Басты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: ауылдағы тіршілік көзі — мал, оны өсіріп, өнімдерін молайту керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байғанин ауданына жұмыс бабындағы сапары Ноғайты ауылынан басталды. Ауылдағы әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмыс істеуі бүгінгі күні ерекше маңызға ие. Сондықтан да атқарушы билік тарапынан осы салаға тұрақты көңіл бөлініп келеді.

«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты аясында күрделі жөндеуден өткен балабақша қазір бүлдіршіндерді қабылдап, жұмыс істеуде. Жалпы жөндеу жұмыстарына 19,6 миллион теңге бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Стройсервис» ЖШС жүргізді. Жергілікті тұрғындардан бес жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды. Құрылыс жұмыстары тамыз айында толық аяқталды.

Ауыл клубындағы жұртшылықпен кездесуде облыс басшысы елдегі бүгінгі ахуал туралы айтып өтті.

Байғанин өңірінің біраз тұрғындары мұнай өндіру саласында еңбек етеді. Сондықтан да облыс басшысы басты әңгімені осы арнада өрбітті.

— Қазір әлемдегі мұнайға байланысты болып жатқан дағдарыс Қазақстанға, оның ішінде біздің Ақтөбе облысына да өзінің әсерін тигізіп жатыр. Қазір жағдай тұрақталды деп айтуға болады. Мұнайдың бағасы бүгінде 40-50 доллардың төңірегінде. Бұған байланысты біздің ең негізгі міндетіміз — жұмыстан қысқарғандарды жұмыспен қамтамасыз ету. Ол жөнінде мұнай шығаратын компаниялармен, мұнайдың қасында жүрген сервистік компаниялармен жұмыс жасап жатырмыз. «Мұнайсервис Ақтөбе», «Ұлы қабырға», «Восток нефтесервис» компанияларында жұмыс істеген кейбір азаматтардың жұмыстан босап қалғанын, уақытша демалыста отырғандарын біз білеміз. Жақында ғана бүкіл облыстағы жер қойнауындағы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың, компаниялардың басшыларын шақырып жиын өткіздік, оған екі министрдің орынбасары қатысты. Біздің негізгі міндетіміз, біріншіден, олар өздеріне алған жер қойнауын пайдалану кезіндегі міндеттерін толығымен орындауы керек. Екіншіден, жер қойнауын барлау жұмыстарын әрмен қарай жалғастыруы тиіс. Сол арқылы қосымша бұрғылау жұмыстары болады. Екінші мәселе — ауызсу жайы. Әуелі біз ауызсудың қанша қоры бар, оның сапасы қалай, соны зерттеуіміз керек. Ол жөнінде тиісті кәсіпорындар жұмыс жасап жатыр. Егер сараптама қорытындысы оңды болса, онда қаржы бөліп, қосымша скважина саламыз. Газ қосуға байланысты айтсақ, оның бағдарламасы бар. Қаржылай мүмкіндігімізге байланысты бұл мәселені де келешекте шешеміз, — деді облыс әкімі.

Облыс басшысы өңірдегі ең үлкен мәселенің бірі — жолдың жайы екенін қадап айтты. Бүгінгі күні ауылдарды айтпағанда, аудандардың арасындағы жолдардың өзі сын көтермейді. Ақтөбе мен Атыраудың арасын жалғап, одан әрі Астраханға қарай жол салу көптеген проблемалардың түйінін шешеді деп күтілуде. Қыс кезінде бар техниканы іске қосып, жолды таза ұстау, сол арқылы қатынасты реттеу маңызды.

Одан кейін әкім ауылдағы әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Балабақша өз деңгейінде жұмыс істеп тұр. Мектепті күрделі жөндеуге байланысты құжаттары қазір дайындалу үстінде. Егер бұл шаруа ретімен шешімін тапса, келер жылы мектепке жөндеу жасалады. Ауылда клуб пен медпункт талапқа сай жұмыс істеп тұр.

Бердібек Машбекұлы ауыл адамдарын белсенді еңбек етуге, заман талабына сай ілгері ұмтылуға шақырды. «Ауылдық жерде тұрғаннан кейін, әрине, сіздердің жағдайларыңыздың барлығын біз түсінеміз, білеміз, бірақ мал ұстау керек. Малдың басын көбейту керек. Ол үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектерге жүгіну тиімді. Ендігі біздің міндетіміз — сіздермен бірге сол бағдарламалардың жүзеге асуы үшін берілген қаржыларды толығымен игеруіміз қажет. Әсіресе, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ауылды жұмыспен қамту» бағдарламаларының мүмкіндігін жас жігіттер пайдаланғаны жөн деп есептеймін. Ауылдағы тіршілік көзі — мал, оның басын көбейтіп, өнімдерін сатып, тіршілік ету қажет», — деді облыс басшысы.

Ноғайты елді мекенінің тұрғындарымен кездесуде жұртшылықты толғандырып жүрген бірқатар мәселелер қозғалды. Жергілікті халық теміржолдың бойында орналасқандықтан қоныстары қолайлы, жердің суы тұщы, малға жайлы екенін айтады. Алайда ауылға 60 шақырым жерден көмірді, отынды жеткізу бірқатар адамдарға қиындық тудырады. Сондықтан ауыл адамдары елді мекенге газ жеткізуге көмектесуді сұрады.

Кезекті мәселе — дәрігер кадрларына қатысты. Тұрғындардың айтуынша, мұнда жұмыс тәжірибесі аз мамандар еңбек етеді.

Облыс басшысы өңір бойынша қазіргі уақытта 72 дәрігер жетіспейтінін айтып, бұл бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берілетінін жеткізді.

«Негізі ауылда дәрігер, мұғалімнің тұрақталуы үшін осы жақтың ұл-қыздарын оқыту керек. Сонда олар сол оқуды бітірген соң елге оралады. Ал енді сырттан келгендердің тұрақтауы үшін ауылдың әкімі оларға жағдай жасауы керек», — деді әкім.

Жарлы ауылындағы Мәдениет үйін «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты аясында күрделі жөндеуге 25,0 миллион теңге бөлінді. Жарлы ауылынан 7 жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген  «АқтөбеКапремстрой» ЖШС шілде айында жұмысты бастап, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде толық аяқтады.

Жарлыдағы кездесу барысында тұрғындар көп жерлердегідей ауызсу, жол мәселелерін қозғады. Жергілікті тұрғындар жұмысшылар пойызын іске қосу туралы өтініштерін айтты. Бұған қатысты нақты жауаптар берілді.

Қораши ауылының тұрғыны Темір Төлеуов орталықтан он бес шақырым жерге көтерме жол салуға көмектесуді сұрады. Сондай-ақ мектеп үйінің жаңарғанына алғыс сезімін білдіріп, енді балалар үшін спорт залы қажеттігін алға тартты.

Аудан орталығындағы Қарауылкелді орта мектебіндегі тұрғындармен кездесу ашық әңгіме жағдайында өтті. Мұнда да бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселелері қозғалды. Ауыл адамдарын мазалаған сауалдардың нақты жауабы берілді.

Ата-аналар атынан сөз алған Мейрамгүл Төлегенова өзінің баласы Назарбектің мектепте оқып жүргенде көптеген олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанғанын, осыған байланысты облыс әкімшілігі тарапынан қолдау-марапаттаулар көрсетілгеніне алғыс сезімін білдірді. Қазір талапты жас Оңтүстік Корея елінде жоғары білім алуда.

Бұған байланысты облыс басшысы қай кезде де жастарға еліміздің болашағы ретінде қолдау жасалатынын, сондықтан да жас буынның білімге, еңбекке ұмтылуы маңызды екенін айтты.

Жергілікті кәсіпкер Гүлнұр Шанова аудан орталығында сүт цехын ашуға талаптанып жүр екен. Қазір бұған қажетті ғимарат дайын тұрған көрінеді. Оны Ресейден жабдық жеткізуге қатысты қосымша құн салығын төлеу мәселесі толғандырады. Салық қызметкері жиын барысында оған бұл проблеманы оңтайлы шешуге болатындығын түсіндірді.

Кездесу барысында дінге сенім мәселесі де қозғалды. «Біздің сенімімізге жат діндер арамызға кірмеуі тиіс. Қыз-келіншектеріміздің қара киім киіп жүруі де дұрыс емес. Қазақ қара киімді қандай жағдайда киеді, соны ойлаған жөн. Біз ең алдымен балаларымыздың болашағын ойлайық. Егер кімде-кім заңды бұзса, біздің арамызға іріткі жасаса, ол заң алдында қатаң түрде жауап беруі тиіс.

Мәңгілік ел болу үшін біздің өсіп келе жатқан жас буынымыз ұлтын, елін сүюі керек. Ал біз бәріміз бірлесіп елдің бірлігін сақтауға үлес қосуға тиіспіз», — деп қорытындылады сөзін облыс басшысы.

 

* * *

Облыс әкімімен бірге кездесуге облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық қауіпсіздік департаментінің бастығы Марат Ерменов, облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Сисенбин, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің орынбасары Әлібек Қадырбеков келді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button