Басты жаңалықтарМереке

25 жылда облыс халқының саны 15 пайызға көбейіп, қазақтың үлесі 81 пайызға жетті

1989 жылғы санақ бойынша Ақтөбе облысы тұрғындарының 55, 6 пайызы ғана қазақтар еді. Ал бүгінгі күні облыс халқының 81 пайызы — қазақ. 1989 жылы облыс орталығы Ақтөбе қаласы тұрғындарының 32,7 пайызы ғана қазақтар болатын. Қазір бұл көрсеткіш 75,7 пайызға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстарымыздың бірі, міне, осы: қазақтың, мемлекет құраушы ұлттың өз жерінде көпшілікке айналуы…

Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда жергілікті ұлттың, яғни қазақтардың үлесі небәрі 40 пайыз ғана еді. Қазақстан — КСРО-дағы 15 республиканың ішінде жергілікті халқының саны басқалардан аз болған бірден-бір республика болды. «Біз тәуелсіздік жариялағанда, Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. 40 пайыз! Басқалар: «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» — деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық» — деп Елбасы атап өткендей, өз жеріндегі үлесі тұрғындардың жартысын да құрамайтын халықтың тәуелсіздікке қол жеткізуі адамзат тарихында сирек кездесетін оқиғалар қатарынан болса керек.

Иә, біздің жағдайымыз КСРО-дағы басқа ұлттардың жағдайымен салыстыруға келмейтін еді. Алдымен 1861 жылғы реформадан кейінгі аграрлық дағдарыстың шиеленісуін орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру арқылы шешпекші болған патшалық Ресейдің, кейіннен «Қазақстан — ұлттар достығының лабороториясы» деген ұранды ту еткен қызыл империяның саясаты салдарынан, қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. 1897 жылы жүргізілген алғашқы халық санағының қорытындысы бойынша, Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар өз жерінде 71,9 пайызды құраған екен. Одан әрі қазақтардың үлесі бірте-бірте азайып, 1926 жылғы санақта барлық Қазақстан тұрғындарының 58,52 пайызын құрапты. Міне, осы 1926 жылғы санақтан кейін, Тәуелсіздікке дейінгі аралықта жүргізілген санақтардың ешқайсысында да қазақтардың үлесі Қазақстан халқының жартысынан астамын құрамапты. 1959 жылғы көрсеткіш — 30 пайыз. Осы отыз пайыздық көрсеткіш 70-жылдардың ішінен аз да болса өсе бастап, 1989 жылы 40,1 пайызға жетті. 1926 жыл мен 1989 жылдың аралығында Қазақстан халқының саны 2,7 есе, яғни 6 миллион адамнан 16,5 миллион адамға дейін өскен. Оның ішінде, 1926 жылы 3,5 миллион болған қазақтардың саны 1989 жылы 6,7 миллионға жеткен, яғни 2,7 есе деген көрсеткіштің жергілікті ұлтқа қатысы болмады, қазақтардың өсімі 1,8 есе ғана еді.

Ал нақ осы аралықта Қырғызстан халқы 4 есе өскен, 1989 жылы қырғыздар өз еліндегі халықтың 64,8 пайызын құраған екен. Өзбекстан халқы бұл аралықта 4,3 есе өсіп, өзбектер санының өз республикасындағы үлесі 82,9 пайызын құраған. Тәжікстан халқы 1926 жыл мен 1989 жылдың аралығында бес есе өскен, ал тәжіктер барлық халықтың 62,3 пайызын құрапты.

Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдар демографиялық тұрғыдан сәтті болмады, 1991 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 16,8 миллион болса, он жылдан кейін 14,8 миллионға дейін азайды. Демограф Мақаш Тәтімовтің деректеріне сай, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан аумағынан 3 миллионнан астам адам, яғни басқа ұлт өкілдері өз тарихи отандарына көшіп кеткен. Ал қазақ еліне сырттан көшіп келген қандастарымыздың саны 1991-2011 жылдар аралығында 1 миллион адамды құраған. Көріп отырғанымыздай, келгендер кеткендердің орнын толтыра алмады. Соған қарамастан, соңғы 15 жылдың ішінде Қазақстан халқының саны үш миллион адамға өсті. Деректер бойынша, биылғы мамырда Қазақстан халқының саны 17,8 миллионға жетті. Осы көрсеткішке табиғи өсім арқылы жетіп отырмыз. Бүгінгі күні елімізде табиғи өсім көрсеткіші — 17,74 промилле. Қайтыс болғандар саны 1000 адамға шаққанда — 7,65 болса, туғандар саны 22,29 екен. Ең атап өтетін жайт, ел халқының өсімінде қазақтардың үлесі 97 пайыз екен! Тәуелсіздікке дейін ұлт демографтары мұндайды армандай да алмайтыны анық. Елімізде көпбалалы отбасылар саны, 2006 жылмен салыстырғанда, 20 пайызға артқан, ал «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие аналар қатары екі есе көбейген.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші де артты. Егер 1991 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болса, қазір — 72 жас. Ана өлiмi 5 есе, бала өлiмi 3 есеге азайған. ҚР Үкіметі денсаулық сақтау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарта түсуді көздеп отыр.

Демографиямызға қатысты биылғы тағы бір үлкен жаңалық — Астанамыздың миллион адам тұратын қалалар қатарына қосылуы болды. Елорданың миллионыншы тұрғыны — Мұхамедияровтар отбасында дүниеге келген кішкентай қыз бала. Бұл жөнінде сүйінші хабар Астана күні қарсаңында таратылған еді.

Демографтардың айтуынша, қазақтың саны 67 миллионға жеткенде, Ұлы Дала қауіпсіздігі сенімді болады екен. Қазір бұл тым алыс меже секілді көрінгенмен, үмітсіз емеспіз… Жалпы, Қазақстан халық саны жөнінен, қазіргі күні әлем мемлекеттері арасында 61-орынды иемденіп отыр. Бірақ, жеріміздің кеңдігі әрі дүниежүзіндегі тұрғындары ең көп саналатын Азия құрлығында орналасуымыз демографиялық көрсеткіштерімізді әлі де жақсарта түсуді талап етеді. Қазақстанда халықтың тығыздығы көрсеткіші — әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бізде әр шаршы шақырымға, орта есеппен, 6,5 адамнан келеді. Бұрын да айтып өткеніміздей, кей өңірлерде бұл көрсеткіш тіпті бір адамға да жетпейді. Мысалы, біздің облысымыздағы Байғанин ауданында халықтың орташа тығыздығы көрсеткіші — 0,38.

Облысымызға келсек, әрине, бүкіл еліміздегі секілді, біздің өңірде де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрғындар саны күрт азайды.1989 жылы өңір тұрғындарының саны 732, 7 мың адамды құраса, 1999 жылғы санақта бұл көрсеткіш 682,5 мың адам болды. Демографиялық құлдырау 2002 жылға дейін жалғасты. Осы жылы облыста 668,2 мың адам тұрған. Ал бүгінде облыс халқының саны 840 мың адамға жетті. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға көп.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1.  Алда келе жатқан 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Тәуелсіздік Қазақ халқына Алла тағаланың берген құдіреттің сыйы! Тәуелсіздік  ғасырларға созылған ата – баба қанды жорығының, дабылды – дуылды күресінің заңды жалғасы. Жатса түсінен, тұрса есінен бір сәт кетпеген бабалардың ғасырлық арманы еді. Тереңнен ойлап, тебірене толғасақ халқымыздың барша тарихы осы тәуелсіздік үшін, елдік үшін, халықтың бас бостандығы үшін күрес еді.
    Мəңгілік Қазақ елінде қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орнасын!
    Ел аман,
    Жұрт тыныш болсын!
    Əумин!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button