Басты жаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Толымды тартулар

Тәуелсіздік күніне лайықты тарту жасауды парыз санаған қобдалықтар бір жағынан биылғы жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылауға да ұмтылуда. Өткен сәрсенбі күні ауданға келген облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев пен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Макроэкономика және болжау департаментінің директоры Дастан Өмірбаев бірқатар игі істердің куәсі болды.

— Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ауданымыздың ширек ғасыр ішіндегі экономикалық-әлеуметтік дамуын сараптағанбыз. Бұл тұрғыдан қарағанда әлеуметтік мәселелер жүйелі түрде шешіле бастағаны қуантады. Мәселен, осы кезеңде алты жаңа мектеп ғимараты салынып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жиырма мектеп күрделі жөндеуден өтті. Кейінгі он төрт жыл ішінде ғана ауылдық жерлерде жиырма балабақша ашылды. Он үш білім беру мекемелері газ желісіне қосылды. Жеті жыл ішінде алты дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді, — деп аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет бізге қысқаша баяндап берді.

Қобданың қымызы

Жас кезінен жылқы десе жанын беретін Жәнібек Әнішов осы шаруаның соңына түскен соң қаладағы жайлы тірлігін тастап, ауылға — Егіндібұлаққа көшіп келіпті. Оның ең сүйікті ісі — ат баптау, жарату, бәйгеге қосу.

Атбегілік те өнер. Жәнібектің жүйріктері талай бәйгеге қатысты. Жүлделердің де талайына ие болды. Бірақ ол үшін ең бастысы — ат оздыру. Дегенмен, алған жүлделері туралы сұрауға тура келді. Басқасын айтпағанда, оның сәйгүліктері иесіне он алты жеңіл көлік мінгізіпті.

«Тайбурыл» шаруа қожалығының жетекшісі кейнгі кезде қымыз дайындаумен шұғылдана бастапты. «Құлан» бағдарламасына қатысып, мал басын көбейткен кәсіпкер енді өз қаражатына, яғни бір жарым миллион теңгеге Ресейден қымыз ашытатын, дайындап бөтелкелерге құятын құрал-жабдықтар сатып алыпты.

Бастапқы кезде шамамен 100 литр қымыз өндірілмекші. Мұнда қымыз дайындаудың өзіндік технологиясы ойластырылған. Электрмен жұмыс істейтін екі үлкен саба іске қосылуға әзір тұр. Жәнібектің мақсаты — «Қобданың қымызы» деген атаққа ие болатын ерекше өнім шығаруға қол жеткізу.

Сонымен, қымыз өндіру цехы таяу маңда жұмыс істей бастайтын болады.

Геннадийдің өз шаңырағы бар

Қобда селосының бір бүйірінен созыла салынған бірыңғай жаңа үйлер алыстан қарағанда ірі қалалардағы шағын ауданды елестетеді. Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осы үйлердің бірінен отбасылық үлгідегі балалар үйінің  тәрбиеленушісі Геннадий Мыц үш бөлмелі, оты-суы ішіне келіп тұрған пәтерге ие болды.

Қобдадағы көп профильді колледжде газ электр дәнекерлеушісі мамандығына оқып жатқан жаңа қожайын өзінің екі бауырымен бірлесіп, үйлерін шама-шарқынша жасандыруға кірісіпті. Дегенмен, қазақта «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» деген сөз бар.

Сондықтан жергілікті билік өкілдері бұл күні Геннадийдің шаңырағына үй жиһазын,  тұрмыстық техникаларды, ыдыс-аяқтар жинағын сыйға тартты.

— Геннадий — талапты жас, жақсы білім алып жатыр, біз оның болашағына сенеміз. Өзіміздің ұжым тарапынан да оған қамқорлық жасап тұрамыз, — дейді ол білім алатын колледж директоры Әділбек Қорғанбаев.

Геннадийдің апасы Алена қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Ақтөбе университетінің дене тәрбиесі факультеті бойынша мамандық алып шыққан. Бүгінде қаладағы №20 мектепте сабақ береді, жас ұстаз.

Ал бұлардың кішісі Женя Қобдадағы қазақ мектебінде оқиды. Домбыра тартады, әдеби кітаптарды оқуға құштар екен. «Сабағың қалай?» деген сұраққа «әзірге төрт!» деп жауап берді. Біздер оның болашақта одан да жақсы оқитынына, үлкен азамат болатынына сендік.

«НұрАй» шағын маркеті

Мереке қарсаңында тұрғындарға есігін ашқан «НұрАй» шағын маркеті селоның орталық тұсында емес, бір бүйіріне таман қоныс теуіпті. Кәсіпкер Шәмшия Айжарықова әдетте мұндай сауда орындарының көбінесе жұртшылық көп жүретін тұстарда болатынын айтып, ал бұл жолы өз таңдауы басқаша болуы себебін былайша түсіндірді: «Ең бастысы — халыққа сапалы қызмет көрсету, сосын көпшілікке қолжетімді баға болуын ойластыру. Сонда біздің өнімімізге, яғни қызметімізге сұраныс болады деп ойлаймын».

Шағын маркетте күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік өнімдерінің қай түрі де жеткілікті екені көрініп тұр. Заттар сөрелерге тұтынушылардың қарауына, таңдауына лайықталып орналастырылған. Есептесу жүйесі де тиімді ойластырылған.

Бір кездері селоның әуежай жақ беті деп аталған шалғайлау өңірдің тұрғындары енді азық-түлік алу үшін орталыққа қарай сабылмайды. Бағасы да қонымды, қызметі де жайлы дүкен қызметкерлері оларға сапалы қызмет көрсетеміз деп отыр.

«Ольтаның» тұшпарасы

Ауданға газ желісінің жеткізіліп, ауызсу мәселесінің оңды шешілуі кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға мүмкіндік туғызды. Мұны енді ғана іске кіріскен «Ольта» тұшпара цехының тірлігінен де анық байқайсыз. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Заря» асханасының ғимаратынан орын алған бұл шағын кәсіпорында қазіргі уақытта жеті адам жұмыс істейді.

Цех басшысы Юрий Ольтаның айтуына қарағанда, қазір өнімнің он шақты түрі шығарылуда. Оның ішінде тұшпараға сұраныс көбірек көрінеді. Алдағы уақытта кәсіпшілікті кеңейту, жайма, кеспе цехтарын ашу, шұжық өңдеу саласын жетілдіру көзделуде. Ал жұмыс істейтіндер саны таяу уақытта он бес адамға жеткізілмекші.

Жергілікті билік тарапынан кәсіпкерге қолдау жасалып отырғаны да айтылды. Оның өз жұмысын жан-жақты жүргізуі үшін қажетті жер телімі бөлінген.

— Ауданда мал шаруашылығы жақсы дамып отырғаны белгілі. Оның өнімдерін өңдеу, тұтынушыларға ет өнімдерін мол ассортиментпен ұсыну тиімді. Сондықтан өндірісті кеңейткен жөн. Сіздердің өнімдеріңізге сұраныстың көп болатыны қазірдің өзінде белгілі болып тұр, — деп облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев кәсіпкердің жаңа бастаған ісіне сәттілік тіледі.

Спортқа құштар өрендер

Жаңа жыл қарсаңында екі жерде — Қобда қазақ орта мектебі және Талдысай орта мектебі жанынан жаңа спорт алаңдары ашылды.

«Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша барлығы 14 миллион теңгеге іске қосылған бұл нысандар оқушылардың алаңда футбол, баскетбол ойнауына мүмкіндік береді. Басты мақсат — жастар мен балаларды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Ауданда спортты дамытуға жақсы көзқарас қалыптасқандығының бір айғағы — осы күндерде Қобда селосындағы спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып дзюдодан республикалық жарыс өткізіліп жатты. Оған өзіміздің аудандардан, сондай-ақ көршілес облыстардан онға жуық команда қатысты. Жергілікті дзюдошылар намысты қолдан бермеуге ұмтылып жатты.

Кілем үстіндегі сайысты тамашалаған қобдалық балғындардың арасынан да күні ертең қалың елге танымал спортшылар шықпасына кім кепіл?!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қобда ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button