Әлеумет

Бұқара

  • Айтайын дегенім…

Шамның жарығы түбіне түссе дейміз…

Бершүгір аулы жұмыс орындарының  көптігі жөнінен ауданда алдыңғы орында. Сонымен қатар бұл өңір биік тауымен, мөлдір  бұлақтарымен және таза   ауасымен  ерекшеленеді. Жалпы, экологиялық  шараларды сақтаса, Бершүгір ауданымыздағы ең көрікті жердің бірі болып қала бермек…

Бершүгір өңірінде бүгінде тас өндіретін зауыт көп. Ұсақ тас өндіретін зауыттар  ауыл халқын ғана емес, өзге де облыстардың тұрғындарын жұмыспен қамтып, ел экономикасының дамуына пайдасын тигізіп келеді. Ауылда жұмыс көп болғанымен, зауыттарда тас өндіргенде ауаға шаң араласып, ауыл экологиясына аз да болса әсер ететіні белгілі. Осы  орайда  Шалқар ауданында көптеген жыл жауапты қызметтер атқарған дербес зейнеткер Д.Елеусізовтың «Экология адамдардың іс-әрекетімен қалыптасады және оны сауықтыратын да адамдар болуы  тиіс»  атты мақаласынан үзінді келтіргенді жөн көрдік.

«…Ауданымыздың терістігін алып жатқан Бершүгір тау жүйелерінің осы аймақтың өзіндік  микроклиматын  қалыптастырудағы  орны  ерекше. Қойнауы мөлдір бұлақ пен мәуелеп  өскен жеміс-жидекке, аққайыңды ағаштарға толы жазы салқын самалды болып келетін бұл жерді — Шалқардың Швейцариясы десе болғандай.

Уақытысында сондағы елді мекенге, өзен-суға жақын тұрған шоқтығы биік әсем тауды каръерге айналдырудан қорғап қалғанбыз. Кейін естимін сол тауды тас дайындау үшін карьерге пайдалануға заңдастырып алыпты. Табиғаттың сыйлаған осы әсем жұмақтай ұясын ондаған жылдар бойы бұзып-жарып ұсақталған тас дайындап, орнында шаң тозаңын ғана қалдырып атыр. Бұзып-жарған таудың орнын кейін табиғи қалпына келтіру мүмкін. Сонда осы аймақтағы жалғыз тау сілемін бұзып-жарып жоқ қылғанын кейінгі осы өңірде тұратын адамға, жан-жануарға, аудан табиғатына қандай әсері болмақ? Шалқар көліне құятын жалғыз Қауылжыр өзені басын осы таулардан алады ғой. Экологиялық тепе-теңдік бұзылып, Арал апатынан асқан зілзала әкелмесіне кім кепіл бола алады? Абзалы осы таулы аймақта жүргізіліп жатырған іске келешек тұрғысынан тереңде, күрделі экологиялық зерттеу сараптама жүргізілуі керек.» (Д.Елеусізов. «Шалқар» газеті 1 шілде 2004 ж.)

Бершүгір тауларының етегінде ұсақ тас өндірумен  айналысатын бірнеше шағын  кәсіпорын бар. Олардың экологиялық нормаларды қалай орындап отырғанын тиісті орындар білетін шығар, ал ауыл тұрғындары жұмыс орындары болғанына қуанып отыр.

Менің айтпағым, осы зауыттардың басшылары Бершүгірдің көшелерін тегістеп, жөндеуге көмегін көрсетсе, ауыл адамдары риза болар еді.

Әрине, еңбекпен шығарып жатырған тастарын көшеге төгу, ақшаны желге

шашумен бірдей болар деп те ойлаймыз. Оларды да түсінуге болады. Дегенмен

ауыл шетіндегі мектепке қарай, балшықты  тілерсегіне дейін кешіп келе жатқан

мектеп оқушыларын көргенде, қазақтың: «Шамның  жарығы түбіне түспейді»

деген мақалын еріксіз еске түсіргендейсің.

Кез келген  ауылдың өзіндік   қиыншылықтары, жеке  проблемалары болатыны  анық. Сол сияқты  бершүгірліктердің жоғарыда айтылған мәселелері шешемін тапса, бұл ауыл ауданымыздағы үлкен өндіріс орталығына айналары сөзсіз. Сонымен қатар аудан аумағында туризмді дамытуға да, жазғы демалыс орындарын ұйымдастыруға да үлкен мүмкіндіктер бар.

Амангерей ЖАНАЕВ,

Бершүгір орта мектебінің география пәні мұғалімі.

  • Майдангер қыз

Олар Отан үшін от кешті…

Жақында «Ақтөбе» газетінде Ұлы Отан соғысына Шалқар ауданынан аттанған 90 қыздың тізімі жарияланды. Біз ерліктері беймәлім жауынгер қыздардың есімдері қайта жаңғырып, қалың оқырманмен қауышқанына қуанып қалдық. Майданға аттанған жауынгер қыздың бірі — Қамажай Князбаева. Әуе полкінде қызмет еткен майдангер қыз туралы білетінімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

Қамажай Князбаеваны алғаш Шалқар аудандық тұтынушылар одағына жұмысқа келгенімде көрдім. Бұл 1963 жылдың наурыз айы болатын. Қамажай апай азық-түлік дүкенінде сатушы болып қызмет етеді екен. Ол орта бойлы, ажарлы әйел еді. Жолдасы Ахмет екеуі төрт қыз, бір бала тәрбиелеп өсірді. Бірақ ұлы жас кезінде қайтыс болды. 1964 жылы азаматтық борышымды өтеуге әскерге кеткенімде, Қамажай апайдың отбасы Ақтөбе қаласына қоныс аударыпты. Кейін мен бұл кісілерді көрген емеспін.

Қамажай апа туралы дерек аз. Оның туған інісі Жақия да Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Отан үшін от кешкен майдангер қыз туралы мәліметтерді білмек ниетпен Жақияның зайыбы Ғазизамен тілдескен едім. Бірақ 83 жастағы кейуана көптеген деректерді ұмытыпты.

Біздің қара қазан, сары баланың қамы үшін ер-азаматтармен бірге иығына қару асынған аруларды анықтап, олардың еңбектерін ескерусіз қалдырмаған Ғалымжан ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Келешекте газет бетіне қанды қырғынның куәсі болып, майданнан оралмай қалған ержүрек  апаларымыз туралы деректер жарияланса жақсы болар еді. Ұлы Отан соғысының өткеніне көп жылдың жүзі болғанымен, бізге әлі де жасырын тұстары көп.

Жәңгір БИМАХАНОВ,

Шалқар қаласы.

  • Жаңғырық

Желтоқсан желі

1987 жылдың ақпан айында облыстық партия комитетінің шешімімен Алматы қаласына мұғалімдердің апталық семинарына қатыстым. Бұл жолы бізді  Алматы салқын ауа райымен, көңілсіз тұрғындарымен, сұсты тәртіп сақшыларымен қарсы алды…

Семинардың негізгі мазмұны — Желтоқсан көтерілісі, қазақ жастарының алаңға шығуына арналды. Кездесу барысында жоғары білімді лекторлар, заң қызметкерлері, кәсіподақ басшылары Желтоқсан көтерілісін басқа қырынан көрсетуге тырысты. Олар көтерілісті бастаған өңкей ішкіштер мен нашақорлар, сана-сезімі төмен еңбекшілер тобы деп түсіндірді. Тіпті айтқан сөздерін деректермен дәлелдеуге тырысты. Республиканың кәсіподақ комитетінен келген Мартынов деген азамат алаңға жиналған қазақ жастарын былай бейнеледі: «Көтерілісті бастағандар үңгірден шыққан алғашқы адамдар тәрізді. Көшелердегі әр нәрселерді сындырып, бүлдірді, жүгенсіздік танытты. Жай айтқанға көнбеген соң, заң  қызметкерлері, әскерлер тобы арнайы үйретілген иттер мен қаруларды қолдануына тура келді». Ал енді бірі: «Алаңда жастарды бұзақылыққа бастаған қазақ әйелі. Ол айқайлап күреске шақыра жүріп, барлығына темір таяқшалар үлестірді. Сол әйел өрімдей жастарды мұздай қаруланған әскерлерге арандатты», — деді.  Менің жазып отырғаным екі ғана мысал. Бірнеше күнге созылған семинарда әрбір лектор, әрбір ұстаз бізге көтерілісті ұйымдастырған қазақ жастарына кінә артудан аса алмады.

Семинар қорытындысында қатысушылар тарапынан мамандарға түрлі сауалдар қойылды. Бірақ жауаптары мардымдыз. Олар бірауыздан: «Бұл — тұрақсыз қазақ жастарының жекелеген аға буын өкілдерінің бастауымен болған көтеріліс. Оны кім бастағанын іздестіру үстіндеміз, бәрібір табылады», — деген қорқыту саясатынан ары  аса алмады. Алайда олардың қазақ жастарына аяусыз қоқан-лоққы көрсете отырып, ұлт басшысы бола білген Дінмұхаммет Қонаев тәрізді азаматтарға кінә артқысы келгенімен, ойлары жүзеге аспады. Бұғауда жаншылып отырған халықты бүгінгі ұрпақ арашалап алды. Ал желтоқсанның ызғарлы желінде болған бұл көтеріліс алдағы жылдары жан-жақты зерттеліп, талқыланатыны анық.

М.ОРЫНБАЕВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

  • Оймақтай ой

Интернетпен салыстырмаңыз!

«Ақтөбе» газетінің №146-147 санындағы «Бұқара» бетінде А.Смағұлованың «Кітап оқисыз ба?» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалаға орай өз пікірімді білдіргім келді.

Әңгімемізді жастар деп бастасақ, шыбықтың бір ұшы өзімізге тиеді. Себебі, бүгінде көпшілік жастар кітап оқығаннан гөрі, интернетте отырғанды ұнатады. Дәлірек айтсақ, студенттердің дені кітапханадан гөрі интернет клубтары мен кафелерге барады.

Кітап — ғылымның бастауы, қайнар бұлағы. Ғаламтор мен кітаптың деңгейін салыстыру әсте мүмкін емес. Егер әрбір жас буын қолы қалт еткенде кітаппен қауышса, көп нәрсе алары хақ. Жазушы Өтебай Тұрманжанов: «Кітап — сенің ақылгөй адал досың, өмірлік есті жолдасың. Сен ерінбесең, ол — саған ақыл айтудан жалықпайтын шебер ұстаз. Сен ала білсең, ол бере біледі. Кітап — жан айнасы. Оған қарап бойыңды да, ойыңды да түзеуге болады», — деген екен. Сондықтан кітап пен интернетті салыстыра көрмеңіз!

Данияр ІЗБАСАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің

І курс студенті.

***

  • Ауыл

Жайсаңбайға су керек!

Кәусәр бұлақ тұрмақ, менің туған аулым — Жайсаңбай тұрғындарына қазып ішер ыза суының өзі арман болып барады…

Ауылға барғанда алдыңнан ағайындарың «судың мұңын» кіммен бөлісерін білмей анталап шыққанда, не деріңді білмей дағдарып, назарыңды төмендеткеннен басқа қайраның қалмайды екен… Қолға қалам алып, ауылдастар тартып отырған ауыз судың зардабын тағы да жоғарыға жеткізу, ағайынның аманатын айту ғана қалды.

Ауылда жанға да, малға да обал болды. Себебі, қыс бастала қазып ішер құдығы қатып суалса, өзектің табанында өлі батпақтан басқа ештеңе қалмаған. Қолы жетер құрығы ұзындар ғана ауыз суды Тәуіптен, Ырғыздан алдырып ішеді. Оған екінің бірінің жағдайы келе бере ме?.. Амал жоқ, көпшілік таң қылаң бере су мөлшері санаулы, санитарлық тазалықтан ада, жұқпалы аурулардың ошағындай болған ыза-құдықтарға құлықсыздан кезекке тұрады.

Жайсаңбай жаңадан селолық округ болып құрылды дегенде бөркімізді аспанға атып, балаша қуандық. Жаңа әкімін тағайындап, қолына дүйім елдің тізгінін бердік. Жаңалықпен бірге миллиондаған уәделер төгілді. Қайда сол үміті үкіленген уәделердің нәтижесі?!.

Басында іске арындап кіріскен ауылдың жас әкімі Бахраман Аманжолдың Жайсаңбай үшін ең маңызды екі проблема — су мен жол мәселесіне келгенде тартыншақтап, ел-халқының көзіне тура қарай алмай отырғандығы қатты қынжылтады. Әлде әкімнің қабілеті стадион салып, доп қууға, «КВН» ойнап, көңілді жүруге ғана жеткені ме?!. Жасап жатқан жұмыстарына баға беруден аулақпыз, әрине, жоққа да шығармаймыз. Алайда елдегілердің ерні кезеріп отырғанда, ел ағасының дабыл қақпай ешбір алаңсыз жүруі қалай?!

Ауыл тұрғындары бұрынғы Әйменбет елді мекеніндегі тұщы құдық көзін қайта қалпына келтіріп, 23 шақырым жерге ауыз су тасымалына қатынайтын, ыдысымен жарақты бір трактор бөлінсе екен дейді.

Өз несібесін өзі теріп жеп отырған ел таза ауыз су мен жақсы жол қатынасынан басқа ештеңе сұрамайды.

Руслан Ұзақбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ырғыз ауданы.

  • Мәселе

Әкем қайтып келем дейді…

Мен қалада мейрамханада жұмыс жасаймын. Тапқан табысым — оқуыма,  пәтерақыма ғана жетеді. Мені өз жайым емес, керісінше, ата-анамның тағдыры алаңдатады. Бес күндік жалғанда адамдар бір-бірімен тату болуы керек дейміз. Бірақ «адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген емес пе?

Мен ата-анамның тұңғышымын. Өзімнен кейінгі бауырларым мектепте оқиды. Анам темір жол саласында еңбек етеді. Ал бізден гөрі ішімдікті жақсы көріп, анамды жазықсыз сан мәрте таяққа жыққан әкем қазір екінші әйелімен бірге тұрады. Балалары да бар.

Қызығы, біздің кішкентай кезімізде әкем анама мүлдем көмектескен жоқ. Тіпті, анам қаражат таба алмай қиналған кезде де қолұшын берген емес. Енді біз ес біліп, есейген шақта әкем қамқорлық таныта бастады. Бауырларымның көңілін аулап, қымбат киімдер, әдемі ойыншықтар әкеліп береді екен. Қысқасы, анаммен қайта табыспақ ойы бар…

Ал менің әкеме деген көңілім жібір емес. Білем, бұл мақаланы оқыған адам менің пікіріммен келіспес. Бірақ балаларының балалық бал дәуренін өкінішпен өткізіп, орынсыз жылатқан әкені кешіруге бола ма? «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар. Әрине, әр бала ата-анасын қадірлей білуі керек. Алайда әкем менің тағдырыма осы уақытқа дейін алаңдаған емес. Отбасы тауқыметінің бар ауыр жүгін анам көтерді. Егер ата-анам қайта қосылса, оның екінші әйелі мен кішкентай сәбилерінің  тағдыры не болмақ? Әкемнің оларды ойлап бас ауыртып  жүргені шамалы. Ал мен ата-анамның қосылғанын қаламаймын.

Сіз бұған не дейсіз, оқырман?

М.ДӘРЖАНОВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Ойын

Алик, малик, шарик…

Орталық базарға бара қалсаң, үйме-жүйме боп, балға жиылған арадай гуілдеген адамдарды көресің. Бұл жерде сауда жасалмайды. Керісінше, ақшаға бәстескен ойын жүреді. Шыныаяқ арқылы шарик жасырылып, ұтысқа ақша тігіледі. Жасырылған шарикті тапсаң, көп қаржыға қол жеткізесің. Таппасаң…

Біреулер бұл ойынды «Алик, малик, шарик» дейді. Енді  біреулері «құмар ойыны» деп те атайды. Қалай атаса да, келісіп тұрғаны шамалы. Себебі, бұл ойынның мақсаты — халықты алдап, оңай жолмен ақша табу. Ойынды бірнеше адамдар ұйымдастырады. Қызығы, ойынға жиі қатысатындар, шарикке ақша тігетіндер, ұтысқа ие болатындар да ұйымдастырушылардың өздері ме деп қаласың. Өйткені қашан көрсең де, ұтысқа санаулы адамның қолы жетеді. Ауылдан келген бірнеше аңқау қазақтың әмиянындағы бар ақшасынан айырылып, бас шайқап, бармақ тістегенін де көріп жүрміз. Көп ақшаға қол жеткіземін деп қолындағысынан айырылып қалып жүргендер де көп…

Талай  адамның қаржысынан айырған құмар ойынын ойнатушыларға полиция қызметкерлері неге шара қолданбайды? Жақында шарикпен ойнатушылар «Пушкин саябағы» аялдамасына да орналасыпты. Егер дер кезінде қолға алмасақ, бұндай ойындарды қаламыздың қақ төрінде ойнатпасына кім кепіл?!

Үміт АЛЛАОҢҒАР,

қала тұрғыны.

  • Тауар

Сапа сұраныстан туады

Заман ағымына байланысты адамдардың да сұранысы өзгеріп отыратыны заңдылық. Қазір «аудио-визуалды өнім», «компьютерлік программа», «лазерлі компакт-дискі», «DVD», «CD», «VCD» деген сөздер біздің санамызға мықтап енді және бұл заттарды күнделікті өмірде жиі қолданамыз.

Ақтөбе сауда орындарында бұл заттардың алуан түрі бар. Сұраныс та жоғары. Алайда осы затты базардан арзанға алып, ертеңіне оның  сауда үйлерінде әлдеқайда қымбат екенін көріп, таң қаласыз. Бұны мамандар сауда үйіндегі орынға төлейтін ақшаның қымбаттығымен түсіндіріп жатады. Бірақ, шындығында, олай емес. Жүргізілген сараптамалардың нәтижесі көрсетіп отырғандай,  баға заттың сапасымен тығыз байланысты. Сапасы жоғары зат әдетте қымбат болатындығы белгілі, бірақ ақтөбеліктер сапасы төмен екенін көре тұра, осы заттарды арзанға алуды жөн көреді. Әркім өз қалтасына қарайды ғой. Бірақ олар бұл заттың қанша уақыт ішінде істен шығатынын, оның техникалық қондырғыларға тигізетін залалын және осы заттарды артынан жөндеуге кететін қаржы көлемін қосқандағы шығын мөлшерін есепке алмайды. Кейбір техникалық қондырғылар мүлдем жөндеуге келмей қалады.

Соңғы кездегі жүргізілген сот сараптамаларды талдау кезінде контрафактілі аудио-визуалды өнімнің саны сот-сараптамалық зерттеу саласы бойынша өсіп келе жатқаны  байқалады. Контрафактілі аудио-визуалды өнімнің, компьютерлік программалардың, лазерлі компакт-дискілердің жалпы саудада болуы — авторлық құқықпен сабақтас құқық заңының сақталуын бұзушылық болып есептеледі және заң бойынша контрафактілі аудио-визуалды өнімді, компьютерлі программаларды, лазерлі компакт-дискілерді таратушы қылмыстық жауапқа тартылады.

Осындай келеңсіз жағдайлардың болмауы үшін тауарды алмас бұрын, оның сыртқы түріне назар аудару керек. Онда орамасы және тауар туралы ақпарат, ораманың қорапшасы және қосымша беті, дизайн белгілері, құқық иеленушінің құқықтарын қорғау элементтері (авторлық және аралас құқықты қорғау белгілері, фирманың белгісі бар голографиялық жапсырмалар, тауар белгісі, жеке штрих-код, шығарма авторлары және олардың құқықтарының қорғалуы туралы ақпарат), орама қабы мен оларға бейнелерді көшіру мен дайындау құралы ретіндегі қосымша беттің материалдары (қағаз, картон, желім бояғыш заттар мен басқа да голографиялық жапсырма материалдары, дизайн мен баспа мәтіндері бейнелерін түсіруге арналған бояулары (бояғыштар) болуы керек.

Осы жоғарыда көрсетілген белгілер болған жағдайда ғана сатып алынған заттың сапасы жайында айтуға болады. Ал арзан заттың белгілері көп жағдайда көрсетілмейді.

Әрине, сапасыз зат және одан туындайтын қиындыққа кездескен кезде адамдар заң орындарынан көмек күтеді, соған байланысты сот сараптамаларын тағайындауда кейбір түсініспеушіліктер туындап жатады. Жеке тұлғалар мемлекет органдарының қызметкерлеріне барып өтініш жазудың орнына, бірден сот сарапшысының қызметін талап етеді, алайда орталықта сот сараптамасы анықтау, тергеу, прокуратура органдарының, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға өкілетті органдардың тапсырмасы бойынша жүргізіледі.

Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура органдарының қаулылары, сот қаулылары (ұйғарымдары) сараптама жүргізудің негіздемесі болады.

Сот сараптамаларын жоғары білімі бар, тиісті саланың арнаулы ғылыми білімін меңгерген, сот сарапшысы біліктілігі және мемлекеттік тізіміне енгізілген орталықтың қызметкерлері жүргізеді.

Өз қаражатыңызды жақсы, сапалы заттарға жұмсаңыздар…

Роза ҚАЛМАҚОВА,

сот сараптама орталығының сарапшысы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button