ДенсаулықЖаңалықтар

16 реанимобиль іске қосылады

Тұңғыш Президент күнінде  жедел жәрдем бекетіне әкелінген 16  реанимобиль көлігі тұрғындарға қызмет көрсетуді бастайды.

Жедел жәрдем бекеті әлемдік стандартқа сай қызмет көрсету үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен  «Hemoqens Health Care» компаниясы арасында меморандумға қол қойылған болатын. Бекет қызметі аталған компанияға сегіз жылға сенімді басқаруға берілді. Қазір Батыс-2 ауданында жаңа бекет салынып жатыр. Оның басты ерекшелігі — Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталуында болады. Сондай-ақ елу автокөлікке арналған жөндеу базасы салынып, қырыққа жуық жаңа үлгідегі көлік сатып алынатыны айтылған еді. Осы келісімнің алғашқы межесі орындалып жатыр. Бекетке әкелінген су жаңа «Мерседес» маркалы 16 реанимобиль көлігі бүгін пайдалануға беріледі. Жаңа көлік заманауи үлгідегі барлық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған.

Түрік компанияларымен жасаған келісімнің бір бағыты — осы, яғни реанимобиль көліктерін әкелу болатын. Енді, міне, соларды іске қосқалы отырмыз. Бұл жедел жәрдем көлігінің қолданыстағы көліктерден  артықшылығы өте көп. Жарақат алған немесе ауыр жағдайдағы науқасқа сол көліктің ішінде-ақ көмек көрсете беруге болады. Тіпті рентген аппаратына дейін бар. Бұл дәрігерлердің де жұмысын оңтайландырып отыр, — дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Жалпы соңғы жылдары жедел жәрдем бекетінің қызметіне оң өзгерістер енгізілді.  2012 жылдан бастап жедел жәрдем көліктерінің барлығына GPS навигация жүйесі қондырылды.  Қазіргі күні қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек бекетіне қарасты қырық көліктің барлығы осы жүйемен жұмыс істейді. Автоматтандырылған жүйенің тиімділігі өте көп. Біріншіден, көлік науқасқа дер кезінде баратын болса, екіншіден, артық шығын жұмсалмайды.

Қазір жедел жәрдем көлігі шақырған жерге 15 минут ішінде жетеді. Өйткені бекеттегі бағыттаушы диспетчер қай көліктің қай жерде жүргенін компьютерден көріп отырады. Сол бойынша көлікті бекетке келтірмей-ақ келесі шақыртуға жібереді. Ал бүгінгі іске қосылған жаңа көліктер бекет қызметінің сапасын одан әрі арттыра түспек.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button