Әлеумет

Ашық хат

Құрметті редакция!

Жақында халқымыз Құрбан айт мерекесін атап өтті. «құрбан» — араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Дәл сол күнге түсінісуден, жақындасудан гөрі арамызды алшақтатындай әрекетімен «үлкен сыйлық» жасаған «ақтөбе» газетіне де, бір қалада  жүріп сауатсыз «сәлем хат» жолдаған «таныс-бейтанысқа» да рахмет! (Қараңыз: «Ақтөбе», 26.ХІ.2009.)

Маған «аяушылық білдірген», сөз сайысынан (полемикадан) хабары жоқ сәлем хат иесіне, мен де аяушылық білдіріп жауап жазуды қажетсіз деп шештім. Өйткені ол кісі бәрібір менің қисынды уәжімді  түсінбес деп ойлаймын. Түсінетін кісі және өзін мұсылман сезінген әйел, инабаты мен ибасын сақтай отырып, өзінен үлкен адамға, ер кісіге, өзі жазғандай: «жай мұғалімнен ардақты, оқытушыдан салмақты, алпысты алқалаған, талай атақты арқалаған адамға», облыс қауымына танымал адамға арына, намысына тиетін, ақиқаттан алшақ  сөз айтып, баға беріп, айып тағып хат жазбас болар. Біріншіден, кез келген туындының өз стилі бар және ол көпшілікке арналған басылымдарда сақталуы тиіс; екіншіден, біреуге  қарсы пікір білдіру қарсыласыңның басына қоқысты төге салу, аузыңа келгенді құса салу емес,  керісінше, айтатын ойыңды зердеден өткізіп, жалғандыққа ұрынбай, адам құқығын сақтай және құрметтей отырып, ақиқатқа жетуді мақсұт тұту. Сондықтан «таныс-бейтанысқа» сөз шығындамай, сөзімді газет тұтқасын ұстап отырған бас редакторға, менің замандас інілерім,  газет қызметкерлері, Сіздерге арнаймын және сіздің газетке де, маған да абырой әпермейтін «Сәлем хатпен» танысқан облыстық қоғамдық-саяси газет оқырмандарына да түсініктер бере кеткім келеді.

Алдымен оқырмандарға арнап бұл әңгіме қалай туындағандығы туралы бір ауыз сөз. Осы жылдың қазан айының аяғына қарай  маған Гүлжанмын деп редакция қызметкері телефонмен  хабарласты, кездескісі келетінін, әңгіме елімізді жайлап кеткен, біреу біліп, біреу білмей дүрмекке ілесіп жүрген діни-наным  сенім, ұстаным туралы болатынын, ал нақтырақ айтсақ, «Хиджаб тартқан дұрыс па?»(дұрысы – «Хиджаб кию» – А.Т.) деген сұрақ төңірегінде болатынын айтты. Мен келіңіз, сөйлеселік, өз ойымды сұрағыңызға қарай айтайын дедім. Ертесіне кездестік. Газет тілшісінің  ойы және қалауы менің пікірімнің бұл туралы діни түсініктер мен ұстанымдарға мейлінше  қарсы айтылуы керек екен. Мен: «қарсы да айтпаймын, жақтамаймын да, бұл мәселе бойынша тек өзімнің жеке пікірімді білдіремін» дедім. Ол диктофонды қосып қойды, екеуміз ұзақ, бір сағаттан астам сөйлескен болармыз. Мен көп нәрсе айттым, бірақ тілшіге қалай болғанда да қаттырақ, нақтырақ  қарсылық қажет сияқты болды да тұрды. Соны түсінген мен өз ойымды жазбаша берейін, бүгін сенбі ғой, дүйсенбіде аларсың деп те айттым. Оған тілші өзім өңдеп жазамын, тез керек болып жатыр деген соң  «жарайды, жақсы» дедім. Алайда мақала тілші айтқандай тез, бір күннен кейін шықпай, апта аяғында ма, әлде бір аптадан кейін бе, шықты-ау деймін (Қараңыз: «Ақтөбе», 5.ХІ.2009).

Мақала шыққан күні  оқып байқағаным: 1) Кейбір мәселелердің мағынасын  тереңірек түсіндіруге ұмтылып қолданған жайылма, сабақтас, құрмалас сөйлемдерім жай сөйлемге айналған, сондықтан ой тұжырымның кейбір тұстары шолақ қайырылған; 2) Барынша  қарсы қоюға тырысқан (Әйтпесе, Бас имамның көптеген ойларымен менің пікірім сәйкес және 90% қуаттаймын. Мәселен, қыз-келіншектеріміздің жартылай жалаңаш, ашық-шашық жүрмеуі, т.б.);

Енді орамал тарту туралы әңгімеге келейік. Әңгіме ақыл тоқтатпаған төменгі класс оқушылары туралы және олардың малындырып киім киіп, хиджаб киіп жүруі  туралы болды. Сондықтан орамал туралы әңгіменің өзі орынсыз, себебі бұл үлкен қоғамдық мәселе емес, өйткені әрбір адам ауа райына қарай, өз қажетіне, жас ерекшеліктеріне қарай олардың кез келген түрін, түсін тартып жүруіне ешкім де қарсы болуы мүмкін емес және ол ақылға сыйымсыз. Жалпы ол жерде менің айтқан әңгімемнің негізгі мазмұны  мынаған саяды: «Заманына қарай адамы, уақытына қарай талабы.  Әлеуметтік дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқ. Ал адамзат, халық, ұлт белгілі бір әлеуметтік қауымдастықта  (мемлекетте) өмір сүргеннен кейін оның өзіндік мазмұны мен талабы, заңдылықтары, сан-салалы тетігі  болады. Әлеуметтік саланың әр саласының елдің Негізгі заңынан (Конституциясынан) туындайтын өзіндік ұстанымы бар. Демократиялық, азаматтық қоғамда  Конституциялық нормалар сақталуы керек».  Бар-жоғы осы ғана. Жалпы алғанда тілші ұйымдастырған  бұл бетте оның тарапынан кеткен кейбір ағаттықтар болмаса, аса сөкет ештеңе жоқ. Онда дінге сенушілердің немесе жеке адамның намысына, арына тиетіндей  де ештеңе жоқ. Хат жазған апаларың маған, «Құран оқу қолыңнан келмейтін сауатсызсың, ең болмаса Абайды оқы, сауатыңды аш» дегесін (қайтсін, әркімнің өз деңгейі бар ғой – А.Т.) оқысам, Хакім қазақ:

«Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,

Шамданбай-ақ шырақтар ұқсаң жарар.

«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,

Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» — деген екен.

Маған сұхбатпен танысқаннан кейін,  сәулесі жоқ, таяз ойлайтын, өзге істі тындыра алмай, бірдеңе шықса осыдан  шығар деп, діни сауаттары жоқ болса да, дінім деп, қарымды отаншылдығы болмаса да, өзін патриот сезінетіндердің «екіұшты ойлауы мүмкін-ау» деген ой келді.

Алдымен айтарым жоғарыда атап өткенімдей, ол менің  тілшіге берген пікірім негізінде  газет тілшісінің өңдеуінен өтіп жасалған туынды, газетке шыққанға дейін менімен таныстырылмаған, менің қолым қойылмаған дүние. Ендеше, мұсылман  намысын жыртып жүрген сәлем хат иесі жазғандай, бұл  «тақырыпты мен қозғаған жоқпын!», бар-жоғы азамат есебінде, Конститутциялық   құқығым шеңберінде Тілші сұрағына жауап беріп,  оған деген өз пікірімді білдірдім. Ал пікірсіз адам болмайды, ондайды хат авторы маған «оқы» деп кештеу болса да айтып отырған Абай «хайуанға» теңеген. Екіншіден, бұрынғы кәсібінен айныған мектеп мұғалімі, бүгінгі елді «дәрет алуға» шақырып жүрген көптің  бірі – өздеріңізге жете таныс, басқасын айтпағанда, елге сіңірген еңбегіне қарай  Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, өткен жылғы «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкерінің  жеке басына, ар-намысына  тиісіп, мақала жазып, редакцияға алып келгенде,  ондағы деректердің анық-қанығына жетпей, бастан-аяқ дөрекі, лас, этикадан аулақ хатты қалай газет бетіне басқансыздар? Ақпарат құралдары өкілдері, оның ішінде сіздің газет қызметкерлері де мені жақсы біледі. Белсенді авторларыңның да бірімін.

Енді Сіздер тексермеген, бірақ кісіге өте ауыр, Абайша айтсақ, сүйекке тиетін, Заң тұрғысынан алғанда жазған адамға да, оны тексермей басқан адамға да жауап жүктейтін нақты мысалдарға жүгінелік:

1)      «Алтай Тайжановқа сәлем хат»;

2)      «Кеше күлі көкке ұшқан империяның марксистік-лениндік философиясының нанын жеген адам ғой»;

3)      «Марксизм-ленинизм методологиясының іргетасы болған атеизмнің сойылын соққан оқытушы ғой»;

4)      «Партбилетінің ызғары жүрегінде мұз болып қалған ғой, қайтсін»?

5) «Араб сөзін қазақ тілінің оқытушысы қайдан білсін? Әлем ғалымдары оқып, зерттеп жүрген Құранды неге оқысын? (Бұл не бүкіл қазақ тілі мамандарын қаралау, надан деу ме?- А.Т. )

6)      Менің  Құранды оқымағаннан хиджаб туралы сауатымның болмауы;

7)      орыс тілі мұғалімімін деп жүрген қажы апаларыңыздың орыстың «опростоволоситься» сөзінің мәнін ұға алмай тұрып, мені надан, білімсіз етіп көрсеткісі келуі.

Мақаланың бұлардан басқа тұстары да  бастан аяқ маған бағытталған кекесіндерден тұрады. Оқылық: «қайтсін деп аяушылық білдірдік»; «оқымаған, танымаған, сөздіктен тексермеген»; «әлем  таңданған құран сөзі сізге түкке тұрмайды»; «Морис Бюкай сөзі сізге түк емес қой»; «көшеде, көлікте, сахнада, экранда шала жалаңаштанып жүрген қоғамның бір бөлігі сізге өте сүйкімді»; «парасат көзі болмаса, жүрекке нұр қонбаса, не шара?», «Елбасы сөзін құлаққа ілгіңіз келмейді»; «Адаспаңыз, профессор» …  «жақсылыққа ұмтылып, тілді кәлимаға келтіріп, дәрет алып…» (Әзірге осы айтылғандар да жетер- А.Т.).

Енді осы ұстанымды  басшылыққа алып, автор жолдаған, редакция қолдаған хаттағы жоғарыда өзіміз бөліп көрсеткен тұстарға келелік.

1)                 «алтай тайжановқа сәлем хат» дейді. «сәлем» – араб сөзінен туындатылған. тыныштық пен игілік тілеу. Ең толығы және дұрысы: «Уа аләйкүм ас-сәлам уа рахматү-ллаһи уа баракатуһү» деу. Бұл «Сізге бейбітшілік және Алланың қайырымы мен мейірбандылығын тілеймін» – деген сөз («мұхтасар». Мұсылман мектептеріне арналған  оқулық. Алматы., «Жазушы», 1992.- 195 бет)

«сәлем» – деген сөздің екі мағынасы бар:

а) шын көңілден білдірілген ниет, тілек, сәлемет;

б) біреудің біреуге жеткіз, айт деген аманаты, ауызша хабары. Ал сәлем хат – есен-саулық сұрасқан, жазбаша хабар (Қараңыз: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». Алматы., «Дайк-Пресс», 2008.- 719 бет).

Ендеше, тыныштық пен игілік тілемеген мақаланың аты затына сай емес. Оған тек Абайша: «Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз» — деп қиналудан басқа амалың қалмайды (Осыдан кейін менің қажы апаларыңның атын атамай, «сауатсыз хат иесі» деуіме толық құқым бар деп ойлаймын.  Алайда ондай сөздерді айту ұстаздың, оның ішінде профессордың беделін көтермес деп ондай әдепсіздікке барғым келмейді – А.Т.).

2) «кеше күлі көкке ұшқан империяның маркстік–лениндік философиясының нанын жеген адам ғой». Халықта: «су ішкен құдығыңа түкірме» – дейді. Кеңес үкіметі кезінде қазіргідей  «Холдинг», АҚ, ААҚ, ЖШС немесе жеке қожалықтар мен шаруашылықтар құрып алып отырмайтын, қаптаған қозғалыстар мен партиялар да жоқ болатын. Онда бір жүйе, бір бағыт, бір партия, бір идеология (хат жазушы айтып отырған маркстік-лениндік идеология – А.Т.) болатын. Осы айтылған қоғамда мен де, бүгінгі күні оны қаралап отырған, сол қызыл империяның тілін ұлтымыздың ұландарына үйреткен, олары нәтижесіз  болмай, ұлтымыздың 40%-дан астамы таза орыстануына «зор үлес» болып қосылған, бұл күнде сол істері үлкен әлеуметтік мәселе тудырған қажы апаңыз да, сол сауатсыз «хатты» адамның беделі мен абыройына қандай моралдық нұқсан келтіретінін ойламастан, құқығын бұзатынын ескерместен, өздеріңнің кәсіптік этикаларыңды сақтамастан газеттеріңе басқан Редакция басшылары, менің құрмет тұтып жүрген інілерім, Сіздер де, өмір сүрдіңіздер. Мен философ болып нан тапсам, Сіздер сол маркстік-лениндік идеологияны басшылыққа алып, кәсіп етіп, нәпақасын жедіңдер, ал  хат иесі орыс тілі маманы болып тамақ асырады. Сол кездегі бастауыш мектеп мұғалімдері жас өскіндерге: «мен айтайын тақпақ, Ленинді мақтап, байдың жолы қап-қара, Ленин жолы аппақ» – деп өлең жаттатты. Енді сол үшін оларды кінәласақ, ішінде қажы апаларың да кетеді. Ендеше, қажы апаларың «өзі бұрын су ішкен құдығына түкіргені» былай тұрсын, «шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа сарт етерін» де білмеген бе?! Қайтеміз, дін жолына ерте бетбұрыс жасаған қажыға, сөйтіп «ерте көктеп шықтым  деп жүрген жауқазынға» Абайшалап:

«Ғалымнан надан артпас ұққанменен,

Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.

О-дағы қалыбынан аса алмайды,

Жауқазын ерте көктеп шыққанменен » – дейміз де қоямыз да;

3)                 марксизм-ленинизм методологиясының іргетасы болған атеизмнің сойылын соққан оқытушы ғой. Алдымен  осы жерде қажы апаларыңыздың маған жолдаған: «Оқығаны емес: танымаған, түсінбеген тақырыпты неге қозғаған?» —- деген сөзін өзіне қайтарып берейін, бір қажетіне  жарар. Өйткені ол шамасы келмейтін, асу бермейтін биік, даналық ғылымы философиялық мәселеге даярлықсыз келуге болмайтынын, алғы  қоғамдағы таным-арманға, ұмтылысқа құрылған; ал орта дәуірдегі таным-сенімге құрылса, жаңа замандағы таным-адамзаттың барлық тапқанының синтезі екенін түсінбеген.

Біріншіден, атеизм марксизм-ленинизм ілімінің онтологиясы да, гносеологиясы да, методологиясы да емес; екіншіден, марксизм — қоғамдық-философиялық ойда тарихи материализимді қалыптастырған ілім. Ал атеизм болса осы тұтас ілімнің бір бөлігі ғана. Бұл көп әңгіме, сондықтан осы жерден тоқтатайын … Қажы апаларың біліп жүрсін, мен де, ол да, Сіздер де атеизмді үстірт болса да оқыдық. Мен атеизмнен сабақ берген жоқпын, диссертация қорғаған жоқпын, осы облысымыздағы кейбір «құрметті адамдардай» атеистік үгіт-насихат та жүргізген жоқпын. 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Даму институы шығарған «элита казахстана» деген энциклопедияның маған арналған 376 бетін қараңыз, сондағы анкетаның: «Отношение к религии» деген графасына мен: уважительное деп жауап бергенмін. Мен жел соқса, домалай беретін қаңбақ та, өзін сан өзгерте беретін хамелеон да емеспін. Әлі де сол пікірдемін. Ал мұсылманшылық жолындамын деп жүрген адамның, оның ішінде әйел адамның анығына жетпей айтқаны имандылыққа жатпайды, тіпті күнә (Қараңыз: «мұхтасар». Мұсылман мектептеріне арналған  оқулық. Алматы., «Жазушы», 1992.- 148 бет);

4)                 партбилеттің ызғары жүрегінде мұз болып қалған ғой, қайтсін? Мен Компартия мүшесі болғаным жоқ. Қазіргі уақытта да қаптап кеткен партия, қозғалыс, т.б. ешқайсысына мүше емеспін. Оппозиционер де, жарамсақ та емеспін. (Естеріңе сала кетейін, көбіміз құрмет тұтып жүрген кейбір азаматтар қара басына қалқан іздеп, осы жылдар ішінде талай партиядан шығып, талайына  мүше болды.)  Ендеше, бұл да жалған, жала! Сауатсыз діндарлардың көп айтатыны – Иман. Иманнан айырлу немесе имансыз кетудің себептері мен салдарлары көп, солардың бірі — жалған айту, жалақор болу. Арғы жағын өздерің саралай жатарсыздар;

5)      араб сөзін қазақ тілінің оқытушысы қайдан білсін. әлем ғалымдары оқып, зерттеп жүрген құранды неге оқысын? …

Тағы жалған, жала. Өйткені мен  қазақ тілінің оқытушысы емеспін (Ал қазақ тілінің оқытушысы болсам мені надан деп қаралау керек пе? Бұған қазақ тілінің мамандары жауап бере жатар – А.Т.). Әзірге айтарым, мен сол кездегі Республикамыздағы жалғыз университет Алматыдағы ҚазМУдің философия факультетін, философия факультетінің аспирантурасын бітіргенмін, философия ғылымдарының докторымын, қоғамдық-философиялық ой тарихынан маманмын. Диссертациям «Мұхтар Әуезовтің дүниетанымына» арналған. Соңғы 10-15 жылда білім мен тәрбиенің этномәдени аспектілерімен жан-жақты айналысамын. Ал Құранды оқыған, оқымағанға келсек, ол қасиетті кітапты мен қажы апаларыңнан әлдеқайда бұрын көргенмін және оқығанмын. Біріншіден,  менің әкем ел, бүкіл өңір сыйлаған адам болды, үйде Құран бар еді, сандық ішіне сақтап, керек уақытында ғана қарап, қасиетті кітап деп отыратын. Мен оны қасиетті, киелі кітапты сыйлау, құрметтеу деп білемін. Ал құранмен біз университет қабырғасында академик И.Ю.Крачковскийдің орысша аудармасы (1949 ж.) арқылы, сонау 1972-73 жылдарда танысқанбыз. Бұл күндерде осы қасиетті кітаптың қазақшасы  да, орысшасы да көптеген азаматтардың  үйінде бар. Әрине, менде де бар. Мен бұл қасиетті кітаптың кез келген адамның қолында жүрмегенін қалар едім;

6)                 менің  құранды оқымағаннан хиджаб туралы сауатымның болмауына келсек;

Хат авторы «хиджабты киюге Құранда бұйырған». Хиджаб – орамал емес. Оны тартпайды. Оны киеді. Өзіңіздің қалта кітабыңыз болған «Словарь атеиста» (Москва.,1988.) түсіндіреді: «Хиджаб (араб.) – покрывало, занавес, название любого вида женской уличной одежды, скрывающей фигуру…»,- деп кекесінмен бұдан 21 жыл бұрын өзі «Қызыл Империя» –  деп сынап отырған қоғам тұсында шыққан сөздіктен көшіріп алған таяз білімін алға тартады, сөйтіп оқырманды адастырады. (Осыдан кейін ол кімнің «қалта кітабы» екенін түсінерсіздер – А.Т.) Ал, шындығына келгенде,  хиджаб («қалқан», «шымылдық») – мұсылман әйелінің көшеге шыққанда бетін, денесін жасыру үшін киетін киімі, чадра, паранжа, желбегей, жамылғы. Ең алғаш  Мұхаммедтің әйелдері ғана хиджабпен жүретін болған, кейін барлық мұсылман әйелдері осы салтты ұстанған.  Хиджаб мұсылман қалаларында кең тарады, алайда ауылдық жер мен көшпенді  тайпалардың әйелдері көбінесе  оны кимеді, кимейді де. Хиджабтың қара немесе басқа түсті ойық, яки тор көз саңлауы бар желбегей іспеттісі (бетті немесе бүкіл денені жауып тұратын), бетті жауып тұратын қара селдір тор шымылдық секілді  және т.б. түрлері болады.

Кезінде хиджабты киюден бас тарту мұсылман елдеріндегі өмірді демократияландыру ұрандарының бірінен саналған. Оның тарихы тереңде,  хиджабтан ашық бас тарту  ең алғаш Мысырда ХІХ ғасырдың 70 жылдарында  көрініс  берген. Исламда оны мұсылман этикасының қажетті элементтерінің  бірі деп уағыздайды. Алайда қазіргі кезде мұсылман елдерінде  хиджабтың бас орамал және мойын мен қолды жауып тұратын киім секілді  – жеңілдетілген түрі кең тараған. («Ислам» энциклопедиясы.  Алматы., «Қазақ энциклопедиясы», 1995. –  216 бет.)

Жалпы, мені сынап отырған қажы апаларыңа айтарым: «Хиджаб тартқан дұрыс па?»- деп, сұхбат-мақаланың  атын қойған  редакция. Ал сұхбаттағы тексте  кездесетін «хиджаб тарту, орамал  тағу»  (дұрысы – орамалды тақпайды, тартады- А.Т.) тағы басқалары – тілшінің тілі мен түсінігі. Әйтпесе, тіпті мен жаңылыс айтқанда да, сұхбат болғаннан кейін оны редакция түзетуге міндетті. Өйткені осындай қате түсінікті көпшілік оқиды. Мені үйретіп отырған қажы апаңның хатында да «түйгені мол апайлар орамал тағады» – деп жазыпты. Кімнің қатесі екенін білмеймін, өзім қатты құрметтейтін, сабырлы, байсалды, байыпты Бас Имам Бауыржан інімнің «Хиджаб – исламның байрағы» деп берілген сұхбатының атымен да келісуге болмайды. 10 томдық  Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-ші томында: «байрақ» – 1) ежелгі әскербасылық дәреже белгісі. Ондай дәрежеге ие болған адамға Байрақпен қоса өзге әскери белгілер дабыл, ту тапсырылған; 2) мемлекет басшысының жоғары лауазымдық белгілерінің бірі (Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы – 2 том, 67 бет) – десе, түсіндірме сөздікте, «байрақ» – жалау, ту. Қазақта «Ала байрақ» деген – көне сөз кездеседі, ол сырт киімдік жолақ мата,  кездеме  дегенді білдіреді. Сонымен қатар, «Байрақты» деген сөздің де 2 мағынасы бар: а) байрағы бар, байрақ тігілген; б) таңдаулы, жақсы (ауыспалы түрде).  «байрақ» – қолына байрақ беріп, мәртебесін асыру, құрметтеу, марапаттау (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы., «Дайк-Пресс», 2008. – 99 бет). Ендеше, хиджаб – исламның байрағы да, қазақтың ұлттық киімі де емес.

Біздің айтарымыз, әрбір халықтың өмірінде мәдениет өте маңызды орын алады. Бір ұлттың  өткенімен біте қайнасқан және рух тамырларымен тығыз байланысқан мәдениет сол халықтың өмір сүру мен даму жолдарын ашып, нұрландырады. Керісінше, күн сайын өзгеретін түрлі түсінік пен құндылықтардың жетегінде жүрген мәдениет ұлттың тамырына балта шабады.

7) орыс тілі мұғалімімін деп жүрген қажы апаларыңыздың орыстың «опростоволоситься» сөзінің мәнін ұға алмай тұрып, мені надан, білімсіз еткісі келуі туралы;

Менің естуімше, қажы апаңыз — бұрынғы орыс тілі пәнінің мұғалімі. Айта кету керек, біз басын жарып, көзін шығарып бәріміз сөйлеп жүргесін, білеміз деп ойлап жүрген орыс тілі танымдық тұрғыдан алғанда өте күрделі, қиын тілдердің қатарына жатады. Сондықтан да болар, өзін осы тілден маман санаған қажы апаларыңның  орыс тіліндегі опростоволоситься деген ұғымды «орамалсыз болу – ұятқа қалу, масқара болу деген сөз» – деп айтып қана қоймай,  баяғы дәстүр бойынша орыс тілі мұғалімінің «қазақ тілінің мұғалімінен» артықшылығын көрсету мақсатында  ХІХ  ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, Пятигорск қаласында  офицер Мартыновпен дуэлде 27 жасында мерт болған М.Лермонтовтың «Песня про купца Калашникова» поэмасымен нығырлай түседі. Менің ойымша,  журналист Сіздер де, қажы апаларың ештеңе білмейді деп отырған қазақ филологтары да М.Ю.Лермонтовты белгілі орыс ақыны, өмірден өте жас кеткеніне қарамастан орыс, кавказ, түрік халықтары тарихы мен фольклорының сюжеттерін шығармаларында ұтымды пайдаланған  ойшыл-ақын деп білерлерің анық. Сонымен қатар, орыс тілді «игерген» қажы апаларыңның опростоволоситься ұғымын жаңсақ түсіндіргенін де байқар едіңдер және опростоволоситься орамалсыз  болудан ұятқа қалу, масқара болу емес, «сөзден ұтылып қалу» (Н.Т.Сауранбаев. Орысша-қазақша сөздік. Алматы, 1954.- 458 бет) – деп түсіндірер едіңдер.

Мен жоғарыда «сәлем  хат» туралы айттым, сондықтан оны қайталап жатпай, тек айтарым, жарияланым мәдениетсіз, баспасөзге шығатын дүние емес. Өйткені автордың өзі айтқандай, ибалы, түйгені мол, іздегені  білім, оқығаны Құран, үлгі еткені бұрынғы ақ  жаулықтылар  мен иман болса, сөз айтысын (полемиканы) мәдениетті  жеткізбей ме? Мәселен, «Бір мақалаға орай» деп ат қойып, өз білгенін жеткізе жазып, өзге пікірмен келіспейтіндігін жоғарыдағыдай былапыт сөздерсіз-ақ, зайырлы қоғамға тән дәлелді етіп берсе және дін жолындамын деп жүрген қажы апаларың «иман» деген ұғымды ұмытпай, «боқсақал ата» т.б. сияқты адал ауызды, инабатты мұсылман әйелінің, өзін қажымын деп жүрген әйелдің аузынан шығуға тиіс емес имансыз сөздер айтпай, аталған тақырып төңірегінде мәдениетті пікірсайыс туғызса, оқырмандар үшін қандай пайдалы болар еді.

иман – сенім, мұсылман дінінің құрамдас бөлігі. Иман  ұғымы — исламдағы ең қасиетті нанымдардың бірі. Құранда кең мағынада Иман қырықтан астам жерде қолданылады. Иманның басы – сенім, жүрегі – құран, нұры- шындық, хақ сөйлеу. Ендеше, формальды түрде мұсылман болмай, адамды да, жаратушыны да алдамай, хақ сөйлелік. Шариатта өтірік сөйлеу күпірлік делінген. Хат авторы маған Абайды оқы, білігің аз деген екен. Абайды тағы  қайталап оқып шықтым, оқу барысында жоғарыдағы аты аталған хатқа жауап іздедім, таптым. Хакім Абай өзінің 36-шы  сөзінде: «Ұят кімде болса, иман сонда»– деген екен. Ендеше, Иманың болу тек мешіт жағалау, тек намаз оқу, болмаса біліп-білмей діни уағыз айту, елден ерекше киіну ғана емес, ұятты болу, өзіңнің орныңды білу, хайбар айтпау. Бұл туралы Абай:

«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман сөзі ашады жол

Шыр айнал да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ*  намаз қылмап па, мағұлым ғой ол» – дейді.

(Мұнафиқ – ішінен дінге қарсы, сырты мұсылман, екі жүзді адам)

Сонымен бас аяғы  80 жолдан сәл асатын шағын мақаланың өн бойы кісіге тиісу, тиісу ғана емес бас мінесіп, орынсыз арына тию. Ал бұны Сіздер, редакция қызметкерлері, қалайша оқымадыңыздар, көрмедіңіздер? Қайталап айтамын, өзін «ибалы келіннің»,  «Жібек пен Баян сұлулардың мұрагерлерінің» қатарына қосып отырған (тырнақшаға әдейі алынған – А.Т.) көптің біріне осынша менің  жеке басымды қорлайтындай, тіл тигізетіндей, балағаттайтындай, сөгетіндей, тиісетіндей мен не айтыппын? Егер мен берген сұхбатта ол кісі туралы бірдеңе айтпасам, неге маған тиіседі? Әрі-беріден кейін ол Облысымыздың Дінбасы да емес, ресми органдарда дінге жауапты адам да емес. Ал мен болсам, облыстың Бас газеті: «осы рухани саладан түсінігі бар, ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, студент жастарға білім-тәрбие беріп жүрген профессор» — деп тілші жібергеннен кейін, елеуге тұратын  тақырып қой деп өз пікірімді білдірдім. Бірақ ол кезде оның арты осылай боларын кім білген?

Мен «кейбіреулерше» тарихқа топырақ шашпаймын. Өйткені  өткеннің бәрі өксік  емес, бұрынғы күндердің бәрі қараңғы түнек емес. Ол заманның да өзіндік қуанышы  мен сүйсіндіретін тұстары, қиындығы мен қалтарыстары болды, бірі көп, бірі аз болса да, тапқанымыз да, жоғалтқанымыз да бар. Адамзат қоғамында  талай ілімдер мен теориялар болды, солардың бірі —  марксизм- ленинизм. Ұлтымыздың бірнеше ұрпағы осы идеология мен ұстанымды басшылыққа алып, оқыды, тәрбиеленді. Оның дәмін мен де, сіздер де, қажы апаң да татты. Бірақ қажы апаң бәрін ұмытып, өткенге шабуылдауда. Бұл жетілген сананың  сапасы да, нәтижесі де емес. Біз бүгін тарих еншісіне кеткен марксизм-ленинизмге «жығылғанға жұдырық» деп тиісе бергенше, оны да қоғамдық ой тарихының бір белесі деп түсінгеніміз, ал өзімізге бүгінгі күннің өзекті мәселесіне ойысқанымыз жөн болар еді.

Ал шындығына келсек, қажы апаң қазақтарға «ұлы халықтың» тілін үйретіп жүргенде мен ұлтымыздың ең болмағанда рухани теңдігі үшін өз деңгейімде  өз мамандығым мен білімімді пайдалана отырып күрескенім де көпке белгілі. Сондықтан да мен қайсыбіреулердей  сол кездегі «модный» тақырыптар интернационализм мен халықтар достығынан, ұлттардың кірігіп, бірігіп кететіні туралы диссертация қорғап, кейін тондарын айналдырып киіп, «ұлттанушы» болмай немесе атеизмді  зерттеу объектісі етіп алмай, Абай бастаған қазақ зиялыларының ішінде сол тұста мүмкін болған Мұхтар Әуезов дүниетанымын зерттегенімді де  білесіздер (Ол кезде А.Байтұрсынов бастаған көптеген қазақ зиялылары ақталмаған еді- А.Т.). Ол туралы кезінде осы газетте де жазылған. Ал бүгінгі «заман кейіпкерлерінің», қаптап кеткен қажылардың,  қазіргі «ибалылар» мен «зиялылардың» 1986 жылғы желтоқсан уақиғасы тұсында қандай ұстанымда болғанын мен білмеймін. Алайда сол тұста менің әрекеттерім, азаматтық позициям болғанын көпшілік қауым жақсы біледі және ол туралы, осы «Ақтөбе» газетінің 1996 жылғы 25 қазанындағы саны мен  «біздің керуен» кітабында былайша жазылған еді: «Ақтөбеде жүріп-ақ  Желтоқсан көтерілісіне қатысқан таныстар осындайда еске түседі…  Әйтпесе, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжановтың сол кезде өзі еңбек еткен медицина институтынан өзіне қарсы пікірдегі көп адам тапқанын, мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне  әлденеше рет  шақырылғанын  көп жұрт білмейді. Алтекеңнің сол кездің өзінде ойындағы пікірінен ең азы әлгілердің көңілі үшін болса да бас тарта алмағанын көргендер және аз». Енді бүгін Сіздердің қолдауларыңызбен бұрынғы дінге қатыссыздардың («дінсіздер» десем бәлеге қалармын деп жазбай отырмын – А.Т.) әсіре діндарлығынан  тағы жапа шегіп жатырмын. Азамат інілерім, айтыңдаршы, енді Сендердің көңілдерің үшін өзімді қорлағанда мен қорғанбаймын ба?!

Иә, бұл да бір дәурен. Жалпы, менің пікірімше,  адам заманмен есептесу керек. Алайда заман өзгерді екен деп хамелеонға айналуға  болмайды. Осы тұрғыдан алғанда өмірді ілгерілететін немесе өзгертетін ұстанымды, білікті адамдар да, өмірді ірітетін, ұстанымсыз, білімсіз еш нәрсені де терең  байыптамайтын, «оны көрсе оны  сақ, мұны көрсе  мұны сақтар». Елді адастырушылар да, жастарды жаңалыстырушылар да солар. Жүсіп Баласағұн ондайлар туралы:

«Білімді – аз білімсіздер қаптаған,

Ақылсыз – көп, ақылдыны таптаған.

Білімсіздер білімдіге жау болды:

Надандардың аңсағаны дау болды» – деген ғой (Ж.Баласғұн. Құтты білік. Алматы., «Жазушы», 1986. – 68 бет). Қайтеміз, «сұм заман сыбағама сені берді» (Абай) – деп төзбеске амал жоқ!

Құрметті редакция! Осы мақала газетке шыққалы маған көптеген таныс ағаларым, қатарларым, інілерім, әріптестерім хабарласып, олардың ішінде: «Сіз соған көңіл бөліп, уақытыңызды кетіріп не қыласыз, бүгін газетке шықты, ертең ұмытылады және көп адамдар бұл күнде  газет оқымайды» – дегендері де болды. Бірақ мен көп ойланып, жауапсыз қалдыруға болмайды деп шештім, «үнсіздік» мақаладағы айтылғандар шын екен, сондықтан ештеңе айта алмады деген пікір туғызуы әбден мүмкін. Мен Ақтөбе қаласында 33 жылдай тұрамын, құдайға шүкір, қала, облыс халқының бірқатары біледі. Олардың арасында басшылар да, ұстаздар мен дәрігерлер де, қарапайым адамдар мен студент жастар да бар. Хатты оқыған олар не ойлайды? Міне, осылардың бәрін саралай келе, Сіздерге осы жауап хатты жолдап отырмын. Ал Қажы апаларың мені жерден алып жерге салса да, мен барынша мүмкін болғанынша  ол кісінің намысына тимеуге, мәдениетті полемика жасауға ұмтылдым. Егер сәл жерден артық бірдеңе кетіп жатса, Сіздерден де, барша оқырмандардан да алдын ала кешірім сұраймын!

Сөз соңында, Сіздерге  де, басқаларға  да зайырлы қоғамдағы  адам құқығын да, діни наным-сенімдеріміздегі иманымызды да сақтай отырып өмір сүрсек, еңбек етсек деген тілек білдіремін. Өйткені Қасиетті Құранда: «Өзің білмеген істің соңына түспе» (Исра сүресі, 36-аят), «Тырнақ астынан кір іздеген және өсек айтып, сөз тасыған адамға әсте құлақ салмаңыз» (Калем сүресі, 11- аят), «…Иман еткендер, бір қоғамдағылар, екінші бір қоғамдағыларды сайқы-мазақ  қылмасын. Мүмкін олар өздеріңнен де жақсы адамдар шығар… Бір-біріңізді жаман лақаптармен шақырмаңыз» (Хұжұрат сүресі, 11-аят) – делінген.

Ендеше, тәубе етелік ағайын! (тәубе – тағдырға ризалық білдіріп, шүкіршілік ету, өкіну, кешірім сұрау. Қараңыз: Ислам энциклопедиясы. Алматы., «Қазақ энциклопедиясы», 1995.- 177 бет)

Сәлеммен профессор Алтай  Тайжанов.

РЕДАКЦИЯДАН:

Біз Ақзипа Төремұратқызының мақаласына қатысты қарсы пікірлер жарияланған өткен сейсенбідегі нөмірімізде осы мәселеге қатысты пікірталасты тоқтатамыз деген  едік. Бірақ Алтай Тайжановтың редакцияға әкелген материалын оқи отырып,  профессордың уәжін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бірден айтарымыз, бізде Алтай Тайжановтың жеке басына тиісу деген ой болған жоқ. Әңгіме түсінікті болу үшін басынан бастайық. Оқу жылы басталған тұста әуелі «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директорына, содан соң газеттің бас редакторына бір жігіт келіп, қала мектептерінің бірінде бастауыш класта оқитын қызының хиджаб киіп барғаны үшін мұғалімдер тарапынан қысым көріп отырғанын айтты. Одан кейін де бірнеше кісі келіп осы мазмұндас әңгіме қозғады. Редакцияға хаттар келіп жатты.

Бұл мәселенің біздің облыста ғана емес, республикалық деңгейде де көтерілгені, Әділет министрі мен Білім министрінің екі түрлі пікір айтқаны мәлім.

Демек, қоғамда осындай қайшылықтың бары анық. Оны шешудің бір жолы — пікірталас. Сондықтан біз «Екі пікір» деген айдар ашып, дін өкілдерінің атынан сөз сөйлеген  «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмаханның, бүгінгі заманның тұрғысынан пікір білдірген  профессор Алтай Тайжановтың көзқарастарын оқырман назарына ұсындық.

Кейін дін өкілдерінің атынан келген Ақзипа Төремұратқызының  материалын жарияладық. Сол-ақ екен, облыстың түкпір-түкпірінен бізге хаттар әлі күнге дейін ағылып жатыр…

Саяси технологияда «халықтың ішкі лебін шығару» деген ұғым бар. Себебі айтылмай іште жиналған дүние берішке айналады. Оның түбі жақсылыққа апармайды. Демек, қандай пікір болмасын айтылуы керек. Сонда іштегі запыран сыртқа шығады, қоғамдағы тепе-теңдік сақталады.

Міне, осы тұрғыдан алғанда Ақзипа қажының материалын «мұртын баспай» жариялау арқылы біздің профессор Алтай Тайжановқа қиянат жасағанымыз рас, бірақ сол арқылы қаншама адамның іштегі лебі шыққаны тағы да шындық (Қараңыз: «Ақтөбе», 8. ХІІ.2009).

Алтай Тайжановтан кешірім сұрай отырып, ашуға ерік алдырмай,  өзі туралы жазылған материалға философиялық тұрғыдан қарап, барынша мәдениетті жауап беруге тырысқандығы үшін ол кісіге алғыс айтамыз. Ал екінші жағынан, орыстар айтпақшы, «Плохая реклама — тоже реклама». Профессор Тайжановтың халық арасында беделі жоғары екенін осы оқиға көрсеткенін де айта кеткен лазым.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Мен бұл екі кісіне де білемін! Ақзипа қажының Алтай Тайжановты айыптауға ешқандай моральдік қақы жоқ! Ол кісінің Ақтөбенің барша мұсылмандары атынан сөйлейтін де реті емес! Даудың басынан бері оқып шыққан соң, Ақзипа қажыға қарап, өкінішпен бас шайқағаннан басқа амал қалмады! Ойланбаған ғой, «қайтсін»?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button