Әкімдер есебі

Благодар ауылдық округінің әкімі Бақұзақ Үсенұлы ДАРИННІҢ есебі

Благодар ауылдық округінің әкімі Бақұзақ Үсенұлы ДАРИННІҢ

2016 жылдың қорытындысы бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі

 Благодар ауылдық округінің жалпы жер көлемі — 104 895 га, оның ішінде 82 742 га — ауыл шаруашылығы жерлері. 11 елді мекенде 13 605 тұрғын бар.

Ауылдық округ аумағында 3 дәрігерлік амбулатория, 4 медициналық пункт, 7 мектеп, 2 модельді кітапхана, балабақша, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі, дәріхана, «Чайка» балалар туберкулезына қарсы санаториясы, полицияның тірек пункті және мешіт бар.

8 ЖШС, 36 шаруа қожалығы, ӨК, 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 57 ЖК, 47 дүкен, 2 кафе, 14 монша, 2 ТҚС, наубайхана, 2 ателье, стоматологиялық кабинет, 2 шаштараз және оқу орталығы тіркелген.

3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері — «Талапкер», «Махамбет», «Шаулен» 2016 жылы құрылды. Кооперативтер құру жұмысы жалғасуда.

Мүйізді ірі қара саны — 4 168, жылқы — 1 535, қой-ешкі — 9 042. Сондай-ақ округте тұқымы бөлек ешкі, қоян өсіретін, бал арасымен айналысатын шаруашылықтар бар.

«Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары аясында 73,5 миллион теңгеге 1291 бас жоғары өнімді малдар сатып алынды. Бұдан басқа, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 43 миллион теңгеге 77 мүйізді ірі қара, 32 жылқы, 95 қой мен ешкі сатып алынды.

Инженерлік желілерді жүргізу және жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Украинка ауылында су құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталды. К.Нокин ауылындағы Жаңақұрылыс ауданында су құбырлары желісіне құрылыс-монтаж жұмыстары басталды, оны ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

2016 жылдың желтоқсанында Шилісай-1,2, Красносельское-2 тұрғын массивтерінде электр желілерін және газ құбырларын тарту жұмыстары, сондай-ақ Ақшат-2 ауылындағы жаңа құрылыс ауданында газ құбырын жүргізу құрылысы басталды.

Мұнымен қатар, селолық округте 4 жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді, Қызылжар-1,2 ауылдарындағы жаңа құрылыс аудандарына жол салу жұмыстары басталды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында оқу орындары аумағында жалпы көлемі 10,8 миллион теңгеге 4 балалар ойын алаңы салынды.

Жыл ішінде 30 жұмыссыз қоғамдық-ақылы жұмысқа тартылды, 8 адам жастар тәжірибесінен өтті, оның үшеуі тұрақты жұмысқа орналасты.

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 28 тұрғын шағын несиеге өтініш берген еді, бүгінгі күні соның 13-і өз істерін ашты.

Қолма-қол ақшаны бақылау шоты қаржысының жұмсалуы бойынша жергілікті қоғамдастық мүшелерінің қатысуымен 6 жиналыс өтті. Сол жиындардың шешімдері бойынша 23 көшені жарықтандыру, аншлагтарды қайта жобалау, аялдама павильондарын орнату, басқа да жұмыстар жүргізілді.

Есепті кезең ішінде ауылдық округ әкімдігінде құжат айналымы 1181 бірлік құрады, оның ішінде 27 жеке тұлғадан өтініш түсті. Барлық хаттар бойынша иелеріне уақытында жауап берілді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button