Тәуелсіздіктің 25 жылдығы

Жүрекке мейірім мен жылу көмек

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ақбөбек» білім беру орталығы мен  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы облыстық Іскер әйелдер кеңесі, «Білезік» отбасылық құндылықтар орталығы бірігіп ұйымдастырған «Жылы шұлықтар» қайырымдылық акциясы қорытындыланды.

Әрбір адамның айналасындағылардың тағдырына  жанашырлықпен қарап, қажет жағдайда оларға көмек қолын созуға деген құлшынысын оятатын игі шара биыл бесінші рет өткізілді.

Сол күні «Ақбөбек» білім беру орталығының үлкен залы ата-аналар мен балаларға, пейілі кең, жомарт жандарға толы болды. Мерекелік шарада «Ақбөбек» білім беру орталығының оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері ән салып, би билесе, өздерімен бірге тоқымасын ала келген аналар мен әжелер сол жерде қолма-қол жылы киім тоқып үлгі көрсетті.

Екі ай бұрын жарияланған акцияны қорытындылаған облыстық Іскер әйелдер аймақтық Кеңесінің төрайымы, «Ақбөбек» оңалту орталығы» ЖШС-ның бас директоры Күлпаршын Айдарханова мейірім мерекесінің көпшілік тарапынан қолдау тапқанына ризашылығын жеткізді.

Жүрегі жұмсақ ақтөбеліктер жылы шұлықтар тоқып, жаңа, жылы киімдер әкеліп акцияға атсалысты. Жиналған киімдер мен тоқылған шұлықтар, қаржылай көмектің барлығы  жан жылуы мен жылы киімге мұқтаж жандарға таратылды. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан  аз қамтылған отбасылардың 14 баласы мен мүмкіндігі шектеулі 20 жас өскіннің жүзін жадыратты. Олардың әрқайсысына қаржылай көмек көрсетіліп, жылы киімдер берілді.

«Алекс Асу» компаниясының стратегиялық даму жөніндегі директоры Алтын Мұхамбетова көпбалалы Гүлбану Әбдіхалыққызының отбасына компьютер сыйлады.

Шараға жиналған ата-аналар көптің көмегіне алғысын жаудырып жатты.

 Б.КАРИМАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button