Басты жаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Шекараны бекіту оңай болған жоқ

Тәуелсіздігіміздің басты бір өлшемі — мемлекеттік шекарамызды айқындап алуымыз, соған сай қажетті құжаттарды дау тудырмайтын етіп бекіту еді. Тарихқа үңіліп отырсақ, бұл әдетте өздігінен атқарыла салатын, ың-шыңсыз біте салатын шаруа емес. Көптеген мемлекеттер арасында шекара дауы әр жер-әр жерде шаң беріп қалатыны соның дәлелі. Ал егемендігін енді алып, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне енді қол жеткізген біздің еліміз үшін бұл көңілді күпті қылған, мазасыздандырған мәселе еді.

Тәуелсіздік туы көтерілгеннен кейінгі басты шаруалардың бірі болған Қазақстан шекарасы қалай бекітілді? Ел егемендігінің ширек ғасырлық тойы тұсында біз кезінде үкіметтік комиссия құрамында Ресеймен және Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекараны делимитациялау, кейіннен демаркациялау ісіне басынан бастап қатысқан, сол уақытта облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметін атқарған Мәлік Жекеевпен сұхбаттасқан едік.

Сөз реті келгенде айта кетелік, Мәлік Жекеев 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қою құрметіне» орай Ресей және Қазақстан Сыртқы істер министрліктерінің ұйғарымымен делимитациялау кезінде белсенділік танытып, оның сапалы өтуіне елеулі үлес қосқаны үшін естелік медальмен марапатталды. 

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының Орынбор және Ақтөбе учаскелерінде шекара белгілерін орнату салтанаты. 2010 жылғы 1 маусым

Жалпы ел тағдырына, халық қамына үнемі алаңдап жүретін Мәлік Наурызғалиұлы әңгіме басында Қазақстанның құрлықтағы мемлекеттік шекарасының 13349,85 шақырымды құрайтын жалпы ұзақтығын бізге былайша тарата сипаттап берді: Қытай Халық Республикасымен — 1782 шақырым, Қырғыз Республикасымен — 1 241,58 шақырым, Өзбекстан Республикасымен — 2351,4 шақырым, Түркіменстанмен — 426,08 шақырым, Ресей Федерациясымен — 7548,1 шақырым.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», деген болатын. Еліміздің аумақтық тұтастығын, шекарамыздың беріктігін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы орасан зор жұмыстар атқарып, мемлекеттік шекарамызды толық айқындап, заңдық тұрғыдан халықаралық қауымдастыққа бірыңғай мойындатты, — деді ол әңгімесін одан әрі жалғастырып, — Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара 976 шақырымды қамтиды. Бұл екі ел шекарасының шамамен сегізден бірі мөлшері. Біздің облысымыздың Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандары Ресеймен іргелес орналасқан, — деді сұхбаттасымыз, — аталған өңірлердің тұрғындары көрші мемлекеттің шекаралас аудандарымен қай кезден де біте қайнасып араласып, алыс-беріс жасап кеткен. Ортақ шаруаларды бірігіп шешетін кездері де аз болмаған. Шекара бойы тыныш болса, мәселені шешу де қиындыққа соқпайды. Бұл, әрине, техникалық жағы. Ал туыс секілді адамдар орналасқан мекендердің ортасына шекара жүргізіп, оларды бөлектеу бір жағы көңілге ауыр соғатыны да анық.

Сөйтіп, біздің үкіметтік комиссия іске кірісіп те кетті. Атап айтар жайт, көптеген мәселелерді келісіп, ақылға салып шештік.

— Тәуелсіз елдің өз шекарасы болуы керектігі белгілі. Бұрын Кеңестер Одағының құрамында кең қолтық болып, айналаға алаңсыздау қарап келгеніміз жасырын емес. Ал мына тұста абдырап қалған жоқпыз ба? Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген, қиындығын бір кісідей көтерген адам ретінде сіз не айтар едіңіз? 

— Қандай да қолға алған жұмыс нәтижелі болуы үшін ол ең алдымен заңдылық жағынан қамтамасыз етілуі тиіс. 1993 жылдың 13 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң мемлекеттік шекара ел аумағының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуедегі шегін анықтайтын сызық екенін және шекара тек қана Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттарымен анықталатынын айқын ұқтырды. Біз ең алдымен осы Заңды басшылыққа алдық.

Ең алдымен бұл Заң қабылданғанға дейін, яғни 1992 жылы Қазақстан Қытай Халық Республикасымен шекараны анықтау бойынша келіссөздерді бастады. Сол келіссөздердің қорытындысы ретінде 5 халықаралық келісімшарт жасалып, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ұзындығы 1782 шақырым деп көрсетілген.

Ал Кеңес Одағы кезінде Одақтас республикалардың арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық шекара ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Шекара бойында ондай ешбір бөлу сызығы болмайтын. 1999 жылдың қыркүйек айында құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия көп жұмыстар атқарды.

Біздің өңірге біраз қатысты болып саналатын Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады. Шекараны делимитациялау Каспий теңізінің жағасынан басталып, Еділ өзенін жағалай отырып, шығысқа бұрылады, одан Сарыарқа мен Сібір жазығының ортасын көктей өтіп, Қазақстан, Ресей, Қытай үшеуінің шекаралары түйісетін тұста, Алтай тауының ең биік жоталарында аяқталады. Осыны нақтылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісімге қол қойды.

— Мемлекеттік шекараны белгілеу оңай шаруа еместігі белгілі. Шынында да, күрделі түйіндер көп кездесті ме?

— Кездеспеді деп айта алмаймыз. Мәселен, шекара сызығын жүргізген кезде Орск әуежайының радиошырағы біздің аумақтың ішінде тұрды. Енді оны олар қалай пайдалана алады деген сұрақ туындады. Шекараны белгілегенге дейін ол жер жалға беріліп келіпті. Енді радиошырақтың бір тетігінен ақау байқалса, ресейліктер шекарадан өту проблемасына тап болмақшы.

Осыған ұқсас жай біз жақтан да кездесті. Әйтеке би ауданындағы Үшқатты елді мекеніндегі көшелердің, үйлердің арасымен шекара сызығы өтетін болып шықты. Енді не істеу керек? Егер осы ережеге бағынатын болсақ, бірқатар жайылымдық жерлер, тіпті жергілікті тұрғындар үшін қасиетті мекен болып табылатын ата-баба қорымы, бірқатар автокөлік жолдары көрші елге кетіп қалатын болды. Бұл ең алдымен қолайсыздықтар ғана емес халықтың наразылығы мен ренішін тудыратыны да сөзсіз еді. Сондықтан бұл жағдайды да келіссөздің күн тәртібіне ұсындық. Тұрғындармен де кездесулер ұйымдастырылып, олардың тілектері тыңдалды. Ақырында ойға сыйымды бір түйінге келдік. Ресей иелігіндегі 1700 гектар жер Қазақстан жағына берілді, нақ осындай жер учаскесі басқа бір тұстан Ресейге қайтарылды.

Қарғалы ауданының аумағында Орск-Халилов комбинатының қосалқы шаруашылығы жұмыс істеп тұрды. Бұл жер Пригорное деп аталады екен. Жер Қазақстандыкі болғанымен, шаруа көршілердікі. Бір ерекшелігі — бұл елді мекендерінің барлық тұрғындары Ресей Федерациясының азаматтығын алғандар болып шықты. Тіпті дүние-мүліктеріне дейін Орынбор облысының заңды және жеке тұлғалары меншігіне заңдастырып алған. Осы мәселеге байланысты Ресей жағы бізге өз ұсыныстарын білдірді. Олар басқа аумақтан шұрайлы жер бере алатындықтарын білдірді. Біз көршілерге 1200 гектар жер беріп, оның орнына 1300 гектар жер алдық. Бұдан екі жақ та ұтылған жоқпыз деп ойлаймыз.

Былай қарағанда, осы мәселелердің бәрі оп-оңай шешіліп жатқан секілді көрінгенімен, жүйке тоздырар, көңіл қобалжытар сәттер болмай қалған жоқ.

— Облысымыздың оңтүстігі Өзбекстанмен шекараласатыны мәлім. Ол жағындағы шаруалар қандай деңгейде жүргізілді?

— Жалпы алғанда Өзбекстанмен арада келіспеушіліктер туындай қойған жоқ. Бұл шекаралар негізінен біздің облысымыздың Шалқар, Байғанин аудандары жері арқылы өтетіні белгілі. Олардың жалпы ұзындығы 206 шақырымды құрайды. Негізінен инфрақұрылымдарға қатысты мәселелер болған, ол да шешімін тапты.

* * *

Мемлекеттік шекараның негізгі мәселелері шешілді деп тоқмейілсуге болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің пайдалануға берілуіне байланысты шекарадан өтетін көлік саны күрт өсті. Енді осы бағытта жүретін көліктердің кідірмеуіне жағдай жасалуы тиіс. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жақында ғана Мәртөк ауданын аралаған сапарында Жайсаң бекетінде болып, екі жақтың да өткізу мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, Қобда ауданы аумағындағы тұрғындар Ресей жағына жаяу күйде өте алады да, көліктерімен біраз жер айналып Жайсаңға келуге мәжбүр. Осы жайды да оңтайлы шешу қажеттігін облыс басшылығы оң назарында ұстап отыр.

Ендігі міндет — мемлекеттік шекара бойындағы қызметтің мінсіз атқарылуы. Сонда ғана ел тыныштығының бір өлшемі жүзеге аспақшы. Тәуелсіздіктің бір талабы да осы болса керек.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button