Басты жаңалықтар

Қуатты кәсіпорындарға шикізат жетіспейді

Аграрлық мәселе

 Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдардағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік жаңа бағдарламасын жасады.

Аталған бағдарламаны түсіндіру мақсатында үстіміздегі жылдың 10 қарашасы күні ҚР Премьер-министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов Ақтөбе облысына келді.

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Алға ауданында болып, ондағы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында құрылған, шағын мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңын, «Ақтөбе ет кластері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатын көрді.

— Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік жаңа бағдарламасында  біз ауыл шаруашылығының ұсақ тауар өндірушілеріне ерекше назар аударамыз. Өндірілген шикізат осы кәсіпорындардың қуатын пайдалануға бағытталатын болады. Ал қазір олар толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Өндірілген өнімдер ірі кәсіпорындарға жету үшін жеке қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперацияларына бірігуі тиіс, — деп атап көрсетті А.Мырзахметов жоғарыдағы кәсіпорындарда болған кезде.

Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі

А.Мырзахметовтің жұмыс сапары Ақтөбе қаласында жалғасты. Ол мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында құрылған, сүт қабылдау пункттерінің, сүт өңдеу зауытының қызметтеріне ден қойды.

«Айс+»  зауытының цехтарын аралап көріп, кәсіпорынның басшыларымен әңгімелесті.

«Айс+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуаныш Есжановтың хабарлағанындай, кәсіпорын 2000 жылы құрылған. Содан он бес жыл өткенде ғана кәсіпорын толық жаңғыртылды. Негізгі технологиялық жүйе ауыстырылды. Зауыт сүт, қаймақ, сүзбе, балмұздақ сынды түрлі сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Директордың мәлімдеуіне қарағанда, жылдың аяғына дейін зауыт шығаратын өнімдердің бағасы өзгермейді.

Шығарылған өнім, облыс аумағымен бірге, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына, Ресей аймағына сатылады. Мәселен, қазіргі күні Ресейдің Саратов облысына айына 30 тонна сүт өнімдері жіберіледі. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсуге тиіс.

Зауыт өнімнің жаңа түрлерін шығаруды ұдайы ойлап, жетілдіріп отырады. Соның нәтижесінде таяуда биойогурт өнімі пайда болды. Мұны кәсіпорын Мәскеудің тамақ институтымен бірігіп, қышқыл сүт тағамына йод қосу арқылы жасады. Осындай йогуртты пайдалану арқылы балалар ағзаға қажет йодтың күндік нормасын алады.

Өткен жылғы жүргізілген жаңғыртудың нәтижесінде зауыттың қуаты  тәулігіне 50 тоннаға жетті. Алайда, зауыт директорының осында мәлімдегеніндей, кәсіпорын қазір жары қуатында жұмыс істеп тұр.

Кәсіпорынға негізгі сүт жеткізуші — зауыттың өзіне қарасты «Айс» тауарлы сүт фермасы. Сосын сүт өткізетін шаруалар, жеке қосалқы шаруашылықтар. Олардың дені негізінен Қарғалы мен Мәртөк аудандарынан.

Зауыт ауласында ҚР Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпорынды сүтпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылық кооперативтері басшыларымен кездесті.

— Біз тек бір бағыттағы ғана кооперативтер құрмауымыз керек. Жеке шарбақтардың да қуатын кеңінен пайдалануымыз қажет. Бұдан әрі біз елді мекендердегі тұрғындардан сүт жинап қана қоймай, тауарлы сүт фермаларын құруымыз керек, —деді Асқар Мырзахметов.

Ол жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмысының қаншалықты жолға қойылғанына назар аударды. Қарғалы ауданының Қосестек ауылындағы «Қарғалы» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Еркін Өтегенов жаңа істің қалай оңғарылып келе жатқанын айтып берді. Ол сүт таситын автокөлік, сыйымдылығы төрт тонналық сүтті салқындататын техника сатып алған. Қазір елді мекендегі тұрғындардан күніге 500 литр сүт жинап, зауытқа өткізеді. Ал жаз айларында 6 тоннаға дейін сүт өткізіп жүрді.

Ауыл шаруашылығы кооперативі тұрғындардан сүтті литрін 70 теңгеден сатып алып, зауытқа 90 теңгеден тапсырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өндірушілерге әрбір литр сүтке 20 теңге субсидия төлемек.

Зауыт директоры жекеден жиналатын сүттің бұрын сапасы төмен болғанын, ал қазір фермерлерден келіп жатқан сүттің сапасының жақсарғанын айтады. Осы жүйенің құрылуымен аса маңызды проблеманың шешіліп тұрғанын алға тартты.

Халыққа дайын өнім ұсынатын кәсіпорынның жұмысын қарап жан-жақты танысқан Асқар Мырзахметов пен Бердібек Сапарбаев түстен кейін «Капитал Плаза» бизнес орталығында өткен аграрлардың аймақтық кеңесіне қатысты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button