Әлеумет

Болат Арынғазиев: КСРО түбі құлайтыны анық еді…

Осыдан 23 жыл бұрын Алматыда әлем назарын аударған оқиға болды. Ол тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен қалды. Алаңға шыққан жастар  ешкім билікке қарсы қолына қару алып, қанды қырғын жасаған жоқ. Керісінше, қару ұстаған билік басындағылар болды.

Сол кезде «маскүнем жастар мен нашақорлардың іс-әрекеті» деп бағаланған бұл бас көтерудің саяси негізі ұлттық мүддеден туындап, рухани езгінің шегіне жетуінде жатыр еді. Сол кездегі солақай саясат спортты да айналып кетпеді. Мәскеудегілердің «қатаң сүзгісіне» қазақтың талай майталмандарының кептеліп қалып, құрлық, әлем чемпионаттары мен олимпиадалық ойындар секілді беделді жарыстарға бара алмаған кездері болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қолдап, халық арасында наразылықты көтерген, сол үшін екі жарым жыл бас бостандығынан айырылған алғалық, бокстан КСРО шебері Болат Арынғазиевпен әңгіме Тәуелсіздік жолындағы күрес туралы болды.

Қарсылықты уақыт тудырды

… Сол кездегі алғалық балалар сияқты Болат та орыс тілінде тәрбие беретін балабақшаға барып, ақ қағазға алғашқы қаріпті орыс мектебінде жазды. Негізінен қазақ, орыс, украин, неміс ұлттарынан құралған балалар өзара тек орыс тілінде сөйлесіп өсті. Сәби жүрек ұлттың, тілдің, діннің не екеніне мән бермеді. Бала түгілі, үлкендердің өзі коммунизм идеясына адалдық танытамын деп ұлттық намысқа сызат түсірді. Ол үшін оларды бүгін кінәлауға да болмас. Ал Арынғазиевтер әулеті қашан да қазақтың намысын биік қоя білген отбасыларының қатарынан саналды. Аудандық көлемдегі билікте, мекемелерде абыройлы қызмет еткен Арынғазиевтерді сол кезде де, бүгінгі күні де ешкім сөге жамандай алмады. Олардың қай-қайсысы да өзінің адамгершілік ұстанымдарымен өмір сүрді.

… Алға қаласында спорт түрлерінің, оның ішінде бокстың өрлеу алған уақыты еді. Білегінде күш, көкірегінде намыс, көзінде оты бар жалындаған бала Болатты секцияға қабылдаған жаттықтырушы Александр Лыпенко жаңылысқан жоқ. Бокстың әліппесін тез меңгерген Болаттан үлкен үміт күтті. Қазақстанды былай қойғанда, КСРО мемлекеттерінде өткен турнирлерге алып барды. Жаңылыспады да. Қазақстандық бокс мамандары да жас боксшыға назар аудара бастады. Болат әр жекпе-жек сайын шеберлігін арттырып, белді боксшыға айналды. Ол кезде кез келген боксшының маңдайына жазыла бермейтін КСРО спорт шеберлігін орындады. Мектеп бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, міндетін абыроймен атқарып келді. Келді де боксты жалғастырды. Өзі ғана айналысып қоймай, жаттықтырушылықты атқарды. Ақтөбе педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсті. Өзі түлеп ұшқан Алғаның боксына аттай жиырма жылын арнады. Талай шәкірт тәрбиеледі. Болаттың «шекпенінен» шыққан талай өрімдей жас жігіттер бұлшық еттері бұлтылдап шаршы алаңда ойқастады. Қазақстанды айтпағанда, КСРО чемпионаттарының шаршы алаңдарын бағындырды. Алғаның жас перісі атанған Толыбек Қалыбаев пен Мәди Сералиев жастар арасында КСРО чемпионы атанды. Бөкеңнің шәкірттері бұдан да жоғары жетістіктерге жетіп, чемпиондар қатары көп болар ма еді, егер бапкер Болат, ұлтын сүйген Болат, «жанын арының садақасы етпек болған» Болат аты шулы 1986-ның желтоқсанында «басын бұғып» қалғанда…

Бокстан жастар арасындағы облыстық құраманың аға бапкері (бас бапкер деген қызмет жоқ — Б.К.) қаланың бокс мектептерінің шәкірттерімен қатар, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарынан келген жас спортшыларды іріктеу үстінде болғандықтан, әңгімеміз ринг жанында өрбіді. Өрбіді деймін-ау, бұрын Алғада аралас-құралас жүргеннің өзінде газетке жазуға ыңғай бермеген Болат бұл жолы да әрең көнген болатын. Соның өзінде «Менің спорт шеберлігін қалай қорғағаным, қандай жарыстарда жеңіске жеткенім, үкіметке қарсы шығып түрмеде отырып келгенім кімге керек дейсің?» деп ашыла қоймады. Дегенмен суыртпақтап кейбір жайттарға қанық болдық. Сонымен желтоқсаншы былай дейді.

Адамдарды ұлтқа бөлген емеспін

Менің және боксшы достарым Болат Телеуов, Берік Тайбөкенов үшеуміздің желтоқсанда бас көтеріп шығуымыздың себеп-салдары көп еді. Сол кездегі үкіметке деген қыжыл ұлтын сүйген қай адамның да бойында бар еді. Бірақ олардың көбі қорыққаннан үндей алмады. Кейбір замандастарымыздың миы коммунизм идеологиясымен уланып қалды. Ал біз «Колбин жойылсын!», «Қазақтар, бастарыңды көтеріңдер!» деген плакаттар жазып, түнде көшеге іліп кеттік. Ертеңіне-ақ милиция ұстады. Үшеуміз де сотталдық. Өз басым ол үшін өкінбеймін. Және мен «желтоқсаншымын» деп мақтанбаймын. Журналистер сұхбат алуға көп келеді, көбіне келісе қоймаймын. Өйткені өзімді өзім жарнамалаған сияқты болып кетемін бе деп ойлаймын.

Шынын айтқанда, адамдарды ұлтқа бөлген емеспін. Сан түрлі ұлттың өкілі тұрған Алғада «бір тудың» астында өстік. Кейін есейе келе ғой ұғына бастағаным. Алғадағы Ақтөбе химия зауытының пайдасы мол, беделі жоғары цехтарында қазақтың жігіттері бірен-саран ғана болды. Бес қатарлы үйлердің пәтерлері қазақтарға тек бірінші және бесінші қабаттарынан ғана бұйырды. Ұзына бойы дәліздің екі қапталын бойлаған бөлмелері бар жатақханаларда тек қазақтар тұрды. Осының бәрі жас болсам да, ойымнан шықпайтын. Бірақ айта алмаймын. Жүрексінемін. Қорқамын. Бірге жүрген достарым — өзге ұлт өкілдерін ренжітіп алатын сияқтымын.

1986 жыл. Шілде айы. Қостанайға жас боксшыларды жарысқа апара жатқанмын. Бірақ Қостанай ұшақты қабылдай алмады. Көкшетауға барып қондық. Әуежай вокзалында 10 сағаттай отырдық. Іш пысқан соң әрі-бері жүргенімде бір ағаймен таныстым. КСРО Журналистер одағының мүшесі екен. Ақтөбеден, оның ішінде Алғадан екенімді білген әлгі ағай тақырыпты ұлт саясатына көшірді. Алғаның жағдайын айттым. Ақтөбеде жалғыз ғана қазақ мектебі бар екенін айттым. Сонда ол кісі: «Біз Ақтөбенің жағдайын білеміз, өте қиын. Ал солтүстік облыстарда тіпті қиын. Сондықтан жайлап облыстарды аралаудамыз», — деді. 1960 жылдары көптеген облыстарда қазақ мектептері жабылып қалғанын, енді қазақ мектептерін ашу үшін жайлап, ақырындап, жұмыс жүргізіп жүргендерін айтты. Ол кісінің сөзінің әсер еткені сондай, оның үстіне өзімнің өсіп-өнген өлкемнің ұлт мәселесі жағдайын білемін ғой, қолымнан келсе, бәрін де төңкеріп тастағым келді. Көкіректі намыс оты, бойды ыза кернеді.

Алматыдағы бас көтеру хабарын естіген үш жігіт өзіміздің қарсылығымызды плакат жазу арқылы көрсеттік. Ешкімді ұрып-соққан жоқпыз. Ешкімді балағаттаған емеспіз. Біз мемлекеттік жүйеге қарсы болдық. Кеңестік империяның құлайтынын білдім. Өйткені қандай да империяның халықты күшпен ұстап отыруы мүмкін емес. Егер мүмкін болса, Рим, Византия, Осман, Моңғол империялары әлі күнге тұрмас па еді. Сол секілді әлемді екі лагерьге бөлген КСРО империясы да құлады.

…Сонымен ертеңіне Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстап, жауап алды. Қойған сұрақтары: «Не жетпейді? Кеңес үкіметінен не жамандық көрдің?». Менен жауап алып отырған майор орыс еді. Оған: «Жарайды, айтайын не жетпейтінін. Егер сіз азамат болсаңыз, хаттамаға түсірмей сөйлесейік. Өйткені хаттама ертең сотта алдымнан шығады», — дедім. Ол айтарыңды айт, түбі түрмеге қамаласың ғой деген пиғылмен мені жақсылап тыңдады. Мен былай дедім: «1917 жылғы большевиктер революциясын қазақтар Қазақстанда жасады делік. Қарамағына Ресей, Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы, Кавказ, Орталық Азия елдері қарады. Осы елдердің халықтарының, оның ішінде орыс ұлтының мектептерін жауып тастап, тек қазақ мектебін ашты делік. Сонда қалай болады?»

Менің сөзіме ашуланса керек, қорапшадан қолы дірілдеп, темекісін суырған әлгі майор: «Ничего себе, ты захотел», — деді. Сонда мен: «Сіз болмаған нәрсені көз алдыңызға елестетіп шошып отырсыз, ал біз неше жылдан бері өмір сүріп келеміз», — дедім.

Сот үкімінен кейін Орал қаласына аударды. Онда бір қазақ подполковнигі мені нұсқап, «мынаны жұмыстың ең ауырына салыңдар» деді. Жұмыс ештеңе емес, істеймін. Бірақ қазақ кісінің еш нәрсенің байыбына бармай, соншама шүйліккеніне ызаландым. Ал керісінше, Сазонов деген капитан шеніндегі орыс болды. Ол маған түсіністікпен қарады. «Отбасың бар. Ешқандай уайымдама. Үйіңе жетуді ойла. Шыда!» — деп, дем беріп, қолдап жүрді. Елде қалған бауырларыма да моральдық жағынан оңай соқпады. Басшылар оларды: «Сен Болаттың істеген ісін мақұлдайсың ба, әлде қарсысың ба? Бауырым деп санайсың ба, әлде «шіріген жұмыртқа» деп бағалайсың ба?» деген секілді сұрақтарымен ызаландырмақ болған. Бірақ менің өмірімде жақсы адамдар көп кездесті. Сотталар алдында Алға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Самат Сәрсенбаев мен туралы жақсы мінездеме берді. Жамандап жаз дегендердің ықпалына ермеді. Түрмеден келгенімде аудандық партия комитетіндегілер қарсы болса да, ол мені спорт мектебіне жаттықтырушы қылып жұмысқа алды. Жақсы адамдар тек қазақтар арасынан ғана емес, өзге ұлт өкілдерінен де көп болды. Бір ұлтты жақсы, бір ұлтты жаман деуге болмайды. Бәрі де отбасындағы тәрбиеге байланысты. Мені соттаған судья қазақ еді. Оның маған жаны ашыған шығар. Бірақ мерзімді аз берейін десе, жоғарыдан қорқады, көп берейін десе, ары бармайды. Орта тұспен екі жарым жыл берді. Мен судьяға ренжіген жоқпын.

Сөз соңында айтарым, еліміздің тәуелсіздігін құрметтеп, өте жоғары бағалауымыз керек. Қазір, құдайға шүкір, халқымыздың өмір сүруі үшін барлық мүмкіндік бар. Біздің кезіміздегідей емес, балалардың, жастардың дамуына, шет елдерде өнер көрсетуіне барлық жағдай жасалған. Спортпен айналысу керек. Тек бокстың маңында ғана айтар болсақ, жерлесіміз Галиб Жапаров екі олимпиадаға барды, екі әлем чемпионатына қатысып, чемпион атанды, күміс жүлдені иеленді. Қазіргі кезде Нұрбол Қалжанов, Камран Шахсуварлы, Мақсат Жанесов секілді көптеген жас боксшыларымыз бокс арқылы еліміздің сан қалаларын аралады, шет елдерге шығуда. Қазақстанның көгілдір Туын спортшыларымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда көтеріп, желбіретіп жатса, бұл — біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Бердібай КЕМАЛ.

***

Желтоқсаншыларды ұмытпаймыз

«Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.

Ел намысын ешбір жауға бермейміз,

Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!», — деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, Тәуелсіздіктің тұғырын нығайта түсу — біз секілді жастардың міндеті деп түсінемін. Ата-бабаларымыз аңсаған еркіндік, тәуелсіздік оңайлықпен келмеді. Халқымыз сан ғасырда талай ауыр сындарды басынан өткерді. 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасы да ел есінде мәңгілік сақталады. Кезінде кеңестік жүйеге қарсы болған жастарға «нашақорлар мен маскүнемдер» деген жала жабылды. Қаншама адам қудалауға түсті. Бірақ шындықты жасыру қиын ғой. Кейін бәрі де белгілі болды.

Желтоқсан оқиғасына байланысты жазаланғандар еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ақталды. Оларға құрмет көрсетіле бастады.

Өкінішке орай, қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков не бары 21 жасында құрбан болды. Бірақ артында аты қалды. Бүгінгі ұрпақ Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Ләззат Асанова секілді желтоқсаншыларды ешқашан ұмытпайды.

Ғазиза Рсымбетова,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button