Тәуелсіздіктің 25 жылдығы

Өмірдің өзі театр

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай №51 мектеп-гимназияда Т.Ахтанов атындағы театрдың белді актері әрі  режиссері Мағзом Бақытжанов пен танымал театр актрисасы  Шалқия Бақытжановамен кездесу өтті.

Театр өмірінің қызығы мен шыжығын бастан өткерген, оны өздерінің дүниелік серігі еткен ерлі-зайыпты Мағзом мен Шалқия Бақытжановтар  оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Мағзом ағай екеуінің жас кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың жанындағы театр студиясында оқып жүргенде танысып, одан отау құрып, содан бері өнерде де, өмірде де қол ұстасып келе жатқандары туралы әңгімеледі. Қазақ өнеріндегі белгілі тұлғалар туралы, біз сияқты жастарға қарапайым өмірдің түрлі мәселелері туралы тұшымды әңгімелер айтты.

Шалқия апай театрда Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» атты спектакльде Ананың рөлін сомдайды. Ананың монологын тебірене  оқығанда, оқушылар сілтідей тынып тыңдады. Соңынан Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесуінде» Шалқия апай өзі ойнаған күйеуі соғысқа кеткен Ғайни деген әйел  айтатын халық әні «Әйкен-айды» сызылта шырқағанда, жүректі шым еткізді.  «Майданда ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар алса да, жан жарынан күдерін үзбей, екі көзі төрт болып күтіп жүрген қазақ әйелінің мұңы мен зарын жеткізген  әнді естігенде  көзіме бірден жас үйірілді…  Қысқа ғана уақытта өткен кездесуден кейін Мағзом ағай мен Шалқия апай сынды аяулы өнер адамдарын қимай қоштастық. Оқушылар ұзақ қол соғып, қошеметтерін аямады.

Оқушыларға театрға баратын билет үлестіргеннен гөрі, театр деген өзі не нәрсе, Ахтанов театрында қандай актерлер, режиссерлер, басқа да өнер адамдары жұмыс жасайды, сол туралы алдын ала мәлімет беретін осындай кездесулерді жиі  ұйымдастырып отырса, ешкім қинамай-ақ өздері барады.

Апталық аясында кездесуді ұйымдастырған, оқушылардың театр өнеріне қызығушылығын арттырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Мақпал Молдадосова мен Дәулет Сарабек сынды ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.

 Ақшағала ҚАРАҒҰЛОВА,

№51 мектеп-гимназияның

11-сынып оқушысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button