Тәуелсіздіктің 25 жылдығы

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына — 25 көше

Мағжан Жұмабаев

 Ол — Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің белгілі өкілі. 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы Сасықкөл жағасында дүниеге келген. 1938 жылы 19 наурызда қуғын-сүргін құрбаны болады.

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі — Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шайырлардың дастандарын оқып үйренді.

Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.

1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. «Садақ» журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.

1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919- 1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде, «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады.

1923-1927 жылдары Мәскеуде жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады.

Кеңестік жүйенің қуғын-сүргінінің құрбаны болған Жұмабайұлы есімін ақтау ісі 1958 жылы қолға алынды. Осы жылы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым жасалды.

1960 жылы Түркістан әскери округі әскери трибуналының алқасы шешімімен Жұмабайұлы толығымен, біржола ақталды.

Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығын тереңірек зерттеу еліміздің егемендік алуынан бергі кезеңде ғана нақтылы жолға қойылды.

Бұл атау 12-шағын ауданындағы (ВГ) атаусыз көшеге берілмекші.

Міржақып Дулатов

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, жалынды көсемсөз шебері, ақын Міржақып Дулатов 1885 жылы Торғай облысы Сарықопа уезінде дүниеге келді.

Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ —

Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?! —

деп тебірене жазған ол өмір бойы осы идеясынан ауытқыған жоқ.

Әкесі Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер-тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын-тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар Міржақыптың оқып, білімді азамат болып өсуін армандаған әке тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Міржақып атқа мінген сәтінен езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» деп бар даусымен жар салады.

1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта біpi — ұстаз, бipi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен халқын жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ.

1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетіне «Жастарға» деген өлеңін, бүркеншік атпен «Біздің мақсатымыз» деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді.

1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipгe «Қазақ» газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы «Ақ жол» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipгe қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Бұл атау 12-шағын ауданындағы (ВГ) атаусыз көшеге берілмекші.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button