Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбеде «наркескен тілмен жыр етем, мәңгілік елдің мұратын» атты республикалық ақындар айтысы өтті

Бұл — айтыскер ақындардың биылғы Тәуелсіздік тойына шашуы. Былтырғы күзде облыс орталығында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Бабадан қалған байтағым» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, ақтөбелік өнерсүйер қауым бір серпіліп қалған еді. Арада бір жыл өткенде, ата-бабадан қалған асыл өнерді серік етіп жүрген бір топ ақын: «Армысың, ару Ақтөбе, Ақтаңгерлердің аймағы!» — деп (Айнұр Тұрсынбаева), біздің қаламызға тағы келді. Ақтөбелік тыңдарман оларды тағы да құшақ жая қарсы алды. Айтыс өткен Жастар сарайы жеті сағат бойы лық толып тұрды. Көрермендердің көп бөлігі залдан орын таппай, айтысты тікелерінен тік тұрып тамашалады. Айтысқа кіру тегін болды.

Ақтөбе жұртына айтыс мерекесін «Нұр Отан» партиясының және облыстық әкімдіктің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып беріп отыр. Әрине, талғампаз тыңдарманның, әйтеуір, аты айтыс екен деп жүгіре бермейтіні түсінікті. Сондықтан биылғы айтысқа Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Серік Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева сынды жұртты айтысқа ынтықтыра алатын жүйріктер, еліміздің әр өңірінен белгілі ақындар шақырылды. Атап өтетін жайт — бұл айтысқа Ақтөбе топырағында туған бес бірдей ақын қатысты. Соңғы кезде түрлі деңгейдегі айтыстарға қатысып, жақсы көрініп жүрген ақтөбелік жас ақындардың қатары жылдан-жылға толығып келеді. Бұл бізді ерекше қуантады.

Айтыстың қазылар алқасына КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар алқасы құрамында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, белгілі айтыс ақындары — Қонысбай Әбілов пен Әсия Беркенова, Қазақстанның халық артисі, белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев болды.

Айтысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Ол алдымен айтысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді:

— Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы жер-жерлерде айтыстар ұйымдастырып, айтыс өнерін дамытуға көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев, Нұрлан Ноғаев, Қырымбек Көшербаев, Бауыржан Байбек сынды өңір басшылары да айтыс өнерін дамытуға ерекше қолдау көрсетіп отыр. Қолдаушылары, тыңдарманы бар айтыс өнері өлмейді, жалғасын таба береді, — деді ол.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов және облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова залдағы тыңдармандар қатарында болды.

Сонымен, қалың тыңдарман тықырши күткен сәт те жетті. Сахнаға алдымен алматылық Серік Қалиев пен ақтөбелік Марат Ахметов шақырылды. Айта кетейік, Жүрсін Ерман Маратты айтыста жүрген ақтөбеліктер арасындағы мықты ақындардың бірі деп таныстырды. Ең алғаш Марат 8-сыныпта оқып жүрген кезінде, Ақтөбеде өткен оқушылар арасындағы облыстық айтыста бірінші жүлдені жеңіп алып, көпшілік көзіне түскен еді. Бұл 1999 жыл болатын. Ал кеше Мараттың Серік Қалиев сынды мықты ақынға лайықты жауап қатып, онымен тең өнер көрсеткеніне куә болдық. Біз ғана емес, қазылар алқасы да олардың екеуінің өнерін бірдей жоғары бағалады.

Бұдан соң жұртшылық Моңғолияда туып-өскен Шұғайып Сезімхан мен астаналық Мұхтар Ниязовтың өнерін тамашалады. Шұғайып Ақтөбе өңірінің тарихынан, осы топырақтан шыққан халқымыздың ұлы перзенттерінің өмір жолдарынан жақсы хабардар екенін көрсетті. Мұхтар да одан қалыса қоймай, «Бас жазатын жер емес, бұл Ақтөбе — Бас қосатын жері ғой бар Алаштың»  — деп, әдетте Ақтөбеде арақ-шарап зауыттарының көптігін айтып, сынап жататын әріптестеріне тойтарыс бермек ниетін жеткізді. Тыңдармандар ол ниетіне ұзақ қол шапалақтады.

Бұлардан соң жұрт алдына шыққан тағы бір ақтөбелік ақын Жәнібек Бейбіт өзімен айтысқан қарағандылық Марат Ахановтың жұмыссыз жүргенін алға тартып, «Шығанақтай ақ тары екпегенмен, Қауқарың бар шығар-ау гүл егердей» — деп, әзіл-қалжыңмен түйрей отырды. Жалпы, Жәнібек әдемі әзілге бейім ақын көрінді.

Сахнаға шыққан төртінші жұпта да ақтөбелік ақын өнер көрсетті: Ершат Қайболдин. Ершат пен алматылық Рүстем Қайыртай бүгінде қоғамды толғандырып жүрген демография; не болса, соған бола несиеге бату; парақорлықтың зардап-салдарлары сынды мәселелер төңірегінде тұшымды пікірлер айтып, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Бесінші жұп болып ортаға шыққан Айбек Қалиев (Арқалық) пен Айнұр Тұрсынбаеваны (Астана) тыңдармандар өздерінің айрықша ықылас-пейілдерін білдіре, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Дегенмен, Айбек пен Айнұр, жолды жастарға беруді мақсат тұтты ма, әлде баптары келіспеді ме, жұрт көңілінен шығатындай өнер көрсете қоймады. Тәуелсіздік тойына, ел-жұртқа деген ақ тілектерін жеткізген шумақтармен, жеңіл әзіл-қалжыңмен шектелді.

Шымкенттік Біржан Байтуов пен ақтөбелік Оразбек Қиынбаев, тағы бір ақтөбелік Данияр Алдабергенов пен шығысқазақстандық Қазбек Байжұманов, соңғы жұп болып шыққан Ринат Зайытов пен Қазірет Бердіхандар ел бірлігі, қазақтың бүгіні мен келешегі, Ақтөбе жұртының өнерге, жырға деген ықыласы төңірегіндегі ой-пікірлерімен, тыңдармандарды риза ете білді. Арасында әдемі әзілдер де айтылды, тарихтан сыр шертілді. Ақындар өңірде көптеген игі істердің ұйытқысы болып отырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа деген жылы лебіздерін де жеткізді.

Айта кету керек, алғашқы айналымда ақындарға уақыт тұрғысынан көп шектеу қойылған жоқ.

Жалпы, айтыс барысында Жүрсін Ерман ақындарға бір ғана ескерту жасады: «Ақтөбе топырағының даңқты перзенттері қатарында ел басқарған хандар, ел қорғаған батырлар, әділдікті ту еткен билер, сонау Шернияздан бастап, беріге дейінгі ақындар аталып жатыр, бірақ өткен ғасырдың 20-30-жылдарында жаңа өмірге бет бұрған халқының қамын жеп, ірі жобалар, үлкен істердің басы-қасында жүрген, Голощекинмен қаймықпай айтысқан, өзі 37-дегі зұлматтың құрбаны болып кетсе де, қазақ үшін қыруар іс тындырып, жақсы тұрмыстың іргетасын қалап кеткен аса көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың аты неге аталмады?» — деген ренішін жеткізді. Мұны біз де орынды айтылды деп санаймыз.

Қазылар шешімімен екінші айналымға екі жұп шықты: алдымен Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртай айтысты, ал соңынан жұртшылық Ершат Қайболдин мен Шұғайып Сезімханның айтысын тамашалады.

Марапаттау сәтінде алдымен қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов сөз алды.

— Мен қазақтың басты өнері — айтыс деп санайтынымды әрдайым айтып жүремін. Әсіресе, бүгінгі жастарымыздың осы өнерге жақындығы, айтыскер ақындар арасында талантты жастардың көптігі бізді қатты қуантады. Бүгінгі айтыста өзіме ұнаған пікірлер, шумақтар көп болды, оларды жазып алып отырдым. Ал бұл айтыста кім озды, кім жақсы өнер көрсетті дегенде, біз жастарға көбірек көңіл бөлдік, — деп атап өтті Асанәлі Әшімов.

Бұдан соң «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев сөз алды. Ол жиналғандарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, өзінің ақ тілектерін жеткізді.

Ақындарға алдымен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Немесе Жүрсін Ерман оны «шабыттандыру сыйлығы» деп те атады. 150 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтары тоғыз ақынға табысталды. Ал алматылық Қазірет Бердіханға 250 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлық берілді.

Жүлдегерлерге келсек, Бас жүлдені Моңғолияда туып-өскен, айтысқа Алматы атынан қатысқан Шұғайып Сезімхан жеңіп алды. Бірінші жүлде ақтөбелік Ершат Қайболдинге бұйырды. Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртай екінші орынға ие болса, үшінші орын ақындар — Серік Қалиев пен Марат Ахметовке берілді. Айтыстың жүлде қоры қомақты болды. Бас жүлдеге — 3 миллион теңге, бірінші жүлдеге 1 миллион теңге ақшалай сыйлық берілді. Екінші және үшінші орын алғандар тиісінше — 750 мың және 400 мың теңге көлеміндегі сыйлықтармен марапатталды.

Ал Ақтөбе жұртшылығы үшін бұл айтыс биылғы Тәуелсіздік тойының ерекше жарқын сәттері ретінде есте қалмақ.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Маган айтыс катты унады Айтыскер акындарга барине ризамын. атап отетин акындарым Айнур Айбек Ринат Максат Жане Данияр мен Шугайыптын айтыстары катты унады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button