Спорт

Ермахан Ибраимов: Ақтөбе — жолымды ашқан қала

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермахан Ибраимовпен кездесу өтті.

%d0%b5%d180%d0%bc%d0%b0%d1%85%d0%b0%d0%bd

Спортқа ең алғаш 10 жасымда аяқ бастым. Сол кездері Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Қонақбаевты үлгі тұттым. Ең үлкен жетістігім, ол – Сидней олимпиадасындағы жүлде. Мен бұл додаға Ақтөбеде жаттығып, осы қаланың атынан шықтым. Сондықтан, Ақтөбе — менің жолымды ашқан қала, — деп сұхбатын бастады атақты боксшы. Ол Кеңес дәуірі тұсындағы бокс пен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның боксын салыстырып, елімізде жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

Кездесуде Ақтөбедегі бокс жайы да сөз болды. Бокстан олимпиада резервін даярлау мекемесінің директоры Ә.Балмағамбетов бокс мектебінен тәлім алып шыққан Г.Жафаров, К.Шахсуварлы, Ә.Жәнібек, Г.Көшербаева, А.Жеткеев сынды боксшыларды мақтанышпен айтты. Сонымен қатар, жерлестеріміз, халықаралық дәрежедегі төреші Б.Абдрахмановтың, Олимпиадада екі рет қазылық еткен бес жұлдызды төреші Р.Рысбаевтың да есімдері аталды. Ермахан Сағиұлы Ә.Балмағамбетов бастаған ұжымның жұмысын жоғары бағалады.

Сондай-ақ кездесуде биыл өткен Рио олимпиадасына қатысқан боксшыларымыздың көрсеткен өнерлері де сөз болды. Ерлерден Д.Елеусіновтың алтыны, В.Левит пен Ә.Ниязымбетовтің күмісі, И.Дычконың қоласы, қыздардан Д.Шәкімованың алтынға бергісіз қоласы Қазақстанның жалпы командалық есепте 22 орынға табан тіреуіне үлкен септігін тигізгені рас.

— Динараның жеңісінен қыздар арасындағы бокстың қарқынды дамып келе жатқанын байқаймыз. Оның бұл жетістігі қара көз қыздарымыздың спорттың дәл осы түріне бет бұруына түрткі болады. Елімізде 50 мыңға жуық қыз-жігіттер бокспен айналысады. Бұл — үлкен көрсеткіш, қуантарлық жайт, — деді былғары қолғап шебері өз сөзінде.

Екі сағатқа созылған сұхбат барысында студенттер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Филология факультетінің 1-курс студенті Аслан Абуов «Қонаққа арнау» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Кездесу соңында университеттің тәрбие ісі және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры М.Миров чемпионның иығына шапан жауып, университеттің «Парасат биігінде» атты энциклопедиясын табыс етті. Жиналған студенттер бүгінгінің батырымен естелік суретке түсіп, кездесуден ерекше әсермен тарқасты.

 Ақтоты САҒЫНҒАЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

филология факультетінің 2-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button