Басты жаңалықтарМереке

Марапат иелері — әлеуметтік қызметкерлер

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті.

Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

  • Мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі — өз халқын қорғау, азаматтарға қамқорлық көрсету. Осы тұрғыда біздің Мемлекет басшысының осыдан бес жыл бұрынғы Жарлығына сәйкес, бұл күн әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Бұл күн — сіздер үшін үлкен мереке. Сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз — киелі, қасиетті, абыройлы еңбек. Сіздер өз уақыттарыңызбен санаспай, денсаулықтарыңызды қарамастан, көмекті қажет ететін азаматтарға, оның ішінде өмірге келген сәбиден бастап, еңкейген қарияларға дейін, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп келесіздер. Сіздердің осы саладағы еңбектеріңіз ерекше.

Қазіргі таңда біздің облыста екі мыңға жуық  әлеуметтік қорғау саласының қызметкері бар. Олар облыстағы 240 мыңнан астам адамға қызмет етеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес біз жылдан-жылға осы салаға қаржыны, көмекті ұлғайтып жатырмыз.

Бүгінгі күні біздің ең бірінші міндетіміз — халықты, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту. Сондықтан осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 10 миллиард теңге қаржы бөлінді. 9 айдың қорытындысы бойынша облыста аталған бағдарламалар аясында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, — деді облыс басшысы.

Салтанатты жиында Бердібек Сапарбаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Кеңес Бірманов пен медицина саласының ардагері Жанат Әбдуалиеваны «Еңбек ардагері» медалімен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшылары — Любовь Остафийчук, Айша Меңдіғарина, Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлзада Алматбаеваны «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, қалалық әлеуметтік жәрдем орталығының жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үй жағдайында арнаулы қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Ғабидуллинаны ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ өңір басшысы аталған салада 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың еңбек ардагері  Бақтығали Баяділов, Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айдынғали Шотов, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйля Бөртебаеваларды Алғыс хатпен марапаттап, Жүйке аурулар үй-интернатына Reno Duster автокөлігінің кілтін табыс етті.

Бұдан кейін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Энергосистема» ЖШС басшылары бір топ әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерін марапаттап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік шарада «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі, республикалық мүгедектер байқауының Гран-при иегері Жанат Жалғас, дәстүрлі әнші Динара Шынарбаевалар өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.

Шара соңында облыс әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, облыста әлеуметтік сала бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталды.

  • Бүгінгі күні еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдар назардан тыс қалмауы керек. Осы мақсатта биыл біздің облыста жыл бойына қайырымдылық акциясы өткізіліп жатыр. Бұл іс-шарада мүгедек азаматтарға өңірдегі кәсіпкерлер, бизнесмендер, сондай-ақ мекеме басшылары қолдау, көмек көрсетеді. Бүгін, міне, кәсіби мерекеде бірқатар кәсіпорын басшылары әлеуметтік сала қызметкерлерін марапаттап жатыр. Сонымен қатар бүгінде жастар ұйымдары да қарияларға, мүгедек жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетуде. Атап айтсақ, «Ақтөбе жастары» қауымдастығының еріктілері мен белсенділері жалғызбасты қарияларға, мүгедектерге қолдау көрсетіп, олардың үйлеріне, шаруашылықтарына көмектеседі, — деді Бердібек Сапарбаев.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button