Басты жаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Қайта оралған Ұлы дала атаулары

Тәуелсіздік жылдарында облыста 144 елді мекеннің аты өзгертілді

 Новоалексеевка, Новостепановка, Ивановка, Псков, Урожайное, Бородиновка, Романовка, Покровка…

Облысымыздағы елді мекендердің көп бөлігі бір кездері осылай аталғанынан Тәуелсіздік тұсында туған ұрпақ, бақытымызға орай, мүлде бейхабар: 1991 жылдан бері өңірде 144 елді мекеннің аты өзгертілді.

Жайықтан «айырылу»

Патша отаршылдығы мен Кеңес заманында қазақтың жер-су аттарын өзгерту — халықты тарихи жадынан айыру, орыстандыру саясатының маңызды бір бөлшегі болды. Отаршылдыққа қарсы күрестің бастапқы кезеңінде Әбілқайыр бабамыз: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше, қазақ халқы бұл жерден айырылмайды» — деп шегелеп айтқан Жайық өзенінің атауы 1775 жылы патша жарлығымен өзгертілген. Сол кезде Ресей тағында отырған Екатерина ІІ Жайықты бұдан былай Жайық деуді қойып, «Орал өзені» деп атауға бұйырған. Орыс зерттеушілері бүгінге дейін өз еңбектерінде «Орал өзені — Ресей аумағындағы аты өзгертілген бірден-бір өзен» екенін, ал о бастағы атауы «арналы өзен» деген мағынаны білдіретін түркі сөзі болғанын және 1140 жылдан 1775 жылға дейінгі орыстың көне деректерінде сол түркі атауы сақталып қалғанын айтып келеді. Жайықтың «Орал өзеніне» айналуынан бастап кешегі тәуелсіздікке дейін, кейбір зерттеушілердің деректері бойынша, қазақ даласындағы жер-су аттарының жартысы орысшаланған.

Ономастика кеңістігінде халқымызға жасалған қиянатты түзеу, жер-су аттарын қалпына келтіру, көшелерге ұлт қайраткерлері атын беру мәселесі тәуелсіздікке дейін де, яғни 1986 жылдың Желтоқсанынан кейінгі серпіліс жылдарында көтерілді. 1989 жылы құрылған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары осы мәселеге белсене араласқаны біздің есімізде. Аталған қоғамның Ақтөбе облыстық ұйымы басқармасының төрағасы, белгілі ғалым Мұхтар Арын 1991 жылдың қарашасында жасаған баяндамасында: «Қалпына келтіруге тиісті атаулар, республикамыздың басқа жерлеріндегі сияқты, біздің облысымызда да аяқ алып жүргісіз. Кейбір атаулардан (Новоресей) отаршылдық үстемдіктің исі аңқыса, енді біреулері — кешегі күні өткен коммунистік партия салған ен-таңба… Ақтөбе қаласындағы 250-ге тарта көше аттарының 30-40-тайы ғана — қазақ халқына қатысы бар атаулар. Көз сүрінетін Маяковский мен Гоголь, Горький мен Тургенев, Бедный мен Глинка есімдері алдағы уақытта өздері-ақ ізет көрсетіп, біртіндеп ығысып дегендей, халқымыздың тарихи тұлғалары — Әйтеке би, Есет, Шернияз, Кердері Әубәкір, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектерге орын босатар деген сенімдеміз. Жалпы, облысымызда тарихи атауларды қалпына келтіру қолға алынуда. Мысалы, бір ғана Ырғыз ауданында үш совхозды жаңаша — Ұ. Құлымбетов, Құмтоғай, Әйтеке би деп атау туралы шешім алынды… Октябрь ауданының Дмитриев атындағы совхозы бұдан былай «Талдысай» деп аталмақ. Мұндай өзгерістер аз да болса, барлық аудандарда бар» — деп атап көрсеткен.

Дегенмен, тәуелсіздікке дейінгі жылдары бұл мәселеде жалтақтық басым болды. Жоғарыдағы баяндамасында Мұхтар Арын мұны да айтқан: «…атауларды өзгерту туралы шешімдерді бекітетін Жоғарғы Кеңес органдарының жалтақтығы мен самарқаулығы қалың жұртшылықтың ынта-жігерін құм етуде. Кейбір шешімдер жылдап қаралмай жатып қалуда. Ал ол халықтың заңды наразылығын туғызуда. Сонымен қатар, кейбір қолында билік тізгіні бар, бірақ табанының бүдірі жоқ азаматтарымыздың сауысқандай сақтығы бізді қайран қалдырады».

Тек 1991 жылдың 16 желтоқсанынан кейін ғана елді мекендердің тарихи атауларын қайтару мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады.

Өңірдегі өзгерістер

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы Ұлболсын Нәдірбекованың айтуынша, егемендік алған тұста облысымызда 167 елді мекеннің атауы орысша болды.

— Сол кездегі аудан орталықтарынан бастасақ, олардың бірқатары Октябрь, Новоресей, Новоалексеевка аталған еді. Қазір бұл атаулар ұмытылды: 1993 жылы Октябрь қаласы — Қандыағаш, 1997 жылы Новоалексеевка — Қобда,  1999 жылы Новоресей — Ақжар атанып, яғни бұл елді мекендерге тарихи атаулары қайтарылды. Ақтөбе қаласының, Шалқар және Қарғалы аудандары орталықтарының өз тіліміздегі тарихи атаулары сақталғанмен, орыс тілінде Актюбинск, Челкар, Батамшинск болып, бұрмаланып келген еді, 1999-2001 жылдары бұл қателіктер де түзетілді. Жалпы, тәуелсіздікке дейінгі орыс тіліндегі атаулардан бүгінгі күні қалғаны — 22 атау. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар алда жалғасын табады, — дейді Ұлболсын Жүзжасарқызы.

Кеңес тұсында, негізінен, өзге ұлт өкілдері сан жағынан басым тұрған, тың игеру науқаны қарқынды жүргізілген өңірлердегі елді мекендердің, түгел болмағанмен, басым бөлігі орысша аталды. Біздің облыста Қобда, Мәртөк, Алға, Хромтау, бұрынғы Октябрь, Комсомол, Ленин, Новоресей аудандары сондай өңірлер еді. Айталық, тәуелсіздікке дейінгі Қобда ауданындағы елді мекендер атауларына көз жүгіртсек: Алексеевка, Новоалексеевка, Благовещенка, Новая Москва, Херсоновка, Хабаловка, Михаиловка, Брусиловка, Белогор, Пятигор, Успеновка, Вознесеновка, Зеленый, Астрахановка,  т.с.с. болып кете береді. Мұхтар Арын бір сөзінде: «Қазақ жер-су аттарын қойғанда, бір тұтастықты сездіріп тұратын сияқты. Мысалы, Көктерек деген өзен әр жерде бар. Немесе, Қайыңды, Орқаш деген атаулар әр жерде кездеседі» — деген екен. Ал қазақтың топонимдік жүйесіне озбырлықпен нұсқан келтірген отарлаушылар да осындай «тұтастықты» көздеген: мысалы, Новоалексеевка атауын біздің облыстың өзінде-ақ — бірнеше жерден, сондай-ақ еліміздің басқа аймақтарынан да кезіктірген болар едіңіз.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Қарғалы ауданында — 9; Қобда ауданында — 20; Мәртөк ауданында — 16; Мұғалжар ауданында — 19; Алға ауданында — 13; Әйтеке би ауданында — 4; Хромтау ауданында 9 елді мекенге тарихи атауы қайтарылған. Шибаевка, Ивановка, Петровка, Новосергеевка, т.б. атаулардың орнын Көктоғай, Тікқайың, Нұрбұлақ, Ақсазды, Қайыңдысай, Сұлукөл, Қайраңкөл сынды ата-бабалардан қалған әдемі де мағыналы атаулар басты.

Тағы бір айта кететін жайт, тәуелсіздік жылдарында елді мекендерге көне атаулары қайтарылып қана қоймай, сол атаулардың түп-төркінін, шығу тарихын зерттеуге де мән берілді. Бұл іске ауыл-ауылдардағы көзі ашық қариялар, мұғалімдер, студент жастар, мектеп оқушылары атсалысты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы байқаулар ұйымдастырып, түскен материалдарды шашпай-төкпей, жинақтап, кітаптар шығарды: «Атаулар сыр шертеді», «Туған өлке» сериясы, т.б. Бұл жинақтар — өлке тарихын зерттеп-зерделеу ісіне қосылған үлес екені сөзсіз.

 Біз сабақ алдық па?

Жоғарыда айтылған өзгерістер — 1993 жылдан бастап 2009 жылға дейінгі уақыт еншісіндегі істер. Ал 2010 жылы елді мекендер мен көше атауларын өзгертуге, ат беруге  мораторий жарияланғаны белгілі. Оған дейін 2007-2010 жылдар аралығында уақытша мораторийлер болды. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, бастапқыда тарихи әділеттілікті іздеуден басталған іс, әркімнің алдымен өз ата-бабасына, тума-туысына, руласына елді мекен, көше атын алып беруге ұмтылуынан баяулап қалды. Осының кесірінен өңірімізде әлі күнге дейін орысша аталатын елді мекендер, сондай-ақ, облыс бойынша Ленин атында — 4 көше, Чапаев атында — 3 көше, Дзержинский, Комсомол, Пионер, Октябрь, Октябрьдің 60 жылдығы атындағы көшелер бар.

Елді мекенге, көшеге, мектепке адам есімін бергенде, Мұхтар Арынның сөзінде айтылған тұтастық мәселесі ең алдымен ескерілуі қажет еді. Яғни, ұлт тағдырына, ұлт игілігіне ерекше қызмет сіңірген, ұлттық деңгейге көтерілген тұлғалардың есімдері берілуі керек-тін. Сондай тұлғалардың есімдері ғана халқымыздың абыройы мен бірлігіне қызмет ете алады. Ал біз бұл мәселеде ұлттық мүддені ысырып тастап, «мықты» жоқшысы талап етсе, мектеп, мекеме, кеңшар, аудан басқарған, т.с.с. мансап тізгінін ұстаған жандарға атаулар үлестіре бастадық. Елдікке, тұтастыққа қызмет етуі тиіс атауларды ірілі-ұсақты мансап иелеріне үлестіру, жоғарыдағы баяндамасында Мұхтар Арын ағамыз күйінген «сауысқандай сақтықтан» гөрі жүз есе ауыр сорақылық: ұлы Абай айтқандай, «Биік мансап — биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады». Үлкен қызмет иесі ме, қаламгер ме, ғалым ба, басқа ма — елдің, ұрпақтың құрметі тек қырандар үлесіне ғана бұйыруы тиіс.

Біз осы мораторийдің мән-жайына үңіліп, ой түйіп, сабақ алдық па? Әркім «өз лағын текешік қоюға ұмтылатын» әрекеттердің абыройсыздығын, баянсыздығын ұғындық па? Енді бізге осы жағы маңызды…

Кімдерді ұмыт қалдырдық?

Көше аттарына келсек, деректер бойынша, Ақтөбе қаласының өзінде 1991—2005 жылдар аралығында 49 көшенің аты өзгертілген екен. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдары облыс орталығында Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Есет батыр, Шернияз ақын, Қазанғап күйші, Ұзақбай Құлымбетов, Тахауи Ахтанов сынды өз топырағымыздан шыққан қазақтың даңқты перзенттері атындағы даңғылдар мен көшелер пайда болды. 2005-2010 жылдары Ақтөбе қаласында тағы да 140 көшенің аты өзгертілді. Жалпы, бүгінде облысымыздың әр түкпіріндегі елді мекендерде Ахмет Байтұрсыновқа — 7, Тұрар Рысқұловқа — 7, Темірбек Жүргеновке — 14, Ұзақбай Құлымбетовке — 5, ағайынды Жұбановтарға 7 көшенің аты беріліп отыр.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында 81 көше мен 9 елді мекенге жаңа атау беру жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл орайда қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, жұртшылық пікірі ескерілген. Қыркүйек айында арнаулы жұмыс тобы Оңтүстік-батыс-1, Заречный-3, Ақжар-2 ауылдары тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Нәтижесінде, Батыс-1, Батыс-2, Батыс-3, Батыс-4 шағын аудандарын  — «Ақтөбе Сити», Заречный-1 ауылын  — «Сығанақ», Заречный-2  ауылын — «Сарайшық», Заречный-3 ауылын — «Тұран», Заречный-4 ауылын — «Күлтегін», Оңтүстік-батыс-1 шағын ауданын — «Абылай хан», Оңтүстік-батыс-2 шағын ауданын — «Хан Тәңірі», Сельмаш шағын ауданын  «Достық» және Сельмаш-2 шағын ауданына «Ақ отау» деп атау ұсынылған.

Сонымен қатар, өз топырағымыздан шығып, барша қазақтың мақтанышына айналған тұлғалар арасында кімдерді ұмыт қалдырдық деген сауалға да қайта-қайта оралып отыруға тиіспіз. Өз тарапымыздан бірер мысал айтсақ: облыс орталығында «қазақ символизмінің атасы» атанған ақын Бернияз Күлеев атындағы көше жоқ. Немесе Арынғазы ханды ұмыт қалдырғанымыз қалай? Қазақ хандығының бергі ғасырлардағы тарихын зерттеген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Әбілсейіттің, Ақтөбе қаласының тарихын зерттеуге көп үлес қосқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанғалиеваның, жазушы Ғалым Ахмедовтің еңбектеріне сүйеніп айтарымыз, өз заманында қазіргі Ақтөбе қаласының орнын Арынғазы хан әулеті жайлаған. Арынғазы — Есім ханның тікелей ұрпағы, Кіші жүзде билік құрған әулеттің өкілі. Патша шенеуніктері оның ел ішіндегі ықпалынан қорқып, Санкт-Петербургке алдап алдырып, кейін Калугаға жер аударған. Арынғазы хан сол жақта көз жұмған. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 1869 жылы жасалған Ақтөбе бекінісі мен оның айналасының Жоспары сақтаулы. Осы құжатта да бекініс айналасында Арынғазы әулеті өкілдерінің қыстауы бар екені көрсетілген. Ақтөбе қаласында Арынғазы ханға ауыл не көше атының берілуі хан рухына құрмет қана емес, оған қоса, осы жердің ұмыт қалған тарихын жаңғырту, түгендеу ісіне қосылған үлес болар еді.

Сондай-ақ, Кіші жүздің кенже биі атанған Былшық биге, патша өкіметінің қуғынына түсіп, сүйегі жат жерде қалған Байқазақ батырға, ақындар Сәбит Баймолдинге, Өтежан Нұрғалиевке, Есенбай Дүйсенбайұлына да облыс орталығынан көше берілгені дұрыс.

 Индира ӨТЕМІС. 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button