Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Билік халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап жатыр

Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қобда ауданында болды. Өңір басшысы ауданның бірқатар елді мекенін аралап, жергілікті халықпен кездесті, шаруа құрылымдарының жұмысымен танысты. 

Жарықтың жағдайы жақсарады

 Ауданға жасаған сапарын облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Қобда өзені бойындағы Жарық жайылма суландыру жүйесінің сызбасымен танысудан бастады. Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетов бұл маңдағы құрылғы бұрын жұмыс жасағанмен, қазірде істен шыққанын айтты.

— Жарық ауылындағы жарық су құрылғысы бұрын жұмыс істеген. Бүгінгі күні Қобда өзені бойындағы құрылғыларды қайта қалпына келтіру үшін жер актілері әзірленіп, дамбылар мемлекет қорына қайтарылды. Қазір құжаттар дайындалып жатыр, — деді аудан әкімі.

Қобда өзенінің көлемі — 14 700 шаршы метр. Көктемде өзен қар суымен молаяды. Соңғы мәліметтер бойынша, өзен арнасымен келетін судың мөлшері 1 миллион текше метрден асады.

Құрылғылар болмауының себебінен көктемде өзенге жиналған судың 80 пайызынан айырылып қаламыз. Сондықтан қазір осы дамбыларды қайта жарақтандырумен айналысып жатырмыз. Көлдете суарудың жалпы алаңы — 2602 гектар. Бұл жердің суын Жарық және Жарсай ауылдық округтеріндегі 8 шаруа қожалығы пайдаланбақ. Су құрылғыларын қалпына келтіргеннен кейін, бұл маңда шаруашылықтар егін егіп, суармалы жерді тиімді пайдаланады, — дейді Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов.

Содан кейін облыс әкімі Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе аралығындағы Қобда селосынан Жарық ауылының қиылысына дейінгі аралықтағы 40 шақырымдық тасжолдың құрылысымен танысты. Үлкен жұмыс 2013 жылы басталған. Мердігер компания — «КТП» ЖШС.

Ауданға жасаған сапары кезінде өңір басшысы Жарық ауылында болып, ондағы мектептің бүгінгі келбетін көрді. Төбесі тозған ауыл мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі ауылдық клубта жергілікті халықпен кездесіп, өз сөзін еліміздегі

саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақталғанымен, дағдарысты еңсеру жолында атқарылған шаралар төңірегінен бастады.

Ең негізгісі — билік халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап жатыр деп айтуға болады. Жалпы Қобда өңіріне келер болсақ, негізгі көрсеткіштердың барлығы дұрыс орындалып жатыр. Ішінде орындалмай жатқаны — «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары. Жыл аяғына дейін бұл жұмыстарды орындау жөнінде аудан әкіміне тапсырма берілді, — деді Б.Сапарбаев.

Шекара бекетін ашуымыз керек…

Тұрғындар биыл Қобда мен Жарық ауылдары арасына жол салынғанына ризашылықтарын білдірді. Алайда кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауылда әлі де болса шешімін таппай тұрған екі негізгі мәселе айтылды. Оның бірі — көгілдір отын, екіншісі — ауыл мектебінің жағдайы. Зейнеткер Сағынай Құсайынов бүгінде ауыл жастарының еңбекке араласып, тіршілік етіп жатқанын сөз етті.

Жарық — аудан бойынша ең көп малы бар ауыл. Бүгінгі күні ауылда 14 мыңнан астам қой, 4 мыңға жуық ірі қара бар. Қазір ауылда өрімдей жас жігіттер елден кетпей, қайта осы жерде еңбек етіп жатыр. Біздер, яғни үлкендер жағы ауыл жастарына «Қалаға, аудан орталығына барғанда сендер жұмыссыздардың санын ғана көбейтесіңдер. Одан да ауылда қалып, еңбек етіңдер» дейміз. Алдағы уақытта ауылымыздың жас жігіттері мал шаруашылығымен қатар картоп және көкөніс өнімдерін, соя егуді қолға алуды жоспарлап отыр. Биыл жас кәсіпкерлер ауыл азаматтарына едәуір көмектесті, — деп Сағынай ақсақал облыс әкіміне сырттан қоныс аударушыларды Жарыққа қарай жіберуді өтінді. Тұрғындар ауылға сырттан көшіп келетін отбасылар болса, соғымнан көмектесетіндерін айтып отыр. Ауылдықтар осылайша халық санын көбейтуге тырысады. Себебі, ауылдағы құрылысы 1978 жылы салынған мектептің бала санының аздығына байланысты жабылып қалу қаупі жоқ емес.

Кездесуде облыс әкімі тұрғындар сауалына жауап берді.

— Мен Астанада екі мемлекет басшылары қатысқан жиында шекараға дейін жол салу мәселесін айттым. Қазір көрші Орынбор облысының губернаторымен де сөйлесіп жатырмыз. Бұрынғыдай шекарадағы бекетті ашуымыз керек. Ол жерден тек жеңіл көлік емес, жүк көліктері де жүруі тиіс. Сол сияқты, ол жермен тек Қобданың тұрғындары емес, басқа ауданның тұрғындары да өтуі тиіс. Кезінде бұл жермен Өзбекстанның да көліктері жүргенін білемін. Біз оны пайдалануымыз керек. Сондықтан бұл жолдың құрылысын жалғастырамыз. Әрине, жол құрылысы созылып кетті. Қазір бұл істе 2018 жылдың қаражатын 2017 жылға ауыстыру жөнінде министрлікпен жұмыс жасап жатырмыз. Сөйтіп, мына жолды тезірек бітірсек, онда шекара бекетін ашуға болады, — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде өңір басшысы суармалы жерлерді тиімді пайдалану, ол үшін жергілікті тұрғындардың тер төгіп, еңбек етуі керектігін айтты.

Келер жылдың екінші жартысынан бастап Жарық ауылындағы шлюз жөнделеді. Сонда ең кем дегенде 2447 гектар суармалы жер болады. Қобданың суын пайдалану керек. Өкінішке қарай, сіздер пайдаланбайсыздар.  

Газ — үлкен мәселе. Елді мекенге газды Қобдадан тарту керек. Қазір бұл шаруаны ойластырып жатырмыз. Мұның екінші жолы бар. Егіндібұлақ ауылына қойғандай, бұл жерге де сығымдалған газ қондырғысын қойсақ па дейміз. Бұл — тиімді болады. Себебі  Қобда мен Жарықтың арасы — 40 шақырым. Бұл аралыққа газ тарту үшін көп қаражат керек. Әрине, газ тарту ісі біздің жоспарымызда бар. Ауызсу мәселесі де дәл солай. Мектептің жағдайын өз көзіммен көрдім. Мектеп жөнделеді. Биылға аудандық бюджеттен мектепті жөндеуге 2 миллион теңгедей қаржы бөлінеді. Өйткені мектепті жөндеу үшін әзірленген құжат осыдан үш жыл бұрын жасалған. Егер сол құжатпен мектептің жөндеуін биыл бастамасақ, онда ол құжат ескіріп қалады. Сосын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжатты қайта жасау керек болады. Келер жылы Жарық ауылындағы мектептің күрделі жөндеуіне облыстық бюджеттен қаражат қарастырылады, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

6 пайыздық үстемеақы ауыл үшін көп

Биыл Жарық ауылында үш шаруа қожалығы бірігіп, кооператив құрыпты. Кәсіпкер

Самат Қуанышұлы ауыл кооперативінің облыс бойынша екінші, ал ауданда бірінші болып құрылғанын айтты. Қазір кооперативте 46 адам еңбек етеді. Биыл шаруалар малды асылдандыруға күш салыпты. Кәсіпкерлер малды тірілей «АкТеп» ЖШС-на өткізіп отыр. Алдағы уақытта ауыл маңайынан сиыр сауатын ферманы сынақ ретінде ашуды жоспарлайды. Алайда қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Кездесу кезінде кәсіпкер несие алу үшін кепілдік мәселесінен кедергі болып тұрғанын айтты.

Жыл басында елімізде кооператив жөнінде жаңа Заң күшіне енді. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Ол бағдарлама ауыл шаруашылығын әрмен қарай дамытуға негізделген. Соның ішіндегі ең үлкен мәселе — кооперативтер құру. Кооперативтер арқылы мал санын көбейтіп, ет, сүт өнімдерін молайтудың тиімділігі зор. Қазір мемлекет тарапынан кооперативтердің ісін жандандыру үшін сүт таситын арнайы көліктер сатып алынып, сүт қабылдау пункттерін салып жатырмыз. Кооператив құрғандағы ең үлкен мәселе — мал өнімдерін өткізу. Кооператив болғаннан кейін онда тек мал шаруашылығы емес, егінмен де айналысу керек. Сөйтіп, жыл он екі ай жұмыс істеу керек. Мұны айтып отырған себебім, қазір біздегі бір әдет — егінмен айналысатын шаруашылықтар алты ай ғана жұмыс жасайды, сосын бос. Олай ету дұрыс емес, — деді облыс әкімі.

Алдағы уақытта кәсіпкерлерге шағын несие 2-3 пайыздық үстемеақымен берілуі мүмкін. Кездесу барысында Бердібек Машбекұлы Президент әкімшілігінде болған мәжілісте осы мәселені көтергенін айтты.

Ауылдағы кәсіпкерліктің, одан кейін негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге аспай жатқанының бір себебі — кепілдік. Ауылда кепілдік жоқ. Екінші мәселе — несиенің пайыздық сыйақысы. Қазір ең азы — 6 пайыз. Әрине, ол аз. Бірақ ауыл үшін ол көп. Мен Президент әкімшілігінде болған жиында несие қаражатының жылдық пайыздың сыйақысын 2-3 пайызбен берсе деген мәселе көтердім. Екіншісі — кепілдікке несиеге алатын затын немесе мүлкін қою.

Қазір несие алуда ½ коэффициент бар, яғни кепілге қоятын мүлкіңнің бағасы алатын несие қаражатынан да асып түседі. Мәселен, 1 миллион теңге несие алсаң, оған 2 миллион теңге мөлшерінде кепілдік сұратады. Мәжілісте мен бұл мәселені ең кемінде коэффициентті 1/1 немесе 50-70 пайыз болу керек деген ұсыныс айттым. Бұл мәселені біз көктемге дейін шешуіміз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Кездесуде Жарық ауылындағы байланыстың нашарлығы, мал ұрлығы мәселелері де айтылмай қалмады. Биылдың өзінде 8 ірі қара ұрланған. Ауыл тұрғындары Жарыққа өз алдына учаскелік инспектор керектігін айтты. Себебі, қазір бұл ауылға инспектор Өтек селолық округінен келетін көрінеді. Инспектор Өтектен келгенше, ұрылар өткелден өтіп болады.

Ұрылар алыстан келмейді.  Қазір тұрғындар малды өріске қараусыз жіберіп қояды. Сосын малының қашан ұрланғанын білмей жатады. Сол үшін ауылға бақташы керек. Бұл мәселеде ауыл әкімдері тұрғындарға түсіндіріп, арасынан бақташы шығару керек. Ұрлық тек сіздердің ауылда емес, жалпы облыста  бұл көрсеткіш өсіп барады. Ең қиыны — көп ұрлықтың беті ашылмайды. Мерзімі өтіп кетеді, одан кейін ұрланған малды ешкім іздеп таппайды, — деді облыс әкімі.

Жаңа үйдің бірі Аленаға берілді

Облыс әкімінің ауданға жасаған сапары Қобда селосында жалғасты. Бердібек Машбекұлы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қобда ауданының орталығында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 10 коммуналдық-жалдамалы тұрғын үйдің кілттерін қожайындарына салтанатты жағдайда табыс етті. Жаңа баспаналар азаматтардың арнайы жіктері бойынша кезекте тұрғандарға берілді.  Үй алғандардың бірі — Алена Мыц. Алена отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәрбиеленіп, Ақтөбедегі гуманитарлық колледжде білім алыпты. Қазір жас маман ретінде ауылға оралып, өзінің бауырларына қамқорлық танытып отыр. Қазақ тілін жетік білетін Алена баспанаға қол жеткізіп,  бауырларымен бір шаңырақ астында өмір сүру бақытына кенелгені үшін облыс басшылығына үлкен алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол өзіне тәрбие берген ұстаздарына, тәрбиешілеріне көпшіліктің алдында рақмет айтты.

Бауырларыммен бірге Қобданың отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәрбиелендім. Мектепте жақсы оқып, білім алдық. Бізді қиын жағдайға қалдырмаған ауылдастарыма алғыс айтқым келеді. Мен және менің інілерім жерлестерімнің үмітін ақтаймыз. Біздің жақсы азамат болуға құқымыз бар. Барлық аудан тұрғындарын еліміздің Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, — деді Алена.

Бұл үйлердің құрылысына мемлекеттік бағдарлама бойынша облыстық қазынадан 66404,0 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар үйлердің аумағын абаттандыру және инженерлік желілер тартуға 15473,3 мың теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына «Кап-Рем-Строй» ЖШС мердігерлік етіпті. Өңір басшысы жаңа үйге қол жеткізгендерді қуанышымен құттықтады.

Қобда селосында жергілікті халықпен кездеспес бұрын облыс әкімі аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Арнайы техникалардың қыс мезгіліне дайындығын өз көзімен көріп, тұрақтандыру қорына жиналған картоп және көкөніс, өзге де азық-түліктердің сақталу жағдайымен танысты. Аудан орталығындағы «Қамқор» әлеуметтік дүкенінде болды. Ашылғанына 4,5 ай ғана уақыт болған бұл дүкенде 1000-ға жуық аудан тұрғынына қайырымдылық көмек көрсетіліпті. Дүкенге түсетін киімдерді ауыл азаматтары жеткізетін көрінеді.

Облыс басшысы аудан орталығында салынатын жаңа саябақтың сызбасымен танысты. Содан соң облыс басшысы бастаған топ саябаққа тал екті.

Аудандық Мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесу барысында бірқатар әлеуметтік мәселелер айтылды. Облыс әкімі бұл кездесуде де аудан халқына суармалы жерді тиімді пайдалану жайын тағы бір мәрте айтты. Себебі, қазір аудандағы 12 өзеннің 10-ы жыл бойы суға толып тұрады. Алайда жергілікті тұрғындар бұл суды мақсатты пайдаланбайды.

Кездесу барысында облыс әкімінің Қобда ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі Жауғашты Жұмағалиев аудандық ауруханаға газ тарту мәселесін көтеріп, ондағы қымбат медициналық қондырғыларды іске қосатын маманның жоқтығын алға тартты. Сол сияқты, бұрынғы Қиыл, қазіргі Исатай ауылын қайта көркейту ісін қолға алсақ деген ұсынысын жеткізді.

Талдысай өз еншісін алады

Келер жылы Қобдада жаңа селолық округ пайда болады. Ол — Талдысай селолық округі. Бүгінде Бұлақ селолық округіне қарайтын Талдысай ауылының тұрғындары бұл мәселені ауылға ат басын бұрған облыс әкіміне мәселе етіп көтерді.

Бердібек Сапарбаев Талдысайдағы жаңа мектеп пен ондағы балабақшаның жұмысымен танысты. Ауылдық клубтың ішін аралап көріп, халықпен кездесті. Тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер айтылды. Облыс әкімі келер жылы Талдысай ауылында ауызсу мәселесінің шешілетінін айтты. Себебі, бұл ауыл «Таза су» бағдарламасы бойынша атқарылатын жобалардың қатарына енген.

Әлия ауылына балабақша салмаймыз. Өйткені, ауылда бала саны аз. Мен басқа қызметте жүрген кезімде Әлия ауылының ақсақалдары балабақша салу туралы мәселе көтерген болатын. Сол кезде айтқанмын: «егер келіндер өмірге көп бала әкелсе, ауылға балабақша салынады» деп. Бұл жоспар орындалмай отыр. Сондықтан Әлия ауылына әзір балабақша салынбайды, — деп әзіл-шыны аралас жауаппен облыс әкімі бұл істің жақын күндері қолға алынбайтынын айтты.

Кездесуде зейнеткер Сағын Алтынбекұлы Талдысайды Бұлақ селолық округінен бөлу турасында мәселе көтерді. «Аудан әкімі бұл жайында маған айтты. Бұл мәселені шешудің ешбір қиындығы жоқ. Келер жылы сіздер, яғни Талдысай ауылы өз алдарыңызға енші алып, ауданда жаңа селолық округ ашылатын болады», — деді өңір басшысы.

Биыл жыл басынан бері Талдысай ауылында 5 қылмыс тіркеліп, оның 4-нің беті ашылған. Кездесу кезінде белгілі болғаны, қазір Қобда ауданы бойынша басқа ағымда жүргендердің саны — 6. Өз сөзінде өңір басшысы елдегі саяси-қоғамдық жағдайдың тұрақтылығын сөз етіп, халықты етене еңбекке араласуға шақырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты әлеуметтік қамтамасыз ету турасындағы тапсырмасын орындау үшін жергілікті билікке туындаған қандай да болмасын мәселелерді дер кезінде шешуге тырысу керектігін айтты.

Талдысай ауылына жасаған сапары кезінде Бердібек Машбекұлы ауылдағы ескі ғимараттағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Бүгінде пешпен жылитын мекеменің жағдайы сын көтермейді. Келер жылы Талдысай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынатын болды.

**

Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімінің халықпен кездесулеріне облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетай, облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық қауіпсіздік департаментінің бастығы Марат Ерменов, облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші  орынбасары Серік  Сисембин, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің бастығы Талғат Мамаев қатысты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Ақтөбе-Қобда-Ақтөбе.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button