ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

«Тәуелсіздік жемісі — біздің оқу ордамыз»

 М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және осы оқу орнының 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жемісі — біздің оқу ордамыз» атты мерекелік кеш өтті.

Әнұран шырқалған соң, аталған институт бастығы, полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Сәлімгерей Каракүшов оқу орны тарихына шолу жасап, оқу ордасының негізін қалауға атсалысқан, кезінде бірінші басшысы болған Кеңес Бейсебаевқа, профессорлық-оқытушылар құрамына және әрдайым қолдау көрсетіп отырған жергілікті билік өкілдеріне алғысын жеткізді.

Кешке облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қатысып, жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және оқу ордасының 20 жылдығымен құттықтап, одан соң Елбасы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25» мерекелік медалін оқу орны қызметкерлері — Дастан Дәулетияровқа, Бекмырза Есмағамбетовке және Альфия Саттароваға табыстады.

Одан соң сахнаға ҚР ІІМ кадр жұмысы департаментінің бастығы, полиция полковнигі Алтынғали Әбдіғалиев шығып, ақтөбелік әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, марапаттау рәсіміне көшті. Мұнда майор Алмат Салимов мерзімінен бұрын подполковник шеніне, Ербол Жұмағазин «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне, Айнагүл Тайшыбаева төсбелгіге ие болды. Сондай-ақ, Сандуғаш Назарбаева мен Жанат Есмамбетова ҚР ІІМ-нің Мақтау қағаздарымен және Асқар Байғазин ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен марапатталды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, ҚР ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаевтар да құттықтау сөздерін арнады.

Осыдан жиырма жыл бұрын ҚР ІІМ-нің Қостанай жоғарғы мектебінің филиалы болып құрылған оқу ордасы қазір Батыс өңіріндегі жоғары білікті құқық қорғау саласының қызметкерін даярлайтын бірегей оқу орнына айналып үлгерді. Филиал кезінде бірінші басшы болған заң ғылымдарының кандидаты, полковник Кеңес Бейсебаев өз сөзінде оқу ордасының құрылған кезінде қиындықтар болғанын, қазір бәрі артта қалғанын, әр жылдары облыс басшылығы мен ішкі істер министрлігі демеп, қолдау жасап отырғанын әңгімелеп, қазіргі таңда еліміздің құқық қорғау саласына білікті мамандар даярлайтын Батыстағы бірегей оқу ордасына айналғанына қуанатынын жеткізді. Оның сөзін ҚР ІІМ Қостанай жоғарғы мектебінің бастығы болған милиция генерал-майоры Талап Қабденов жалғастырып, ақтөбелік әріптестерін құттықтап, игі тілегін жеткізді. Институт бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бағдар Әбуов Кеңес Бейсебаев пен Талап Қабденовтің әрқайсысына институт атынан теледидар табыстады. Марапаттау рәсімі институт бастығы Сәлімгерей Қаракүшовтің оқу орны курсанттары арасындағы Тәуелсіздік құрдастарын, атап айтсақ, Нұржан Елжанов, Аслан Ақылбеков, Шолпан Дүлділова, Хамза Сағындық және Мейрамбек Сүгірбаевқа сыйлықтар табыстаумен түйінделді. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button