Тәуелсіздіктің 25 жылдығы

Нұржанат «Алтын микрофонды» жеңіп алды

Ақтөбеде халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы қоғамдық қоры мен «Жас ұрпақ» орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Алтын микрофон» атты І республикалық таланттар байқауы өтті.

Байқауға Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және біздің Ақтөбе өңірінен келген 30-ға жуық өнерпаз қатысты. Өнерпаздардың дені ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай туған жер, Қазақстан, Отан туралы патриоттық әндер орындады.

«Алтын микрофонның» бас жүлдесін Шалқар ауданы, Бершүгір стансасы, Бершүгір орта мектебінің 7-сынып оқушысы Нұржанат Айтбекова жеңіп алды.

— Бас жүлде алғаныма өте қуаныштымын.  Бұл — менің үлкен жарыстағы алғашқы жеңісім. Байқауда «Менің қазағым» әнін орындадым. Ең әуелі ата-анама алғыс айтамын. Сосын қай кезде де жарыстарға барарда қолдап отыратын мектебіміздің директоры Сырлыбай Оразаевқа, қасымда жүріп, мені қолдап әрі осы байқауға даярлаған жеңешем Бибізадаға рақмет. Мектепке барғаннан ән айтып жүрмін. Өскенде Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова секілді танымал әнші болғым келеді, — дейді Нұржанат.

Әдемілікті, шығармашылықты жаны сүйетін Нұржанаттың мектепішілік, аудандық жарыстарға қатысып, жалпы ән айтуына мектебіндегі музыка пәнінің мұғалімі Базаргүл Бөлебаева мен Бершүгір ауылдық клубының жетекшісі Тоғжан Жарымбетованың да ықпалы зор. Балғын өнерпаз тек ән айтып қана қоймайды, қолы қалт ете қалса, бисер тоқиды. Ал ата-анасы Ұлықпан мен Сарқыт екі ұлдың ортасында еркелетіп, үкілеп отырған Нұржанаттың болашағының жарқын болып, әрі оның «өнер биігін бағындырам» деген мақсатына жетуін тілейді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button