Тәуелсіздіктің 25 жылдығы

«Мәңгілік ел» стелласы ашылды

Ауданда Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы «Мәңгілік Ел» стелласының ашылу рәсімімен басталды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева стелланың кейінгі жастарға Тәуелсіздіктің 25 жылдығынан естелік болып қаларын айтып, жобаны жасаған ауыл азаматы Мұрат Бақтыгереевке село тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Жоба авторы өз туындысын таныстырды. «Жобамда төрт жаққа қараған төрт тұлпарды бейнеледім. Ортасында төрт найзаның ұшы көкке көтеріледі. Бұл — ата- бабаларымыздың жерімізді ер қанаты тұлпардың күшімен, найзаның ұшымен қорғап, Тәуелсіздік жолында күрескенін білдіреді», — деді ол.

Мерекелік шаралар орталық саябақта жалғасты. Үздік сала мамандарына құрмет көрсетілді. Ауыл ақсақалы  Жалғас Мусинге облыс әкімінің Алғыс хатымен қоса,  «Аудан әкімінің көмекшісі» куәлігі табысталды. «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісі аудандық орталық кітапхананың директоры Ақмарал Наурызованың омырауына тағылды. Сол сияқты, бір топ маман облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Тарихи күннің тағы бір жаңалығы — ауданымызда сәби дүние есігін ашты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құрдас нәрестені көру үшін аудан басшылары перзентханаға барып, Анкуловтар отбасына шекесі торсықтай ұл сыйлаған жас ананы құттықтап, мерекелік сыйлық ұсынды.

Мереке күні аудандық Ойыл балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан аудандық турнирдің ашылуы болды. Бұл күні Ойылдағы мұз айдынында да мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатты.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button