қаламын. Содан соң қаладан гөрі аудан орталығында күн көру оңайырақ болар деп, Хромтау ауданына көштім. Онда да біреудің пәтерін жалдап тұрып жатырмын. Ендігі жерде Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болмағандықтан, үйдің кезегі кейін шегеріліп, ол үміттен де қағылып қалам ба деген қорқыныш ұйқымды қашырып жүр. Құжаттарымды арқалап, әр есікті жағалау мен үшін күнделікті тірлігіме айналды. Бірақ әлі де нәтиже болмай отыр. Әзірге үй кезегінде тұрғанымның өзі көңіліме үлкен демеу. Тек сол кезектен алынып тасталып немесе ширетім тағы бірнеше жылға кейін жылжып кетпесе екен деген арманым бар.

Балауса ҚҰЛТАЕВА.

Хромтау ауданы.

Наз

Көршілеріме көңілім толмайды

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Мен бұл жолы екі жағымдағы екі көршімнің көңілге қонымсыз іс-әрекеттерін айтайын дедім. О дүниеге барғанда, алғаш «Көршіңмен қалайсың?» деген сұрақ қойылады-мыс. Мен сонда қандай жауап айтар екем деп көп толғанатын болып жүрмін бүгінде.

Оң жақтағы көршім осыдан он шақты жыл бұрын киелі Түркістан өңірінен көшіп келді. Қазақылықты, жөн-жоралғыны білетіндер келді деп қуанғанбыз басында. Бір жыл өтпей-ақ тәртіпсіз істерімен өздерінен бездіре бастады. Үйіндегі отағасы ішіп келіп, әйелін шырқыратып ұрып жатқанда, талай барып ажыраттық. Бірде солай әйелі соққыға жығылып жатқанда, мен телефонмен полиция шақырып үлгердім. Ойым — ішіп алған күйеуін жөнге шақыру, шырқыраған әйелін төбелестен арашалау еді. Соны шақырам деп, басым бәлеге қалды. Полиция келгенде, олар дым болмағандай, отыра қалған. Олар кетісімен, екеулеп келіп, менің «шаңымды қағып» кетті. «Неге шақырасың, біздің отбасылық проблемамызға басыңды ауыртпа» деген сияқты ұрыстың астына алып, аузымды аштырмады. Сонда олардың бірін-бірі қуалап, төбелесіп жүргенін көріп, көз жұмып отыра беруіміз керек пе? Оны көріп өскен балалар не істемейді? Өздерінің бір ұлдары бар. Оның да әбден еті үйренген сияқты. Ал мен бала-шағамның ондай өрескелдікке куә болғанын қаламаймын. Ал олар үшін күндегі ұрыс, төбелес, қырғын, былапыт сөздер үйреншікті жайт секілді. Артынша күліп, жарқылдап, дым болмағандай  бірге қыдырып бара жататындарын қайтерсің? Жастары болса, қырықты алқымдап қалған оң жақтағы көршілерімнің жайы осындай.

Ал сол жақтағы көршіммен   1989 жылы  осында көшіп келгелі қоңсы тұрамын. Қазақта «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» деген сөз бар ғой. Басында «Үндемейді екен, өздерімен өздері, жақсы жандар болар», — деп ойлағанбыз. Артынша, бір ыдыс-аяққа бола әйелім оның кемпірімен сөзге келіп қалыпты. Алдында тым тәуір, үйге құран оқытқанда, той-томалақта келіп жүретін көршілерім содан соң-ақ қатынасты мүлдем үзді десе болады. Шақырсаң келмейді, бізді өздеріне қонақ етіп шақырмайды.  Кемпіріме «Соншалықты не айтып қойдың?» —  деп мен кейіп жүрмін. Сөйтсем, бүлінген ештеңе де жоқ екен. Бір сөзбен айтқанда, олар бізді менсінбейді деуге болады. Себебі, олардың үлкен ұлы банк қызметкері, үйлері де бізден гөрі ауқатты тұрады. Біз тек қазақша сөйлессек, олар бізге «Здраствуйте» деп орысша сәлем береді. Алпысты алқымдаған шал-кемпірге жан- жағындағыларға мұрнын шүйірмей, қайта көршілерімен шүйіркелесіп, бірі-біріне қыдырып жүрген жараспайды ма? Қайта үш үйден кейін тұратын Сәкен есімді жаңа отау құрған жас баланың ақылы бар. Бізді үлкен деп сыйлап, мерекелерде үйімізге құттықтап, айт мейрамдарда құран оқытып, бізді төріне отырғызып, сыйлап жібереді. Ал менің екі жағымдағы екі көршімді түсіне алмай-ақ қойдым. Кейде екеуіне де ұнай алмай жүрген біздерде бір кінәрат бар ма екен деп ойлап қаламын.

Сағынбай МҮРИМАНОВ,

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button