Басты жаңалықтарСпорт

Ат үстіндегі ойында ақтөбелік жастар мықтылық танытып жүр

Бүгінге дейін біздің өңірде жылқының жүйріктігін, шабандоздың ептілігін сынға салатын ұлттық спорт түрлерінің ішінде ат жарысы ғана мәнін жоғалтпай келді. Кейінгі жылдарда  ғана оның қатарына көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді ойын түрлері қосылды. Ал қазір ат үстіндегі ойындарда ақтөбелік жастардың қарқыны мықты.  

Жарамды ат жарыста ұялтпайды

Бүгінгі күні жылқыға жаны құмар балалар  ат спорты түрлері бойынша  №10 облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. 2005 жылы ашылған білім ордасында ат спортының бес түрі және өзге де ұлттық спорт түрлері бойынша сабақ жүреді. Қазір бұл мектепте 400-ге жуық бала спортпен шұғылданады. Мектеп директоры Бахтияр Төлеуовтың айтуынша, жастардың жетістігі көп.

— Мектепте балаларға қазақ күресі және аударыспақ, көкпар, теңге ілу секілді ат спортынан бөлек тоғызқұмалақ сынды  ойын түрлері де үйретіледі. Соңғы екі жылда жаңа ғимарат салынып, мүмкіндігіміз молая түсті. Күн салқындағанда балалар жабық манежде жаттығады. Бұрын қыс басталса, оқушылардың саны азайып кететін. Ал қазір бала көп. Әсіресе ат спортына қызығатын балалардың көбейгені қуантады. Жуырда ұлттық спорттың тоғыз түрі бойынша Қазақстан чемпионаты біздің қалада өтті. Осы сайыста өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Қатысушылар аударыспақта бес салмақ бойынша сайысқа түссе, оның төрт салмағында ақтөбелік жастар жеңімпаз атанды. Бұл ретте Шыңғыс Ержанов, Арман Сағынбаев секілді жастарды мақтанышпен айта аламын, — дейді мектеп директоры.

Мектептегі Алихан Мәшімбаев, Нұрлан Додай, Мағжан Ахитов, Мейрамбек Әлиев секілді спортшылар да облыс намысын қорғап, ат спортынан жетістікке жетіп жүр. Ілгеріге қарағанда қазір мектепте жағдай түзелген. Мектепке қарасты қырық ат бар. Балалар спортпен еркін шұғылданады. Аттарды күтіп, баптайтын жұмысшылар да жеткілікті. Жем-шөп тегін. Жілігі майға толған, жарақты аттар жарыста жастарды ұятқа қалдырған емес.

—  Жылқы жануары адам секілді сезімтал келеді. Сондықтан мектепке келген балаларға қалай атқа жақындап, үстіне отырудан  бастап, оны баптаудың қыр- сыры түгел үйретіледі. Мал да адам таниды. Үстіндегі бала әлсіз, қорқақ болса, жүргісі келмейді. Тізгінді қолға алғаннан-ақ жануар бәрін сезіп үлгереді. Бір рет үріккен, бір рет тістеген ат сол әдетін қоймайды. Сондықтан бұл жерге келген бала атқа мініп-түскенді ғана емес, жануардың тілін де ұға білуі керек. Мектептегі жаттықтырушылардың барлығы тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген азаматтар. Еңбекақының аздығына қарамастан, осы жерден кетпей, балаларға бар білгендерін үйретіп жүр. Қазір қызметкерлерге берілетін мемлекет айлығының ең жоғарғы көлемі — қырық бес мың теңге. Ал бала-шағасы бар адамдарға бұл өте қиын,— дейді Бахтияр Төлеуов.

Спорт мектебінде негізінен ауыл азаматтары еңбек етеді. Қалада туып-өскендердің ұзаққа шыдауы қиын. Бірі иісінен қашса, екіншісі атқа әріден үрке қарайды.

Иппотерапияға манеж керек

Спорт мектебінің  ауласында жабық алаң бар, жанында жаңа әкімшілік ғимарат орналасқан. Ат үстінде жаттығу жасауға өте ыңғайлы етіп салынған жабық манеж заманауи құралдармен жабдықталған. Іші кең, жеріне құм төселіпті. Біз барғанда бұл жерде сал ауруына шалдыққан балаларға иппотерапия әдісі емі өткізіліп  жатыр екен. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың ықпалымен аталған ем түрі биылдан бастап іске қосылыпты. Спорт мектебінің екі қызметкері Өскеменнен осы ем түрін оқып келген. Тағы екі қызметкер оқуын жақын арада аяқтап, қайтады.

Ат спорты мықты дамыған өңірлердің өзінде бұндай замануи жабық алаң жоқ. Жуырда республиканың әр түпкірінен келген спортшылар осы манежге қатты қызықты.  Жабық манеж негізінен ат спорты бойынша балалардың жаттығуына арналған. Олар күні бойы осы жерде аударыспақ, көкпар ойындарының қыр-сырын үйренеді. Ал қазір уақыт тауып, иппотерапияны да өткізіп жатырмыз. Ем жүріп жатқанда оқушылар келіп, ат үркіп, науқас балаларға бір зияны бола ма деп алаңдап жүретініміз де рас. Сондықтан иппотерапияға өз алдына бір манеж керек. Бұндай кезде олар алаңсыз, күні бойы емге келер еді. Осы мәселені шешу үшін тағы бір манеж салу жобасын қарастырып жатырмыз. Қалалық құрылыс бөлімі сметалық құжаттарын дайындау үстінде, —  дейді Бахтияр Төлеуов.

Осы жерде балаларға иппотерапия әдісін жүргізуді қолға алған «Тарлан» медициналық орталығының директоры Ләззат Ерімбетова да арнайы манеж керек екенін айтып қалды.

Бұл —  облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында еліміздің батыс аймағы бойынша алғаш рет қолға алынып отырған жоба. Қазір өзіміздің өңірден бөлек, Маңғыстау облысынан да балалар келіп жатыр. Жүздің үстінде бала тегін ем алады. Емнің  нәтижесі өте жақсы. Әлі де ем алғысы келетін ата-аналар көп, — дейді ол.

Спорт мектебі иппотерапияға арнайы ат берген. Жетекке көнетін, жуас аттардың үстінде балаларға емдік жаттығулар жасалады. Бұндай тегін ем түріне ата-аналар да риза.

Сондай-ақ биыл ипподром да мемлекеттік меншікке өтіпті. Келер жылы күрделі жөндеу жүргізілмек.

Аударыспақ — күштілердің ойыны

 Аударыспақ ойынында облыс намысын қорғап жүрген  спортшылар  — Шыңғыс Ержанов пен Арман Сағынбаев. Жас жігіттер қазір жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады.

— Кез келген жігіт аударыспаққа қатыса алмайды. Ол үшін күш-қайрат, ептілік пен төзімділік керек. Әлжуаз, шынықпаған жігіттерге аударыспақта орын жоқ, —  дейді Шыңғыс Ержанов.

Шыңғыс  9-сыныпты аяқтағаннан кейін колледжге оқуға түседі. Осы жерде жүріп өзі қатарлы балалардың ат спорты бойынша №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне баратынын біледі.  Сөйтіп, алғаш рет  достарымен мектепке келген жас осында тұрақтап қалады. Нұрлан Додай секілді мықты спортшыдан тәлім-тәрбие алып, еліміздің әр аймағында өткізілген жарыстарға қатысады. Кейін жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы атанып, республикалық чемпионаттарда облыстың атын шығарды. Қазір ұлттық спорт түрлері бойынша №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етеді. Отызға жуық балаға аударыспақ пен көкпар тартуды үйретеді.  

— Мектепке  10-12 жастағы балалар қабылданады. Олар жасына байланысты топқа бөлінеді. Қазір мен сабақ беретін оқушылардың арасында  кәмелеттік жасқа толғандар да бар. Олардың көпшілігі ауыл балалары. Қалада туып-өскендердің бұл спортқа икемі бола бермейді. Балалар алғашқы келгенде атқа мінгенді қызық көреді. Бірақ әрі қарай алып кететіндер аз. Сондықтан икемі барларды іріктеп аламыз. Аударыспаққа  қатысқан баланың денсаулығы мықты, батыл, ержүрек болып өседі. Ат құлағында ойнаған жеткіншектің бойында ұлттық рух болады, — дейді Шыңғыс.

Аударыспақ —  салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге мықты қасиеттерді қалыптастырған.

Ал Арман Сағынбаев ат спорты мектебіне 15 жасынан бастап келіпті. Қалада туып-өссе де жылқы жануарына жақын бала жаттықтырушысы Мейрамбек Әлиевтен тәрбие алады. Аударыспақ ойынының әдіс-тәсілін  үйренді.

— Аударыспақ — батырлардың ойыны. Ертеде жаумен шайқасқа түскен бабаларымыз, қолдарынан қылыштары түскен соңғы сәтте ат үстінде айқасатын  болған.  Ал осы ойынды ойнаған бала кейін мықты жігіт болып өседі. Ел қорғайтын намысты, төзімді азаматтар  осылардың арасынан шығады.

Бұл ойында жігіттің бағын ашатын — астындағы аты.  Бір орында айнала қозғалып, үстіндегі иесінің тілін түсінетін ат жеңісті оңай алуға жағдай жасайды. Бұл ойында  атқа отырысы мығым, білекті жігіттер жеңіп шығады, — дейді Арман.

Спортшылардың айтуынша, аударыспақ жас талғамайды. Күш-қайратың таусылғанша ойынға қатысуға болады.

Жігіттер келер аптада Шымкентте өтетін жарысқа қатыспақ.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button