Басты жаңалықтарСпорт

Армысың Универсиада!

28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда ХХVІІІ қысқы Универсиада өтеді.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) 2017 жылғы қысқы Универсиаданы Алматыда өткізу туралы  ресми шешімі 2011 жылы 29 қарашада қабылданды. Қазақстан, бұрынғы КСРО елдері арасында, қысқы Универсиаданы бірінші болып өткізгелі отыр. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеуде, 2013 жылы Қазан қаласында жазғы Универсиада өткен.

Жалпы, студенттер арасындағы ең алғашқы халықаралық жарыс 1905 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған. 1923 жылы Парижде алғашқы Дүниежүзілік студенттер ойындары өтті. 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен Ойындардан бастап студенттер арасындағы Дүниежүзілік спорттық жарыстарға Универсиада атауы берілді.

Тәуелсіз қазақ елінің жастары Универсиадаларға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар арасында жарыстарға 700 спортшы қатысқан, ал олар жеңіп алған 125 медальдің 44-і — қысқы Универсиадаларда қоржынға түскен жүлделер.

«Медеу» және жаңа нысандар

Универсиада, әзірге, тәуелсіз ел тарихындағы ең ірі мультиспорттық жарыс болмақ. Бұған дейін 2011 жылы елімізде VІІ қысқы Азия ойындары өтті. Сол жолы Қазақстан құрамасы 70 жүлде, оның ішінде 32 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық І орынды иеленген болатын. Сонымен қатар, бір елдің 32 алтын жүлде жеңіп алуы Азия ойындарында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелді.

Биылғы Универсиадада, негізінен, 2011 жылы Азиада үшін салынған құрылыстар пайдаланылады. Әрине, жаңа ғимараттар да салынды: мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өтетін «Алматы Арена» мұз сарайы, «Халық Арена» (шайбалы хоккей) мұз айдыны, т.б. «Алматы Арена» мұз сарайындағы жарыстарды бір мезетте 12 мың көрермен тамашалай алады, ал бір жыл ішінде 600 мың адамға дейін көрермен тартуға болады. Бұл — көпсалалы кешен, мұнда мұз үстіндегі жарыстардан бөлек, волейбол, баскетбол, мини-футбол ойындарын өткізуге, сондай-ақ концерттер ұйымдастыруға да болады.

Спортшыларға арналған деревня 5 мың тұрғынды қабылдай алады. Универсиадаға қатысатын спортшылар, шетелдік журналистер, қонақтар мұнда 24 қаңтардан келе бастайды. Тұрғындарға арналған әрқайсысы 14 қабатты 14 ғимарат пен 3 қызмет көрсету блогы, әкімшілік орталық, т.б. ғимараттар, архитектор қиялы бойынша, қазақ жеріндегі жартастардан табылған көне суреттердегі Күн адамының бейнесіне сай орналастырылған. Болашақта бұл қалашық Студенттер қалашығы атанып, Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан студент жастар игілігіне берілмек. Бұл нысан о бастан-ақ «Студенттік баспана» бағдарламасына енгізілген.

Жарыстар өтетін спорттық нысандар тізімінде, сондай-ақ, әйгілі «Медеу» мұз айдыны (конькимен жүгіру спорты), Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы (шайбалы хоккейден әйелдер командалары және шорт-трек), «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты (тау шаңғысы, фристайл және сноуборд), «Сұңқар» шаңғымен трамплиннен секіру кешені (шаңғымен трамплиннен секіру, қоссайыс), «Алатау» шаңғы-биатлон кешені (биатлон, шаңғы жарыстары), «Табаған» кешені (шаңғы жарыстары) бар.

Универсиадаға арналған жаңа нысандарды қазақстандық компаниялар тұрғызды. Құрылыстар кезінде 4200 адам жұмысқа тартылған.

 Спортшылар және спорт түрлері

Жарыстар спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Оның сегізі — FISU талабы бойынша Универсиада бағдарламасында міндетті түрде болуы тиіс спорт түрлері. Бұлар — мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарыстары, шайбалы хоккей, керлинг. Сонымен бірге, жарысты ұйымдастырушы ел бағдарламаға спорттың тағы төрт түрін қосу құқығына ие, осыны пайдалана отырып, қазақстандық тарап шаңғымен трамплиннен секіру, конькимен жүгіру, шаңғы қоссайысы және фристайлды бағдарламаға енгізді. Әр спорт түрі бойынша бірнеше медаль жиынтығы сарапқа салынады. Мысалы, тау шаңғысынан ерлер мен әйелдер арасында супер комбинация, супер гигант, гиганттық слалом, слалом дисциплиналары бойынша жеке-жеке жарыстар, сондай-ақ, командалық сайыстар өтеді. Ал шорт тректен ерлер мен әйелдер арасында үш түрлі қашықтықта сайыстар және эстафеталық жарыстар өтеді.

Ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары бірқатар спорт түрінен Универсиадаға елімізден кімдердің қатысатынын хабарлады (оларды бұрын жазғандықтан, қайталамауды жөн көрдік). Командалар әлі жасақталып жатыр. Біз өз спортшыларымыздан мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы, биатлон, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей және фристайл секілді спорт түрлері бойынша жүлделер күтеміз. Ал біздің өңір атынан Универсиадаға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Мария Сизова қатысады. Мария — конькимен жүгіру спортынан ұлттық құрама мүшесі.

Жалпы, ұйымдастырушылар есебі бойынша, бұл жарысқа 2000-нан астам спортшы қатысады. Универсиадаға 17 мен 28 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады. Қай спортшы үшін де Универсиада жүлдесі — үлкен жетістік. Универсиада жеңімпаздары кейіннен Олимпиадада, әлем чемпионаттарында топ жарады. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ, өз спортшыларымызды айтсақ: Ольга Рыпакова 2007 жылы Бангкокта (Таиланд) өткен Универсиадада чемпион атанса, ал Дмитрий Баландин 2015 жылы Кванджуде (Оңтүстік Корея) өткен Универсиадада алтын жүлдеге ие болған еді.

Универсиада аясындағы жарыстарды 80 елдің телеарналары таратады. Оларды 1 миллиард шамасында көрермен тамашалай алады.

2017 жылғы қысқы Универсиада алауы 25 қаңтарда Астанадағы Назарбаев Университетінде жағылады. Алау эстафетасы еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп, Алматыда тоғысатын болады.

Облыстық спорт басқармасынан білгеніміздей, Ақтөбеде алау эстафетасы 27 қаңтарда өтеді. Эстафетаға 60 адам қатысады. Бүгінгі күні олардың 45-інің аты-жөндері белгілі. Әрқайсысы алауды 200 метр қашықтыққа алып жүгіреді, ал эстафета 12 шақырымға созылады.

 Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button