Ақтөбеде 60 мұз айдыны ашылады
Қыс басталса, қала тұрғындары мұз айдындарына барып, коньки тебуге құштар. Осы орайда ақтөбеліктер қандай орындарға барып жүр?
Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, қазір Ақтөбеде 40-тан астам мұз айдыны жұмыстарын бастады. Оның 5-еуі хоккей қорапшасымен қоршалыпты. Ал биылғы қыс айларында барлығы 60 мұз айдынын ашу жоспарланған.
— Ақтөбеде мұз айдындары мектептердің аулаларында, селолық округтерде бар. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер де қысқы уақытты тиімді пайдалануға өз үлестерін қосып, мұз айдындарын құйып, қала тұрғындарын қуантып отыр. Орталық саябақта конькиді 300 теңгеге жалға алуға болады. Жалпы, мұз айдындарының көпшілігі футбол алаңдарына жасалды. Ауа райына байланысты жылдың соңына дейін барлық 60 мұз айдынын іске қосуға тырысамыз — дейді Евгений Гончаров.
Жақында «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығының аумағы арқылы өтетін Сазды өзенінің үстінен мұз айдыны және Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта хоккей алаңы ашылып, қала тұрғындары қуанышқа бөленуде. Сондай-ақ саябақта балаларға арналған екі мұз сырғанақтары салынуда. Мұндағы хоккей мұз айдыны барлық замануи талаптарға сай салынған. Арнайы аяқ киім ауыстыратын және тамақтануға арналған жеке-жеке орындары бар. Мұз айдыны таңертеңгі он бірден кешкі он бірге дейін қызмет көрсетеді. Сондықтан мұнда ағылатын көпшіліктің қарасы көп.
Сондай-ақ ақтөбеліктер, «Ферро» спорт клубында, А.Пушкин атындағы саябақта, «Грин Лэнд» демалыс базасында мұз айдындарына бара алады.
Қысқы демалыс кезінде мұнда келушілердің саны көбейеді. Ал аяз күндері сырғанаушылардың саны азаяды. Балалар ата-аналарымен бірге келіп, коньки тебеді.
Ал шайба қуып, хоккей ойнағысы келетіндер қорапшасы бар айдындарға бара алады. Бүгінгі таңда Алға, Шалқар, Хромтау аудандарында да хоккей алаңдары ашылды. Жазда бұл қорапшалардың ішіне жасанды көгал төселіп, балалар футбол алаңына айналады екен.
Қаладағы Орталық саябақта сырғанап жүргендердің кейбірін әңгімеге тарттық. Мұнда халық кешкі уақыттардан бастап көп жиналады екен.
Шынар Ерболатқызы, оқушы:
— Кішкентайымда конькиге әкем қызықтырды. Ең алғаш коньки киіп, мұз үстінде нық тұруды үйреткен де әкем. Спортты бала күнімнен жақсы көремін. Қыста, әрине, достарыммен бірге айдынға барып, коньки тепкенді ұнатамын.
Асылзат Өтепбаева, қала тұрғыны:
—Жыл сайын қыста осында келіп коньки тебеміз. Бүгін екі баламмен серуендеуге шықтық. Ұлдарыма өте ұнайды. Қазір ауа райы жақсы. Сондықтан өз денсаулығымыз үшін спортпен шұғылдануымыз керек. Әрі қаламызда мұз айдындарының саны артып келеді.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.