Экономика

Жыл соңы: белестер

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе».

Әлемдік қаржылық дағдарыстың қаншаға созылатынын осы саланың небір белгілі мамандары да тап басып айта  алмай отыр. Бір нәрсе ақиқат —  экономиканың негізгі заңдылықтарына сәйкес өркендеу, қарқынды даму және тоқырау, құлдырау процестері экономикада қайталанып тұратын құбылыс. Мұны әлемдік дәрежеде болжаудың қиындығы да осында сияқты. Дегенмен, сол әлемдік ортақ дағдарыстан Қазақстан экономикасының көп  зардап шекпей, өзінше дамып келе жатқаны және рас. Бұған  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған сара саясатының арқасында жетіп отырғанымызды әлем саясатшылары бірауыздан мойындап отыр.

Елдің экономикасын негізінен аймақтар құрайды десек, соның сүбелісі біздің облыстың еншісіне тиеді.Оған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан алынған мына деректер айғақ. Облыс экономикасының соңғы жылдардағы даму қарқынын 2004-2008 жылдардағы көрсеткіштер сипаттай алады. Осы кезең ішінде жалпы өндірістік өнім 3,2 есе, өнеркәсіп 2,8 есе, инвестиция 2 есе, салық түсімдері 3,7 есе өсті. Индустриялық-инновациялық стратегияға байланысты облыста 350 жоба жүзеге асты. Оның жалпы құны 470 млрд. теңге құрады. Тек осының негізінде 16 мың жұмыс орны ашылды. Тау-кен мыс, хром, құрылыс, темір жол, тас жол, газ, мұнай құбыры, электр қуаты, әуежай инфрақұрылымдары нығайды. Шағын  бизнес нысандары іске қосылды. Ауылдарда 27 мектеп, 53 денсаулық сақтау, 26 мәдениет, 44 су жүйесі құрылыстары салынды. Ондаған ауылға газ барды және Ақтөбе-Мәртөк газ құбыры тартылды.

Міне, осы құрылған экономикалық әлеует өткен жылғы әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң бағыттарын сақтауға мүмкіндік берді. Аймақтың былтырғы, биылғы өндірістік даму деректеріне көз салсақ, облысқа дағдарыстың әсері болмады десе де болады. Мәселен, 2008 жылғы қараша, желтоқсан айларында әлем рыноктарында мұнай мен металға бағаның төмендеуіне қарамастан, өнеркәсіп өнімі өндірісінің нақты көлемі елеусіз төмендеді. Негізгі капиталға салынған салымдар, бюджет кірістері молайды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 35 пайыз, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 10,3 пайыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,1 пайыз, мемлекеттік бюджетке түскен салық пен басқа да төлемдердің жалпы көлемі 49,1 пайыз, жергілікті бюджет кірістері 36,8 пайыз өсті. Облыстың сыртқы сауда айналымы 36,2 пайыз ұлғайып, 9,7 млрд. АҚШ долларын құрады.

Экономиканың нығайып, бюджетке түскен кірістердің өсуі тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Алдыңғы жылы жалпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 7920 АҚШ долларына тең болса, өткен жылы бұл 10200 доллар құрады.

Осылайша негіз қалай отырып, облыс әкімдігі әлемдік дағдарыстың жағымсыз әсерін төмендетуге және болашақта сапалы экономикалық өсуге қол жеткізуге бағытталған жұмыстарды биыл да жалғастырды.

Жыл басында еліміздің Үкіметі экономикалық және қаржылық секторын тұрақтандырудың 2009-2010 жылдарға арналған іс-шараларының жоспарын бес бағыт бойынша әзірлеп, бекіткені белгілі. Осыған байланысты біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ету жоспары облыстық мәслихаттың биылғы жылдың 13 наурызында өткен он төртінші сессиясында қабылданды. Сонымен бірге, облыста Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға бағытталған нақты жұмыстар жүрді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау көзделді. Бұған қоса, дағдарыстан кейінгі дамудың тұрақтылығы үшін жағдай жасау жұмыстары жүргізілді. Елбасы тапсырмасына байланысты 46 іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуын бақылауды көздейтін штаб құрылды.

Әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан облыстың негізгі экспорттық тауарларына сұраныстың төмендеуі мен бағаның түсуіне байланысты тың шешімдер қабылдау қажет болды. Сондықтан облыста өнеркәсіп саласында облыстың жүйе құраушы және басқа ірі кәсіпорындарымен, өндірістің қол жеткен көлемін сақтау, аймақта өндірілген өнімді өткізудің жаңа рыноктарын іздеу, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, кадр әлеуетін сақтау бойынша жұмыстар жүзеге асырылды. Соның бір шарасы — облыс әкімінде өткен 21 кәсіпорын басшыларымен өндіріс көлемін сақтау жөнінде болған келісім. Осы бағытта ай сайын тапсырмалар беріліп, оның жай-күйі туралы мониторинг жүргізілді. Аталған жұмыстардың негізінде 38 меморандум қабылданып, 4485 келісім-шарт жасалды. Мұның алғашқысы — 125,3 млрд. теңені, екіншісі — 180 млрд. теңгені  жинақтайды.

Жұмысшылардың еңбек құқықтарын және кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы 630 меморандум жасалды. Жедел жүргізілген осындай шаралардың нәтижесінде еңбек нарығындағы қалыптасқан тұрақты жағдай сақталды. Осылардың барлығы экономиканың биылғы жылы да серпінді дамуына оң әсерін тигізді деп айтуға болады.

Жыл жемісін көріп отырмыз. Он бір айдың қорытындылары биылғы жылдың да табысты болғанын айғақтайды. Облыс экономикасының барлық салаларында ( ауыл шаруашылығынан басқа) өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп саласында нақты көлем индексі 102,7 пайыз құрады. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 6,2 пайыз өсіп, 267 млрд. теңгеге жетті. Облыста 357,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл көзделген меженің 105,1 пайызын құрайды. Бюджетке түсетін мемлекеттік салық болжамы 107,3 пайызға, жергілікті бюджет 109,6 пайызға орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштері өткен жылғыдан жоғары.

«Жол картасы» бағдарламасының арқасында жаңа жұмыс орындары еселеп молайды. Айталық, өткен жылы 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болса, биыл оның саны 38 мыңнан асып түсті. Яғни 2,7 есеге артық болды. Жыл ішінде ресми жұмыссыздық деңгейі кеміді. Орташа айлық жалақы өсті.

Қазақстан Республикасының 12 мемлекеттік бағдарламасы мен стратегиясы негізінде бүгінгі таңда 28 аймақтық бағдарламалар жасалып, облыстық мәслихаттың сессиясында бекітіліп, жүзеге асырылуда. Тұтастай еліміздің, аймақтардың дамуын айқындайтын негізгі құжат Елбасы белгілеген «Қазақстан –  2030» стратегиялық даму бағдарламасы екені белгілі. Жалпы, биылғы жылдың 18 маусымында Президент Жарлығымен елімізде мемлекеттік жоспарлау жүйесі енгізілгенін де көпшілік білсе керек. Мұның өзі мақсатты жұмыс жүргізуге бастайтын ықпалды шара болды.

Әрине, аймақта экономиканы көтерумен бірге, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындардың жағдайын жақсарту басты назарда ұсталғаны мәлім. Елбасының тапсырмасы бойынша биылғы негізгі міндет жалпы өңірлік өнім көлемін былтырғы деңгейден арттыру болатын. Он бір айдың қорытындыларымен қарағанда,оған қол жететініне сенім мол.

Істің табысты болуы адам факторына байланысты. Аймақта тұрғындардың облыс экономикасына араласуы, еңбекке деген құлшыныс жоғары. Облыс бойынша 400 мыңға жуық адам аймақ экономикасын нығайтуға тікелей атсалысады. Және мұның қарқыны өткен жылғы қол жеткен көрсеткіштерден әр тоқсан сайын биыл да артық болды. Ал бұл жұмыссыздық санының кемігенін, жалпы жұмыссыздық деңгейінің төмендегенін де көрсетеді. Жалпы тұрғындардың санына шаққанда аз қамтылған азаматтар аймақта 0,6 пайызды ғана құрайды екен. Облыс тұрғындарының депозиттік салымдары көп кемімесе, ақшалай табыстары бұрынғыдан өскен.

Халық санағының деректері бойынша облыста 780,7 мың адам тұрады деп есептеледі. Соңғы екі жылда тұрғындардың саны табиғи өсім есебінен 20 мың адамға жуық өсті. Кейінгі жылдары аймақта сәбилердің дүниеге келуі артты. Үйлену тойлары көбейді. Өткен жылы 5559 жас жұбайлар бас қосса, биылғы он бір айда жас отаулардың саны 5742- ге жетті. Аймаққа өткен жылы 10907, биылғы біз әңгімелеп отырған кезеңге 9351 адам көшіп келді.

Жыл аяқталуға жақын, жемістері осындай. Теледидарды ашып қалсаң, әлемдегі дағдарыс туралы жан күйзелтетін әңгімелерді естисің. Ал бізде басқаша, баршылық, молшылық. Оған қуанумен бірге, қадірін де түсініп, білген жөн. Алда да осылай оңынан бола бергей.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button