БілімЖаңалықтар

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісіне әзірміз бе?

2017 жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы енгізілетін болады. Жобаны енгізу мақсатында облысымызда жүргізіліп жатқан әзірлік жұмыстарының қарқыны қандай? Қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек?

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе талқыланды. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, арнаулы білім беретін оқу орындарының басшылары, кәсіпорындар өкілдері қатысты.

— Мамандар жеткілікті, олардың кәсіби деңгейі жоғары болған жағдайда ғана, экономика дамып, елдің жағдайы жақсара түседі. Осы мақсатта елімізде алдағы жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы енгізілгелі отыр. Бұл — Елбасы тапсырмасы, — деп атап өтті облыс әкімі жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекованың баяндамасында келтірілген деректерге сай, бүгінде облыста орта арнаулы білім беретін 41 колледж бар. Бұл оқу орындарындағы жастардың 12 859-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр. Олардың 54 пайызы техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқып жүр. Соңғы жылдары жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша, 9 және 11-сыныптарды бітірген оқушылардың 33 пайызы, яғни үштен бірі әрі қарай оқуды колледждерде жалғастырады екен.

Сәуле Өмірбекова колледждердің бүгінгі жағдайы, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар, жатақханамен қамту, соңғы жылдары енгізілген жаңа мамандықтар, дуальды білім беруді дамыту мәселелері төңірегінде сөз қозғады. Оның айтуынша, дуальды оқытуға көшу көрсеткіштері жөнінен облысымыз республика бойынша 5-орында тұр. Облыстық білім басқармасының басшысы, сонымен қатар, баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасының бір бөлігі орта жастағы адамдарға арналатынын айтып, осы мақсатта жоспарланып отырған істерге тоқталды. Орта жастағы жандарға белгілі бір мамандықты игерумен қатар, кәсіп ашу жолдары да үйретіледі. Олар 1-6 айлық курстарда оқиды.

Жиында ауылшуаруашылық колледжі, құрылыс және бизнес колледжі, т.б. бірқатар колледждер басшылары сөз алып, дуальды оқыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, жиында колледждер түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі төңірегінде сөз қозғалды. Деректерге сай, түлектердің 30 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмайды.

Облыс әкімі:

Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бар, сондай-ақ, Үкімет бекітіп, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларда алдағы уақытта қандай кәсіпорындардың іске қосылатыны да көрсетілген, яғни нақты қандай жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлау тиімді болатынын жұмыс берушілермен бірлесе отырып, еңбек нарығының сұранысына сай шешу керек. Колледж бітіріп, мамандық алған жас жұмыс таба алмай, әбігерге түспеуі тиіс. Сондықтан қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын алдын ала анықтап, қай салаға қанша маман даярлау керектігі жөнінде нақты жоспар жасалуы қажет, — деді.

Осы орайда облыстық білім басқармасына бірқатар тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, облыс әкімі дуальды білім беруді дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалымен және жұмыс берушілермен бірлесе жұмыс істеуді жандандыра түсуді тапсырды.

 Индира ӨТЕМІС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button