Облыс әкімі ақтөбеліктерді жаңа жылмен құттықтады

Ауа райының қолайсыздығына, қарлы боранға қарамастан Жаңа жылды ақтөбеліктер мен қала қонақтары Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта қарсы алды. Халықтың қуанышымен бөлісуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов келді.
Облыс басшысы жиналған жұртшылықпен бірге қаланың және облыстың шығармашылық ұжымдарының мерекелік шоу-бағдарламасын, «Қош келдің, Жаңа жылым!» театрландырылған қойылымын тамашалап, үлкен экраннан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық ізгі тілегін тыңдады.
Бұдан кейін ақтөбеліктерді өңір әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
— Бүгін тарихтың тағы бір бетін аштық. Елбасы атап өткендей, ел дамуының жаңа 25 жылдық кезеңіне қадам бастық.
Өткен, Мешін жылы еліміз үшін берекелі жыл болды. Елімізде ел абыройын асқақтатар көптеген маңызды шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұның бәрі — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.
Елдің ынтымақ-бірлігінің нәтижесінде, әлі талай толағай табыстарға, жетістіктерге қол жеткізетініміз анық. Бұл жыл да еліміз үшін мерейлі жыл болсын. Бауырымыз бүтін, ырыс-несібеміз мол болсын, — деді өңір әкімі.
Бұдан кейін мерекелік шара жаңажылдық отшашуға ұласты.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




